– Шетелге барып табыс биiгiне көтерiлген қазақ қыздары жайлы
естiгенде, шiркiн-ай, осындай таланттарымыз неге өз елiмiзде жүрмейдi екен деген ой көкiрекке ұялай кетедi. Францияда қайдан адасып жүрсiз?
– Еш уақытта Францияда тұрам деп ойлаған да, армандаған да емеспiн. «Адам айдаса барма, дәм айдаса қалма» деген. Нәсiбем сол жақтан бұйырса керек.
1990 жылы Петербург медицина институтының педиатрия факультетiн жақсы бiтiргенде iскер ұсыныстар болғанына қарамай елiме қайтып келiп, Алматыдағы ғылым академиясына қызметке тұрдым. Профессор Қабдiрахман Дүйсембиннiң жетекшiлiгiмен кандидаттық диссертациямды қорғадым. Кейiннен бiр халықаралық жобаға қатысудың сәтi түстi. Көп кешiкпей Францияның Ренн қаласынан бiлiмiмдi жетiлдiру жөнiнде ұсыныс келдi. Тапшылық заман, ғылым академиясының қалтама сала қоятын ақшасы жоқ, Әйтеуiр құрыққа сырық жалғап, өз қаражатыммен аттанып кеттiм. Бұл 1999 жылдың қыркүйек айы едi.
– Франциядан бiлiм жетiлдiруге французшаңыз қаншалықты сай едi?
– Бөтен елде тар жол, тайғақ кешуден өттiм. Мектепте, институтта
оқығаным болмаса, французшам жетiк емес болатын. Әсiресе бiрiншi жылы қатты қиналдым. Елден әкелген қаражатым таусылуға айналды. Талабымды бағалап, 6 айдан соң Франция елшiлiгi маған стипендия тағайындады. Кешкiсiн тiл курсында оқыдым. 9 ай дегенде молекулярлық эндокринология тақырыбынан француз тiлiнде алғашқы дипломымды қорғап шықтым. Сосын интернатураға кiрiстiм. Онда да Францияның бiр ғалымынан өзiне интерн бол деген ұсыныс болғасын ғана, сирек кездесетiн мүмкiндiктi жiбермейiн дедiм. Әйтпесе сол тұста елге қайтып кетуiм әбден мүмкiн едi.
– Сiздiң бiр емес, бiрнеше мамандықты игергенiңiз мәлiм. Олардың дипломын да француз тiлiнде қорғадыңыз ба?
– Әрине! Докторлық диссертациямды қорғағаннан кейiн үш жыл контрактiмен дәрiгер болып iстеп, 2011 жылы дәрiгер ретiнде өз бетiммен еңбектену құқын тағы қорғадым. Содан кейiн ғана Франция медицинасының докторы деген атаққа қол жеткiздiм. Франция медицинасында мұндай биiкке көтерiлу қияметтiң қиыны. Сол жолы осындай құқықты иелену мақсатымен шетелден 4000 дәрiгер емтихан тапсырдық. Сынақтан 100 дәрiгер ғана өттiк. Дипломдардың iшiндегi ең үздiгi ретiнде менiң еңбегiм бiрiншi орынға шығып, Францияның заң газетiне жарияланғанда қазағымның мәртебесiн Европа аспанына бiр көтерiп тастағаным үшiн өзiмдi бақытты сезiнгенiм соншалық көкке самғай жөнелуге қанатым болмады.
Европада талмай еңбектенiп, ерiнбей iзденбесең көшке iлесе алмайсың. Ғылыми жұмысты клиникадағы жұмыспен ұштастыра жүрiп алға жылжу екiнiң бiрiнiң қолынан келе беретiн шаруа деп ешкiм айта қоймас. Кiтапханаларға қонып-түней жүрiп ғылым iздедiм. Бiлiм-ғылымы жетiлген елдегi бар жетiстiктi жан-тәнiммен сiмiре жұта бердiм. Сөйтiп жүргенде 33 жасқа табан тiрегенiмдi де бiлмей қалыппын. Тағдыр ғой. Осы арадан теңiмдi жолықтырып, отбасын құрдым.
– Әрине, бiрден Франция азаматтығын алған боларсыз?
– Жоқ, ондай ой үш ұйықтасам түсiме де кiрген емес. Медицинаның озық жетiстiктерiн әбден меңгерiп алған соң елiме қайтам деп жүрдiм. Мәжбүр болмағанда Қазақстан азаматы болып-ақ жүре беретiн едiм. Ғылыми мәселелермен Европаның көптеген елдерiне конференцияларға жиi жол түсе бердi, әлi солай. Әр жолы Қазақстан елшiлiгiнен виза алып отыру өте қиын шаруа. Оның үстiне Ренн қаласы Парижден 400 шақырым қашықтықта жатыр. Амалсыз шешiмiмдi өзгертуге тура келген. Бiрақ жер шарының қай түкпiрiнде жүрсем де ең бiрiншi өз ұлтымның мүддесiне қызмет ететiнiм аспандағы айдай анық. Жүрегiмде қазақ деген жазу барда бiр жапырақ қағаз да сөз болып па! Тамырдағы бүлкiлдеген қанымды, кеудедегi жалындаған жанымды ешкiм өзгерте алмаса керек! Мен бүгiн қазағымның Европадағы көзiмiн!
Рас, Францияда озық бiлiмге қол жеткiздiм, табыс биiгiне көтерiлдiм, нанын жеп суын iшiп отырмын, сондықтан бұл елге деген құрметiм зор. Мұнда дәрiгердi ұлтына, қай елдiң азаматы екенiне қарай емес, қарым-қабiлетiне қарап бағалайды. Талап биiгiнен көрiне бiлген маманды төбесiне көтерiп, алақанына салып қадiрлейдi.
– Геронтология мен терапия саласындағы Францияның озық тәжiрибесiн Қазақстанға енгiзбек болған жобаңыз туралы айтып берсеңiз.
– 2013 жылы Нант қаласында соңғы мамандығым бойынша дипломдық жұмысымды қорғағанда, туған елiм Қазақстандағы медицина саласын дамыту тақырыбын таңдадым. Онкология, оның iшiнде гериатрияны дамыту қажеттiлiгiн тереңiрек зерттедiм. Француз профессурасы бұрын-соңды халықаралық деңгейде көтерiлмеген бұл еңбекке өте жоғары баға бердi. Нәтижесiнде Қазақстанның Франциядағы елшiлiгi арқылы елдегi гериатрия саласын дамыту жөнiнде ұсыныс жасадым. Жұмысты жолға қою, мамандар дайындау жөнiнде арнайы бағдарлама жасап жiбердiм. Қазақстандағы гериатрия ассоциациясының бастығы бағдарламаны қабылдағанмен, бiзге клиникалық бағдарлама емес, өмiрдi ұзартатын зертхана керек деп жауап жазды. Гериатриядан тәжiрибе жинақтай жүрiп, молекулярлық биологияны дамуы мен жаңалықтарын бақылап келе жатқаныма 20 жылдан асты. Клиникалық тәжiрибесiз зертханалық ғылымды дамыту мүмкiн емес. Тек зертханалық ғылыммен адам өмiрiн қалай ұзартуға болатынын түсiнбеймiн. Мысалы мен қазiр клиникалық жұмыстар мен зертханалық жұмыстарды ұштастырудың арқасында қарттар өмiрiн 85-90 жасқа дейiн ұзартуға қол жеткiздiм. Гериатрия сарапшысымын. Француз тiлiнде гериатриялық күтiм жайлы әдiстемелiк кiтап жаздым. Қазақстандық әрiптестерiм пайдаға асырсын деп, қазiр сол әдiстеменi қазақ тiлiне аударып жатырмын.
Қазақстанда гериатрия, әсiресе онкогериатрия саласын дамыту ауадай қажет деп есептеймiн. Ондағы әрiптестерiмнiң бұған мән бермей отырғандығына қынжылам. Неге қазақтың қариялары Француздар секiлдi өмiрiнiң аяғына дейiн сапалы өмiр сүрмеуi керек? Сондықтан орталық ашып, гериатрияны
дамыту керек. Шағын ауруханалардағы терапиялық бөлiмшелерде кем дегенде 5-10 орын болуы тиiс. Қазақстанда клиникалық гериатрлар жоқ. Бiр университеттен гериатрия дәрiгерi мен медбикелер дайындайтын бөлiм ашу қажет. Осы iстi қолға алып, жолға қою үшiн Қазақстанға келер едiм, бiрақ қолдау болмаса, әр есiктi бiр қағып, босқа уақыт жоғалтқым келмейдi. Оданда осы жақта жүрiп екi елдiң арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға үлесiмдi қосайын. Европаның озық тәжiрибелерi жайлы кiтап жазайын. Елдегi мамандарды осы жаққа алып кеп үйретуге ат салысайын.
– Қоғамдық жұмыстармен де айналасып, Алматы мен Ренн қаласын бауырлас қала жасауға ат салысқан екенсiз.
– 1999 жылы Францияға алғаш келгенiмде Алматы мен Ренн қаласының бауырластық орнатқанына 8 жыл болған екен. Бауырластық комитетiн бiр әйел басқарып тұрыпты. 2011 жылы мен сол комитетке вице-президент болып бардым. Көп кешiкпей қаланың бiр көшесi Алматы атымен аталса деген идея енгiздiм. Комитет Ренн мэриiне ұсыныс тастады. Қалада атаусыз көше жоқ болып шықты. Бiрақ француз қолбасшысы, жазушы, мемлекет қайраткерi Шарль де Голль атында бiр үлкен көше және саябақ бар екен. Көше сол кiсiнiң атында қала берсiн, саябақ Алматының атымен аталсын деген шешiм қабылданды.
– Осы саябаққа Абай мүсiнiн қойғызу да, оған қаражат табу да оңай болмаған шығар?
– Бұл ендi таза менiң идеям. Екi ел арасындағы достықты нығайтып, ұлы Абай арқылы қазақ елiнiң мәртебесiн көтерiп, өзiмдi тәрбиелеп өсiрген елiмнiң алдындағы перзенттiк борышымды ақтауды армандадым.
Абайдың мүсiнiн қойғызу саябақ ашудан әлдеқайда қиын болды. 2012 жылы дүниеге келген бұл идея 2016 жылы ғана жүзеге асты. Францияда осы елге еңбегi сiңген адамдарға ғана ескерткiш қойылады. Ал, Абайды француздар бiлмейтiн. Сондықтан халық бұл шешiмге қарсы шығуы мүмкiн едi. Демократиялық елде ескерткiш түгiлi көше атауының өзi халықпен ақылдасып, солардың келiсiмiмен берiледi. Халық қала мэрiне емес, мэр халыққа бағынады. Ескерткiш орнатылатын аудан әкiмшiлiгiндегi заң бөлiмiнiң келiсiмi болуы шарт. Финанстық нюанстар өз алдына. Ескерткiштi сақтандыру мiндет. Бiрақ ол басқа ел есебiнен қаржыландырылса, оны сақтандыру үшiн жасаған ел Францияға сыйға тартуы керек. Заң солай. Әйтпесе ескерткiштi қорғау шығындарын Франция өз мойнына ала алмайды.
Алдымен бiрнеше жолы конференция, көрме ұйымдастырып, жергiлiктi халықты Абайдың еңбектерiмен таныстырып, оның бүкiл адамзат баласына еңбек сiңiрген тұлға екенiн түсiндiру керек болды. Абайдың қара сөздерiн француз тiлiне аударып, халыққа оқып бердiм. Қысқасы, 4 жыл бойына жар құлағым жастыққа тимей жүрiп тер төгуге тура келдi. Бюстi Алматы әкiмшiлiгi жасатып әкелдi. Ескерткiш тұғырын Ренн қаласының мэрi бауырластыққа тарту ретiнде өте қымбат ақ граниттен (100 000 евро) жасатты. Бұл шара Қазақстан тәуелсiздiгi мен екi қала бауырластығының 25 жылдығына арналды.
Алыстағы туған жердiң бiр бөлшегiн Францияға әкелiп орнатқандай сезiм билеген бұл күн мен үшiн арманымның жүзеге асқан күнi болды. Елiмдi аңсағанда Абай ата ескерткiшiне барып мауқымды басам.
– Францияда тұрып жатқаныңызға 20 жылға таяп қалыпты. Француз
халқы жайлы пiкiр қалыптастыруға, салт-дәстүрлерiн, мiнез-құлқын танып-бiлуге жеткiлiктi уақыт. Француздар Қазақстан жайлы не бiледi?
– Елiмiздiң сыртқы саясатының арқасында Француздар Қазақстанды бiраз танып-бiлiп жатқаны рас.
Бұлар гуманист, бiлiмдi, еңбекқор, iзденiмпаз, бақытты халық. Өте дамыған ел. Бәсекелес ортада өмiр сүруде. Дүние жүзiнiң интелектуал шоғыры жиналған. Бiлiмi төмен адам жоғары дәрежеге қол жеткiзе алмайды. Француздар үшiн отбасы – аса қасиеттi ұғым. Жанұяның қадiрiн бiледi. Ең алдымен жанұя, одан кейiн жұмыс дейдi. Ертелi-кеш, демалыс, мереке күндерi бiрге тамақтану салтын берiк ұстанады. Ата-ананы қатты құрметтейдi. Европада әке-шешесiне қарамайды, қарттар үйiне апарып тастайды деген жаңсақ пiкiр. Балалары жұмыстан қолы босамайтын немесе ұрпақсыз қалған ата-аналардың қарттар үйiн паналайтыны рас. Мысалы жұмыстағы жастардың ауру әке-шешесiне дұрыс күтiм жасауға мүмкiндiктерi жоқ. Ал, қарттар үйiнде денсаулығын қадағалап, емдейдi, мәпелеп күтедi, көңiлдi шаралар өткiзiп, табиғатқа серуендетедi, музейлер мен театрларға апарады. Балалары жұмыстан шыққан соң әке-шешелерiне келiп, халiн бiлiп тұрады.
Мұнда ерлi-зайыптылардың бiр-бiрiне адал болмауы өте сирек кездеседi.
– Францияның медицинасы жайлы не айта аласыз?
– Францияда алуға болатын бiлiмнiң барлық сатысынан өттiм. Бұл
мәселенiң қыр-сырын жақсы бiлем. Дәрiгер мамандығын қалай алатынын айтайын. Алдымен 6 жыл жалпы медицинаны оқиды. Оқу орнын бiтiрердегi мемлекеттiк емтихан құпия тәсiлмен өтедi. Нөмiрмен белгiленген жауапты басқа оқу орнының мұғалiмдерi тексередi. Осыдан өткеннен кейiн барып олар негiзгi мамандық таңдауға көшедi. Бағалары жақсылары күрделi мамандықты, нашарлары жеңiл мамандықты таңдайды.Сосын таңдаған мамандығына орай 4-5 жыл интернатурада тағы оқиды. Соңғы 3 жылында докторлық жұмысын қорғайды. Докторлығын қорғап болған соң медициналық бақылаудың ең жоғарғы инстанциясы – Франция дәрiгерлерiнiң Жоғарғы Кеңесiне келедi. Мен 2015 жылдан берi өз аймағым бойынша осындай Кеңестiң мүшесiмiн. Кеңестiң алдында Гиппократ антын қабылдайды. Одан кейiн бiз осы антта жазылған әр сөздi нақтырақ талдаған кiтапшаны қолдарына ұстатамыз. Мiне, осы кiтапшамен танысқаннан кейiн ғана олар жеке-дара дәрiгер ретiнде сырқаттарды емдеу құқына ие болып, Кеңестiң арнайы тiзiмiне енгiзiледi. Францияда осы Кеңес тiзiмiне iлiнбеген маманның адам емдеуге құқы жоқ. Тiзiмге iлiнiп, мансап жолына түскеннен кейiнгi дәрiгердiң деонтологиялық әрекеттерiн де осы Кеңес бақылайды. Медицина мамандарына кеңес беру, медиация жасау, компромис табуға көмектесу де Кеңестiң мiндетiне жатады. Дәрiгерлiк қателiк орын алған жерде Кеңес дұрыс шешiм шығаруға жауапты. Дәрiгерлер қателiк жасамақ
түгiл сырқаттардың көңiлiне тиетiн сөз айтып қойса, сол мезетте ол хабар бiзге жетедi.Сондықтан дәрiгерлер этика мен деонтологияны сақтауға бар жан-тәнiмен тырысады. Егер қателiк әдейi немесе лсалдарынан туындаған болса, ол бiрнеше рет қайталанса, онда оны дәрiгерлiк Кеңес бақылауының тiзiмiнен шығарып, бұл жай денсаулық сақтау министрлiгiне хабарланады. Мұндайда ол дәрiгерлiк құқынан айырылып, ары қарай өз мамандығымен жұмыс iстей алмайды. Бiрақ мұндай жағдайлар өте аз, жоқтың қасы.
Кеңес мүшелiгiне жасырын сайлау арқылы өтедi. Мен Кеңес мүшелiгiне екi рет: алғаш 2015 жылы, содан кейiн 2018 жылы сайландым.
– Отбасыңыз, туған жерiңiз жайлы айта кетсеңiз.
– Алматы облысының Шелек ауылында туып-өстiм. Сол ауылдағы Абай атындағы мектептi өте жақсы бiтiрдiм. Ата-анам жоғары бiлiмдi адамдар. Әкем – инженер, анам – тарих пәнiнiң мұғалiмi. Отбасында 4 бала болдық. Кiшкентай кезiмiзде нағашы апамның тәрбиесiнде болғандықтан, ол кiсiнi анамдай жақсы көрдiм. 11 жастағы бүлдiршiн кезiмде нағашы апамның қатты ауырғаны бар. Сол сәттен бастап мұғалiм болам деген арманымды кейiн ысырып, дәрiгер болам деп шештiм.
Кәмилә мен Етиен есiмдi екi балапаным бар. Екеуi де оқушы. Қызым биыл ағылшын тiлiне бейiмделген арнайы мектептiң 11–сыныбын бiтiрдi. Кiшi ұлым 4-класқа көштi. Жұбайымның есiмi – Жан-Ив.
– Маңызды сұқбатыңыз үшiн рақмет!
Сұқбаттасқан ардагер журналист
Гүлмәрия Барманбекова.
2018 жыл