ТОЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНСАМ

Қазiр не көп – той көп. «Қазақтың тойы бiтпесiн!» деп мәз боламыз. Осы тойға қатысты пiкiр де әр алуан. Той тойлатуға кiм қарсы болсын дерсiз. Тек қарызданып қалмасаңыз болды да. Менiң айтпағым: осы тойларға баланы ертiп бару жайы. Бұл да қазiр көптiң талқысында жүр. Бiреулер «баланы тастайтын жер жоқ, ендi қайтемiз?» десе, кейбiреулер баланы қонаққа ертiп баруға үзiлдi-кесiлдi қарсы. Тiптi кейбiр той иелерi шақыру қағазының сыртына «баласыз, сөмкесiз» деп ескерту жазатын болған. Басында оғаштау естiлгенмен, бұның да жөнi бар-ау деп қаламыз. Жақсылар мен жайсаңдар жиналған ортаға ащы су араласқан соң әртүрлi жайт орын алуы мүмкiн. Масаң күйге түскен ересектер жағы бала отыр-ау деп ұяла қоймасы анық. Оның үстiне, қонаққа баланы ертiп барған ерлi-зайыптылардың да тойда демалып қайтудың орнына балаға алаңдап тыныш отыра алмасы анық. Және бiр айта кетерлiгi, жүгiрiп ойнап жүрген балақайлардың бiрi болмаса бiрi микрофонның сымына шалынып жығылып немесе бишiлердiң ортасында тапталып қалу қаупi тағы бар. Сол себептi де, ырду-дырдуы көп үлкен тойларға бала ертiп барудың қажетi шамалы дер едiм. Ал, үйдегi қонақтыққа ертiп барудың жөнi басқа.
Үлкен тойлардағы тағы бiр байқап жүрген жағдай: осы балалардың өнерге таласы бар-жоғына қарамастан ән айтқызып, би билетiп қоюы. Әрине, талаптанған баланың меселiн қайтармау үшiн қолына ақша ұстатып жатамыз. Осыны бiлiп алған ата-аналар да балаларын жұрт алдына шығаруға әуес боп бара жатқандай. Десе де, дәл осы жерде баланың мiнез-құлқына сай келмейтiн ән айтқызып, бұралаңдап билетiп қою жарасымсыз екенiн айтқым келiп отыр. Мүмкiн ата-ананың өзiне бiлiнбес. Бiрақ, балдырған қызды көптiң алдына шығарарда әр ана ойлануы тиiс. Оның қандай көйлекпен шығатыны, қандай ән айтып тұрып, қанадй қимыл жасайтыны, бәрi-бәрiн сын көзден өткiзуi керек. Тiл-көз бар деп қорықпай, ел тезiне салған ата-аналар баласын кәмелеттiк жасқа жетпей жұмысқа жегiп жатқанын түсiне ме екен? Бұл бiр деңiз. Екiншiден, ересек әншiлердiң қылығын қайталап қылықты қыз атанғысы келген қыз баланың ертеңгi тағдыры не болады? Балақұмарлардың (педофилдердiң) көзiне түспесiн деңiз. Ең қорқыныштысы да сол. Сол себептi де, той-жиында балаңыз, әсiресе қыз бала ортаға шығып өнер көрсетер болса, он ойланып, мың толғанып алыңыз. Тәп-тәттi бала қылығын жоғалтып, оның орнына үлкендердiң бұратылған биiн салып, сүп-сүйкiмдi ажарын опа-далаппен бояп сәндеудiң түкке де қажетi жоқ. Керiсiнше, балаға лайық ән салдырып, табиғи түрiмен, iс-қимылымен-ақ көптiң көңiлiнен шыққаны әлдеқайда ұтымды.

Сізге де ұнауы мүмкін

«Ақ босағаның» анкетасы: айтыскер ақын МҰХТАР НИЯЗОВ
«Ұл тусам ба, қыз тусам ба?..»

Автор

Меню