ҚР Президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссия мүшесі, Республикалық адвокаттар коллегиясының ғылыми-консультативті кеңесінің мүшесі, Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, танымал заңгер Айман Омарова:
«Зорлық-зомбылық ашық айтылса, қылмыс азаяды»
— Айман ханым, айтыңызшы, Қазақстан зайырлы қоғам болғанына қарамастан бүгiнгi күнi адамдарға зорлық-зомбылық көрсету iсi бойынша қылмыстар азаяр емес. Неге? Заңгер ретiнде пiкiрiңiздi бiлсек.
— Бiрiншiден, қоғамдық экономикалық, шешiлмеген мәселелер тілге оралады. Мәселен, жұмыссыздық, отбасындағы тәрбие, тұрмыстың төмен деңгейі, айта берсек көп қой.
Қоғамның селқостығы, азаматтар оқудың, бiлiм алудың орнына (қаражаты болмаған соң) жеңiл табыстың амалын iздестiре бастайды. Қоғам түзелмей, адамдардың жеңiл табысқа деген көзқарасы түзелмей қылмыстың азаятындығына кепiл бере алмаймын.
— Сiз көбiне-көп зорланған қыз-келiншектер мен балалардың құқығын қорғайсыз. Ойланып көрiңiзшi, осы уақытқа дейiн қолға алған iстерiңiздiң неше пайызы әйел мен балаға қатысты болды?
— Дұрыс байқапсыздар, иә менiң қорғауымдағы жәбiрленушiлердiң 90 пайызынан астамы әйелдер мен балалар. Ана мен бала қашанда қорғансыз, ал осыларды жәбiрлеушiлердiң яғни күдiктiлердiң тоқсан пайызы өкiнiшке орай ер-азаматтар.
— Жәбiрленушiлер қорғаушы ретiнде неге сiздi таңдайды деп ойлайсыз? Ал, сiз қорғаушы ретiнде алдыңызға келгеннiң бәрiнiң меселiн қайтармауға тырысасыз ба?
— Бiлмеймiн, қаншама халық Қазақстанның түкпір түкпірінен хабарласады, меселiн қайтармауға тырыссам да кейде барлық сұраныстарға жауап бере алмаймын. Кейбiр адамдар болады, iсi өте ауыр емес, немесе басқа адвокаты бар, сол уақытта бұл «iстi алмаймын ондай iстермен айналыспаймын», десем де күндыз- түнi мазалай бередi. Менiң қынжылатыным, әр адам тек қана өзiнiң қамын ойлап, маңыздi iс болмаса да, уақытымды алып, жылап-сықтап, сенбi жексенбi күндерi де телефон шалып, тегiн қеңес сұрап мазамды алады. Мен ол кезде мысалы келелi iстердi зерттеумен айналысып жатқан болуым мүмкiн. Наразылықтарын да маған айтып, мәселелердiң маған қатысы жоқ болса да менен соның шешiмiн тiлейдi, прокурор немесе сот шешiмдерi жақпаса да маған шағымданады. Әрине мен қарапайым заңгер ғанамын, олардың шешiмiн өзгерте алмаймын. Көбiне халықтың бетiн қақпай кеңесiмдi айтамын.
— Жiбек Мусинаның анасы «ютуб» әлеуметтік желісі арқылы зарын айтқаннан кейін бұрындары жабулы қалатын қылмыстық істердің көпшілігі жария бола бастады. Жiбекке қорғаушы болу,а өзіңіз үмтылдыңыз ба?
— Жоқ олар қайта-қайта келiп көмек сұрады. Ұмытпасам сегiз рет келген шығар. Әр түрлi коғам қайраткерлерiн араға салып қойды. Дәл осы iстi алғым келмеген едi. Сегiзiншi рет Дина Смаилова келдi көмек сұрап, соңғысында жарайды деп келiсiм бердiм. Жiбектiң iсi өте қиын болды. Жiбек өзiнiң зорланғанын елге ашық айтқан қазақтың бiрiншi қызы, оған оның туған туыстарына, тiптi қорғаушысы, маған да қысым көрсеткендер болды. Мен жұмыс барысында қанша қысым көрсем де, қорғауымдағы немесе құқық қорғаушы өкiлдерiне шағымданбауға тырысамын. Өйткені оның барлығын айтсам, адамдар қиналып сенбеушiлiк бiлдiредi.
— Осы орайда сiзден мына сұраққа жауап алсам деп едiм. Зорланған қыздар егер арада 4-5 жыл өтiп кеткеннен кейiн арызданса, әдiлдiкке жетуi мүмкін бе?
— Рас, өте қиын жағдай, неге десеңiз сот сараптамаларын оқиға болғаннан кейiн жедел жасау керек, дәлелдердi жинау керек. Iзiн суытқан iстiң дәлелi болмаса ашылуы өте қиын.
— «Үндемей қалма. Кз» («Немолчи.кз») қозғалысының ықпалымен, қазiрде бiрталай қыздарымыз аты-жөнiн ашық айтып зорлық көргенiн жарыса жазуда, алайда, бұл «ашықтық» кей қыздың тағдырына керi әсер етедi деп ойламайсыз ба? Бұл туралы не айтасыз?
— Иә, сондай болжамдар бар. Бiрақ, байғанымыз ашық айтпаған қыздардың күйзелiстерi жылдар бойы сақталады, жағдайын ашық айтып, аз да болса жеңiлдеп, өмiрге деген қызығушылығы қайтып оралады, сонымен қатар қоғамның санасын оятады. Қоғамның зорлық зомбылыққа көзқарасы өзгередi, өз кезегiнде бұндай өзгертулер осындай жағдайлардың санын азайуына септiгiн тигiзедi деп ойлаймын.
Көбiне зорлықшыл ер азаматтар қыздардың ашық айтпайтынын бiлiп, зорлық-зомбылыққа барады.
Тағы айтатын бір жағдай, ол жалған ұят деген ұғымға тіреледі. Зорлық көргендердің ата-аналарының көпшiлiгi «ұят болады, от басына туған туысына кiр келтiредi» деп жабулы қазанды жабық болсын дейдi.
— Адамдар көбiне жақынынан (!) зорлық көргенi туралы ашық айта алмайды. Мысалы: туған әкесi немесе өгей әкесi, шешесi немесе өгей шешесi, жездесi немесе жиен ағасы дегендей, т.б. өзге туыстары күш көрсетсе, жасырып-жабуға тырысатын жаман әдет бар. Арнайы статистика жүргiзiлмесе де, кейiнгi кезде осындай қылмыстардың көбейгенiне куә болып жүрмiз. Осындай жағдайдың алдын алу үшiн не iстеу қажет деп ойлайсыз?
— Мен статистикаға сенбеймiн. Неге десеңiз көп қыз-келiншектер зорланса да, шағымданбайды.Бiреулерi қорықса, басқалары жалған ұятты бетке тартып отырады. Бұл жағдайдың жаман жерi, зорлық-зомбылық жасаған азаматтар осы әркетiн қайталап басқа адамдардың зардап шегуiне әкеледi. Бiр оқиға есiме түсiп отыр, қиналып зәбiр көрген әйелге кеңес берiп, туысын жауапқа тартуды ұсындым. Ол менi тыңдамай, туысын кешiрдi. Бiраз уақыт өткен соң, туысы әлгi әйелдi қайта ұрып-cоғып төсектен тұрмайтын жағдайға алып келдi. Ендi кәмелетке толмаған үш баласының барар жерi жоқ… Қандай қорлық болмасын ашық айту керек, заңмен өз құқығын бiлу керек. Егер қылмыскерлер кезiнде жазасын алып отырса бұл қылмыстар азаяр едi.
— Қоғамда нелiктен балақұмарлар (педофилдер) көбейiп бара жатыр, заңның әлсiздiгi ме? Не себеп? Және бұл iстер неге ұзаққа созылады?
— Балаларды кәмелетке толмаған жеткiншектердi, зорлап сотталғаның бәрi негiзiнде балақұмар деп айтуға болмайды. Балақұмар дегенiмiз ол медициналық категория яғни аурудың бiр түрi деп санаймын. Ол мәселенi зерттеу керек. Кәмелетке толмағандарды зорлағандардың арасында балақұмар (педофилдер) көп емес, балаларды зорлағанға себеп болатын қоғамдағы өсiп келе жатқан қатiгездiк, iшiмдiк, нашақорлыққа салыну т.б.. Нақты себеп қатыгездiк өзiнен әлсiздердi басыну ойына бiткен азаматтардың сондай қылмысқа баратыны рас. Ол iстер неге созылады дегенге келсек бала зорлау өте ауыр iстер деп саналады, мұқият тексеру керек. Сот сараптамалары бiрнеше рет жүргiзiледi. Сондықтан созылады.
— Өте шулы істің бірі жасөспірім Өркен Азаматұлының iсi болды ғой. бойынша соттан көрiп қалдық. Кейбiр БАҚ жарыса жазып жатқанындай, бас қылмыскер сотқа ақыл-есiнiң дұрыс еместiгiн дәлелдеп, жазадан құтылып кетуге жанталаса тырысты емес пе?
— Ол қылмыскер Ш.Ақбердиева да біздің қоғамнан шыққан адам-ды. Сондықтан, бұл да біздің қоғамның бір көрінісі деп қарауға мәжбүрлейді. Бiрақ бұл жерде ұлт болып көтеретiн тағы бiр мәселе туындайды. Ол өзінің туған балаларын қылмысқа араластырды. Неге? Ендеше, ана деген сөздің қадірі қалмай бара жатыр ма деп он ойланып, жүз толғануға тура келеді. Мұндай істер өте ауыр істер деп саналады. Сол үшін де мұқият тексеру жүргізу керек. Тексеру барысында бірнеше түрлі сот сараптамалары жүргізіледі. Бұл мысалда қашаннан баласын қорғап, «оның табанына кірген тікен менің маңдайым қадалсын» дейтін тұлға енді өзі туған балаларын адам өлтіруге жалдап, онда да өзі кішкентай күнінен білетін бұрынғы күйеуінің баласын өлтіртуі — естіген кісі шошитын қылмыс, әрине. Сондықтан, тиісті жазасын алды.
— Айтқандай, сіз осындай аты шулы iстерді жеңiп шығып жүрсiз. Бұл сiздiң бiлiмiңiз бен бiлiктiлiгiңiздiң арқасы деуге толық қақымыз бар. Бiр iстi қолға аларда әдiлдiк орнатарыңызға әрдайым сенесiз бе? Әлде күмән бола ма?
— Мен iс алған кезде, өзiмнiң мiндетiмдi ғана атқарамын. Ол iстердiң нәтижесiн алдын-ала болжай алмаймын ғой. Қазақта мақал бар емес пе «сен жұмысты сүйсең, жұмыс саған бас иедi» деген. Осы сөз менiң өмiрлiк ұстанымым.
— Қаншама қыздың көз жасын құрғатып, қанша жанға үмiт сыйлаған, жауыздарды жазасыз қалдырмайтын батыр қызымыз жайлы толығырақ бiлгiмiз келедi. Заңгерлiк бiлiмдi өз елiмiзде алдыңыз ба?
— Рахмет, батыр дегенiңызге, қорқа қорқа батыр болдық қой (күлдi). Бiлiмге келер болсақ үш жоғарғы бiлiмiм бар. Орыс, казақ, ағылшын тiлдерiн еркiн, тағы басқа тiлдерде аздап сойлеймiн. Менiң өмiрдегi ұстанымым — адалдық, әдiлеттiк. Бiрақ өзiмнiң жұмысымда көзбояушылық, қызғаныш, әдiлетсiздiктi жиi көремiн. Мен терроризм және экстремизмге қарсы күрескен шет ел әйелдерiмен, әсiресе араб тiлдi елдерiнен (Кувейт, Палестина т.б.), кездескенде, олар менiң есiмiмдi «неге сіздің ата анаңыз ер азаматтың есiмiн қойған?» деп сұрақ қойды. Олар Айман деген есiмнiң шығыс елiндегi мағынасын былай деп түсiндiрген едi, «оң қолымен, бата алған», екiншi мағынасы «құдайға жан-тәнiмен берiлген».
— Бiз көрген сайын қашанда қоғамдық жұмыстар мен соттың ортасында жүресiз. Жеке өмiрiңiзге уақыт қала ма? Күн тәртiбiн жасап, сонымен ғана жүресiз бе?
— Күн тәртiбiн жасап, сонымен жүрiп отырамын, әрине. Менiң кiшкентай балаларым үйден шықпай жатып: «Анашым, қашан жұмыстан қайтасын?» деп сұрайды.
— Сол балаларыңыздың қызығын көруге Алла нәсіп етсін!
А. Әбiлхайқызы.
2017 жыл