Бiздiң ауылда Ерден (есiмi белгiлi себептермен өзгертiлдi) деген спортшы болған. Кеңес үкiметi кезiнде ұлттық спорттан республикалық жарыстарда жеңiп жүрген елге белгiлi адам екен. Жас кезiнде ат құлағында еркiн ойнаған ақсақалдың өмiрiнде бiр үлкен өкiнiш бар көрiнедi. Оны сол Ерден атаның өз аузынан естiген әжем айтып едi.
Кеңес үкiметi кезiнде жезөкшелер үйi, жезөкшелер ұяшығы, жалпы жезөкше деген ұғым қазiргiдей кең таралмаған едi ғой. Тек еркектердiң кейбiр жолдасы жоқ әйелдерге баратыны болмаса, отбасы құндылықтары берiк сақталған кезең емес пе едi? Ерден өзi палуан, өзi шымыр, келiстi жiгiт, бүкiл ауыл сыйлайтын азамат едi. Бiрақ, ол сол ауылдағы жалғыз басты, ел «бұзылған қатын» атап кеткен Бағила деген әйелге барады екен кейде. Бiрде Ерден спорттық жарыстан жеңiп, бүкiл одақтық жарысқа баратын болыпты. Жарыс одақтас республикалардың бiрiнде өтедi екен.
Содан одақтық жарысқа баратынына масаттанған соң ба, неге екенi Ерден жолға шығатын күнi Бағиланың үйiне түнептi. Алыс жолға сол Бағиланың үйiнен аттаныпты. Сонымен не керек, таулы республикалардың бiрiнде өткен бүкiл одақтық жарыста Ерден қарсыласынан оңбай жеңiледi. Онымен қоймай, елге еңсесi түсiп, бiртүрлi боп оралады.
Содан кейiн Ерденнiң спорттағы жолы жүрмейдi. Кездескен қарсыластың бәрiнен жеңiле бередi. Сөйтiп, спортты бiржолата тастаған екен. «Қарақтарым, отбасы тазалығын сақтаңдар. Жарларыңа адал болыңдар. Мен өмiрiмде үлкен қателiк жасадым. Жарысқа барарда бұзылған әйелдiң үйiне түнеп, содан жолым байланды. Одан кейiн қанша талпынсам да спорттағы жолым жүрмей қойды. Ер адам жеке бас тазалығын сақтап жүру керек» деп, қартайған шағында бата сұрап барған жас жiгiттерге өсиет етiп айтып отырады екен Ерден ақсақал.
Айғаным Бiртуар