Осыдан бiр жылдай бұрын жұмыста басшым түрiкше бiр видео жiберiп: «аудара аласың ба?» деп едi. Видеода Түркияда таратылатын «Жаңа күнге сәлем» атты бағдарламаның кезектi бiр шығарылымының 7 минуттық үзiндiсi екен. Бұл бағдарламаға әр саланың мамандары шақырылып, олар көрермендерге күнделiктi тұрмысқа, отбасына, жұмысқа қажеттi пайдалы кеңестер ұсынатын. Ал, әлгi үзiндiде түрiк жазушысы Алишан Капаклыкаяның қонақта болғаны көрсетiлiптi. Журналист қыз жазушыдан «қара шалбар» хикаясын айтып беруiне қолқа салудан басталады. Осы оқиғаны ыстық ықыласпен еске алатын Алишан Капаклыкая былай деп хикаясын көп ойланбастан бастап кетедi:
– Менiң балалық шағым жоқшылықпен тұспа-тұс келдi. Дүниенiң қат заманы едi, ата-анамыз қалағанымызды алып бере алмайтын. Шалбар сұрасам – жоқ, ойыншық сұрасам – «өзiң жасап ал» деп қайтарып жiберетiн. Саз балшықты ермек қылып, әкемнiң костюмiнiң қалтасының iшкi жағын қиып алып, жүн толтырып, доп жасап алатынмын. Әпкем де қуыршақтарын өзi жасап алатын. Жоқшылық бiзге әр нәрсенiң құнын бiлудi үйреттi. Қазiргi балалар бақытты ғой.
Бiр күнi әкем: «Сендерге шалбар алып келейiн», – деп базарға кеттi. Үш бауыр жүзiмiз бал-бұл жайнап, армандап отырмыз. «Ендi, мiне, бiз де Мұхтардың баласындай шалбар киетiн боламыз» деп қуандық. Мен бастауышта 3-сыныпта оқимын, менен кейiнгi iнiм 1-сыныпқа баратын. Кiшкентай iнiм Рафет 6 жаста едi, мектепке әлi бармайтын.
Жарық жоқ, телевизор жоқ, әлемде не болып жатқанынан хабарымыз жоқ едi. Анам әжемнiң гүлдi киiмдерiнен бiзге шалбар тiгiп берген болатын. Ал, ендi бiз де арнайы тiгiлген шалбар киетiн боламыз, бiз үшiн бұл қандай бақыт болды десеңiзшi!
– Әкем аяқкиiм ала ма екен? – деп сұрады кiшi iнiм үмiттенiп.
– Қара резеңке туфли алар, – деп топшылап, өзара үлкен үмiтпен күттiк әкемiздi.
Мiне, автобус да көрiндi, бұрқырап шаң шықты. Бiз жарыса үшеуiмiз далаға жүгiрiп шығып әкемдi күтiп алдық, апыр-топыр пакеттердi ашып, бiзге не әкелдi екен деп тағатсызданып барамыз. Әкем менен кейiнгi iнiм екеуiмiзге бiрдей қара шалбар, ақ жағалы қара жейде және бiр-бiр қара туфли алып келiптi. Бiздiң қуанышымызда шек жоқ, асығып киiп көрiп жатырмыз. Бiзбен бiрге күтiп жүрген кiшi iнiм пакеттердi былай да ақтарды, былай да қарады, бiрақ өзiне арналған киiм таба алмады. Әкем болса, әлi сабақ оқымайтын Рафеттiң де дәметiп қалатынын ескермесе керек.
– Әке, мен де күтiп едiм, – деп ол жасын тия алмай жүгiрiп бөлмеден шығып кеттi. Әкемнiң көздерiнен ерiксiз жас тамшылап қоя бердi. Кешкi ас та, әдетте шулап тамақтанатын бiз сол күнi үн шығара алмай отырдық, жалғыз iнiмнiң қыстығып жылаған дауысы естiледi.
Ертесi күнi сабаққа мақтанышпен жаңа қара шалбарымды, ақ жейдемдi киiп бардым. Сабақтан келгенде Рафет:
– Қалай саған құйып қойғандай жарасып тұр, маған да жарасатын шығар, бiр рет киiп көрейiншi, – деп өтiнiп сұрады.
– Жоқ, кiр қыласың, – деп бермедiм. Екiншi күнi тағы жалынды, бермедiм. Үшiншi күнi де. Төртiншi күнi…
– Ағама жарасқан киiм маған да жарасатын шығар, – деп Рафет тағы бастады.
– Ұзын болады, – деймiн салғырт дауыспен.
– Етегiн қайырып қоямын.
– Кiр қыласың.
– Кiлемнiң үстiнде киiп көрем, – деп ол да қайтпады.
– Жарайды, ертең сабақтан келгенде 5 минут киесiн де, кiр қылмай таза қылып қойып қоясың, – дедiм. Түнде төсекте жатқанда да менi түртiп:
– Ертең жаңа шалбар киiп көремiн, ұйықтай алмай жатырмын, – дедi қоймай.
Таңертең Рафет ерте оянып алды, бүгiн ертерек келуiмдi сұрап, есiктiң алдында күтетiнiн айтты. Сабаққа келдiм. Үшiншi сабақта есiк ашылып, оқытушы кiрiп келiп, мұғалiмге бiрдеңе айтты. Мұғалiмнiң өңi бозарып кеттi, сосын маған қарап, «Алишан, сен үйiне бара ғой, әкең күтiп отыр», – дедi. Iшiмнен «Рафет әдейi менi ертерек шақыртып алып тұр ғой», деп ойлап, «қулығын қарай гөр», деп келемiн. Баламын ғой, қайдан бiлейiн. Көше бойы бәрi бiздiң үйге бара жатыр екен. Түсiнбедiм. Есiктiң алдында күтем деген iнiм жоқ. Аулаға кiрдiм, бүкiл ауыл тұрғындары бiздiң үйде жиналған тәрiздi.
– Рафетiмдi қайтарыңдар, құлыншағымды берiңдер маған! – деп жылаған анамның дауысы шықты. Жаңадан трактор алған бiр ағатай бiздiң үйдiң алдынан өтiп бара жатып, есiк алдында отырған iнiмдi көрмей, басып кетiптi. Iнiме қара шалбар кидiремiн деген күнi iнiм сөйтiп көз жұмды.
Iнiмнiң денесi жуылып болғаннан кейiн әкем ұлын қолына алып:
– Рафетiм, мен сенi мазарға емес, базарға апарайын. Қане, тұра қойшы, құлыным, кеттiк, – деп бауырына басып, еңкiлдеп жылады. Әкем ата-анасының махаббатын көрмей өскендiктен бе, бiзге де махаббатын бере алмаған едi. Әкем, iнiм естігiсi келген сөздердi ести алмайтын уақытта кешiгiп айтты.
…Өтiнемiн, балаларыңызға махаббатарыңызды берiп, көңiл бөлiп, жақсы көретiндерiңiздi жиiрек айтсаңыздар деймiн, – деген өтiнiшпен аяқтады әңгiмесiн Алишан Капаклыкая. Сондай әсермен жеткiзген жазушының бұл хикаясы отырғандардың көзiне жас келтiрдi.
Оқиға маған да әсер еттi. Осыдан кейiн жақындарымды ренжiтiп немесе байқамай ауыр сөйлеп қойсам, осы оқиға есiме түсiп, дереу татуласып, көңiлдерiне тимеуге тырысатын болдым.
Түрiк тiлiнен аударған Айдана Бабатаева.