«Ақ босағаның» анкетасы

Қыз баланың ер азаматтан бар жағынан кiшi болғаны дұрыс
Алматы облысы Ұйғыр ауданының баспасөз хатшысы Талант Ахметов сұрақтарымызға жауап бередi.
1. Талант, өзiңдi таныстыра кетсең
– Мен Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында 1995 жылы тамыз айында 13-шi жұлдызында дүниеге келдiм.
Үйде асқар таудай әкем, аяулы анам, артымнан ерген бауырым және қарындасым бар. Келешекте иманды, болашақ ұрпағымның алдында жауапкершiлiгiн сезiнетiн, тектi ата-ананың тәрбиесiн көрген жар тапсам деймiн.
2. Бала Талант қандай едi?
– Анам мемлекет қызметiнде болды. Кейде менi өзiмен бiрге жұмысына ала кететiн, мiне, солай бала кезiмнен мемлекеттiк қызметпен таныспын десе де болады (күлiп). «Әкiм болған жақсы, бәрiн басқарасың» деп түсiнетiнмiн. Жалпы, бала Таланттың қандай болғанын екi адамнан сұрау керек шығар, бiрi ата-анам болса, екiншiсi мектептегi мұғалiмдерiм. Мектепте нашар оқыған жоқпын. Десе де, өзiме ұнайтын сабақтарым: қазақ тiлi мен әдебиетi, қазақстан тарихы едi. Ал, достарым мектептегi ең белсендi оқушылар болды, қазiрде көбi өмiрден өз орнын тапқан үлкен азаматтарға айналған, бүгiнде мемлекетiмiздiң әр саласында қызмет атқарып жүр.
3. Талант, айтшы, қазiргi жасөспiрiмдердiң телефонына қарасақ, экранында шетел жұлдыздары тұрады, жастарға кумир боларлық тұлға жоқ па бiзде?
– Мен бұл пiкiрге түгебейлi қарсымын, бiздiң де мақтанышымызға айналған азаматтардың бар екендiгi бәрiмiзге мәлiм. Сол сияқты қаншама елi үшiн, жерi үшiн жанын пида еткен азаматтар бiзге кумир емес пе? Бiз теледидарлардан шетел туындыларын емес,өзiмiздiң қазақтың тағдырын, мықты ғұлама, ақын, жазушыларымызды көрсетуiмiз керек деп ойлаймын. Келешекте мектеп қабырғасында ұрпақ санасына мықтап ұялайтындай етiп тарихты оқытса құба-құп едi. Мiне, сонда бiздiң кумирлер шет елдiктер болмас едi. Қазiрдiң өзiнде қазақтығын мақтан тұтатын жастар бар. Ал, әлемдi тамсандырған Димаш Құдайберген сияқты азаматтар қазақты бүкiл жер әлемге танытып жүр.
4. Ер жiгiттiң ең бiрiншi мiндетi не деп ойлайсың?
– Ер жiгiттiң бiрiншi мiндетi бала-шағасын асырау, отбасын баспаналы ету. Қоғамдағы ауыр жайттың бiрi бүгiн де ажырасатын жұптардың көбейiп келе жатқандығы, кейбiрi мiнезiмiз келiспедi десе, ендi бiрi тұрмыс тапшылығынан қиындыққа шыдамай ажырасып жатады. Әлi үйленбедiм, жасым 24-те, сонда да дiлмәрсiп кеттi демеңiз, бiрақ, қоғамда баланы тастап кете беретiн әкелер мен аналар да көбейiп келедi. Тiптi көп балалы ананың да бауыр етi балаларын тастап кеткенiн БАҚ-тан оқып, көрiп жатамыз. Бұл қасiрет…
5. Н.Нүсiпжанов ағамыз өзiнен 40 жас кiшi қызға үйленгенде жiгiттер қауымы қаттырақ сөктi. Сен қандай пiкiрдесiң?
– Жақсы көрер болсаң жас, салмақ, бой-сойы, сыртқы келбетi дегендердiң бәрi жәй ғана сөз болып қалатыны рас-ау. Дегенмен, қыз баланың ер азаматтан тек жасы ғана емес, бар жағынан кiшi болғаны дұрыс. Тектi жерден шыққан қыз жарының да абыройлы болғанын қалайтыны анық.
Көпке топырақ шаша алмаймын, жақсы қыздар бар. Десе де, бұрынғы апаларымызбен салыстырмай-ақ, қазiргi аналарымызды, әпкелерiмiздi алайықшы. Заман ағымына қарай тым еркiн болу деген биязылық пен кiшiпейiлдiлiктi құрдымға кетiру деген сөз емес екенiн бағамдап жатпайды. Иә, бастысы ата-ана тәрбиесiнде екенiн де бiлемiн, «шешесiне қарап қызын ал» деп аталарымыз бекер айтпаған.
Қыздар ғана емес, жалпы, ер азаматтарға да қарным ашады. Мәселен, қаншама қыздарымыз ақшаға сатылып кетiп жатыр, шетелдiкке тұрмысқа шығуда. Сол кеткен қызға тоқтау айтатын әкесi, аға-iнiлерi жоқ па деген ойға қаламын.
«Үлкеннiң алдын орап сөз сөйлемес, халқының сақтай бiлген iзгi салтын» деп қазақ даналары текке айтпаған. Уақыт қанша өзгерсе де, қалыптасқан қанымызда бар ибалылық өзгермес деп сенемiн.
Аида Кожмамбетова.
2020 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

«ҒЫЛЫМ мен ҒАЛЫМға көңіл бөлінсе ғана көктейміз». БАЕШОВТАР ОТБАСЫ.
Қарғыстың ең жаманы: «Нан ұрсын!»

Автор

Меню