Бір қызды екі рет ұзатқан…

Әйкен жасы қырықтан асқан, бір компанияда есепші деген лауазымы бар, келісті келіншек. Күйеуімен кезінде екі жыл тұрып ажырасқан. Өзінің үй-іші де, барған жұрты да барлық жөн-жоралғыларды жасап, тойларын өткізіп, үйлендіріп еді, жараспады. Қызын дүниеге әкелген соң күйеуін жақтырмауға көшті.
Әйкеннің мінезі тұрақсыз. Тез ашуланып, жылдам басылады, өзім деген адамнан барын аямайтын жомарттығы да жетерлік. Көңілді кештерді, отбасылық той-думанды жақсы көреді. Ал күйеуі өте салмақты, оның анау-мынау мінезіне көбіне үндемей, «жеңілетін» төзімді сияқты еді, екеуі қалай ажырасқанын жұрт түсінбей қалды.
Сөйтіп Әйкен жалғыз қызын құшақтап төркініне қайтып келді. Қызын ата-анасына қалдырып, өзі қалаға жұмысқа тұрды. Жоғары оқу орнынан екінші мамандық алды. Жалақысы тәуір жұмыс та табылды. Қызы үшін ауылдағы әке-шешесінің үйіне апта сайын барады. Күйеуі Әйкенің шартпа-шұрт мінезінен жалықты ма, әйтеуір алимент төлемейтін болып шықты. Әрдайым «өзім білем», «өзім шешем бәрін» дейтін Әйкен оның алиментіне жалынбады да. Қызын басқа балалардан артық болмаса кем қылмай, әлпештеп бақты. Басқа балалар жаз туа ауылда қалғанда, Жанар анасымен шет елдің демалыс орындарына барады. Тіпті шет елге бармады деген кездің өзінде басқа облыстардың табиғаты тамаша демалыс орталықтарында он күн бойы демалады. Ауыл балалары әрі кетсе аудан орталығын көрсе, Жанар каникул сайын Алматы мен Астанаға қыдырып барып, қаладағы түрлі мейрамханалардан дәм татып дегендей, ел ішпегенді ішіп, басқа кимегенді киіп, баршылықта өсті.
Әрине, жалғыз қызын үлде мен бүлдеге бөлеуде төбесінен ақша өзінен өзі құйылды деуге болмас. Әйкен жалақысы аздық еткен соң, кешкі уақытта істейтін тағы бір жұмыс тапты. Қашанда той-думанды жақсы көретін Әйкен қызынан да барын аямады, туған-туысын да жиі-жиі қонаққа шақырады.
Өз дегенін айтып қалуға тырысатын ол, шартпа-шұрт мінезін айналасынан жасыра алмайтын әдетін Әйкен қырыққа толғанда да қоймады. Қызы мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсті. Ақылы оқу болған соң Әйкеннің шығыны еселеп артты. Қызы болса дайын дүниені ғана білетін, ақылсыз емес, еңбекқор болып өскен. Сабақтан тыс уақытта қабілеті келетін жұмыс тауып, оқуының ақшасын өзі табуға бейімделді.
Қандай нәрсе болса да бәрін тез шешіп, жылдам реттеуге үйренген Әйкен күйеу мәселесін талқылап, Жанардың күн сайын құлақ етін жеді. Күйеуді қалай таңдау керек, оның туыстарымен қалай сөйлесу керек деген мәселелермен қатар, «сені басынып кетпеу үшін былай істе» деп, өркөкірек болудың да жөн-жосығын үйретуді ұмытпады. Содан болар Жанар да анасының тәрбиесіне сай, ешкімнің ақылын қажет етпейтін, «өзім білем» деумен ғана жүреді. Біреу Жанарға «бұның дұрыс емес» деп, жол көрсетсе, басы бәлеге қалады. Дүниедегі ең ақымақ, артта қалған кісі әлгі адам болып шығады. Сондықтан жақындары да, таныстары да Жанарға ауыз ашпайды.
Жанар тұрмысқа шығатын болды деген хабар Әйкеннің бүкіл туыстарына тарады. «Ешкімге дес бермейтін мінезімен қалай тұрар екен?» дейтіндер де болды. Жанардың таңдаған жігіті Ернар заңгер, көрнекті мекемеде лауазымды қызметі бар, өзінен үш-төрт жас үлкен азамат екен. Ата-анасы да қызметкер, үйі, көлігі бар дегендей, материалдық жағдайы жаман емес.
Жанар мен Ернар танысқан соң бір ай ішінде үйленуге шешім қабылдады. Әйкеннің жасы үлкен туыстары «бір ай деген аз уақыт қой, бірін бірі жақсылап танысын, ең болмаса бір жыл күтпей ме?» деп еді, Әйкен «қазіргі жастар ақылды, өздері біледі» деп шап ете қалды. Сонымен не керек, екі жақ, бар тапқан таянғанын жинап, тойға салды. Елден кем қалмау үшін қымбат мейрамхана жалдап, жетпеген ақшасының орнын толтыру үшін банктен несие алды. Қазақтың жөн-жоралғыларын түгел атқарысып, дүркіреген той да өтті.
Әйкен қызын ұзата сала бір сағаттан соң телефон шалды. Жағдайын сұрамақ болып хабарласқан ол Жанармен жиырма минут сөйлесті. Екі күннен соң жігіт жақ той өткізді. Екі тойдың арасында Әйкен қызымен телефон арқылы он шақты рет сөйлесті. «Кеткен қыз кетті, барған жеріне сіңсін, мазалама» деп үлкендер ақыл айтып еді, Әйкен «Сендер не білесіңдер» дегендей, беттерін қағып тастады. Содан той өткен соң күн сайын қызына телефон соғуын тоқтатпады. Ернар мен Жанар ата-анасымен бірге тұрып жатқан. Әйкен болса қызына телефон шалып қана қоймай, бір аптадан соң артынан барды. «Әйкен-ау, ұзатылған қызда нең бар, өзі үй боп, жеке тұрып жатыр, мазасын алмасаңшы» деген адамға «Маған айтқан ақылдарыңды өздерің езіп ішіңдер» дегендей, дөрекі сөздермен тойтарып тастады.
Қызының артынан барған Әйкен көңілсіз қайтты. Туыстары одан көңіл күйі неге басыңқы екенін сұрап үлгергенше, Әйкен көргендерін түгел ақтарып, бажылдай бастады: «Бардым қызыма, енесі артта қалған, кісі сияқты емес, Жанар жасаған тамақты ішеді екен. Менің қызым салат жасап, сол үйдің кірін де кір машинасына апарып салады екен», деп, әңгімені шұбыртты. «Ойбуй, енді келін болған соң, тамақ істеп, кір жуу соның мойнында ғой» дегендерге Әйкен «мен жалғыз қызымды біреудің күңі болсын деп берген жоқпын» деп, бұрқан-талқан ашуланды.
Басында жоғары қызметте істейді деп мақталған Ернар да күйеу бала ретінде Әйкенге ұнаған жоқ. Ернар Әйкеннің анасына сыйлық жасаған екен. Ол да Әйкеннің көңілінен шықпады «Мамамның жетпіске толған туған күніне үйде өсетін гүл сыйлапты, ақшасы жоқ, жармаған» деп күйеу баласын жамандап жүрді. Әйкенге Жанардың барған жерінен бірде бір адам ұнаған жоқ. Құда-құдағиынан табылған кемшіліктерді тіпті санап тауыса алмады. Туған-туыстың ортасында да, жұмысында да жамандап отырды. Қызының өзінің көңілінен шықпайтын адамдармен бірге тұрып жатқанына риза болмаған Әйкен енді Жанар мен Ернарды өзінің қасына көшіріп алды. Құдағиы іштей наразы болғанмен үндемеді. Үйленгеніне бір ай өтпей жатып, келіннің үйіне көшкен ұлын көріп, Ернардың әкесі налыды. Бірақ артын бағайық деп, шыдамдылық танытты.
Қызы мен күйеуін қасына алған Әйкен Ернарды тек қана өз ақылымен жүруге үгіттеді. Жиырма беске келген қызметкер жігіт жас бала сияқты тек қана Әйкеннің айтқанымен жүруге міндеттелді. Тағы бір ай өткенде не телефон соқпай, не үйге келмей кеткен баласын іздеп Ернардың анасы келді. Баласының жағдайын көрген ол ұлын үйге қайтаруды ойлады. Әйкен болса «бұндай сүмелек, артта қалғанмен тұрып қажеті жоқ, бала тумай тұрғанда тезірек ажырас» дегенді күн сайын Жанардың құлағына құйып жүрген. Ернар ата-анасына оралған соң Әйкен қызын ажырастырудың қамына кірісті.
«Қызыңды басында оған неге бердің, менсінбейтінің бар, көзіңе көптеген кемшіліктері көрініп тұрса, шығындатып, несие алдырып, той жасатқаның не?» деген туыстарына Әйкен «сендер не білесіңдер, бәрін өзім шешем» деп дес бермеді. Бұрыс болса да Әйкендікі дұрыс деп, бәрі бас шұлғу керек екен.
Үйленген соң үш ай өткенде Жанар мен Ернар ажырасты. Бүге-шігесін Әйкен біледі. Туыстары неге олай болды деген жоқ, сөйлесе бажылдап шығатын Әйкен ғой. «Өзі білсін, қызын байға тигізген де өзі, ажырастырған да өзі, білгенін істесін» десті де қойды.
Жанар жоғары оқу орнының үшінші курсын бітіріп, төртіншісіне көшті. Анасының ақылымен неше түрлі жігіттермен танысты. Кей жігіттер Жанардың дөрекі мінезін жақтырмай қашса, кейбірі бір-екі сөйлескен соң аулақ жүретін қыз екен деп түйді. Сөйтіп жүргенде Жанар оқуын тәмамдап, жұмысқа тұрды. Қызметі аясында Серік деген жігітпен танысты. Бір қызығы Серік екеуі жерлес боп шықты. Яғни, бір ауданның тумасы. Танысқан соң екі ай өткенде Серік пен Жанар үйленетін боп келісті. Үй-іштеріне де бас қосатынын айтты. Әйкен тағы да жиған-тергенін тойға шашты. «Бұрын күйеуде болған ғой, құдалардан ұят емес пе?» деген туыстары мен ақыл айтқан таныстарына дүрсе қоя берді. «Күйеуде болса не, сендердің қыздарың жетісіп тұр ма? Сендер қыздарыңа осындай той жасап алыңдар» деген сөздерді айтты. Ұрыс-керіс, дау-дамай өршіп бара жатқан соң, жанашырлық танытып сөйлеген адамдар бұдан кейін Әйкенге мүлдем ақыл айтпауға бекінді.
Серіктің ата-анасы момын жандар екен. Жанардың күйеуден шыққанын естіді ме, әлде бейхабар ма, ол жағы беймәлім. Жалғыз ұлы болған соң ба, аянбай, барын шашып, ең атақты мейрамхананың бірінде дүркіретіп той жасады. Айтпақшы, Жанардың ұзатылу тойын ұмытыппыз ғой. Әйкен қызының күйеуден шыққанын ұмытып, он жетіге енді толған балғын аруды ұзатқандай етіп, ел есінен кетпейтіндей керемет той жасады. Жанардың екінші ұзатылу тойына танымал әртістерді де шақырды. Кей туыстары, «құдалардан ұят-ау» деп, беттерін басса, енді бірі «Әйкен ақылды ғой, өзі біледі» десті, сөйлесек бәлеге қаламыз ба деп.
Жанар мен Серік тойлары өткен соң әрқайсысы қызметіне кірісті. Әйкен баяғы әдетін қойған жоқ, қызына күн сайын телефон соғады. Үйлену тойы өткен соң он бесінші күні Әйкен қызының үйіне барып, тұрмыстарын тексерді. Әбүйір болғанда Жанардың ата-енесі бөлек тұрады екен. Келін-баласын жаңадан алған үйге кіргізіп, ескі баспанада өздері қалған.
Әйкен күніне екі рет Жанарға телефон шалады. «Не істеп жатырсың?», «Күйеуің жұмыстан қашан келді?», «Енең келді ме?» деген сұрақтарды күн сайын қайталайды. Өзіне қосымша көлік керек болғанда күйеу баласын шақырып алады. Құда-құдағиы не ойлайтынына Әйкен бас қатырмайды. Жалғыз қызына екі ұзату той өткізген Әйкеннің бұдан кейінгі әрекетін бағып туыстары жүр. Әйтеуір қызы мен күйеу баласын ажырастырмаса болды да…

Айғаным Біртуар

фото Жұлдыз Жолбарыстың парақшасынан алынды

Сізге де ұнауы мүмкін

Әнші АРАЙ АЙДАРХАНмен әңгіме-дүкен
Шығыста тазалықтың 7 ережесi бар екен:

Автор

Меню