Орыстарда «45,45 — баба ягодка опять» деген өлең жолдары бар. Қазақтар «қырықтан асқан соң қатын құтырады» деп қағытады. Соған қарағанда 40 жас – әйелдер үшiн жаңа бiр өмiр белесi тәрiздi. Рас, бұл кезде iшкi түйсiгiң ғана емес, сырт келбетiңде де өзгерiс болары анық. Үшiншi мүшел – ақыл тоқтау кезiнен асып, орта жасқа қараған кездi өзiнше бiр өтпелi кезең десек те болар. Бұл кезде кейбiр абысындарымыз сұлулыққа шырмалғаны сондай үстерiне не жарасымды екендiктерiн ескермей қалатын кездерi көп болады. Жас қыздарға тән киiм үлгiсiн тастап, өз жасына лайық киiм кие бастағандары жөн. Сонымен, қырықтан асқанда киiм қоржыныңыздан ненi лақтырып тастаған жөн?
1. Әшекей таңдауда сақ болыңыз. Ендi қандай да бiр салпыншағы бар бiлезiктердi, иыққа дейiн келетiн сырғаларды сiңлiңiзге не бойжетiп қалған қызыңызға сыйға берiңiз. Өйткенi, бұл ендi сiздiң келбетiңiзге тым артық болмақ.
2. Түрлi-түстi ұзын шұлық киюден аулақ болыңыз. Қанша қымбат болса да, күлгiн, сия түстес шұлықтар ендiгi жерде сiздiң аяғыңызда арзан ғана емес, өте тұрпайы көрiнуi мүмкiн. Себебi, бұнадй түстер көбiне-көп мектеп жасындағы жасөспiрiм қыздарға лайықты деп есептеледi. Ою-өрнегi бар шұлықтарға да жолай бермеңiз.
3. Шағын көлемдi, жылтырағы көп қол сөмкеге құмартпаңыз. Клатч-сөмкелердi жас қыздар күнделiктi аксессуар ретiнде ұстап жүрсе жарасады-ақ. Ал, қырықтағы әйел бұндай сөмкелердi той-жиын, салтанатты кештерде ғана ұстағаны дұрыс. Ал, күнделiктi көлемдiлеу сөмке ұстағаны абзал.
4. Кең пiшiмдi спорттық киiмдерге де құмартпаңыз. Оверсайз (ағылшынша oversize — өте үлкен өлшем деген мағынаны бередi) толстовкалары мен шалбарлары шынашақтай қыз баланың құлын мүсiнiне жарасымды болғанымен, қанша жерден сымбаты сақталғанымен қырықтағы әйелдi ебедейсiз көрсетедi. Бұдан былай тек өзiңiзге шақ киiм киiңiз.
5. Сондай-ақ, өзiңiз ұнататын музыкалық топтың не жанкүйер болып жүретiн спорттық команданың аты жазылған футболкаларды да күнделiктi киiп жүрудi доғарыңыз.
6. Сол сияқты формасыз кардиган жемпiрлерден де тезiрек құтылыңыз. Шашақты немесе етегi тегiс кесiлмеген кофталар да ендi сiзге жараспайды. Оның орнына костюм, пиджак киген жөн.
7. Етегi күн қиықты пiшiнде тiгiлген, қысқа көйлек пен белдемшенi де ендi тек қызыңызға сатып берерсiз. Себебi, ондай көйлектер де ендi сiзге лайық емес.
8. Қанша жерден жылдың сәнi болса да, төбесiнде шошағы бар тақия кимеңiз.
9. Арты ашық жеңiл сүйретпенi үй жағдайы мен жағажайда болмаса, басқа жаққа киiп шықпай-ақ қоярсыз. Бұл аяқ киiм түрi сырт келбетiңiзге сенiмдiлiк ұялатпайды. Оның үстiне үзбей күн ұзақ киiп жүрудiң өзi зиян көрiнедi.
10. Шаш сәндегенде байлаулы бантик iспеттес немесе гүл, көбелек суретi бар қыстырғыштарды пайдаланбаңыз. Оның орнына бейтарапты, абстракты ою-өрнектi қыстырғыштарды қолдансаңыз, қателеспейсiз.
фото www.kakprosto.ru сайтынан