Ұйымдасқан «ұрлық»

Үйлену, ұрпақ тарату – адам өмiрiнiң негiзгi мәнi. Алайда бiз кейде «артық қыламыз деп тыртық қылып», сол мәннен айырылып қалған жоқпыз ба?!

Жезде «жеңгетай» болғанда
Гүлназ туған әпкесiнiң үйiне бiрнеше күнге қонаққа келдi. Таулы аймақта тұратын Гүлжамал төрт баланың анасы. Күйеуi ащы суды сiмiруге құмар. Мұндай адамның отбасына қамқор әке болып жарытпасы да белгiлi. Осындай күрең тiршiлiктен хабардар Гүлназ әпкесiнiң көңiлi үшiн жиi келiп, хал-жайын бiлiп жүретiн. Бұл жолғы себебi де баяғыша. Күтпеген жерден келген бауырына Гүлжамал бәйек болып, қуанып жүр. Ал жездесiнiң амандық сұрасқаны болмаса, мұнымен шаруасы жоқ. Гүлжамал дастарханға бар «тыққанын» шығарып, арқа-жарқа. Самаурынды ортаға алған апалы-сiңлi бауырлар шәй үстiнде шер тарқасты. Қонақ келсе үйде тұрмайтын жездесi әдеттегiдей кеш түсе оралды. Келгенi сол, әйелiне күбiрлеп бiрдеменi айтумен әуре. Гүлназ оларға көңiл бөлмей, жиендерiн ойнатып жүре бердi. Әлден соң әпкесi оны шақырып алып:
— Жездең қалаға барып келейiк деп қоймай жатыр,-дедi көңiлi алабұртып.
— Жәрайды, барып келiңiздер. Балаларға мен қараймын.
— Балаларға не болар дейсiң?! Есейiп қалды ғой, өздерi отыра бередi. Қайта сен бiзбен бiрге жүр. Бiр жағынан қаланы көрiп қайтасың дегендей…
— Әуре болмай-ақ қойыңыз!
— Несiне әуре боламыз?! Жүрсеңшi ендi,-деп қолқалап болмаған соң, Гүлназ келiсiмiн бердi.
Бұлар ауылдан қалаға «көздi ашып жұмғанша» келiп қалды. Өмiрiнде жылы қабақ танытып көрмеген жездесi балдызының халiн сұрап, ерекше көңiлдi. Мұның бәрi Гүлназға таңсық көрiндi. Дегенмен бөтен ойға жол бермеуге тырысып бақты. Содан үшеуi бiр мейрамханаға келдi. Орын тауып, ендi жайғаса бергенi сол, бейтаныс бiр жiгiт бұларға жақындады. Сөйтсе жездесiнiң досы екен. Алғашқыда сыпайы отырған жiгiт әлден соң әңгiменi судай сапыруға көштi. Бойына «қан тараған» жездесi болса сөзге қонақ берер емес. Әңгiме барысы бұзық сөзге ұласты. Көңiлi құлазыған Гүлназ мұндай көрiнiске шыдай алмай, әпкесiне «қайтайықшы» деумен әуре. Алайда Гүлжамал ондай сыңай таныта қоймаған соң, Гүлназдың сыртқа шығып күтуден басқа амалы қалмады.

Күйеу «күзiрлi» болмайды
Мейрамхана алдында Гүлназ әпкесiн ұзақ күттi. Уақыт шiркiнiң бiр тоқтасын ба?! Сырғып өтiп жатыр, өтiп жатыр. Жүрегi бiр жамандықты сезген Гүлназ әпкесiнiң отырған жерiне баруды жөн санады. Келсе, әлгiнде ғана бұларға қосылған жiгiттiң жалғыз өзi отыр. Әпкесi қайда? Сiңлiсiн тастап қайда кетуi мүмкiн? Бұл қалай болғаны?! Сансыз ойларын жасыра алмаған Гүлназ жаңағы жiгiтке сұрақты төтесiнен қойды. Жiгiт әрненi айтып, бiраз айналшықтады. Соңында жиенi ауырып қалып, жедел түрде ауылға кеткенiн бiлдi. Сыпайылық қамытын киген жiгiт өзiнiң жеке көлiгi бар екенiн, тез арада әпкесiне алып баратынын айтты. Гүлназдың бар ойы әпкесi мен жиенiнде. Ең бастысы, үйге тезiрек жету. Содан олар көлiкке мiнiп, ауылға қарай тартты.
Ауылға кiрген бойда көлiктiң бағыты өзгерiп сала бердi. Ештеңе түсiнiп үлгермеген Гүлназ «бұл қалай?» деп айтып ауыз жиғанша бiр үйге келiн болып түсе қалды. Сонда ғана мұның барлығы ұйымдасқан «ұрлық» екенiн ұқты. Бала күнiнен еркiн өскен, өзiндiк «тәуелсiздiгi» бар Гүлназдың жанына бұл соққы қатты батты. Ендiгi қалған үмiтi тек әпкесiнде. Сол үмiтпен жанындағы «жеңгелерiне» әпкесiн шақыртуды сұрады. Көп уақыт өтпей-ақ Гүлжамал да келдi. Тумысынан қызба мiнездi ол: «жаман жер емес, күйеу бала да жақсы, қал ендi келгесiн» демесi бар ма?! Гүлназ төбесiнен жай түскендей күйде қалды да қойды…
Мiне, осылайша «ұрланып» тұрмыс құрған Гүлназдың бiлмейтiнi көп болып шықты. Күйеуi мұның алдында екi әйелмен үйленiп, ажырасқан екен. Мұны естiген Гүлназдың өкiнiштен өзегi өртене жаздады. Тұрмыс құрғалы берi көңiлiне демеу, жанына жалау болатын ешкiм қалмады. Барлығы алыста. Осылайша бiрнеше ай сырғып өттi. «Сыпайы серiмiз» түрлi «өнер» көрсетiп, төмпештеудi шығарды. Ақыр соңында, бала күнiнен қиындыққа төзiп үйренген Гүлназ мұндай қорлыққа өмiрiнiң соңына дейiн төзе алмайтынын түсiндi.
Соңғы кезде ерлi-зайыптылардың ажырасуы көз көрiп, құлақ естiп жүрген қалыпты жағдайға айналды. Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы елiмiзде 1000 адамға шаққанда, ажырасқандар қатары 2,3 пайызға артқан. Бұл дегенiмiз «үйлену оңай, үй болу қиын» екенiнiң тағы бiр дәлелi iспеттес.
Ажырасу көрсеткiшiнiң аздығы бойынша, қызылорда облысы мен Маңғыстау облысы алдыңғы орында екен. Ал Алматы ажырасу көрсеткiшi бойынша алда тұр екен.
Замира ПIРНАЗАРОВА.
2015 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Ұл – менiкi, қыз – сенiкi
Құрдастың қатыны ортақ па?

Автор

Меню