Аңсаған Мұстафа – бұл күнде әлемге танылған қазақ суретшiлерiнiң бiрi. Оны әлемге танытып отырған өзiнiң таланты мен еңбекқорлығы. Қылқаламын қолына алып, «Ақ босағаға» арнап суреттер салып отыратыны кеше ғана сияқты едi. Сол суреттерi оның азаматтық позициясы мен кiсiлiк болмысын қалыптастыруға көмектестi. Үстiмiздегi жылдың көктемiнен бастап күнi бүгiнге дейiн Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қарағанды қалаларында «Сөйле, сурет!», «Шашу», «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» атты бiрнеше сурет көрмесi өттi. «Сөйле, суреттегi» туындыларын ең алғаш көрiп тамашалаған жандар – бiздiң оқырмандарымыз. Ал, кейiнгi екi көрмесi негiзiнен қазақ хандығының 550 жылдығына арналған топтамаларынан тұрады. Бүгiн бiз Аңсағанның бүткiл ТМД елдерi, Түркия, Бразилия, Италия, Франция, араб жұртшылығының қызығушылығын тудырып, тамсандырған әлеуметтiк тақырыпқа салған суреттерiмен қоса, осы топтамасынан да бiрнеше туындысын сiздердiң назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Суретшi А. Мұстафа БАҚ өкiлдерiне берген сұқбаттарында: «Суреттi мен үйдiң шаруасын тындырып, балаларымды ұйықтатқан соң ғана саламын», – дейдi.
Тәңiр берген талантың мен талабыңнан танбай, елiңнiң атағын асқақтата беруiңе тiлектеспiз!
2015 жыл