Телесериал: қызығы мен шыжығы

Ананди, Ича, Санам, Мадхубала, ммм… тағы кiмдер едi, бiлмеймiн, әйтеуiр, осы секiлдi кейiпкерлер қазiргi таңда қазақ ханымдарының құрбысына айналды. Оларға жамандық тiлегендердi жек көрiп, жақсы көргендермен дос болып, шынайы жаны ашып, қайғырған сәттерiнде қоса жылап, қуанған кездерiнде қоса қол шапалақтап отыратындар қатары көбейдi қазiр. Алда-жалда бiр сериясын көре алмай қалса, «пәлен не болды, түген не болды?» деп бiр-бiрiне сұрақ жаудыратын отбасы мүшелерi де жетерлiк. Ал, оның зиян-зардабы туралы ойланып жатқан жан сирек.
Өз басым «қыз ғұмыры» сериалының ең алғашқы екi сериясын көремiн деп пәлеге қалдым. Бiр iлiнсең болды екен, қармаққа қағылған балыққа ұқсап, көк сандықтың алдында қаққан қазықтай қадалып отырғаның. Күндердiң күнiнде жүйкем жұқара бастады. Айтайын деген сөзiн айта алмай қала беретiн, одан қалса, әркiмнен сөз естiп, көзi жастан құрғамайтын Ичаға, қашан көрсең күмiлжiп, кiбiртiктей беретiн оның анасына, қай кезде де елдiң бәрiн бiр-бiрiмен шағыстырып жүретiн кемпiрге, бiр-бiрiн аңдығаннан басқа iсi жоқ кейiпкерлер атаулыға ашуым кеп, бұл сериалды көрмейтiн болдым. Жанымның рахаты-ай… «Айтсай, Ича, айтсай… айтсайшы, ойбай-ау» деп күйiнiп отыратын күйден бiр күнде арылып, жақсы болып қалдым. Содан кейiн ешбiр сериал көрмейтiн болдым.
Бiр түсiнгенiм, үндi сериалында ойнайтын отбасының көбiсi шiрiген бай, киген киiмдерi мен тонналап тағылған ауыр алқаларында есеп жоқ. Сөйте тұра, терлеп-тепшiп жұмысқа барып-келiп жүрген бiр жанды көрмейсiң. Не қылған сарқылмайтын байлық, таусылмайтын қазына дерсiң?! Беттерiне жаққан бояуларын айтсаңшы?! Қалыңдығы соншалық, iргеге лай сылағандай сылап тастайды-ау шiркiндердi. Шаштарын сәндеп, дауыл мен боран тұрса да, бiр қылы қозғалмайтындай етiп, қатырып қояды. Керiсiнше, ауа тынық, жел жоқта ән ойнаса болды, шаштары артқа қарай желбiреп шыға келедi.
«Осылар сериалдың дәл ортасына келгенде режиссермен ұрысып, кетiп қалады-ау деймiн» деп бiр танысым айтпақшы, ауысып кететiн актерлары тағы бар. Бiр кейiпкердi бiрiншi сомдаған актердiң келбетiне үйренiп қалған көрермен сумаң етiп орта жолдан қосылған жаңа актерды көрсе: «бұрынғы әртiсiмiз жақсы едi ғой» деп күйiп-пiсiп жатқаны. Керiсiнше, кей кейiпкерлер қаншама жылдар өтсе де, еш өзгермейдi де, тiптi, қартаймайды-ау, шiркiн. Немере-шөберелерi өсiп-өнiп, әже-ата атанып кетсе де, олардың бет-жүзiнен бiр тал әжiмдi iздесең де таппайсың.
Бiр сағаттық оқиғаны сағызша созып, бiрнеше күн көрсететiнiн жоғарыда айтып өттiк. Ол аздай маусым-маусымға бөлiп, бiр әулеттiң бүкiл үрiм-бұтағының бастан-аяқ ғұмырын көрсетумен-ақ бiрнеше жылға созылады. Сонысымен қоймай көрермендi өзiне тез елiктiрiп алады. Оның да себебiн бiлетiн сияқтымын: үндiлер дыбысты, музыканы дұрыс қолдана бiледi. Сондықтан да болар, тiптi менiң бес жасар қызым да «Сен келерсiң» көремiн» деп, кеш болса болды, қиғылық салушы едi. Бәрiн түгелiмен түсiнетiн ересек адам секiлдi. Оған ренжiп қайтейiн, бала түгiлi үлкендi де тартып әкететiн түрлi дыбыстар кино сюжетiн қызықтырып, соның арқасында сериал да, телеарна да өз көрерменiн көбейтiп алды.
Түрiк сериалдары да елiктiру жағынан осылардан кем түспейдi. Түркияда ерлер аз ба, қайдам, әйтеуiр, бiр жiгiтке ғашық апалы-сiңлiлi, отбасыларындағы қатып қалған қатал тәрбие, соны бұзып, әкесi немесе ағасынан көк ала қойдай таяқ жеп жүретiн қыздары, т.б. сол сияқты шешiлмейтiн шиеленiске толы оқиғалар тiзбегi. Үндiлердiкiне қарағанда мұндағы оқиғалар тiзбегi тез өрбидi, десек те, басқа сериалдарға тән нәрсе мұнда да бар: ең қызықты жерiне келгенде бiр сериясын аяқтай қояды. «Қап!» деп санын бiр соғып теледидар алдынан тұрып бара жатқан бiр адам.
Ооо, шiркiн, кәрiстер, қазiр олар да қалыс қалып жатқан жоқ. Қыз секiлдi қылмиған жiгiттердiң сән үлгiсi мен шаш қоюы қазiргi таңда қазақ жастарын ерекше елiктiрiп қойды. Актерлары мен актрисалары, әсiресе, жасөспiрiмдер арасында танымал жұлдызға, ал олардың стильдерi сәнге айналып барады. Әндерiн әуелетiп тыңдайтындары аздай, қысық көз кәрiстердiң киiм кию стилi де бiздiкiлердiң ой-санасына жақсылап ендеген. Елiктiру жағынан алғашқы орынды алып тұрған да осы – корей сериалдары шығар-ау. Ендi мiне, филиппиннiң де сағызша созылған фильмдерi теледидар бетiн берер емес.
Ал, ендi, бәрiн айт та, бiрiн айт, қандастарымыз да қаншама сериалдар түсiрiп жатыр. Оның бәрiнiң атын атап, түсiн түстеудiң қажетi жоқ, себебi, қазiр сапа жағын қайдам, әйтеуiр сан жағынан өзгелердi өкшелеп келе жатқан жайы бар. Неге екенiн қайдам, өзiмiздiң сериалдарды көрсем, iшiм пысады. Тiптi, ұйқым кеп, ақыры аяқсыз қалады. Себебi неде? Бiздiң өнiмдерде ұқсастық басым. Өз басым солай ойлаймын. Ұқсастық киноның сюжетiнде емес, актерлардың ойнау тәсiлiнде. Әуесқой жас әртiстер басым болған соң ба, актерларымызда эмоция бiркелкi, (тiптi, жоқ десем де болар), жаттанды сөздер мен жасанды қимылдар жиi көрiнiс бередi. Оқиғаның бел ортасында жүрген кейiпкер секiлдi емес, бәрiн сырттан бақылап, жәй тұрған адам секiлдi ойнайтындары да жасырын емес. Сонан соң шым-шытырық оқиға демей-ақ қояйын, киноға өң беретiн қарапайым iс-әрекеттiң өзi аз, бiр серия бастан-аяқ iш пыстырарлық әңгiмелесуге, диологқа толы болады-дағы, сериал сонымен аяқталады. Қажет жерiнде музыкалық эффектiнi, дыбысты дұрыс пайдалана бiлмейдi. Кей кезде телесериалдарымыздың бояуы қанық болмай жататыны содан да болар деп ойлаймын.
Ал, ендi бұл телеромандарды қалт жiбермей қадағалап, көз алмай көрудiң де зиянды жағы бар екен. Бiрiншiден, адамның көңiл-күйiне қатты әсер етедi. Қуанышынан гөрi қайғысы көбiрек жүретiн бұл сериалдардан адамның көңiл-күйi жиi бұзылады. Себебi, көрермен сол кейiпкерлердiң өмiрiне шындап енедi де, көп жағдайда уайымдап, кейде жылап та алады. Содан барып жүйкеге терiс әсерiн бередi. Үнемi сериал көрген адамның жылауық, күйгелек, уайымшыл, ашуланшақ болып шыға келетiнiн ғалымдар да дәлелдеген екен.
Екiншiден, адамның уақытын алады. Тiптi, қолбайлау десек те болады. Небәрi 20-30 минут болатын сериал болса, оған бiздiң қазекеңдер жарнаманы қоса-қоса көбейтiп, нәтижесiнде бiр сериалға бiр сағатқа жуық уақыт босқа жiберiледi екен. Ал, ендi бiздiң қыз-келiншектердiң бiр сериалмен ғана шектелiп қоймайтынын тағы қосыңыз.
Үшiншiден, адамда сериалға деген тәуелдiлiк пайда болуы мүмкiн. Оның арты теледидарға деген тәуелдiлiкке алып келедi. Ал, ендi өзiңiз ойлаңыз, пайдасыз iс, босқа өткен уақыт, тозған жүйке адамды жүнжiтiп, надан етедi. Сондықтан, ию-қиюы көп, ұзын-сонар сериалдар көргеннен гөрi уақытымызды жақсы iстерге, оқу-бiлiмге, өнерге, еңбекке арнасақ, ештеңеден ұтылмайтынымыз аян. Менiкi жәй сөз бастап, ой тастау ғана, қалғаны өз еншiлерiңiзде, ағайын!
Мақпал Құрбанқызы,
Алматы облысы.
2017 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Мұғалiм қыз бiр үйдi асырайды
Бақыт әкелуі мүмкін 5 зат

Автор

Меню