ЖЕҢІЛ БОСАНУДЫҢ ЖОЛЫ БАР

Жеңiл босану үшiн жаттығу керек пе?
Бүгiнде интимдi жаттығулардың пайдасы туралы жиi айтыла бастады. Ал, осы жаттығулардың жүктi әйелдерге пайдасы бар ма? «Алматы әйелдер орталығының» жетекшiсi, әйел денсаулығы және балалар мен жасөспiрiмдердiң жыныстық дамуы жөнiндегi маман Лаура Сейiтбек әрбiр әйел бiлуi тиiс жаттығу мен техника жөнiнде айтып бердi.

– Бiздiң орталықтан «Жүктiлiк кезiнде қандай жаттығулар жасау керек?» деп жиi сұрап жатады. Аяғыңыз ауырлап, ендi жаттығуды бастаймын десеңiз, қателесесiз. Бұл кезеңде жаттығулардың көбiне шектеу қойылады. Себебi, балаға керi әсерi болуы мүмкiн. Мысалы, қонаққа баратын болсақ, әдемi көйлек сатып алып, ерекше болуға тырысамыз ғой. Сол сияқты, жүктiлiк кезеңiне де дайындалуымыз керек. Ол – жүктiлiктiң жеңiл өтуi мен дүниеге денi сау ұрпақ әкелудiң кепiлi.
Дегенмен, жаттығуларды минимал түрде жасауға болады. Ол жаттығуды мүлде жасамағаннан гөрi пайдалы. Жаттығу деп отырғанымыз физикалық күш жұмсау емес. Бұл – тыныс алу мен интим мүшелердi жаттықтыру техникасын толық меңгеру.
Жүктiлiктiң I кезеңiнде (триместр) орындалуы тиiс техника – iшпен демалу. Бұл жаттығуды отырып немесе жатып iстеуге де болады. Мұрынмен терең тыныс алып, кеуденi қимылдатпай ауаны iшке толтырамыз. Қаншалықты ұзақ ауа жұтасыз – соншалықты ұзақ шығуы тиiс. Сол кезде ғана қабырға сүйектерi екi жаққа ашылып, iшке ауа барады. Кейбiр әйелдiң қатесi – кеудемен демалып, iштi күштеп шығарады.
Бұл жаттығуды толықтай босаңсыған күйде жасау керек. Сол кезде ауа iштi жай ғана томпитады. Ауа сыртқа шыққаннан кейiн iш қайта қалпына келедi. Бұл жаттығуды жасаған кезде диафрагма толық ашылып, өкпенiң өз потенциалын толық орындауға ықпал жасаймыз.
Бүгiнгi таңда жаңа туған балаларда гипоксия немесе басқа да ауру түрлерi көп кездесiп жатады. Оның басты себебi – оттегiнiң жетiспеушiлiгiнде. Осы жаттығуды жүктi екенiңiздi бiлген күннен бастап бала туылғанша жасасаңыз, жүктiлiгiңiз жеңiл, толғағыңыз оңай болады.
Жүктiлiктiң II триместрiнде бала әбден орнығып, қимылдай бастайды. Бұл кезеңде iштiң көлденең бұлшықеттерiн, яғни «ана» бұлшықетiн (төменгi жақ) жаттықтыру арқылы «мұнара» техникасына дайындық жүргiзiледi. Өйткенi, ауыр салмақтың түсуiнен жатырдың сiңiрлерi әлсiреп, төмен түсiп кетуi әбден мүмкiн. Iштегi бала өскен сайын зәр қалташасына салмақ түсiп, ана жиi-жиi кiшi дәретке бара бастайды.
Мұндай кезде екi қолды үстелге қойып, еңкейiп, iштi төмен қарай салбырату керек. Сонда iшiңiз босайды. Сол кезде төменгi бұлшықеттi қысасыз. Қатты емес, жай ғана қысып, бiрден босату қажет. Бұл техниканы жүктiлiкке дейiн меңгерiп, кейiннен көлiкте немесе ауыр нәрсе көтергенде iстесеңiз iшкi корсет сiздi қорғап тұрады.
Жамбас қуысы және интим бұлшықеттердi (қынап, анус, зәр шығару мүшесi) қысып, әрқайсысын жеке-жеке басқарып та үйрену керек. Күнде жасай берсеңiз, дағдыланып кетесiз.
Жүктiлiктiң III тоқсанында «көбелек» жаттығуының пайдасы көп. Бұл жаттығуды орындықта отырып жасау керек. Iштiң қысылып қалмауына назар аудару қажет. Алғаш жасап бастағанда бұлшықеттер қысылып, қиындық туғызуы мүмкiн. Күнделiктi жасайтын болсаңыз, қан айналымыңыз жақсарады. Сонымен, «көбелек» техникасын iшпен тыныстап отырып, аяқты ашып-жабу арқылы жасаймыз. Аяқты ашқан сәтте қынапты ақырын қысамыз (гүлдiң күлтешелерi сияқты). Ал аяқты жапқан кезде керiсiнше қынапты ашамыз. Бұл жаттығу да алдыңғы техникалардағыдай дененiң бос болуын талап етедi. Босаңсыған денеде қанайналым жақсы жүредi. Жаттығу барысында жағымсыз жағдайлар болса, әрi қарай жалғастырмаған жөн.
Егер интимдiк жаттығуларды меңгермесеңiз, 35-аптадан бастап залалсыздандырылған бiр реттiк қолғапты киiп, сұқ саусақпен қынаптың аузына массаж жасасаңыз болады.  Массаж жасау арқылы қынапта қанайналым жақсарып, босанғанда қынапты жыртылып кетуден сақтайды. Көп әйел интим бұлшықеттерiн дұрыс басқара алмаған соң босану кезiнде қиындыққа тап болып жатады.
Жүктi әйелдiң барлығына мына кеңестi айтамын:
1. Интим жаттығуларды жүктiлiкке дейiн жасап, дайындалыңыз.
2. Дәрiгерге уақытылы тексерiлiңiз;
3. Зиянды тағамдардан, сондай-ақ, темекi шегу сияқты жат қылықтан бас тартыңыз;
4. Суды уақытылы iшiңiз;
5. Тыныс алу және басқа да жаттығуларды жасауды ұмытпаңыз. Сонда оңай, тез әрi қиындықсыз босанасыз;
6. Барынша сабыр сақтап, ашуланбай жақсы көңiл-күйде болыңыз. Есiңiзде болсын: сiздiң өткерiп жатқан эмоцияңыз құрсақтағы балаға әсер етедi;
7. Ерте тұрып, таза ауада көбiрек жүрiңiз;
8. Әсем әуен, құран сүрелерiн тыңдаңыз. Баланың алғыр, зерек, иманды, көркем мiнездi болуына септiгiн тигiзедi;
9. Пайдалы бiлiм алудан жалықпаңыз. Ең болмағанда дәл қазiргi кезде керек деген ақпаратты, яки босануға және босанғаннан кейiн қалыпқа келуге септесетiн жайттардан хабардар бола жүрiңiз.
Сымбат Айдархан.
Фото: Айгүл Хожантаева.
2020 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Бiр уыс тұз
КОВИД туралы қауесет

Автор

Меню