Әйел азбасын десек
Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Республикасының бұрынғы білім министрі, қайраткер ханымдарымыздың бірі Шәмшә Беркімбаева «Ауыл мұғалімдері қартайып барады» деп айтып қалды. Ал, оны ауыл мұғалімдерін не аяғандықтан, не қомсынғандықтан айтқанын түсіне алмадық. Өзі де ұлтжанды, нәзік әйел жұртынан жаратылғасын, мүмкін, ауыл мұғаліміне шын көңілімен жаны ашығасын айтқаны болар деп түйдік. Сонымен «ауыл мұғалімі қартайып барады» делік. Ал, сол қартайып бара жатқан ауыл мұғалімдерінің кемінде 75-80 пайызы (статистика мәліметтеріне сүйенбесем де) — әйелдер. Әйелдер болғанда, алды елуді алқымдаған, соңы отыздан асқан қыз-келіншектер, салиқалы жарлар, ішінара жесірлер немесе жалғызіліктілер.
Ал, олардың қартаймасқа шарасы жоқ. Басқаны білмеймін, маған елімізде қазақ әйеліне мүсіркеп қарайтын адам аз сияқты көрінеді. Бүкіл газет-журналдардың басым көпшілігі орыс тілділердің («Қазақстан әйелдері», «Ақ босаға» секілді басылымдар саусақпен санарлықтай ғана) мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды. Сондықтан, қарапайым қазақ әйелінің, соның ішінде ауыл мұғалімінің ауыр, күрделі жағдайы тасада қала береді.
Өйткені, қазір ауыл мұғалімі, әйел-ана тұрмыс пен жұмыстың екі жақты қыспағына түскен. Үйінде газбен жылыту қондырғысы болса жақсы, ал егер баяғыдан келе жатқан тезек, ағаш, көмірге қарап қалса ше?! Соңғысының қазіргі кезде көзден бұлбұл ұшқаны қашан, барының өзі удай қымбат, қолға түсе бермейді. Махамбет бабамыз айтқандай: «қара қазан, сары бала» қамы үшін «ожау сермейтін» қазақ әйелі, ауыл мұғалімі тұрмыс тауқыметімен жанталаса жүріп, мектебіне, жұмысына барады. Бұған қазақтың аптаға созылатын қонақтығын қосыңыз. Қонақтың да қонақтығы бар, бәрі де сәнді, мәнді болса дау жоқ. Өзі немесе баласының басы ауырып, балтыры сыздағанда, дәрігерің жаныңнан табыла қойса, қандай жақсы?! Табылмаса, аудан орталығы, қалаға ат сабылтып жүгіреді. Мұнда да басты салмақ, ауыртпалық әйел байғұстың онсыз да көнбіс иығына түседі. Сондықтан болар, көбіне «шықпа, жаным, шықпамен» ауыл әйелі ауруын елемей жүріп, қалай ғұмырын қысқартып алғанын да сезбей қалады.
Ал, қала әйелі, қала мұғалімінің де өз қиыншылықтары бар, бірақ… Жылы, салқын суы үй ішінде, от жақпайды, бір жаққа шықса, көлікке отыра салады. Ауырса, мейлі ақша төлесін, әйтеуір, дәрігері, жүйелі ем-домы бар. Өзін әйел ретінде сезініп, опа-далабын жағынып, күтіне де алады.
Енді осыдан кейін ауыл әйеліне, мұғалімге «қартайып барады» деп мін тағудың өзі де артық сияқты. Ауыл мұғалімі қартаймау үшін не істеуге болады?..
Меніңше, оның екі жолы бар. Біріншісі, ауыл мұғалімі, әйел әріптесімізді 50 жасқа толса, жиырма жыл жұмыс өтілі, бағымында үш баласы болса, зейнетке шығару керек. Екінші жолы — мұғалімдік жұмыс өтілі 25 жылдан асса, үш баласы болсын, не болмасын, зейнетке шығарған тиімді. Мәселен, көрші Ресей елі (басқасына еліктегенше, осы үлгісін алайық!) әр мұғалімнің (ер, не әйел) жұмыс өтілі 25 жылға толса, зейнетке шығуына ерік береді. Бізде ұстаздарға өтілі бойынша ақы төлеуді енді қолға алып жатыр.
Жалпы, бізде ер адамға 63, әйелге 58 зейнет жасын белгілеген билік басындағылардың қысастығын түсіну қиын. Полигондар мен экологиялық апаттың құрбандығы болған ауыл адамдарының орта жасы 50-53-тен аспайтынын олар білмейді емес, жақсы біледі. Тек баяғы АҚШ пен Батысқа, Жапонияға құр еліктеушіліктің, не туған халқына жаны ашымаушылықтың салдары сияқты. Еліктеушілігіміз қазақ айтқан «аттылыға еріп, жаяудың таңы айырылыпты» болып жүрмесін…
Ойымызға қайта оралайық. Егер ауыл мұғалімдеріне, әйелдерімізге сондай мүмкіндік берілсе, дау жоқ, солардың көпшілігінің қуана-қуана зейнетке шығары сөзсіз. Ауыр тұрмыс пен бейнетті жұмыстан қажыған, денсаульғы тозған әйелдеріміздің заңды демалыстан қашпауы, тартынбауы орынды ғой. Әрі қарай олардың бұл жарық дүниеде қанша ғұмыр кешері тек бір Аллаһ тағалаға аян.
Ауыл мұғалімдерін, әйелдерді осылай қажымай-талмай, тозбай тұрғанда зейнетке жіберудің қазақ елі, қоғам, мектеп үшін тиімділігі де (нарық заманы болғасын, пайданы да ұмытпайық) мол. Біріншіден, мектеп шаршап-тозған, денсаулығы дімкәс әріптестерімізді демалысқа құрметпен шығарып салу арқылы өз қатарын жас та жігерлі мамандармен толықтыруға мүмкіндік алар еді. Сөйтіп, жастар арасындағы, әсіресе күректей дипломы бар мамандардың жұмыссыздығын едәуір азайтуға жол ашылады. Мұның өзі өзге де әлеуметтік қиыншылықтардың жүгін жеңілдетуге мүмкіндік берері айдан анық.
Серік ЫҚСАНҒАЛИ, оқытушы, журналист.
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы.
(№8(182) Тамыз 2005 жыл)
фото ғаламтордан алынды