Тесік
Тесік. Бұл — оның ауылдастары сыртынан қойған псевдонимі. Қазан революциясынан әлдеқайда көп бұрында қазақ даласын жапа-тармағай жайлаған орыс кедейлері жетіле келе өзінше жасақ құрып, жер-жердегі алыс ауылдың қазақ байларын тонап, байыған да, кулакқа айналған. қазақ жұртына қастандық жасаудың осындай жасырын түрлері асқындай келе қандай із тастағаны Тесік секілді кейіпкерлерден көрінеді. Бұл кісі біздің кезеңдегі 1954 жылға дейін өмір сүріпті. Шынайы аты – Төңерекбай. Жетісудағы атақты байдың екінші ұлы. Бұл жігіт – 27 жасында қос қабырғасын кулактың мылтық оғына жұлдыртқан кемтар.
Қазақ байларын орыстардың бұлай тонауы жаймашуақты жаз кездерінде өтпеген. Жеке-жеке қыстауда отырған қысқы айлардың ұзақ түндерінде болып жатқан. Содан ол әдет қазан революциясына қарай және одан соңғы кезде қарқындапты. 1915-1925 жылдар арасында бүкіл Республика бойынша неше мың отбасы бұндайдың құрбаны болды? Тонаушы жасақтардың тастап кеткен гранаталары мен атылған мылтық оқтарынан қанша қазақ жойылғанын ешкім есепке алмаса керек. Оқиғаны бастан өткергендердің артында қалған бірен-саран тұяғы болмаса, бұнымыз қағаз бетінде тіркелмеген жабулы эпизодтар. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» кейпіндегі момын қазақтар соның бәрін де мін санамай, ішке жасырған бойы бұл күнге жетті.
Тесіктің өзі сол жылы бөлек қыстауда болған отау иесі. Үлкен үй тұрған әкенің қыстауы бұдан бір шақырымдай қашықтықтағы шағын ауылда. 1917 жылдың қараша айы қалың қарлы болып, бәрін қысқан да қыстау аралық жолды да бітеп тастап, тұрғындарды бұйығы тірлікке көшіріпті. Жарым түнде шошып оянып, сыртқа жүгіре шыққан Төңерекбай жоғарғы ауылдың бар иті шабалана үріп, өте жайсыз жағдайдан хабар беріп тұрғанын сезеді. Әйеліне: «Атимнің ауылы тоналды-ау деймін, мен барайын» — деп, тұра жөнелгенде қабырғада сүйеулі тұрған айырды ұстай кетіпті. қалың қарда малтығып әрең жеткен ол ауылға таяла бере қар үстінде қараңдаған топты көреді. «Бұл қайсың-ей!» деп, дыбыстаған сәтте атылған оқ бұны сұлатыпты. Қайта айырдың сабына тиіп, тайғанай тиген ол оқ Төңерекбайдың екі қабырғасын ғана жұлған. Әйтпесе, жүрекке дөп тиетін екен.
Бұл ауылдағы байдың үйін ол түні жиырма орыс пен бір батырақ қазақ тонапты. Ауыл-ауылдағы байлардың алыс қыстауына қарай орыстарға жол көрсетуші боп жалданған Нұрпейіс батырақты әлгі үйдің кәрі әжесі танып қойған. Бөлмелердің астаң-кестеңін шығарып, ақша мен алтын іздеген орыстардың жұмысы біткенде, үйдегінің бәрін мылтықпен айдап апарып бір бөлмеге тыққан да, дөңгелене отыруды талап еткен. Содан соң өздері есіктен сыртқа шыға бергенде ең артқы орыс әлгілердің ортасына қарай бір граната лақтырыпты.
«Нұрпейіс-ау, бұның не, қарағым!» дегенді әже айтып үлгергенше, жарылған граната отырғанның бәрін сұлатқан. Бесіктегі бір сәби байқұс анасының денесімен қалқаланып жарықшақ тиюден сау қалыпты. Қандай деңгейдегі ауыр жарақатты болса да, әлгі бейшара ана одан кейін де екі жыл тірі жатып, бар оқиғаны айтып кеткен. Үйлерді тонаушы орыстардың кесірінен ана мен әкеден бірдей айырылып, жетімденген бесіктегі баланың аты Құлтай еді. Сексен жетіге келіп, дүниеден өтті.
Соғыстың батыс жақтағы ең ауыр майданында болған бұл кісіні ардагер ретінде де ешкім бағаламаған қалпы өмірмен қоштасты. Кеңестік дәуірдің бүкіл шындығы да осы кісілердің көз алдында өтіп, қабіріне бірге кетті ғой. Құлтайды кейінде асыраған әжесі – сол жолғы басқа қыстауда тұрып, тірі қалған Ақбөпе апамыз. Одан кейінгі оқиғалардың тірі куәсі сол екеуі. Коммунист белсенділер ел ішіндегі жасанды аштықты қолдан қалай ұйымдастырғанын көзімен көріп, бар деталімен бастан өткергендер — осындай жалғыз жарымдар. Әрбір үйдің қора-қопсысын дүркін-дүркін тінтіп жүріп, мал біткенді сыпыра берген белсенділер ауыл ішіндегі әр шаршы метр жерді де жіті тексеріп, астық көмілген ұраларды іздепті. ұрада сақталған дәндерді түп-түгел қаптап әкеткен. Үйдегі мөшекте тұрған ұн мен арпа, тарының да бір уысын қалдырмай түгел тартып алған. Сойылған малдың етіне дейін қоймай әкеткен. Елдің аштан қырылуы осындай деңгейдегі жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде болатын. Тіске басар ештеңені қалдырмай, үйлердің ішін тазартуы әлгі «аша тұяқ қалмасынмен» қатар өткізілген нәубет екенін бүгінгілер, әрине, білмейді. Ол кезеңнің де Құлтай секілді өзіндік тірі куәлері ортамызда жүргенін білген зерттеушілер болды ма?
Иә, Құлтай — сонау 1917 жылдың қараша айында өткен қанды оқиғаның сәтінде бесікте жатқан кішкене куәгер ғой. Тесік — Құлтайдың орыстар атып өлтірген әкесінің үлкен ағасы. Сол жолғы оқиғада бұл кісі қос қабырғасын жоғалтып, ауыр жарақаттан бес жыл жатып, үлкен азапты бастан өткерген. Әйтеуір, тірі қалып, кейінгі өмірді көрді. ұзақ-сонар жалғасты жойқын аштықты да бастан өткерісті. Колхоздың шөбін шауып, жоңышқасын орған күшті білекті Тесік жақсы егінші де бола білген. Өле-өлгенше колхоздың сиырын да бақты.
Тесіктің қасында отыруға кісілердің жүйкесі шыдамаған. Жұлынған қос қабырғаның орны бос үңірейіп тұрғанда өкпе мен ішекқарындағы бар дыбысты сыртқа ашық естірткен нағыз микрофон секілді. «Ол кісі қалың киініп, белін буынып алса ғана өкпенің дыбысы тесіктен онша естілмейтін» — дейді, көзін көргендер.
Бұл кісі өмір сүрген жақтың таулары теңіз деңгейінен өте биікте, үстіне шығатын жалғызаяқ жолдары да тіп-тіке өрге созылған. Бұндай жолмен сиырларды тауға қарай айдау қандай азапты деңіз! Оқыра тигені быт-шыт боп ойға қарай қашып, дара-дара боп жоғалған сиырларды сай-саладан іздеп-табу бұл Тесікке қандай ауыр, десеңізші! Оны көзге елестету қиын…
Ұзақ-сонар көрген аштық зары Құлтай атаның бүкіл бойынан танылатын еді. Тесік нанға тойған күндерді көре алмады. Жамаулы киімнен құтылатындай шаққа жететінімізді ол білмей кетті. Сол атаның ми жүйесінде өшпестей боп қатталғаны баяғы түндегі оқиға. Және де сол кезеңдегі Ұзынағашты басып алған қара шапандылардың қазақтарға жасаған толассыз қастандығы!
«Қазан революциясына дейін өзінің тарихы болмаған ел» бұл қазақтағы Октябрьдің жемістері костюм ішіндегі Тесіктер екенін біз сездік пе?
Мағрипа Шөжеғұлқызы
физика-математика
ғылымдарының кандидаты.
2014 жыл, тамыз.
фото ғаламтордан алынды.