Елiмiзде егiздер мен үшемдердi өмiрге әкелiп жатқан аналар, шүкiр жетерлiк. Ал, төртемдi өмiрге әкелу – сирек кездеседi, мұны нағыз ерлiк деп бағалауға болады. Кей деректерде, әлемдегi әрбiр жүктi 700 мың әйелдiң бiрi ғана төртемдi дүниеге әкеледi екен. Әлем бойынша алғаш шыны түтiкшеде пайда болған төртем Австралияда 1984 жылы дүниеге келiптi. Төртеуi де ер балалар екен. Кейде төрт баланың бiр мезетте дүниеге келуi барлық отбасына бiрдей қуаныш сыйлай бермейтiнi өкiнiштi. Уақытынан ерте туылатыны бар, бiреуi, кейде екеуi көп ұзамай шетiнеп кететiнiн дәрiгерлер растайды. Өйткенi көп жағдайда балалар әлсiз болып өмiрге келедi.
Соңғы жылдардағы мәлiметтерге көз жүгiртсек, 2014 жылы Оңтүстiкте, 2015 жылы Алматыда, 2016 жылы Астанада, биыл көктемде Қарағандыда төртемдер өмiрге келiптi. Ырымшыл халық емеспiз бе, балалардың ата-аналары көз бен сөз тиюден қорқып, көптiң көзiнен тасада өсiрiп, сүйiншi сұрай бермейтiнi бар.
Солардың бiрi астаналық төртемнiң ата-анасы Асхат пен Салтанат Спановтардың шаңырағына көптен күткен сәбилер 2016 жылы келген едi. Ол уақытта БАҚ құралдары қуанышты хабарды iлiп әкетiп, жариялап жатты.
Ендi, мiне, ата-аналары олардың суреттерiн көрсетiп, буыны қатып, есейiп қалғанда ел алдына шығара бастады. Әлихан, Әрсен, Диара, Адель есiмдi бүлдiршiндер желтоқсанның 2-сiнде 2 жасқа толады.
Бiрден көпбалалы ана атанып үлгерген Салтанат балаларының мiнездерi мен қылықтары жайлы ашыла әңгiмелейдi. Бүлдiршiндер өз жасына сай дамып, өсiп келе жатыр екен. Төртеуi төрт түрлi мiнез-құлық көрсетiп, үй iшiн шуға толтырып, қуаныш сыйлап жүредi. Сәбилердiң күтiмiне күтушi мен әжесi, туған-туысқандары келiп көмектесiп тұрады.
Пәтер жалдап тұратын төртемнiң ата-анасы өткен жылы уақытша тұрып жатқан үйiн ауыстыруға тура келгенiн айтады. Өйткенi, далаға шығар уақытта балалардың арбасы жеделсатыға сыймай, көп қиналыпты. Олар ең бастысы балаларымыз ауырмаса екен деп тiлейдi. Ал, өзге дүниелiк құндылықтар бiрте-бiрте бола жатар деп, осы күндерiне ризашылық бiлдiредi.
2018 жыл