Ғаламтордың торына түспегейсiң

Қазакемнен асқан айтқыш жоқ-ау… Бiлiп бағамдап, астарлап жұмбақтап айтса да анығын, ақиқатын жайып салады. Жұртымда «Жақсы сөз жарым ырыс» деген жақсы сөз бар. Ертеректе ата-әжелерiмiз, аналарымыз әлдененi бүлдiрiп қойсаң, «тұқымың өскiр-ай, не iстедiң?» деп бiр-екi ауыз сөзбен «ұрысудың сыйқын» көрсететiн. Рас, жақсы сөз жақсылықты шақырады. Былапыт боқауыз сөз өз төңерегiне кiр лас «аураны» (адам төңерегiндегi шеңбер сәуле) шақырады екен. Мұны қазақ бiлмедi дейсiз бе? О бастан баланы тәрбиелеу, ұрпаққа үлгi-өнеге беру мәдениетiнiң мәйегiн танытқан ұлт жамандық атаулының маңайлап жүретiнiн, кез келген сәтте алдыны орайтынын күн iлгерi бiлген. Мұны неге жазып отырмыз?.. Менiң айтпағым, ойыңа енгендi, аузыңа келгендi айта беру немесе «тасқа» бастырып жаза беру жақсылыққа апармайды.
Баяғыда бiр шешей тiлазар ұлын қарғап сiлеп, «құдайдан жеткiр, шайтан алғыр…» деп қарғанып жатса, шайтан бұрын естiп жетiп келiптi. Ұлын жетектеп бара жатқан сайтанға бар даусымен айғайласа да бейбақ анасының үнi шықпай тiлден қалыпты деген аңыз бар. «Басқа пәле тiлден, пайда да тiлден» деп бекерге сөз шығындамаған елмiз. Қазiр интернет дәуiрiнде ақпарат тасқынының көптiгi сонша, жұрттар «қайсына ие боларын бiлмей» абдырап қалды. Көрмейтiн пәлемiз, оқымайтын сұмдығымыз қалмады. Жас та, жасамыс та смартфон, телефонға ертеден қара кешке дейiн шұқшиып бас алмайды. Тiлдiк қарым-қатынас кемiдi. Кiтап оқуды былай қойғанда, теледидар көру азайды. Тiптi дос, туыс, ағайындардың өзi араласудың тиiмдi құралы етiп алған ватсап бiр-бiрiне барыс-келiсiн кемiтiп, «жалқаулыққа» жол ашқанын мойындайық. Ватсап арқылы сәлем-сауқат жiберу, туған күндерiне виртуалды гүлдер жiберу… Бiр-бiрiнiң ватсабына сүйiншiлеп сұмдық бейне көрiнiстердi, анайы анекдоттарды, жеңiл афоризмдердi бiрiнен соң бiрiн тоғытып жатамыз. Одан не пайда? Оқуға уақытың кетедi. Миың ашиды, санаң уланады.
Сана демекшi, саналы ұрпақ тәрбиелейтiн ел боламыз десек, интернеттiк шектеулер қойып, жұртты жапппай кiтапханаға қайтаруды жолға қойған жөн. Жұрт ұзақ текстерден қашып, жеңiл жазбаларға ауысып барады. Ол төзiмдi, шыдамдылықты шектеп отыр. Американың өзi кiтапханаларға қайта келе бастады. Жапония интернеттi жетпiс-сексеніншi жылдардан берi қаузап отырған ел. Ендi жастарын ұлттық калориямен сусындатып, төл мәдениетi дәрумендерiмен емдеуге кiрiстi. Оларда кiтап оқу мидың жұмысын салмақтандырып, терең байлам жасауға шақыратынын дәлелдеп отыр. Интернет – есуастануға апара жатқандай. Мұны дер кезiнде ұғынып, ес жимасақ ертең күнi қысқа сөйлеп аз қимылдайтын енжар, жалқау, дүмбiлез ұрпақты өсiрiп шығаруымыз әбден мүмкiн.
«Түнгi 11-ден соң интернеттi өшiру, көптеген азғырынды сайттарды жабу, порно сайттарды жабу, ол мүмкiн болмаған жағдайда сайтқа кiрудiң кодын жасау, әркiм қалауынша кiрсiн, бiрақ қосымша ақы төлесiн» деген талаптар күшеюi тиiс. Қатiгездiк пен жауыздық, баскесерлiк бейнекөрiнiстердi, әсiресе суицидтi насихаттайтын жабайы сайттарға тосқауыл қою керек. «Ұлттық сайт» ашу. Тек қана ұлт мүддесi туралы дүниелер жарияланып, ұлттық қадiр-қасиет хақында, дәстүр-салт тақырыбындағы ой-толғамдар жариялануы қажет. Керi анайы пiкiрлер автоматты түрде қабылданбайтындай сервер жасалуы қажет.
Болымсыз, сұрықсыз ақпараттарды сүзгiден өткiзетiн қызмет түрi – ақпараттық фильтр болуы тиiс деп есептеймiн. «Жатыпты, атыпты, анау ажырасыпты, ашына болыпты» деген шегi жоқ мәнсiз қызықсыз тақырыптарды жариялауды тоқтатып, салмақты, сарабдал, салиқалы дүниелердi басу алдыңғы кезекте тұрғаны керек. Жастар онсызда қиын шақта жүргенде сау басымызға сақина тiлемей, тектiлiк пен ептiлiк, көрегендiк пен көсемдiктi насихаттап, жаңа көкжиектерге ұмтылуды жолға қоюға тиiспiз.
Арман Жусанбай
2018 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Жұп сауалға нық жауап: Ораза
Шежiреден неге сызған?

Автор

Меню