Жансауға

Аңызға бергiсiз ақиқат

Жансауға

Балықбай байдың түксиген қабағын қарс жауып, жауар бұлттай түнергенiне бiраз болған. Өзi өңсiз беттiң түгi шығып одан ары сұрланып кетiптi. Ол сол түйiлген қалпымен жақындарын жиi-жиi жинап алып, кеңес құрып жүрдi. Ерте басталған жиын кеш бiтiсiп жатады. Бiз сияқты құлдар мен олардың қатын-қалаштарының ас дайындап, отпен кiрiп, күлмен шыққанынан өзгеде iсi жоқ. Таңмен жарыса тұрып, күнi бойы тiзе бүкпей қимылдағаннан қалжырап, есеңгiреп барып, жарым түнде қара тулақтың үстiне киiмшең құлай кетесiң. «Киiм» деп ауыз толтыра айтып отырғаным үстiмдегi тозығы жеткен жалғыз көйлек пен байдың бәйбiшесiнiң лақтырып тастаған ескi камзолы. Оның өзiнiң де қысы-жазы иығымнан түспегенiне екi-үш жыл болған. Жалғыз мен емес, Балықбайдың жалшыларының бәрiнiң де киiмдерi сондай, өте жұпыны едi. Iшiнде бiр iлiп алары жоқ.
Жаз болса аяқ киiм дегендi мүлде бiлмеймiз. Тауға да, тасқа да жалаңаяқ кете беремiз. үнемi жалаңаяқ жүре берсең табаның да көнге ұқсап кете ме, жоқ әлде жанға батқан нәрсеге көңiл аударуға мұрша болмағандықтан ба, әйтеуiр тiкен кiрiп, тас тiлiп жатса да мән бермеймiз.
Кейде iрiңдеген табан асқынып кетсе жамбасың тулаққа тиген кезде барып өзiнiң бар екенiн бiлдiрiп зар қақтырады. Сондайда даладан иманжапырақ әкелiп, таң атып орныңнан тұрғанша аяғыңды ораумен боласың. Көнтиiп iсiп кеткен табаның аяғыңды жерге тигiзе бергенiңде бiз сұғып алғандай шаншуы миыңа бiр-ақ жетедi. Ал, бәйбiшенiң айқайы шыққан кезде оның бәрi есiңнен шығып зыр жүгiресiң. Әйтпесе сен үшiн күн жоқ.
Күн сайын ұйқыға кетпес бұрын «Берiкболым тiрi болса, мына тартқан азаптың ауыртпалығын сезiнбес едiм-ау» деп өксiп аламын. Сондай түндердiң бiрiнде оның бейнесiмен күбiрлесiп сөйлесiп жатып, талықсып барып ұйықтап кеткен екенмiн. Бiр кезде ол анадай жерге келедi де маған қарап тұрып: «Сен менiң ұлымды жақсылап бақ!» дейдi. Көзiмдi ашып алып жан-жағыма қарасам, ешкiм жоқ. Қараңғы түн. Тек қана ұйқыдағылардың пысылдаған мұрындарының дыбысы естiледi. Айналамды сипаймын. Қолым қу тулақтың пұшпағына тигенде ұйқым шайдай ашылып кеттi. Төбеге қарасам, сау тамтығы жоқ қараша үйдiң тесiктерiнен аспан әлемiндегi жұлдыздардың бәрi түгел көрiнгендей. Кеудемдi көтерiп отырып едiм жүрегiм айнып, басым айналған тәрiздi. «Ауырып қалған екенмiн ғой. Төсек тартып жатып қалсам, байдың қатыгез бәйбiшесi далаға лақтырып тастайды-ау» деген ой жүрегiмдi зырқ еткiздi. Қайта қисайдым орныма. Сүйтiп жатып Берiкболдың өлiмiн еске алдым.
Байдың жылқылары жейтiн жердiң шөбiн қоримын деп жүрiп Берiкболмен бiрге тағы екi малай сойылдан мерт болып едi. Қосылғанымызға бiр ай болмай желек астында жесiр қалған мен байқұс қана, ана екеуiнiң соңында екi-екiден бала қалды. Ол да медеу емес пе әйелдерiне? Артында тұқымдары қалғаны….
Содан берi жылжып төрт ай өтiптi. Сорлап қалған жетiм-жесiр бiз болмасақ байдың есебi түгел. Ол үшiн сұрауы жоқ кедейдiң өлiмi тышқанның өлiмiмен бiрдей. «Құдай-ау!» деймiн, «Титтейiмнен жоқшылықтан көз жасымды құрғатпадың. Тойып тамақ iшiп, ұйқым қанып дем алмақ түгiлi қара суды мұңсыз iшкен күн болмады. Не еркiн ойнап балалықтың қызығын көрмедiм. Ендi мынау, қосылғанымызға ай толмай жатып «жесiр күң» атанғаным. Мен бейбақ соншалықты не жазып едiм саған?» Түнi бойы жылаған соң ба, әйтеуiр, ертесiне басым зiл тартып, денемдi зорға көтерiп жүрдiм.
Бiр күнi жерошақта от жағып отыр едiм. Қанымкүл деген егде тартып қалған жылқышының әйелi нан пiсiрiп жатып менiң есiнегенiмдi көзi шалып қалса керек, «Жамал, осы сен екiқабат емессiң бе?» дегенi.
– Қойшы жеңеше. Қайдан болсын…– дедiм жұлып алғандай.
– Жоқ, шын айтамын. Екiқабат сияқтысың.
Мен әнеукүнгi көрген түсiмдi еске алдым.
Бiрте-бiрте белiм жуандап аяғым ауырлай бердi. Менi аяп жұмысымды жеңiлдетiп жатқан ешкiм жоқ. Баяғы сол азабы мол ауыр тiрлiк. Бай да көшiп-қонудан бiр тынбайды. Оның қыруар малы келiп қонған жердiң шөбiн лезде жеп бiтiп, тақырға айналдырады.
Жайлау сары жұрт болмай жатып бiр күнi «Төмен көшемiз!» деген байдың бұйрығы бәрiмiздi аяғымыздан тiк тұрғызды. Буынып-түйiнiп ықшамдала бастадық. Қанымкүлдiң болжамы бойынша келесi туар ай менiкi. Берiкболымнан тұяқ қалса екен деген әлсiз үмiт маған iштей қуат берiп тұрғандай болады.
Малды өзi бас болып күнi бұрын айдатқан бай «Пәлен жерге жете қоныңдар!» деп кете барды.
Бiз жылжи-жылжи екi түнеп айтылған жерге де жеттiк. Жаңа жұртқа үш түнеген соң байдың дүние-мүлкi ықшамдалып, неше бөлек тең болып қайта буыла бастады.
Күздеуге келiп қонғалы берi езулерiн қажаған ауыздықтарымен арпалысқан аттарын ақ көбiк терге шомылдырған салт аттылар да келуiн жиiлетiп кеттi. Байдың екi баласы болса күн сайын аттарын ауыстырады. Соған қарап бiр дүрбелеңнiң тақалып қалғанын сезгенiмiзбен әртүрлi қауесеттен басқа дәл шындықты бiз тектiлердiң ешқайсысы да бiлген жоқ.
Бiр күнi «Дайын тұрыңдар, бүгiн ел ұйқыға кеткенше көшемiз!» деген бұйрық жоғарыдан дүңк ете қалды.
«Қайда көшедi екенбiз?» деп, жалшы әйелдер бiрiнен бiрi сұрап жатқанда Қанымкүл аузын оң қолымен қалқалай сыбырлап: «Анау алыста көрiнген бұлыңғыр таулардың арғы бетiне өтетiн көрiнемiз. Бiздiң Кәкендерге соны бетке ала жылқыны айдаңдар деген көрiнедi ғой», – дедi.
Ертесiне бәрi артынып-тартынып, жүруге дайын болды. Бiр кезде қара бәйбiше қамшысын екi бүктеп ұстаған қолымен бүйiрiн таянып ары бiр, берi бiр жүрдi де түгi шыққан бетiн бiзге бұрды. Ол қанталаған көздерiн оқша қадай, өмiрi шыр бiтпейтiн сойдиған иегiмен менi нұсқап: «Ана шерменде қалсын осы жұртта! Оның шуын сүйретiп жүретiн жағдай жоқ қазiр», – дедi тiксiне.
Төбемнен бiреу суық су құйып жiбергендей жүрегiм мұздап сала бердi. Сасқанымнан не iстерiмдi бiлмей қара жерге жалп етiп отыра кеттiм. Басқа қорлық пен азаптың неше түрiн көрсек те бұндай бұйрықты жалшылардың ешқайсысы күтпеп едi. Өзiм тектес әйелдерге жәутеңдеп алма-кезек қараймын. Олардың әрi таңданған, әрi менi мүсiркей қараған көздерiнен өзге ешкiмнен ара түскен үн шықпады. Ол байқұстардың әрқайсысы қорыққанынан өз жансауғасын ойлаған болуы керек.
«Мiнiңдер көлiктерiңе! Баста көштi!» деген ызғарлы дауыс шәңк еткенде бәрi ұйқыдан жаңа оянғандай салбыраған бастарын көтерiп бәйбiшеге қарады. Қамшы үйiрiп шыға келген бәйбiше бағыт алған жаққа қарай көштi қозғалтуға бәрiн бiрдей мәжбүр еттi.
Алды жылжып менен алыстай бастаған көштiң соңынан iлесе жүрдiм. Бiраз жер жүрген соң көздерiм жасқа толып өңешiме тығылған өксiктен дыбысымды шығара алмаған күйi: «Шынымен-ақ, мына күйде панасыз жалғыз басымды жұртқа тастап кеткендерiң бе?» деген мұң-зарымды ерiксiз жайылған қолдарымды алдыға соза бiлдiргеннен басқаға әлiм келмей қала бердiм. Балықбайдың үй iшiндегiлерден өзгелерi маған аяушылықпен қарай-қарай ұзай бердi. Қанымкүлдiң «Сорлы-ай, ең болмаса талшық етер бiрдеме де қалдырмады-ау саған» деген жыламсыраған даусы құлағымда үздiк-үздiк қайталанып жатты.
Жас жуған көздерiм талғанша көштiң артынан iлесiп бақтым. Ай жарығында көз ұшындағы қара ноқаттар бiрiнен соң бiрi тұңғиыққа сiңiп жоқ болып кеткенде барып айналама қарадым. Менi айналшықтап қасымда қалған екi ит жұртқа бiрге келдi. Өзге қыбыр еткен жан жоқ. Балықбайдың жұрты тып-тықыр. Дәл өзiндей болып сазарып жатыр. Екi ит жұртты тiмiскiлеп айналып шықты да қарсы алдыма келiп шоқиып отырып ұлуға кiрiстi. Дауыстарының жаманы-ай. Жаным шошып көз жасымды дереу тыйдым. «Кет!» деп ұрсып едiм, екi ит соны күтiп тұрғандай көш кеткен жаққа қарай лып бердi. Ендi өзiм жалғыз қалдым. «Қасқыр келiп қалса қайттiм?» деген қорқыныш үрей бүкiл денемдi билей бастады. Ұлыған иттердiң даусы барған сайын алыстай бердi.
Не iстерiмдi бiлмегеннен жерге қайта отырдым. Бiр сәт жан-жағыма қараудан қорқып басымды тiке жоғары көтерiп аспанға қарадым. Аппақ ай нұрын төгiп тұр. Жап-жазық даланы көмкерген ашық аспанның жұлдыздары жымың қағады. Бәрi бiрдей маған мейiрiммен қарап тұрғандай. Жұлдыздармен сөйлесiп көп отырдым. Адамнан таппаған жылылықты мен ендi табиғаттан iздей бастағанмын. Сол сәтте бойымдағы балам бүйiрiмнен бiр теппесi бар ма. «Бұл далада мен жалғыз емес екенмiн ғой» деп, күбiрледiм өзiме өзiм, бала тепкен бүйiрiмдi бiр сипап қойып, айға қарап.
Одан кейiн жақын маңнан шыққан шегiрткелердiң шырылдаған дыбысы мен түн күзеткен құстардың алыстан үзiлiп-үзiлiп естiлiп жатқан дауыстары да кәдiмгiдей дәтке қуат, жанға медеу болды.
Үнемi дара қонып жүретiн байдың жұртының өзге елден соншалықты алыс екенi есiме түссе болды үрей билеген бойым мұздап қоя бередi. Әртүрлi ойлардың ауылын шарлап, өзiмдi өзiм алдаусыратқанмен болмады, шаршау мен қалжырау меңзей бердi. Тесiктерi аспандағы жұлдыздардың санындай тозығы жеткен жалшылардың қараша үйiндегi менiң жамбасыма тиетiн көн-тулақтың үстiне жатып ұйықтаған күндерiм де қолдан ұшырып алған бақытым едi.
Даланы түгел орап алған түннiң салқыны да бойымды тоңазытып барады. Сарыла күткен ұзақ таң да атты-ау бiр кезде. Орнымнан тұрдым. Есiл-дертiм бiр елдi мекенге жету.
Көз жетер жерде ешнәрсе байқалмайды. Қарным да ашты. Жұрттың орнына қарадым, талшық етер бiрдеме қалмады ма деп. Сараң байдың жұртында түк те қалмапты. Қалай қарай жүрерiмдi де бiлмеймiн. Даладан жусан исi аңқиды. Анда-санда түбiрлердiң арасынан пыр етiп торғайлар ұшып шығады. Бiр рет алдымнан кесе-көлденең зу етiп қарашұбар жылан да өттi. Оған селк етiп кiдiрдiм де, ұзап кеткен соң жүрiсiмдi қайта жалғастыра бердiм. Аяғыма қадалған шөңгелердi де өзi түсiп қалғанша еңкейiп алуға мұрша болмай, жанұшыра iлгерiлей бердiм. Аяғымның ауырып сыздағанына да қарамай түс ауғанша тоқтамадым. Өзiмше жүрiсiмдi жылдамдатпақ боламын. Әйтеуiр, үрей мен үмiт менi алдына салып қуып келедi. Таңертеңгi қарнымның ашқаны шөлге ауысқалы қашан. Тiлiм аузыма сыймайды. Бiр кезде салбыраған басымды жоғары көтерiп алдыма қарасам, көз ұшында жарқырап өзен ағып жатыр. «Шiркiн, жетiп алып, суға бiр тойсам» деп ұмтыла түсемiн. Ол да оңайлықпен жеткiзер емес. Iшiмнiң бұрап ауырғаны барған сайын жиi-жиi қайталанды. Жата кеткiм келедi. Бiрақ орнымнан қайтiп тұра алмасымды бiлiп барынша тырысып жүрiп келемiн. Көрiнген өзенге жетiп жығылайын деп ұмтыла-ұмтыла бiр кезде әлiм кетiп құладым. ..
Қанша жатқанымды бiлмеймiн. Көзiмдi ашсам күн бесiннен ауып барады екен. Ауа да қоңыр салқын тартып қалыпты. Қолдарыммен жер таянып тұруға ыңғайлана берiп едiм анадай жерде жатқан қазанның сынығына көзiм түстi. Көтерiп қарасам, бiр шыныдай су сияды екен. Екi қолым бос келе жатқан соң су алып iшсем де қажет болар деген оймен ала кеттiм iлгерi.
Екiндi болды. Одан күн батып, қараңғы қоюлана бастады. Ешқандай елдi мекеннен өлi белгi жоқ. Бағанағы менi қызықтыра ағып жатқан өзен де ғайып болған. Жалай-жалай кебiрсiген ерiндерiм тыртысып шытынайды. Денем зiл батпан. Сыздаған аяқтарымды көтерiп басудың өзi мұң. Мен iлбiп келемiн. Аяғым жусанның түбiрiне сүрiнiп кеткен сайын жалп етiп құлаймын. Жығылған жерiмнен тұрмай жата бергiм келедi. Бiрақ еркiмнен тыс алға итерiп келе жатқан күштiң бұйрығымен бұралып зорға дегенде орнымнан тұрамын.
Сүйретiлiп келе жатып, туған айды көргенде кәдiмгiдей қуандым. «Қазiргi тiршiлiкте маған жылы қарап, жарығын берiп тұрған жалғыз жанашыр екенсiң, Ай!» деп, күбiрлеп, мұңымды шағып келе жатқанымда талған аяқтарым өзiнен өзi бүгiле кеткенi. Бұл жолы орнымнан тұруға әлiм келмедi. Отырған жерiме ерiксiз қисая кеттiм.
Бүкiл денем жанды қоярға жер тапқызбай сырқырайды. «Айдалада қалып, ит пен құсқа жем болды деген осы ғой» деп ойладым, есiм бiр жинала қалғанда. «О, жаратқан! Мынау жарық дүниеге келiп үлгермеген сәбиiм үшiн бойыма қуат бере гөр!» Кiндiктiң астынан басталған iш ауру түгел белiмдi жайлап, маған деген дүниенi тарылтып барады. Тыныс iздеп, ары берi дөңбекшимiн. Денем бой-бой болып сөгiлуге әзер тұрғандай. Iш ауру саябырлай бастаса «Уһһ!» деп демiмдi кеңiрек алып, дереу орнымнан тұруға ұмтыламын. Ұмтылғанмен тұрып кетуге әл жоқ. Сүйтiп жатқанда iштiң ауырғаны қайта күшейдi. Өзге амалым болмаған соң бар күшiмдi жиып, орнымнан ырғала тұрып алып басымдағы бiрiнiң үстiне бiрiн тартқан екi жыртық орамалдың бiреуiн алып, кiндiктiң төменгi тұсынан тартып байладым. «Ессiз далада босанып, баламнан айырылып қалар ма екенмiн?» деген суық ойдан қорыққаным, қалжырағаныма қаратпай қайта iлгерi бастырды. «Өлсем ит-құсқа жем етпей бетiмдi топырақпен жасырып кететiндей бiр жанға кезiксем-ау! Ең болмаса балам тiрi қалса» деп те қоямын.
Асығып жанталаса алға ұмтылғаныммен iлгерi басқан аяғым керi кетiп, жүрiсiм де өндiр емес. Сонда да демiм бiткенше тоқтамай iлгерiлеуге бекiндiм. Жүрiп келемiн. Сырттан қарағанға жүрiп емес, iлбiп келе жатқан шығармын. Бiр кезде ол iлбiген кiбiртiктегенге, одан еңбектегенге ауысты. Оның арты отырып алып, екi қолмен жер тiрей құйрықпен жылжығанға жалғасып кеттi. Оған да шамам келмей қалған соң дөңбекшiп жатып, жусандардан ұстап ышқына iлгерi сырғимын. Бар мақсатым, әйтеуiр, алдыға жылжу, соңғы күшiм сарқылғанша iлгерiлеу. Тынышталған сәттерiмде сылдырап аққан бұлақтың даусы үзiлiп-үзiлiп естiледi. Ерiндерiмдi жалап-жалап қоямын. «Бiр тамшы су мына кеберсiген ерiндерiме тимей-ақ осы иен далада шейiт болғаным ба, шынымен-ақ?» деген көмескi ойлар қайта-қайта басыма оралып, аяқталмай қалып жатыр.
Бiр кезде менiң отырған жерiм өзiнен өзi iлгерi жылжи бастады. Онымен бiрге мен де көшiп барамын. «Жақсы болды-ау. Жаратқанның маған болысқаны ғой бұл» деп риза болып отырғанымда суы мөп-мөлдiр үлкен өзен пайда болды алдымда. Қуанып кетiп қолымды мала бергенiмде iлгерi жылжып, алыстай бергенi. Көзiмдi ашып алсам таң бұлаң берiп келедi екен. Толғағым саябырлап, есiм жиылыңқыраған сәттерде шешемнiң босанғанын көз алдыма келтiрдiм:
Қараша үйдiң желбауына асынып, гөй-гөйлеп тiзерлеген шешем отыр. Көршi кемпiр екi тiзесiн шешемнiң белiне тiреп оның iшiн тартып-тартып қояды. Бiр кезде ол үйде отырған балалардың бәрiн сыртқа шығарды да, қолымызға келсап берiп: «Оңынан бер! Оңынан бер!» дегендi қайталап, келсаппен үйдi айнала жердi түйгiштеп шығыңдар. Сонда шешелерiң оңай босанады» дедi. Бiз оның айтқанын жасап үйдi бiрнеше айналып шыққанымызда шар еткен баланың даусы шықты. Келсапты тастай салып есiкке тұра жүгiрдiк…
Ал қазiр мен асынатын желбау да, қараша үй де бос арман. Шипалы қолды кемпiр де жоқ. Толғақ қысқан сәттерде жан қиналысынан мезi болған көңiлiңдi келсаппен жер түйгiштеп өзгеге аударатын да ешкiм жоқ. Бұл жерде толғақпен арпалысқан жалғыз өзiм мен дала ғана. Менiң иелiгiме жеке тиген ен дала! Көкiгерiмдi қарс айыра шыққан зарлы үнiмдi тiл қатпай үнсiз тыңдап жатқан тылсым дала!
«О, дала! Талайды басыңнан кешiрсең де сырыңды шет шығармай үнсiз шыдап келесiң. Сен талай сыннан өттiң. Бiрақ төзiмiңнiң шегiн әлi ешкiм көрген жоқ. Жан күйзелiсiм шектi бiр шамаға дейiн ғана жасыруға мүмкiндiгiм бар пенденiң бiрiмiн. Қазiр, мiне, тығыны ашылып кетiп, бәрi ернеуiнен асып төгiлiп жатыр сенiң алдыңда. Бар тағдырын өзiңе тапсырып, жаны қиналып, азап шеккен қызың отыр төсiңде. Аяғы ауыр, панасыз жетiмiңе қаталдығыңды көрсете көрме, далам!
О, Жасаған! Жарық дүниеге талпынған мына бойымдағы кiнәсiз сәбиге, панасыз жесiр маған жар бола гөр!
Иен даладағы ағарып атқан екiншi таңым! Жақсылығыңды ала кел бiз сияқты бейшараларға» деген зарымды дауыстап айтып, қолымды тiреп, кеудемдi көтере жан-жағыма қарадым. Анадай жерде ағып жатқан су жылтырайды. Ептеп орнымнан тұрдым. Iшiм төмен қарай түсiп барады. Iлгерi аттадым. Екi шатымның арасында бiрнәрсе тiрелiп қалғандай жылжи алар емеспiн. Сөйтiп бұлаққа мұңая қарап тұрғанымда жылымшы нәрсе екi балақты бойлай зулап ағып жүре бердi. Оның не екенiн көруге менiң дәтiм жоқ. Көңiлiмдi үрей билеп, өзiмнен өзiм қорқып тұрмын. Денем дiрiлдеп көзiмнiң алдын тұман басты. Тiзелерiм бүгiлiп бара жатқанын сезген соң екi жаққа кеткен аяқтарымды жинауға шамам келмеген күйi жүрелеп барып, қолдарыммен жер тiредiм. Сол кезде белiмдi көтертпей тұла бойымды жерге тартып тұрған нәрсе бiреу қолмен тартып алғандай екi аяқтың арасымен төмен қарай лықсып кеттi. Артынша баланың iңгалаған даусы келдi құлағыма. Дауыс үстiмдi басқан зiлдi сырып тастап, мүлгiп тұрған менi ұйқыдан сiлкiп оятты. Барлық мұң бiткен шетiнен ыдырап барып, тұңғиықққа сiңiп, жоғалып жатты да, мен рахатқа баттым.
«Дүниеде өмiрге адам әкелгеннен өзге бақыт бар ма екен?» деп сұрадым өзiмнен өзiм. Іңгалаған дауысты естiген сайын жүрегiмнiң лүпiлi жиiлеп, бойым шымырлап, жаңа күш бiтiп, жаныма жан, қаныма қан қосылып жатты. Етегiмде жатқан қызылшақа балаға қарап мейiрiмiмдi төгiп, ұйып отырмын. Сәлден соң оның кiндiгiн кесу керек екенi есiме түстi. Сол кезде көзiмдi үлкейте ашып айналама қарадым. Бала мен өзiмнен өзге тiрi пенденiң жоқ екенi ойыма оралған соң кiндiктi қалай және немен кесерiмдi бiлмей қатты састым.
«Тәуекел!» деп, белiмдегi орамалдың шетiнен жыртып алдым да, баланың кiндiгiн iшiне тақап байладым, содан кейiн қазанның сынығының өткiрлеу жерiмен тұспалдап кестiм де, топырақ сеуiп қойдым. Орамалдың қалған бөлiгiмен баланың өзiн орадым. Ол алдымда жылап жатыр.
Шығысқа қарасам жаңа шығып келе жатқан күн арайлана нұрын сеуiп тұр екен. Отырған жерiмнiң айналасында үй орнындай жердiң шөптерi түгел жұлынып, топырағының бетiнде төрт саусақтың тырнаған iздерi қалыпты. Ендi бұлаққа қарай жылжыдым. Жақындап қалғанда екi аяғымның арасынан тағы бiрдеме шұбатылып жерге түстi. «Тағы да бала ма?» деп қарасам жоқ, баланың жолдасы екен. Суға ұмтылдым.
Жалақ болып тiлiнiп кеткен ерiндерiм икемге келмей бiраз қинады. Су мұздай екен. Мен де тояр емеспiн. Есiмдi жиып бiраз отырдым. Жатқым келiп барады. Амал жоқ отырмын. Сумен бетiмдi жудым. «Мынау быт-шыт болған денем қайнақ су iшсем бiраз ширар ма екен?» деген ой маған қазанның сынығымен шұқып жерошақ қаздырды. Бiр қолыммен баланы бауырыма қысып ұстаған күйi қазанмен су iлiп алып ошақтың үстiне қойдым да, қурай жинап, орамалдың ұшындағы шақпақ тасты шешiп алып, астына от жақтым. Сөйтiп отырғанда су қайнаған кезде жақыннан дабырлаған адам даусы естiлгендей болды. Басымды көтерiп дыбыс шыққан жаққа қарасам, екi атты кiсi келе жатыр екен. Адамдарды көргенде бiр жағынан қуансам, екiншi жағынан «Баламды тартып әкете ме, қалай?» деп, бойымды үрей билей бастады.
Екеудiң бiреуi ақсақалды қарт екен. Екеуiнiң астында да теңкиген қоржындары бар. Киiмдерi де жақсы. Олар жақындаған сайын бiр жағынан өзiмнiң әлем тапырақ үстiме қарап, ұялып та барамын. Тозығы жетiп, күнге күйiп үлбiреген көйлегiмнiң толғақ қысып дөңбекшiп жүргенiмде сау-тамтығы қалмағанын өзiм де жаңа байқадым. Былғанған аяқтарымды жасы үлкен ер адамдардың көзiнен тасалауға да лыпа жоқ. Не iстерiмдi бiлмей сасқанымнан баланы ораған жыртық орамалды қайта шешiп алып кiсiлер келе жатқан жағыма қалқалай ұстадым. Олар жақын келiп, екiншi жағыма өткенде мен де орамалды сол тұсқа жылжытып отырдым.
Үлкен кiсi «қарағым-ау, мына айдалада не iстеп отырған жансың?» деп сұрақ қойып алды да, мән-жайды өзi танып, «қалай жалғыз келдiң бұл жерге?» деп қайта сұрады. Мен барлық жағдайды баяндап бердiм. Байқап отырмын, ол кiсiнiң көзi ендi қазанның сынығында қайнап жатқан бiр шыны қара суға түстi. Қасындағы жастау жiгiтке қоржынын шештiрiп әкелдi де iшiнен уыс-уыс өрiк-мейiз, бұрама нандар мен қант алып бердi де: «қарағым, сен осы жерден кетiп қалмай отыра тұр. Бiз ауылға барып екеуiңе киiм мен ат әкелейiк. Мына қалыптарыңда алып барғанымыз ыңғайсыздау болар» деп кетiп қалды. Мың бiр рахметiмдi айтып, орнымнан қозғала алмаған күйi көз жасыма ие бола алмай, егiлiп мен отырмын.
Үш тәулiк бойы нәр татпай, қара судың өзiн байлық санап отырған мен мына жолаушылардың осыншалықты сыйлап кеткенiне әлi сенер-сенбесiмдi бiлмей, алдымдағы тағамдарды жеуге қорқып, қарап отырмын. Наннан титтей үзiп аузыма салып, тамсанып көрсем, шiркiннiң дәмi-ай! Тiлiңдi үйiредi. Иiсi қандай сүйкiмдi! Мен бұндай нанды өңiм тұрмақ түсiмде көрген емеспiн оған дейiн.
Аппақ ұлпа нанды алақаныма салып отырып, ары-берi саусағыммен сипадым. Сөйтiп отырғанда алақандарымның сау жерi қалмай тiлiнгенiн көрдiм. Тiптi соқамен жыртқандай. «Бұл бағана суға салғанда неге ашымады?» деп ойлаймын. Тәрiзi мен өзiмнiң тiрi жан екенiмдi де сезiнуден қалғанмын ғой. Әртүрлi ойлардың жетегiне ерiп отырғанда күн де батуға жақындады. Алысқа көз тiгiп, кiсiлер кеткен жаққа қарап қоямын. Бiр кезде үш қара көрiндi. Үрей билеген көңiлiм аздап басылайын дедi. Кiсiлер келе жатқан жақтан көз алмай отырмын.
Жетектеулi аты бар екi әйел қасыма келiп, амандаса аттарынан түстi. Мен болсам әке-шешем келгендей қуаныштан не iстерiмдi бiлмей састым. Олардың бiреуi қоржынынан шәугiм шығарып алып су әкелдi де, менiң ошағымның үстiне қойып, астына от жақты. Екiншiсi қоржыннан әйелдiң киiмдерiн шығарып, маған берiп жатып: «Жуынып алған соң киерсiң» дедi. Ол баланы орайтын шүберектердi бiр бөлек қойды. «Осы болып жатқан нәрселер менiң өңiм бе, әлде түсiм бе?» деп, әлi сене алмай, көзiмдi бiр ашып, бiр жұмып қараймын.
Менi киiндiрiп болған соң белiмдi мықтап буындырды да жетекте келген атқа отырғызды. Ал баланы бiреуi ұстады. Екiншiсi менiң атымды жетегiне алды.
Жүрiп келемiз. Жүрiп келемiз. Мен былқ-сылқ етiп денемдi, босаған буындарымды ер үстiнде зорға ұстап отырмын. Қос қолдап ердiң қасына жабыстым да, бүк түстiм. Екi алақан мен он саусақ солқылдап шаншығанда тұп-тура бiз сұғып жатқандай. «Ойпырай, кететiн жан болсаң тезiрек шықшы. Ыыы…»
Қанша уақыттан кейiн қайта тiрiлгенiмдi бiлмеймiн. Өмiрiмде бiрiншi рет көрпенiң үстiнде жатқанымды сездiм. Тақыр тулақтың үстiне киiмшең домалай кетiп үйренген маған ол мамық төсекпен тең болды. Үш күн өтiп есiмдi жиған соң менiң жанымды алып қалған ақсақалды кiсiнiң бәйбiшесi келiп: «қарағым, жиырма бес жылдан берi бiздiң үй сәби даусын естiмеп едi. Баламның келiншегi мынау Зүбайраның да түскенiне жетi жыл болды. Бiрақ әлi пұшпағы қанамай жүр. Сенi өзiмнiң мына келiнiмнен кем көрмеспiн. Балаң осылардың тұңғышы болып есептелсiн. Ақжолтай болсын! Сенiң де көрген азаптарың естен шығатындай қуанышты күйге жеткiн! Ертең елдi жинап, балаға ат қойғалы жатырмыз» дедi.
Мен ризашылығымды көз жасыммен бiлдiрдiм. Ертесiне шiлдехана тойын жасап, азан айтып, балаға Нұрболсын деген есiм берiлдi. Шынында да Нұрболсын ақжолтай болып, келесi жылы Зүбайра ұл туды. Одан кейiн арасы бiр жасардан тағы екi ұл өмiрге келдi.
Нұрболсыным ержете бастаған сайын менiң де қайғы-қасiретiм азая бердi. Нұрболсын кiшкентайынан домбыраға әуес болып, сегiз жасынан бастап жиын-тойда ән айтып, күй шертетiн. әдемi қоңыр даусы да талай жұртты сүйсiндiрiп жүрдi. Елiнiң даңқын шығарар атақты өнер адамы болды әне…

***
Иә, Жамалды өлтiргiсi келмеген құдай ақ пейiлдi жандарға осылай кезiктiрiп едi. Бұл өмiр ақ пен қараның айқасынан тұрады ғой. Сол ақ пен қараның айқасты жарысында тұсалып жүрмесiн деп, сәбидiң тұсауын ақ-қара жiппен кесетiнiмiз осыдан. Дүние сырын терең бiлген халқымыз аталар салған жолды әлi жалғастырып келедi.

Мағрипа Шөжеғұлқызы,
физика-математика
ғылымдарының кандидаты, доцент.

2014 жыл шілде

Tags: , , , ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Ажыраспаудың амалы кiмнiң қолыңда?
Сезімін сынап көр

Автор

Меню