Ертеде жапондар қазақтар секiлдi құда түсу арқылы үйленген. Бәлен деген жердегi бәлен отбасының қызын алуға рұқсатты алдымен рубасы, содан соң әкесi берсе ғана жiгiт үйленген. ХХ ғасырдың басынан бастап қазақ қоғамы қалай өзгергенiн тарихтан бiлемiз. 1950 жылға қарай қазақ зиялылары мен жай жұмысшылардың iшiнен де бiрталай азамат орыстан әйел алды. Басқа ұлтқа күйеуге шыққан қазақ қыздарының саны көбейдi. Ол кездегi қазақ жастары Одақ құрамындағы ұлт өкiлдерiне үйленушi едi. Ал, 1991 жылдан бастап Америка, Германия, Ұлыбритания, Австралия, Қытай, т.б. шет мемлекеттiң азаматтарымен бас қосқан қыздардың қатары көбеймесе азаймай отыр. Бөтен жұрттың адамымен некеге тұрған соң Қазақстанда тұрақтап қалған қандастарды да көрiп жүрмiз. Баспасөз беттерiнде оларды айыптап, сынап жатады. Айыптаудың артында ұлттық намыс, ұлттық мүдде тұр. Ал осы халықаралық некеге жапондар қалай қарайды екен?
Алдымен мән берудi қажет ететiн мәселе: жыл өткен сайын Қазақстанда да, Жапонияда да қыздар тұрмысқа шығуды кешеуiлдетуде. Елiмiздегi бұл жағдай баршаңызға белгiлi, ал Жапонияда 29 жастағы қыздардың 40 пайызы тұрмысқа шықпаған. Жалпы, бүгiнде Күншығыс елiндегi жанды ауыртатын мәселенiң бiрi — үйленiп, шаңырақ көтеретiндердің санының азайып бар жатқандығы. Соңғы он бес жылдан берi жапондардың көпшiлiгi отыздан асқан соң отбасы құруды жоспарлайтын болды. Олар үшiн ең маңыздысы — жұмыс. Тағы бiр шаншудай тиетiнi — бала туудың күрт азайып кеткендiгi. 1970 жылдары әр жапон отбасында кемiнде 4-5 баладан болған. ХIХ ғасырда 10-15 балалы отбасылар көптеп кездесетiн. Ал қазiр бұл халық «балаға зәру». 2050 жылға қарай халықтың басым бөлiгiн қарттар құрай ма деген қауiп бар.
Жапонияда шет елге тұрмысқа шыққан қыздар мен бөтен елдiң қызына үйленген жiгiттер де аз емес. 2000 жылғы есеп бойынша 25 мың жапон жiгiтiнiң әйелi өзге ұлттан екен. Күншығыс елiнiң жiгiттерiне қай мемлекеттiң қыздары көп шыққан десек, алдыңғы орында кәрiстер тұр. 6 мың кәрiс қызы жапонға келiн болған. Жапониядағы 8 мыңға жуық келiннiң ұлты — қытай. 200 астам американ қызы жапонға тиген. Бұдан басқа мемлекеттерден алған келiндердiң жалпы саны 10 мыңнан асады.
Ал ендi теңiз асып кеткен жапон қыздарына келейiк. 2000 жылға дейiн 8 мыңға жуық жапон қызын шет елге ұзатыпты. Жапон қызын айттырғандардан бiрiншi орынды тағы да кәрiстер алады. 3 мыңға жуық кәрiс жiгiтi Жапонияға күйеу бала болған. 800 жуық қыз бақытын қытайдан тауыпты. АҚШ азаматына тигендерi 1,500 – дей. 2500 қыз басқа елдерге келiн боп кеткен. Шет елдiкпен некеге тұрған бiрнеше жұп туралы айтайын.
Мәселен, Канаэ есiмдi жапон қызы Раджерт деген үндi жiгiтiмен Америкада танысып, бас қосқан. Баласымен жапон тiлiнде сөйлеседi. Ерлi – зайыптылар: «Бiз халықаралық отбасымыз. Бiр – бiрiмiздi сыйлаймыз, үндi мен жапонның салт-дәстүрi бөлек болса да түсiнiсуге тырысамыз» дейдi.
Шет ел азаматымен некеге тұруға қарсы жапондар аз емес. Олар алдымен дiни сенiмдi алдыға тартады. Ұлты, дiнi, салт-дәстүрi, тiршiлiк дағдысы бөтен кiсiмен бас қосуға ешқандай мемлекетте ешкiмдi мәжбүрлемесi анық. Жастардың өз еркi өзiнде болғандықтан баласының басқа ұлттың адамына үйленуiне ата-ана да қарсы болмайтын бопты. Бiрақ шет елдiкпен некеге тұрған жапондардың тiлi мен дiнiн өзгертпегенi жатқа кетiп, ұлтын ұмытқан қазақтарға сабақ қой деймiн.
Шарафат Жылқыбаева
2018 жыл