Жетiмектi жебей жүр

Жетiмектi жебей жүр

«Тас жетiм боп қалғаным,
Туа бiткен арға мiн.
Бiр иiскесем анамды
Болмас едi арманым!» деп жүрегiңдi езiлтiп әндететiн балалар үйiнiң жайын бiлмек оймен Атырау облыстық «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйiне» барған едiк. Жанарларынан мұң, сөздерiнен аңғалдық бiлiнетiн тәрбиеленушiлердiң бұл күнi қуанышқа толы болған сияқты. Себебi, бұл күнi олар өздерiнiң iздеушiсi барына бiр сәтке сенгендей көрiндi.

Көп уақыттан берi арнайы жоспарланып, қараша айының ортасында «Облыстық отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйi» мекемесiнде қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Шараға мекеме түлектерi «Ана тiлiм – тағдырым» атты концерттiк бағдарламаларымен келдi. Бiрi әндетiп, екiншiсi би билеп, үшiншiлерi интеллектуалдық ойындарын да көпшiлiкке ұсынды. Концерттiк бағдарламаларын тамашалай отырып, тәрбиеленушiлердiң бiлiмдi, ойын нақты жеткiзе бiлетiн, ойлары терең екендiгiн аңғардық. Ал, жиналған көпшiлiктiң қатарында бiр топ түлектер, қайырымдылыққа өздерiнiң үлесiн қосып жүрген ерiктiлер де болды.
«Шараның басты мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көңiл бөлу, көмек көрсету және өзге де ұжымдарды қайырымдылық жасауға шақыру», – дейдi ұйымдастырушылар.
Шара барысында «Ломбард-ЖайықАлтынKZ» ЖШС директоры Мұхамбетова Меңсұлу: «Бала – бауыр етiң» деген қазақ халқы үшiн өз ұрпағына қамқорлық ету, қол ұшын созу бiрiншi кезекте тұрады. Жүздерi қуанышқа толы балаларды көрiп, iштей олардың асыраушысыз екендiгiне жүрегiмiз ауыратындығы рас. Дегенмен, сiз бен бiз болып оларға бiр сәтке болса да бақыт сыйлау қолымыздан келетiндiгiн айтқым келедi. Алдағы уақытта мекемемен тығыз байланыста болып, мұндай шаралар әлi де жалғасын табады деп ойлаймыз», – дей келе, балаларға әкелiнген сыйлықтарын табыстады. Сол сәтте-ақ, балалардың мөлдiреген жанарынан қуаныш оты сезiлгендей болды. Мұңайған баланы бiр сәтте-ақ бақытты қылу деген осы болса керек.
Ал, «Облыстық отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы» мекемесiнiң директоры Гүлсара Аманғалиқызы: «Балалардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға көмектесiп, тұрмыстық заттарын, балалардың әрқайсысына қыстық киiмдерiн әкелiп отырған мекеме басшыларына алғысымызды бiлдiремiз. Сонымен қатар, қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларды С.А.Назарбаеваның бастамасымен енгiзiлген 27 қараша балалар үйi тәрбиеленушiлерiне арналған «Ризашылық күнiне» қонақ болуға шақырамыз. Бүгiнде бiздiң мекемеде 3-18 жасқа дейiнгi 45 бала және 16-23 жасқа дейiнгi 24 бала жасөспiрiмдер үйiнде тәрбиеленуде. Әрине, балалар үйi болғаннан кейiн, қажеттiлiктерiмiз өте көп. Сол сұраныстарымызды ескерiп, қажеттi дүниелерiмiздi алып берiп жатқандарыңызға рахмет» — деп ризашылықтарын бiлдiрiп жатты.
Ендi, жалпы ҚР Статистика агенттiгiнiң ресми мәлiметiне сүйенсек, Қазақстанда 42 мыңдай түрлi жетiмдер бар. Олардың 25 мыңы ел азаматтарының қамқорлығына алынса, 15 мыңы денсаулық сақтау, халықты әлеуметтiк қорғау, бiлiм беру жүйесiнiң ұжымдарында тәрбиеленуде. Ал ол балалардың 2 мыңнан астамы ғана тiрi жетiмдер, қалғанының ата-аналары бар екен. Соның iшiнде, Атырау облысында 710 жетiм және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Бүгiнде олардың 45-i «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы» мен «Жасөспiрiмдер үйiнде» тәрбиеленiп жатыр. Бұл балалардың 80 пайызы тiрi жетiмдер болса, қалғандары әр түрлi себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған. қазiргi тәрбиеленiп жатқан балалардың 15-i орыс, 25-i қазақ, қалғаны өзге де ұлт өкiлдерiн құрайды.
Сөз етiп отырған балалар үйiнде тәрбиеленiп, қазiр қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Ғалия Лұқпанова: «Қазiр жасым 18-де. 5 жасымнан бастап 16 жасқа толғанша осы балалар үйiнде тәрбиелендiм. Мен осы балалар үйi алғаш ашылған кезiнде келген балалардың бiрiмiн. Балалар үйiнде жақсы тәрбиелеп, қолдан келгенiн үйреттi. Бiрнеше тәрбиешiлерiмiз де ауысты. қазiр педагогикалық колледжде 3 курс студентiмiн. Мемлекеттiк мекеме болғандықтан, барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар қазiр өзiмнiң тәрбиеленген үйiме жиi келiп тұрамын. Ерiктiлер тобын құрып, үнемi қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрамыз» — дейдi.
Сонымен қатар, Атырау қалалық мәслихат депутаты Диас Бауыржанұлы былайша сөз еттi: «Балалардың барлығы зерек, өнерлi, әрi тәрбиелi екендiгiн көрiп қуанып отырмын. Ол ұстаздардың жақсы тәрбие берiп отырғандығының көрiнiсi. Балалар – бiздiң болашағымыз, келешекте елiмiзге тұтқасын ұстар азаматшалар боларына күмәнiм жоқ. «Ел боламын десең – бесiгiңдi түзе» — дейдi. Сол себептi, баланың есi кiргенiнен жетiм қалуы, асыраушысының жоғы, оның қоғамға деген ренiшiн туғызуы мүмкiн. Сондықтан, олардың жүректерiне жылу сыйлап, көңiлдерiне қаяу түсiрмеу үшiн барынша назар аударып, бақытты етуге жұмыстану керек».
Атырау қаласында 2009 жылдың 26 сәуiрiнен бастап жұмыс жасап келе жатқан ломбард желiсi осы уақыт аралығында бiрнеше қоғамдық шараларға араласқан. Ал, ендiгi кезекте, «Шаңырақ» балалар үйiнде тәрбиеленiп жатқан 45 баланы киiм-кешекпен қамтып, баспаналарына қажеттi тұрмыстық заттарын алып бергенi нағыз құптарлық iс.
Қазақ – жетiмiн де, жесiрiн де жылатпаған халық. Дегенмен, қазiргi таңда адамдар бойынан мейiрiмдiлiк, бауырмалдық секiлдi қасиеттер азайып барады. Оның бiр дәлелi, жыл санап саны артып келе жатқан жетiмдер үйi болса керек. Сол себептi, мекемеде тәрбиеленiп жатқан балалардың қал-жағдайына алаңдаушылық бiлдiрiп, қолдан келгенiнше жәрдемдескен ұжымдардың игi iстерi ұзағынан болғай!
Шаттық АШЫҚБАЕВА,
Атырау қаласы.
2014 жыл, желтоқсан.

Tags: , , , , , , , , , , ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Бiз осылай үйлендiк
Еркектiң өз қулығы болады

Автор

Меню