Райхан Қалиолдина, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі:
Əйел – үйдің берекесі
– Райхан апай, сіз мұғалімнің отбасында дүниеге келдіңіз. Ата-анаңыздан көрген тəрбиеңіз жеке шығармашылығыңызға қалай əсер етті?
– Мен Талдықорған облысы Ақсу ауданында дүниеге келдім. Ата-анам аудандағы сыйлы, құрметті адамдар еді. Əкем географ, ал анам математик болатын. Əкем біраз жылдар мектеп директор болып қызмет істеді. Көптеген өнегелі шәкірттер тəрбиелеген ұстаздар. Осындай отбасында тəрбиеленгеніме өзімді бақытты санаймын. Əкем білімге өте құштар адам болатын. Көп оқитын. Ауылдастары әкемді «тұнып тұрған энциклопедия» деп атайтын. Әкем көп оқуды бізден де талап ететін. Көптеген газет-журналдарды жаздырып алатын. Оның ішінде Москвадан шығатын одақтық басылымдар да бар. Біз бір үйде бес баламыз. Бәріміз əкем жаздырған газет-журналдарды таласып оқитынбыз.
Мысалы, «Вокруг света» деген журналды парақтап отырып, əлемді араласақ деп армандаушы едік. Сол кезде Үндістандағы ғажайып архитектуралық кешен Тадж-Махалды көрсем деп армандаушы едім, арманым орындалды. Бала кезден газет-журналдарды көп оқыған соң, мавзолейдің əр бөлігін жатқа білетінмін. Ақ мәрмәрдан соғылған ғажайып сарайды өз көзіммен көру мен үшін бақыт.
Ата-анама бізді білімге құштар етіп тəрбиелегені үшін алғысым шексіз. Әкем бізге бір орында тұрмай əр уақытта ізденіп жүру керектігін үйретті. «Адам төзімді, еңбекқор болуы керек» деп, əрдайым құлағымызға құйып отыратын. Осы тəрбие мамандығыма да əсерін тигізуде. Мысалы, маған роль берілген кезде жан-жақты ізденуге талпынамын. Кітаптар оқып, образды толықтыруға тырысамын.
Өмірде өз ісімді атқарып алайын, əке-шешеме содан соң жақсылық жасаймын деп ойлайсың. Ал ата-анаң дүниеден озғанда жақсылық жасап үлгермегенiм-ай деп өкінесің. Ата-анамды ойласам, әлi күнге көзіме жас үйіріледі. Əкем қашан көрсем кітап оқып отыратын. Кітапты жай оқып қана қоймай көзі тірісінде естелік жазып қалдырыпты. Кейін сол естелік менің қолыма тигенде көзіме еріксіз жас алдым. Естелігінде ауылдың шежіресінен бастап өзінің соғыс кезіндегі балалық шағына дейін сипаттап жазған екен. Естелікті оқыған адамның есінде қалатындай етіп, өз өміріне қатысты тұсын юмор тілімен әсерлі етіп жеткізген…
– Өзіңіз сомдаған, жаныңызға жақын, сүйікті образыңыз туралы айтсаңыз.
– Əр роль өзіңнің балаң сияқты ғой. Рольді сахнаға шығарар кезде үнемі ой үстінде жүресің. Толғаныста боласың. Əртістерге əр роль қымбат. Менің алғашқы ролім болған соң «Ақан сері – Ақтоқты» спектакліндегі Ақтоқты ролі жаныма жақын. Əлі күнге дейін кез-келген уақытта сөзін айтып бере аламын. Барлық ролімді жақсы көремін, бірақ соның ішінде «Қожажас мерген» деген ертегі сюжеті бойынша қойылған спектаклде (авторы М.Байджиев, режиссер Н.Жақыпбаев) мен хан қызы Зылиханы ойнаймын. Москвадан Мартенс деген режиссер келіп, «Адам аласы ішінде» деген спектакль қойды. Сонда Машенька ролін ойнағанмын. Ал қазіргі кезде «Келіндер көтерілісі» деген спектакльде (режиссер М.Ахманов) Саттыниса ролін өзім сағынып жүріп ойнаймын. Жағымсыз образ болса да мен үшін өте қызықты. Лидия Кәденова апаймен партнермыз. Лидия апаймен бірге ойнау деген ғанибет қой. Екеуміз спектакль сайын жаңа ньюанстар табамыз. Одан кейін «Бір түп алма ағашы» деген спектакль ерекше ұнайды. Бұл қойылымда менің үлесіме тиген Əлия ролі қиындау түсті. Актер болған соң бір сарындағы рольдерді ойнау дұрыс емес. Әлия – жағымсыздау образ, ұрысқақ əйелдің бейнесі. Біреумен ұрсысып, бет жыртысу деген менің табиғатымда жоқ. Бірақ менің басқа қырларымды ашуға осы роль көмектесті. Режиссер Мұрат Ахманов осы рольді маған бөлген кезде, таң қалған едім. Сахнаға шыққаннан екі сағат бойы тоқтаусыз сөйлеп, ұрсысуға құштар əйел бейнесіне ену оңай емес, әрине. Бірақ бұл рольді қиналсам да жақсы көріп ойнаймын.
– Сіз театр сахнасында да, кинода да ел есінде қалатын рөлдерді сомдадыңыз. Əртістер көп уақытын шығармашылық ортада өткізетіндіктен отбасын ұжымынан алыс ұстамайтыны белгілі. Сіз əйел ретінде өнер мен отбасын қалай қатар алып келесіз?
– Менің барым да, бақытым да марқұм жолдасым Рүстем Сүйіндіков еді.
Рүстем айкидо джию-джитсудан 4 дан қара белбеу иегері, спорттың осы түрінен жыл сайын жолдасымның атындағы республикалық турнир өткізіп келеміз. Рүстем төңірегіне ізгілік нұрын сеуіп жүретін жаны жайсаң азамат еді. Мен театрда жұмыс істеймін, кейде киноға түсуге тура келеді. Сонда мен командировкаға кеткен кезде жолдасым ылғи балаларға қарап қалатын. Аят есімді ұлымыз, Аида деген қызымыз бар. Рүстем балаларды өсіріп, тəрбиелеуге үлкен еңбек етті. Əкелік қамқорлығын аямай берді.
Менің ойымша əйел үйде көбірек отырғаны дұрыс қой. Балаларға қарап, дəмді тамақ жасап, отбасын берекеге бөлеу əйелдің негізгі жұмысы. Мен де жақсы əйел болуға барынша тырыстым. Негізгі хоббиым – балаларыма дəмді тамақ жасап беру, үйді əдемі ұстау болатын. Ата-анамның тəрбиесі болар, отбасы бірінші орында тұру керек деген түсінік санамда қалып қойған. Басқа əртістердің отбасы сияқты менің де балаларым сахнаға жақын боп өсті. Тіпті бірталай спектакльдердің сөздерін жатқа білетін. Балаларым кейде үйге келгенде күндіз көрген спектакльдегі рольді ойнап отыратын. Құдайға шүкір, өнерлі ортада жаман болмады. Қазір өткеніме көз жүгіртсем, балаларыма одан да көп көңіл бөліп, жылылық сыйлау керек еді деп ойлаймын. Қызым тұрмыста, балалары бар. Өзім қызыма барған сайын балаларға көбірек көңіл бөлу керек деп айтып отырамын. Балам əлі үйленген жоқ. Болашақта келініме де соны сіңірсем деген ниеттемін.
– Қазіргі жас қыз-келіншектер арасында ас пісірмейтін, үй шаруасын істегiсi келмейтiндер көп. Сіз бұған не дейсіз? Өзіңіз қонақ күткенді жақсы көресіз бе?
– Менің ойымша əйел – əйел болуы керек. Əйел – үйдің ұйытқысы, берекесі. Ас піспеген үйде қандай жылылық болады? Мысалы, сырттан жолдасың, балаларың келгенде үйде дəмді тағамның, тәтті бəліштің иісі шығып жатса, қандай жақсы! Ер адам асты өз үйінен ішкені дұрыс қой. Менің жолдасым, біреудің үйінен тамақ ішкенді ұнатпайтын. Күйеуім мен балаларым келгенде дəмді тағамдарды дайындап қоюға тырысатынмын. Жұмыс қауырт шақта да өзім қолдан әзірлеп, мұздатқышқа салып қоямын. Əйел адам жалқауланса, ас пісірмесе, ол үйден жылулық кетеді. Отбасы мүшелерінің бір-біріне деген мейірімділігі жоғалады. Əйел адамның үй шаруасын істемеуі дегенді өзім түсінбеймін. Анам да, енем де мені еңбекқор етіп тəрбиеледі. Мен де қызымды осылай өсірдім. Қызым жұмысбасты болса да үйінде күнделікті тағамды өзі əзірлейді. 9 сыныпта оқитын Айбибі деген жиеніміз бар. Айбибі менің үйіме келгенде əдейі не істер екен деп қарап отырамын. Ол мен айтпай-ақ сан алуан тәтті тағамдарды əзірлейді. Тіпті торт та пісіре алады. Келін болғанда жолдасын, балаларын дəмді тағаммен риза ғып, үйдегі үлкен кісілерге жылы-жұмсағын ұсынып отыру керек деген түсінікті бүлдіршін қыздың санасына осылай сіңіреміз.
Өзім қонақ күткенді жақсы көремін. Туған-туыстарымыз, достарымыз менің асқан етімді, пісірген бауырсақ, тортымды жоғары бағалайды. Əріптестерім де жақсы көреді. Біздің үйге қонаққа келгенді күтіп жүреді. Соған қарағанда жаман аспаз емеспін деп ойлаймын.
– Əйелге, əсіресе өнер жолындағы əйелге əдемілік тəн. Сыртқы сұлулық пен жан дүние сұлулығын сақтаудың құпиясы бар ма?
– Ең басты құпия – адамдарды жақсы көруде. Төңірекке жақсы көзбен қарау, жамандық іздемеу, айналаңа жылылық сыйлау. Адамның көзі – оның айнасы. Ішкі ойың жақсы болса ісің сəтті болады. Мен басыма қанша қиындықтар түссе де мойымауға тырысамын. Өзімді позитивті адаммын деп есептеймін. Əрине, менің де қайғырып, күйзелетін кезім болады. Менің жылағанымды балаларым, жақын достарым көруі мүмкін. Бірақ мұң-зарымды көпшілікке көрсетпеуге тырысамын. Күліп жүруге тырысамын. Бұл жасандылық емес, өзімнің болмысым осындай. Өзгенің бойынан кемшілік іздеп, біреуге жамандық ойлау маған жат.
– Сiз соңғы жылдары киноға да түсiп жүрсiз. Ең жақсы көретін фильміңіз? Өзiңiз ойнаған фильмдегі бiр рөліңіз?
– Бала кезден бəріміз «Қыз Жібек» фильмін көріп өстік қой. Менің де ең жақсы көретін фильмім осы. Меруерт апамызға еліктеп, əртіс болғымыз келді. «16 қыз» фильмі туралы айтсам, бұл кинодағы өзім ойнаған ана ролін өте жақсы көремін. Әрине, Райханның барлық ісі дұрыс болмауы мүмкін. Бірақ ол өз деңгейінде қызының бақытын ойлайды. Қызы өз теңін тауып, сүйгеніне қосылғанда көзіне жас алып, тебіренеді. Мен осы фильмнің режиссеры Қанағат Мұстафин жайлы бір ауыз айтқым келеді. Қанағат өте ізденгіш, талантты жігіт. Сол үшін жақсы көріп, сыйлаймыз. Ол мені киноларынан қалдырмауға тырысады. Алар биіктері әлі алда. «16 қызды» теледидардан көрсеткен кезде таныстарыма телефон соғып, «осы фильмді міндетті түрде көріңдер» деп айтамын. «Қандай керемет кино!» деп
мақтап жатады. Қалада туып-өскен жiгiттiң ауыл өмірін, қыз-жiгiттiң таза махаббатын көрсететін фильм. Көрермендер де «қазағын жақсы көрген кісінің түсірген фильмі» деп айтады. Айтқандай, Қанағат өзi ұзақ дайындалып жүрген ұлы палуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасов жайлы тарихи-биографиялық драмасын түсiрiп болды деп естiдiм. Оның бұл шығармасы бүкіл əлемге қазақ киносын танытады деп сенемiн.
Əңгімеңізге рахмет.
Г. Кенжеғұлова
2021 жыл