АҒАЙЫНДЫЛАР

Жандостың жер шұқылап отырғанына жарты сағаттан асты. Көңілі шалқып, ұлды болғалы көңілі тасып, жүрген жерінде жайнап, айналасына әдемі әсер қалдыратын. Ұзақ күтіп, тілегіне жеткен күн әлі есінде. Ғылымның жетістігі арқасында Бақыт деп есім беріп, тұңғышы дүниеге келгенде бақыттан басы айналып, ұрпақсыз өтем бе деген күдігі сейіліп, бар жинап-тергенін шашып, азан шақырып, Бас мүфтидің өзіне ат қойғызып, ұлына Бақыт деп есім берді. Бір қызығы әйелінің де аты Бақыт. Бақыттың қарсы болғанына қарамастан осы есім маған бақыт сыйлады деп марқайған. Қос Бақыт Жандостың жанын жадыратып, отбасында шынайы бақытты күндердің таңы атып, бақытты өмір жалғасып жатты. Содан бері, міне, жиырма жыл өтті. Немерелі болуды да армандамай жүрген жоқ. Бақыт екеуі дастарқан басында әңгіме етіп те қояды. Бақыт университетте жақсы оқыды. Ата-анасын ұятқа қалдырған емес. Шетелде білім алуды жалғастыруды да ойлап қояды, бірақ ата-анасының анда-санда қолқа салып қоятыны жадынан шыққан емес. Сені ұзақ күттік, біздің жасымыздағылар бір емес, бірнеше немерелі болып жатыр дейтін-ді. Гүлнұр да жақсы, әдепті, инабатты қыз. Жасымыз қатар. Тіпті, екеуміздің бойымызда бір ұқсастық бар сияқты. Бір түсініксіз жақындық сезіліп тұратындай. Бақыт іштей үйленуге бел буды. Жолдастары:
— Сендер әдемі жұпсыңдар, тіпті ұқсайсыңдар, бір-біріне ұқсайтын жұптар, бақытты болады деген сөз бар — деп көтермелеп қоятын.
Әкесінің ойын оқығандай, Бақыт бір күні:
— Әке, үйленсем қайтеді, оқуды бітірдім, диплом алдым, қалай қарайсыз?
— Күткенім де осы емес пе, ұлым! Жандос орнынан ұшып тұрып, тіпті, шалт тұрғандықтан ентігіп қалып, сонда да, қуанышқа толы дауыспен, анаңа телефон шалайық, қане, бүгін әкелсең де келінді ризамын, құлыным!-деді. Бір отырып, бір тұрады. Шешең кешікті ғой, қашан келер екен?
— Әке, таң жаңа атты, мама жұмыста. Жұрттың бәрі жұмыста. Өзіңіз зейнеткер болғанға елдің бәрі үйінде деп ойлайсыз ба? деп, қарқылдап күліп, әкесінің сыртынан қапсыра құшақтады. Үйдің іші бұрынғыдан да жарық болып кеткендей. Әкелі балалы үйдің ішін базарға айналдырып әкетті. Жақсы хабар ішіне сыймай, басқа бөлмеге барып, Жандос:
— Бақыт, сүйінші, ұлымыз үйленбекші! Сен қашан келесің, сұранып келсеңші, тездетіп.
— Келінді алып келді ме, даусыңнан қуанышты үнің естіліп тұр, Жандос!.
— Иә, жоқ, әкеледі, иә, ертең.
Қазіргі Жандостың түрі сабақтан бестік баға алып ата-анасына көрсеткенше асығып тұрған бала іспетті …
Бақыт та ана емес пе, қуанғанынан сағатына қарай береді, тура бір тоқтап қалғандай, сағат тілі жылжымай қалды. Тіпті сағат таққан қолын сілкілеп қояды. Жүзі балбұл жанған Бақытқа қарап, әдеттен тыс қылығына қарап, қызметтес әйел:
— Бақыт, не болды, құрбым! Артық қимыл, көтеріңкі көңіл күй жарасып-ақ тұр, Жандостың зейнетақысы көбейді ме, немене, айтсаңшы!
— Назира, білсең ғой! Бақытым бізді бақытқа бөлейтін сияқты, үйленем депті, жаңа! Әкесімен сырласыпты, өз құлағыммен естігенше асығып тұрғаным… Назира:
— Онда ше, тура, үйге тарт! Бастық сұраса, бірдеме айтармын, бар, барсаңшы. Той қашан өзі, жаңа көйлек тіккізе берейін, -деп бір кабинетте отыратын Назира жақсы хабарды құптап жібергені.
***
Той жақсы өтті. Құдалар да жаман кісілер көрінбейді. Құдаңның құрдасыңдай, құдағиың сырласыңдай болғанға не жетсін?! Жандос пен Бақыт елде жоқ той жасады. Осы жалғыз ұлы үшін не көрмеді, жастықты құшақтап жылап, талай жыл таңды ұйықтамай өткізген күндері де болған. Шетел асып, мол қаржы жұмсап, бала көтерудің жолын қарастырып шаршаған. Соңы жақсылықпен бітіп, экожүйе арқылы, білікті мамандардың көмегімен ұлы Бақыт ұзақ жылдардан кейін өмірге келді. Анасы Бақыт:
— Еркелетіп, кекілінен сипап отырып, білесің бе, мен сені бір қап долларға сатып алғанмын, -дейтін қалжыңдап, арасында. Бақыт сонда:
— Мама, неге сонша көп бердің, бір қап доллар көп ақша ғой дейтін-ді… Бақыт бақытқа бөленіп ержетті. Қалаған мамандығын алып шықты. Әке-шешесі жанымыз сенің үстіңде шықсын дейтін сезіммен қалаған күй кешті. Бәрі Жандостың да, Бақыттың да әлі есінде. Қалай ұмытсын ол күндерді.
***
Енді міне, қуаныштың ғұмыры ұзақ болмағаны несі. Алладан осыны тілеп пе едік. Неге, неге, немерем сал болып туылды. Келіннің де, Бақыттың да денсаулығы жақсы, еш кінәрат жоқ. Қуаныш қуанышқа ұласып, үй іші немеренің тәтті қылығы мен сыңғыр қаққан күлкісіне толады ма дегенде?! Жандос себебін іздеп шарқ ұруда. Бақыт та интернеттен іздестіруде. Оқыған көзі ашық Гүлнұр мен Бақыт та бір үміт болады ма деп сан рет анализ тапсырып, тексерілуде.
… Бір қызығы үшеуінің де қан тобы бірдей. Бұндай сәйкестік тегі бір болған жағдайда кездеседі. Қалай сонда?! Бақыт пен Гүлнұр өздерін дүниеге әкелген экоорталықта отыр. Кабинетіне шақырған дәрігер:
— Жайсыз болса да хабарлаймын, айтуға тиіспін. Сендер ағайындыларсыңдар. Қан топтарыңның сараптамасы анықталды. Ағалы-қарындасты екенсіңдер. Сондықтан бала осындай сырқатқа душар болған. Жасыратын жоқ, бізде бұрын да кездескен еді. Донор болған азаматтардың арасында бірнеше рет анализ тапсырғандар болады. Ал бұндай сәйкестікті шетелдің танымал, білікті мамандары да құптап отыр. Өкінішке орай, келесі бала да бұлай болмайды деп жоққа сендіріп, үміттендіргім келмейді. Бақыт орнынан ұшып тұрып:
— Дәрігер, не деп тұрсыз, біздер екі облыста туған адамдармыз, руымыз да бөлек, бір бірімізді осы оқуда таныстық қой! Сіз қателесіп тұрсыз! Дәрігер:
— Бақыт Жандосұлы, өкінішке орай, шындығы осы! Сіз оқыған, білімді де білікті азаматсыз, келін де солай, түсініңіздер. Бұл жайтқа ешкім кінәлі емес. Орталық зертханасында айлар, жылдар бойы донор анализі сақталады. Біздер қажет еткен азаматтарға саламыз. Анығы осы, сәйкестік деген де осы.
Жандостың жаны ауырып, өзінен бір перзенттің болмағынына өкінуде. Әйелі Бақытты да кінәлай алмайды. Бұл тағдыр шығар?! Сынақ шығар, білмеймін? Ағалы қарындасты адамдар — ұлы мен келіні. Қоғам дерті дейін бе? Қараса, Бақыттың да ана жүрегі қарсы айырылғандай күйде отыр. Ол жүрек тұсын оң қолымен қатты қысып, екі көзін жұмып алыпты. Бейне бір болған оқиғаны көзімен көргісі келмегендей. Оның кеудесін көз жанарынан аққан жас жуып кетіпті.
Әдетте, бір келеңсіз оқиғаға біреуді кінәлі санайсың. Ал бүгін ше …?!

М.Пірімбетова

Сізге де ұнауы мүмкін

Қадіріңді кеш білдім-ау, туған жер!
Ауылда өскен айып па?

Автор

Меню