Айгүл Тәти, «Астана Балет» театрының қоюшы-балетмейстерi, ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi: «… Әртістер сахна таңдамайтын»

Айгүл Әбiкенқызы Тәти, «Астана Балет» театрының қоюшы-балетмейстерi, ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi, ҚР Еңбек сiңiрген әртiсi:

«… Әртістер сахна таңдамайтын»

– Айгүл Әбiкенқызы, бишi болуды, әсiресе балет бишiсi болуды қалайтын балаларды ерте бастан баулып жатады. Кеш қалмау үшiн қай жаста бұл салаға келу қажет?
– Қазiргi таңда балетке дайындық 5-6 жастан басталады. Ал, сүйегi қатайған уақыты 9-10 жасынан бастап арнайы оқу орындарына қабылдайды. Балет бишiсi болуды қалаған жас балалар мен қыздарға кiшкентай кезiнен арнайы кәсiби талаптар қойылады. Табиғат берген дене бiтiмiне талғаммен қарайды, арнайы iрiктеуден өтедi.
– Сiздiң бұл салаға алғаш қадам басқаныңыз есiңiзде ме?
– Менiң бала кезiмнен биге әуес болғанымды байқаған ата-анам Алматы қаласындағы сол кездегi хореография училищесiне әкелген едi. Сол тұста бишi Шара Жиенқұлова апайымыз бұл өнер ордасының директоры болды. 1973 жылы 3 кезеңнен тұратын емтиханнан өтiп, училищеге қабылданғаным есiмде. Отбасымда бұрын-соңды бишi болмаса да, жалпы, ата-анам өнерге жақын адамдар. Анам – мұғалiм, әкем ауданның хатшысы болып жұмыс iстедi. Отбасымыз үлкен, он екi ағайындымыз. Ата-анамыз бiлiм алуымызға барлық жағдайды жасай отырып, балаларды спорт пен өнерге баулыды. Мектеп қабырғасында жүрiп, әр түрлi үйiрмелерге қатысып, ән айтып, би билеп, ұлттық аспаптарда ойнау бiздi қызықтыратын. Осылайша менi ұлттық өнерге баулып, бейiмдеп өсiрген жанұяма ризамын. Кәсiби маман болуыма бiрден-бiр себеп – өнерге деген құштарлығым.
– Жалпы бишi қыздардың мың бұралған қимылдарына, әсем мүсiнiне қарап қызыққанымызбен, бiздiң көретiнiмiз сахнадағы дайын өнер. Ал, сахна сыртындағы дайындықтың қалай өтетiнiн көпшiлiк көрмейдi. Бишi қыздар мен жiгiттердiң денсаулығына әсерi қандай? Қиындығы неде?
– Балет – сұлу өнер. Рас, көрермен сахнада қажырлы еңбектiң нәтижесiн, жетiстiктi ғана көре алады. Сахнаның сыртындағы жағдайдан хабарсыз. Нағыз еңбек сол жерде. Балетмейстердiң ойын жеткiзудегi қойған би қимылдарын нақышына келтiрiп орындау үшiн, бишi көп уақыт айнаның алдында дайындық жасайды және сол партияны шығару үшiн көп тер төгуге тура келедi. Қаншама эмоция, iзденiс, қайталау, уайымдау – бұл күнделiктi балет әртiсiнiң жасайтын жұмысы. Сұлу да сымбатты және жалғаны жоқ шынайы өнердiң жоғары санаттағы өнер ретiнде бағаланатыны да осы себептен. Бiрақ бала кезде балетке келгеннiң бәрi балет бишiсi болып шыға бермейдi.
– Балет бишiлерiне отбасын құрып, балалы болуы үшiн кедергi жоқ па? Әлде шарт жасасып, белгiлi бiр жасқа дейiн рұқсат етiлмей ме?
– Жоқ, табиғат заңдылығына қарсы шығып, тыйым салынбайды. Қай уақытта тұрмысқа шығып, отбасылы болғысы келсе, жүрек қалауы бiледi. Уақыт өткiзiп алмай, жастардың жеке өмiрiнде де жолы болғанын қалаймыз. Қыз-келiншектер бала күтiмiнен соң қайта жұмысына оралып жатады. Бұл – өмiр заңы.
– Қазiргi уақытта балет бишiсi сахнада қай жасқа дейiн жүре алады, зейнет жасына дейiн жүруi екiталай ғой? «Бишiлердiң өзге мамандық иелерiне қарағанда баяғыдай зейнетке шығу жасы ерте болғаны дұрыс» деген ұсыныс айтылған едi.
– Балет – жастардың өнерi. Сұлулық пен сымбаттылық ұштасып жатады. 18 жасында оқу бiтiре сала өнер театрларларында еңбек етедi. 35-37 жасқа дейiн еңбек етсе, әрi қарай өз саласы бойынша басқа мамандыққа ауысып кетуiне болады. Кейбiр бишiлер педагог-хореограф немесе дайындаушы-хореограф, балетмейстер маман ретiнде жұмысын жалғастыра бередi. Бұрын балет әртiстерi зейнетке ерте шығушы едi, бүгiнде ол заң жоқ. Осы мәселе жайлы мәдениет министiрлiгi тарапынан ұсыныстар болған едi, келешекте бұл мәселе өз шешiмiн табады деп ойлаймыз. Өйткенi бiздерге орта жолдан қайта жоғары бiлiм алып, басқа салаға ауысу да оңай шаруа емес.
– Сiздi қазақ ұлттық би өнерiне еңбегi сiңген маман ретiнде де танимыз. Қазақ биi қаншалықты дамыған?
– ­Жалпы қазақ биi жайлы әңгiме қозғасақ бiз тереңге бойлауымыз қажет. Ерте ғасырларда француз немесе үндi мектебi сияқты қалыптасқан арнайы кәсiбi би мектебi бiзде болмаса да, ұлттық салт-дәстүрiмiзбен, әдет ғұрыптармен ұштасып, табиғаттың тылсым күштерiне табынуда, бақсылық ойындарда, жастардың құрған ойын сауықтарында алғашқы би қозғалыстары байқалған. Ауыз әдебиетiндегi суырып салма шешендiк өнерi, би де қолданыс тапқаны бiзге мәлiм. Ырғақты әуендi естiгенде қанаттанбайтын халық жоқ, тек қанаттанған адам ғана ұшады, яғни билейдi. Нағыз суырып салма бишiлер тарихта болған, кезiнде ел арасында құрметке ие болған сал серiлердiң арасында кездескенi аян. Сонымен қатар көркем сұлу табиғат, жан-жануар, қоршаған ортаның сыры мен қырын терең сезiне келе, оған елiктеушiлiк пайда болды, ол қимыл қозғалысты тудырды. Ертедегi елiктеу билерi «Аю биi», «Құр биi», «Келiншек», «Қара жорға» екенiн мысал етуге болады. Әрине бұл жайттар тарихта сақталды, ата-бабамыздан қалған мұра ретiнде оны зерттеп, қазақ биiнiң бүгiнгi таңдағы билермен салыстырып үлкен ғылыми тұрғыда қарастыруға әбден болады.
Қазақ ұлттық биiнiң iргетасын қалаған Шара Жиенқұлова апайымыздан бастап, халық әртiстерi Дәурен Абиров, Заурбек Райбаев, Болат Аюханов, М.Тiлеубаев сынды майталмандар қазақ би өнерiн жоғары кәсiби деңгейге жеткiздi. Бұрын соңды өткiзiлiп жүрген Ш.Жиенқұлова атындағы республикалық қазақ би байқауының бесiншi кезеңi, биыл наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық хореография Академиясының ұйымдастыруымен өткiзiлдi.
– Шетелге iссапармен жиi шығасыздар. Өзге халыққа балеттен гөрi қазақ биi таңсық шығар? Сұраныс жоғары ма?
– Иә, жыл сайын шетелге де, өз елiмiздiң әртүрлi аймақтарына гастрольдiк сапармен шығып өз өнерiмiздi көрсетемiз. Халық өте жақсы қабылдайды. Үнемi iзденiс үстiндемiз. Классикалық бағдарламамыз бар. Десе де олар бiздiң ұлттық болмысымызды бiлдiретiн биiмiзге, әуен, ұлттық киiмiмiзге қызығушылық танытады. Қатты таңырқап, онысын жасырмайды. Қыздарымыздың сұлулығына да тамсанып жатады.
– Елiмiздiң бас қаласындағы театрда жұмыс iстейсiз. Көрерменнiң театрға келуi қалай?
– Астанамыз, қазiргi Нұр-Сұлтан – жас қала. Дейтұрғанмен, өнер ошақтары қазiр көп. Бiздiң театрымыздың да өз көрерменi бар. Әр қойылымның өз орны бар және өз көрерменi бар емес пе, халық тетрға жиi келедi. Бос орын болмай қалған күндер де жиi кездеседi, қойылым бiткенде көрермен қошеметiн көргенде көңiлiң марқайып қалады. Еңбегiңнiң ақталғаны осы емес пе?
Өнер – көрермендi тәрбиелейдi. Көрерменнiң өз талабы бар. Сыншыл көрерменнiң көңiлiнен шығу үшiн әр концерт сайын репертуарымызды жаңартып, тың дүние көрсетуге тырысамыз.
– Өнер адамы болған соң сахнада әртүрлi естен кетпес қызықты, әрi тосын оқиғалар болып тұратын шығар?
– 40 жылымды өнерге, сахнаға арнаппын. Әр бишiнi жаңа қойылымға дайындағанда олардың сахнаға шыққан сәтi бiз үшiн естен кетпес жағдай. Көрермен сахнадан бишiлердi жiбермей, қайта-қайта шақырғаны, шапалақ соғып, құрметтегенi де үлкен баға. Бұрын әртiстер шаруа адамдары қай жерде жұмыс iстесе, сонда барып өнер көрсететiн едi. Ол жайлау болсын, егiн алқабы болсын, сахна таңдамайтын. «Сазген» ансамблiнде жұмыс iстеп жүргенiмде сондай еңбекқор жандардың арасына барып өнер көрсеттiк. Көктемнiң әдемi жаймашуақ күндерiнiң бiрi. Алматы облысының Асы жайлауы. Күй ойнап тұр. Екi машинаны қатар қойып, үстiне оркестрдi отырғызып, жерде жанымдағы қызбен бiрге билеп жүрмiз. Күмбiрлеген күй кең далада делебеңдi қоздырады. Бiр уақытта iрi денелi қарт ата атынан түсiп, серiгiм екеумiздiң ортамызға кiрiп, билегенi есiмде. Қазақтың буын биiн өз нақышына келтiре орындады. Екi бишi екi жағында қолпаштап жүрдiк. Өмiр бойы есiмнен кетпейтiн сәт болды бұл. Қазақта буын биi ықылым заманнан берi бар. Арнайы би үйрететiн мектеп болмаса да, бишiлiк қазақтың қанында бар.
– Би саласындағы тәжiрибеңiз жеткiлiктi екен. Бишiлiктен басталған еңбек жолыңызды хореограф болып жалғастырып келесiз. Қазақ биiнiң тарихынан да бiрақ хабарыңыз бар. Бұл салада ғылыми жұмыс жазып, еңбегiңiздi жинақтап ұсыну жоспарыңызда бар ма?
– Астанадағы хореография яғни, ұлттық би академиясында сабақ беремiн. Қазақ биiн үйретудiң оқу әдiстемелiк құралының авторымын. Мұны ары қарай жалғастырып, қаншама жыл жасаған еңбегiмдi жүйеге келтiрiп, кiтап етiп шығармақшымын. Келер ұрпаққа мұра боп қалса деген ойымнан туған едi.
– Кәсiби маман ретiнде, қазақтың ұлттық биi қай деңгейде деп баға берер едiңiз?
– Қазақ биi қазiр жоғары деңгейге көтерiлдi деп айта аламын. Әлi де үйрену мен iзденiс керек. Талантты бишi жастарға әркез мұқтажбыз. Ең бастысы – ұлттық нақыш пен ұлттық бояуымызды жоғалтпауымыз керек.
– Отбасыңызда сiздiң жолыңызды жалғастыруды көздейтiн балаларыңыз бар ма?
– Бiр ұл, бiр қызым бар. Олар бойжетiп, ер жетiп қалды. Бишi болуға ынталы емес. Жолдасым актер едi, өмiрден ерте қайтты. Сол уақыттан берi өнер менiң жолдасым да, сырласым да болды. Өнермен қолұстасып келе жатырмыз.
Сұқбаттасқан Лаура Қуандыққызы
2019 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Ватсаптағы шатасу
Сталинге хат жазған қазақ қызы

Автор

Меню