Жыл сайын 9 ақпанда Ержан ағам қоңырау соғып, Мұқағалидың туған күнiмен құттықтайды. Маған ғана емес, туған-туысқа жағалай хабарласып, ақын өлеңдерiн жатқа оқиды. Және сол күнi ет астыртып, Мұқағалидың туған күнiн үйiнде атап өтедi. Бастапқыда ағамыздың бұл қылығы ерсi көрiнiп, күлiп жүрдiк. Бара-бара қоңырауын күтiп отыратын болдық. Бiраздан кейiн Мұқағалидың туған күнiмен өзiмiз оны құттықтауға айналдық. Сөйтiп, ағамыз өз туған күнiн атап өтудi қойып, есесiне, Мұқағалидың мерейiн асқақтатумен жүр.
Туған күн демекшi, 1 маусым – елжанды азамат Нұртай Сабильяновтың туған күнi. Нұртай Салихұлы өз туған күнiн балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерiмен кездесуге арнап, әрдайым жетiм балаларға тарту жасайтын көрiнедi. Туған күндi атап өтудiң өнегелi үлгiсiнiң бiрi осы болса керек.
Әсiлi, туған күн – кез келген адамның өмiрiндегi қуанышты күн. Әсiресе, балалар үшiн оның орны бөлек. Бұл күнi балдырғандар ата-аналарынан сый-сияпат алады, тәттi-дәмдi тағамдар жеп, мәз-мейрам болады. Және баланың туған күнiн кiм тойласа да, қалай тойласа да жарасып тұрады. Баланың қызығына бала ортақтасып, қызық кешi балаларға да лайықталып ұйымдастырылса, нұр үстiне нұр.
Ересектер жағы әдетте мерейтойларын атап өтуге бейiм. Әсiресе, 50, 60, 70 жас тойлары жиi тойланады. Несi бар, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, елiне еңбегi сiңген тұлғаның замандастарымен арқа-жарқа болғаны – ол да көңiлге қонымды!
Десе де, жылына бiр айналып келетiн туған күн жайында терең ойланып, «Осы бiр жыл iшiнде мен не шаруа атқардым? Өзгеге тигiзген пайдам қаншалықты?» деп ойланып көрдiк пе? Әгараки бiреуден сыйлық ала қалсақ, «Осыған қандай еңбек сiңiрдiм екен?» деген сұрақ туа ма?
Байқасақ, жұмыссыз адам болсын, iшкiш адам болсын, жағдайының бар-жоғына қарамастан, «Бүгiн менiң туған күнiм емес пе!» деп, ортаға бiр «жартысын» алып, кәдiмгiдей тойлап отырады. Құттықтауды ескермей кетсең, «құттықтауға да жарамады» деп ренiш етедi. Өмiрде ештеңе тындырмаған, жан баласына көрсетер титтей үлгiсi жоқ мұндай адамдар «Шошқаға да бiр күн мейрам» деген мәнi таяз мақалсымаққа иек артатынын қайтерсiң.
Менiңше, ересек адамдар үшiн туған күн тiрлiкте тындырған iстерiңе есеп беру маусымы болуы тиiс. «Адам боп келдiм өмiрге, адам боп кету – тiлегiм» деп Жәнiбек Кәрменов айтпақшы, әр туған күн сайын адамдық өлшемiне лайықты қадамдарымызды бағамдай бiлсек, оның өзiмiзге тигiзер тәлiмi шексiз болмақ.
Ж.ҚАДЫРОВА
2017 жыл