Жадымыз жаңылмасын

Жадымыз жаңылмасын

Кеше ғана бiр құрбым балаларының киiмiн қаланың қай тазалау орнына өткiзгенiн ұмытып қалып, қайсысынан iздерiн бiлмей дал болып отырғанын жеткiзгенi.
Ал, өткенде бiр жiгiт көлiгiн қайда қойғанын ұмытып, күнi бойы iздеп шарқ ұрыпты. Ендi бiрде жұмысқа жиналған көршiм есiгiн құлыптағанымен, кiлтiн сол бойы есiктiң аузында қалдырып кетiптi… Осыған ұқсас жайттар басқалардың да басынан өтiп, опық жеп жүрген жас та, жасамыс та көп. Керектi жайтты есте сақтай алмай, соның кесiрiнен әпендiлiкке салынып, жауапсыз атану кiмге болса да жағымды жайт емес. Бiрақ, ерiксiз жаманатты болып жүрген жандар далада да, қалада да жетiп артылатыны несi? Ұмытшақтық, шынымен де, ауру ма? Ауру болса, одан емделудiң жолы қайсы? Осы бiр сауалдардың жауабын iздестiрiп көрсек, ұмытшақтықты дәрiгерлер жеке-дара ауру деп қарастырмайды екен. Есте сақтау қабiлетiнiң нашарлауы қандай да бiр сырқаттың бiр белгiсi ғана болуы мүмкiн. Мысалы, анемиямен, не басқа да адам ағзасын тоздыратын сырқаттармен ауыр­са немесе оталарды бастан өт­керсе, онда оның есте сақтау қабiлетi де әлсi­рей бермек. Тынымсыз жұмыс iстеу мен ұйқы режимiнiң бұзылуы да миға керi әсер етедi. Оған қоса, қандай да бiр гормоналды өзгерiске ұшырау, күйзелiстi бастан өткеру, жүйке жүйесiне түскен кез-келген салмақ та адамның есте сақтау қабiлетiн нашарлатады. Әсiресе, дәрiгерлер йод жетiспеушiлiгiнен туындайтын қалқанша безiнiң сырқатының бiр белгiсi осы ұмытшақтық деп қарастырады. Бұндай жағдайларда есте сақтау қабiлетiн жақсарту үшiн алдымен ағзаны қалыпқа келтiруге тура келедi. Сондықтан да, жадыңыз жаңылмасын десеңiз, психологтың, невропатолог, эндокринолог дәрiгердiң қабылдауында болып, уақытылы тексеруден өткенiңiз жөн.

Осы орайда бiр ескерте кететiн жайт, есте сақтау қабiлетiнiң нашарлауын склерозбен шатастырып алмағайсыздар. Екеуi екi бөлек нәрсе. Склероз – бұл медициналық диагноз (көне грек тiлiнен аударғанда «қатаю» деген мағынаны бiлдiредi екен), анықтамалықтарда «склероз – адам, жануарлар органдары мен тiндерiнiң дәнекер тiнге айналып қатаюы» делiнген.
Жалпы, дәрiгерлер қауымы адам мимен көп жұмыс iстейтiн болса, сондай-ақ, ағзаның қызмет ету көрсеткiштерi дұ­рыс болса, адамның есте сақтау қабiлетi 70-80 жасқа дейiн дұрыс жұмыс жасайды деп отыр. Сондықтан да болар, ұмытшақтық жасы егде тарта бастаған жандарға тән деп қарастырылады. «Ұмытып қалдым» десе, «қартаяйын дегенсiң бе?» деп қағыту да осыдан қалса керек.
– Адам ағзасы қартайғанда есте сақтау қабiлетi де нашарлайтыны анық. Ал, кiшкентай балаларда бұл қасиет әлi толық жетiлмегендiктен, ақпаратты толық қабылдай алмай жататын кездерi болады, – дейдi психолог Айжан Құдайбергенова. Демек, есте сақтау қабiлетi адамға туғаннан берiлмейдi, басқа ағзалардың өсiп-жетiлуi тәрiздi бiрте-бiрте қалыптасады десек қателеспеймiз. Десе де, 18 жасқа дейiн адамның есте сақтау қабiлетi дамып жетiледi деп үзiлдi-кесiлдi айтуға тағы болмайды, әркiмде әрқалай дамитынын ескеру қажет. Бүгiнгi күнгi адам жадының әлсiз жұмысын психолог былай түсiндiредi:
– Дәл бүгiнгi күнi көпшiлiгiмiз IТ технологияның көмегiне көп жүгiнетiнiмiз соншалық, өзiмiзден гөрi соған көбiрек сенiм артамыз. Керектi ақпараттың сонда бар екенiн бiлемiз де, оны есте сақтауға тырыспаймыз да. Ал, ми қызметiне ақпаратты сақтау туралы белгi берiлмеген соң, ескерусiз қалады. Мысалы, құрбыңыздың туған күнiн жатқа бiлмейсiз, оның қашан екенiн ойлап бас қатырып та жатпайтыныңыз анық. Есесiне кiмнiң туған күнi қашан екенiн еске салып тұратын ғаламтор парақшасы 2-3 күн бұрын дабыл қағып, сiздiң есiңiзге түсiредi. Кездесу, басқа да жоспарларды ұялы телефонның «күн тәртiбiне» жазып қойсаңыз болды, қоңыраулатып, есiңiзге салады. Мiне, осының бәрiн сараласақ, өзiмiз мән бермей қалған жайттың бәрiн есте сақтау қабiлетiнiң нашарлауынан көруге болмайды, – деген психолог сөзiнен соң кемшiлiгiмiздi мойындамасқа амалымыз қалмайды. Рас, өкiнiшке орай, ғаламтордағы виртуальды әлемде өзiн жайлы сезiнетiн жандардың денi оның қызметiн толыққанды пайдалануға тырысады да, есте сақтау қабiлетiн нашарлатып алады. Оған техниканың дамуы жастарды ғана емес, жалпы адамзатты дене қозғалысынан алшақтатып отырғанын тағы қосыңыз. Соның салдарынан ағзадағы зат алмасу үдерiсi де баяулап, оның арты денсаулықтың сыр беруiне соқтыратынын жақсы бiлемiз. Әйтсе де, солай екен деп, адамзат озық технологиядан бас тарта алмайды. Тек есесiне салауатты өмiр салтын ұстанып, олқылықтың орнын толтыру қажет. Бiр мезгiл таза ауада серуендеп жүрудiң өзi адам бойын сергiтiп, ағзаны қалыпты жұмыс iстеуiне оң әсер етедi.
Есте сақтау қабiлетiнен ерте айрылып қалғысы келмегендер, сондай-ақ, темекi шегуден, iшiмдiк iшуден бас тартқандары абзал. Ал, егер кiшкентай құлыншақтарыңыздың өзi бiлген нәрсесiн ұмытып қалып жатса, уақыт оздырмай жекелей психологтың қабылдауында болғаны да артық емес.
Айтпақшы, табиғатынан алаңғасар мiнездi жандар да бар. Олар бар назарын бiр ғана нәрсеге бұрады да, өздерi үшiн ұсақ-түйек көрiнетiн заттарды есте ұстауға тырыспайды. Мысалы, әйгiлi ғалым Эйнштейн бiреумен көшеде сөйлесiп тұра қалса болды, сол екi арада қай бағытқа бара жатқанын ұмытып қалатындығы жайлы әзiлге бергiсiз әңгiмелер өмiрден алынған. Ал, орыс жазу­шысы Корней Чуковский ылғи бәрiн жоғалта берген. Белгiлi химик Дмитрий Менделеев өзiнiң мекен-жайын ұмытып қала берген. Ежелгi Рим дiлмары Цицерон есте сақ­тау­дың қауымдастық әдiсiн қолдан­ған. Айтайын деген сөзiн бiр бөлмеден екiншi бiр бөлмеге жүру арқылы айтар ойын саралап алған да, кейiн сенатта сөз алғанда, ол жүрiп өткен жолын ойша қайталаған екен.
Бұл жайтты психолог Айжан Құдайбергенқызы былай түсiндiредi: – Есте сақтау қабiлетi жайлы сөз еткенде, ерiктi ес деген бар (произвольный внимание). Өзiмiзге керектi ақпаратты ғана миымызға қабылдаймыз да, керексiзiн «керi итеремiз». Компьютердiң жадында шектен тыс артық ақпарат болса, шатысып дұрыс жұмыс iстемей жатады ғой. Сол сияқты, адамның миы да келiп түскен ақпараттарды сұрыптап үлгере алмай қалуы ғажап емес.
Олай болса, санамыздың селкеу тартпай, жадымыз жақсы жұмыс iстеу үшiн де жұмыстанып отыру қажет екенiне көз жеткiземiз.
Апаларымыз баяғыда қолына белгi соғып алып, не орамалының ұшын түйiп алып жүретiн. Көзi түскенде не бiреу оның себебiн сұрағанда әлгi нәрсенi еске түсiрiп жататын. Сол сияқты, ұмытшақтықтың ауылын алыстатудың амалын қарастыра отырғанымыз жөн ғой деп назарларыңызға көкейге қонымды деген кеңестердi ұсынамыз:
«Ұмытып қалармын-ау» деген нәрселердi бiрден қағаз бетiне түсiрiп отырыңыз. Тiптi жақын жерде жатқан кез-келген парақ бетiне негiзгi ойды шимайлай салу да керектi ақпараттың санада сақталып қалу мүмкiндiгiн арттырады.
Күнiне бiр рет 10-15 минут уақытыңызды бөлiп, тәулiк бойы бастан өткерген жайттарды саралап отыруды әдетке айналдырыңыз. Бұл кейбiр ұмытылып кететiн ұсақ-түйектердi жаңғыртып қана қоймай, алынған ақпараттардан түйiн жасауға да көмектеседi.
Есте сақтау қабiлетiн жақсартудың тағы бiр таптырмас амалы – дұрыс тыныс алу. Яки кең тыныс алу арқылы миға қажеттi мөлшерде оттегiнiң жетуiн қамтамасыз ету керек. Ол үшiн дене жаттығуларын жасап, күнiңiздi сергек бастаңыз.
Бiр iстi қолға алсаңыз, басқа нәрсеге алаңдамаңыз. Егер сiздiң алдыңызда компьютер не теледидар тұрса, сол жақтағы нәрселер қызық көрiнiп, мойныңызды ерiксiз бұрғызғанымен қоймай, бастаған iсiңiздiң сәтсiз аяқталуына түрткi болады. Одан да аз уақыт болса да, толыққанды бiр нәрсеге мойын бұрғаныңыз әлдеқайда пайдалы.
Қандай да мәлiметтердi есте сақтау үшiн оны ойша екiншi бiр қарапайым нәрсемен байланыстыра бiлсеңiз болғаны. Мысалы, көлiк нөмiрiн жадыңызда ұстау үшiн ондағы сандарды өз туған күнiңiзбен не ет жақындарыңыздың ұштастырып көрiңiз.
Қажеттi ақпараттарды тарауға бөлiп сақтаған жеңiлiрек. Фактiлер қысқа болған сайын, оны қабылдау да қиын емес.
Бала кезде алфавит пен көбейту кестесiн қалай жаттағаныңыз есiңiзде ме? Бәрiн бiрдей бiр күнде жадыға тоқып үлгермейтiнiмiз анық, сондықтан да, қысқа сөз тiркестерiнен тұратын тоқетер ақпаратты есте сақтасаңыз, қалғаны өзiнен-өзi еске түседi.
Саусақ ұштарын үстел үстiне ұрғылап, бiр мезгiл жаттығу жасаңыз. Бұл ми жұмысын жақсартуға септеседi.
Мүмкiндiк болса, сүйiктi ақыныңыздың өлеңiн жаттап жүрiңiз. Тiптi балаңыздың үйде сабақ қарауына көмектесе отырып, күнiне 1-2 шумақ өлең не мәтiннiң бiр үзiгiн жаттап жүрiңiз.
Есте сақтау қабiлетiнiң жақсы болуы үшiн үнемi ас мәзiрiне ет, балық, жұ­мырт­қа және сүттi тағамдарды қо­сып отырған дұрыс. Сондай-ақ, жылқының етi де есте сақтау қабiлетiн қалпына келуiне пайдалы. Ал қымызда қорек­тiк заттар көп, сонысымен пайда­лы болып келмек.
Жалпы, ұмытшақтыққа бой ал­дырмауға балдыркөк (сель­де­рей), мейiз, бадам, жаңғақ, бұршақ кө­мектеседi екен. Сонымен қатар, дәрiгерлер кейiнгi кезде суды да көбiрек iшкен пайдалы деп отыр.
Бiр қызығы, зейiндiлiктi арттыруда қанттың да алар орны ерекше екен. Десе де, қантты шамадан тыс көп қолдану да зиян екенiн ұмытпау керек. Шоколад та оттегiнiң миға жетуiне септеседi.
Ш. Еркiнқызы.

2014 ЖЫЛ ТАМЫЗ

ФОТО ВРЕМЯ И ДЕНЬГИ САЙТЫНАН АЛЫНДЫ.

Сізге де ұнауы мүмкін

«СЕН КЕЛЕРСІҢ» ТУРАЛЫ
Орда бұзған оғландар

Автор

Меню