«Басқа пәле – тiлден» деген қазақ. Жалпы, қазақтың бiр ауыз сөзiнiң мән-мағынасын түсiну қазiр қиын болып бара жатқан тәрiздi. Айталық, осы мақалдың түп-төркiнiн батыс ғалымдары мысал келтiре отырып, жiлiктеп шағып берсе, «ойбай, дұрыс айтыпты», – дейтiн болғанбыз. Бүгiн мен де абысындарыма атақты француз сексологы Ги Форженiң айтқандарын алға тартып, ақылыммен бөлiссем деймiн. Сексолог маман «отбасының шырқы – көбiне-көп әйелдiң тiлiнен» екенiн ескертiптi.
Кейбiр әйелдер төсек қатынасындағы олқылықтарды сөз етуден қашпай, күйеуiне оның кемшiлiктерiн тiзiп бередi. Басқаның байларымен ешқашан салыстыра көрмеңiз. «Бәленбайдың күйеуi күнде гүл сыйлайды», «Керемет iш киiм әперiптi», – дегендей басқа келiншектерден жинаған керексiз ақпараттармен бөлiсе отырып, өз күйеуiңiздiң шамына қалай тигенiңiздi сезбей қаласыз. Одан да оның басқа қырларымен мақтана бiлiңiз.
Күйеуiңiздiң көлiк жүргiзуiне еш шағым түсiрмеңiз. Иә, рас, көлiкті әйелдер де жақсы басқарады. Бiрақ, темiр тұлпар – қазiр де ер-азаматтардың қанаты iспеттес. Сын айтамын деп, қанатын қайырып алып жүрмеңiз.
Күйеуiңiздiң шешесi – енеңiздi ұлықтаңыз. Еркектердiң денi анасын сыйлайды. Сондықтан, шешесi туралы жаман сөз айтушы болмаңыз. Тiптi, ол өзi анасын жақтырмай тұрған кезде де. Анасына деген ашуы тез тарқауы мүмкiн. Ал, сiзге деген жеккөрiнiш сезiмi тұтануы ғажап емес. Енеңiз дұрыс iстемей тұрса да, сөзге келмеңiз. Бұл «соғыста» сiз жеңiлiп қана қоймайсыз, керiсiнше, анасы мен баласының арасындағы қарым-қатынасты жандандыра түсесiз. Екi оттың ортасында жүгiрiп жүруден шаршаған кезде ол туғанын таңдары анық.
Шүберек, шұлықтармен мазасын алмаңыз. Яки, ұсақ-түйек жасаған саудаңыз жайлы да әркез хабардар етiп отырудың қажетi шамалы. Көп еркектер сiз таққан қымбат брендтi орамалдың қанша тұратынын, бетiңiзге жағатын опа-далапты қаншаға алғаныңызды қызықтымайды да. Ал, егер мойынорағышты пәленбай мыңға сатып алғаныңызды айтсаңыз, «бiр жапырақ шүберектi осыншаға алып, сенi жын ұрған ба?» деп көзi шарасынан шығып, ренжуi мүмкiн. Сондықтан, үндемеңiз. Бәрiбiр ер-азамат әйелiнiң әдемi болып жүргенiн қалайды ғой.
Орынды әзiл айта бiлiңiз. Күйеуiңiздiң жеке басына қатысты кейбiр кемшiн тұстары мен сәтсiздiгiн әзiлге қосудан аулақ болғаныңыз жөн. Әсiресе, көпшiлiктiң көзiнше ол жайында сөз етудiң доғарыңыз. Еркектер өздерiнiң олқылықтары жайлы басқалардың бiлгенiн қаламайды. Зiлсiз айтылған әзiлдiң өзi оған кекесiн болып көрiнуi мүмкiн. Бұдан соң сiзбен ашық әңгiмелесуден қашатын болады, немесе әзiл-әжуадан алыс басқа бiреудi тауып алуы да ғажап емес.
Өзiңiз де кiммен не сөйлескенiңiз туралы жақ ашпаңыз. Құрбыларыңмен, абысындарыңмен басқосудан келген соң әңгiменiң ауаны еркектер жайында болғанын бiлдiрмеңiз. Егер бiр құрбыңыздың күйеуi туралы сөз еткенiн бiлген еркек келесi жолы өзiнiң де сөзге қаларын бағамдап үлгередi. Ал, бұл оған ұнай қоймасы сөзсiз.
Досын мақтай бермеңiз. Егер күйеуiңiз досымен таныстырған болса, салқынқандылықпен қабылдаңыз. Сый-құрмет көрсетiңiз. Бiрақ, оның артықшылықтары мен кемшiлiктерiн жiпке тiзгендей тiзiп шығудың мүлде қажетi жоқ. Егер асыра мақтасаңыз, өзiмен салыстырып, қиялына ерiк берiп, сiздi қызғанып қалуы мүмкiн. Ал, сынасаңыз, жақтырмай қалды деп тағы шамына тиесiз.
Сыйлығын қабыл алыңыз. Кез-келген еркек әйелiне сыйлық таңдай алмайды. Ұнатпаған затыңыз болса да, шын көңiлмен сiздi қуантқысып келiп алғанын түсiнiңiз. Егер жасаған сыйын керi қайтарып, немесе мiсе тұтпағаныңызды ашық бiлдiрсеңiз, келесi жолы сыйлық аламын деп үмiттенбей-ақ қойыңыз.
Мiне, француз әйелiнiң кеңесi осындай. Қарап тұрсақ, бұл айтылғандар құдды бiздерге айтылған ақыл тәрiздi. Соған қарағанда, әлемдегi әйелдердiң бәрi бiрдей қателiк жiбере ме деймiн. Тiлiмiзге сақ болайықшы, айналайындар.
Г.Қыбырай.