Ол тұрмыс құруды алабөтен армандайтын. Ең тәттi армандарының бiрi де сол жөн-жоралғысымен ұзатылу едi. Ол ылғида түсiнде Арыстың жағасынан, Шәмшiнiң әнiне бұратылып басып, сыбызғыша сызылып оң жақтан аттап жатқанын көрушi едi. Ақ көйлек кисем, ақ фатаға орансам, менiң тойымда мен ұшырған гүлдi сен мiндеттi түрде қағып алу керексiң дейтiн маған. Оның тойы ұлан-асыр болатыны соншалық, аяулы Арысы аңыз қылады деп сенушi ек. Сенi – Сыр анаң, менi аяулы Арысым ұзатады деушi едi. Сосын екеуiмiз сылқ-сылқ күлушi ек, сосын пыс-пыс жылаушы ек.
Көк етiктi көз салмады, көн етiктiге бұл көз салмады. Әбден күйкi тiрлiк қажытып, iстемеген жұмысы қалмады. Жалғыз жүрiп ұшпаққа шықпасын түсiндi ме, әлде жетпей желкесi қиылып қалған жоқшылық, жiгерiн жаншыды ма, кезектi көп жiгiттерден көп айырмашылығы жоқ, әйтеуiр бiр азаматтың етегiн ұстады. Көзiне мөлт-мөлт жас толып, кете берейiншi, бай таңдайтын жаста емеспiн дедi қиылып. Көн етiктi көгерер, кетсең кет дедiк бiз де бiлгiшсiнiп. Бәрiмiз жабылып бақытын тiледiк.
Сөйттi де тұрмыс құрды. Жиырма жетi жасында. Той да болған жоқ. Ақ көйлек те кимедi. Ақ фатаға оранбады. Гүл лақтырылмады, лақтырылмағасын оны ешкiм қағып та алмады. Тұңғыш және соңғы рет, үлбiреген қалыңдыққа қыз жолдас боламын деген арманым орындалмай қалды. Тiптi қалған өмiрiн сенiп тапсырған жiгiттi де танымаушы ем.
Тұрмыс құрды. Құрды да мен оны – ееең алтын, асыл досымды жоғалтып алдым. Ол менi мүлдем ұмытты. Кәдiмгiдей жетiмсiредiм. Кәдiмгiдей жалғызсырадым. Қыз балалармен сөзi көп жараспайтын, жапандағы жалғыз әпкесiн де туғаным деп түсiне алмаған маған ол, дос қана емес, әпкемдей едi. Шатақтау мiнезiмдi, жөнсiз еркелiгiмдi, жындылығымды көтерушi едi ол. «Она теперь не моя подруга, она любимая жена своего любимого мужа» деп жұбататын едім өзiмдi.
Арада айлар өттi. Ол өзгердi ме, мен өзгердiм бе, әлде өмiр өзгердi ме, өзгердiк. Алыстадық. Бұрынғыдай мен оған салып ұрып жетiп бара алмайтын болдым. «Еркегi бар үй» деп iлгерi басқан аяғымды кейiн басып, қаншама уақыт, оның үй сыртынан қайттым десеңшi. Байқамай жүрiп өкпе жинадым. Бара-бара хабарласуды қойдым. Ешнәрсе болмағандай. Кезiнде мұп-мұздай кабинетте, бiр қорап роллтонды бөлiп iшпегендей. Детдомнан қашып кеткен жетесiздердi бiрге iздеп, көше бұзақыларынан бiрге қашпағандай. Айдаладағы бiр орыстың жiгiтiне, бiрге ғашық болмағандай. Бiр роликке таласып, бiр марпедтi бөлiсе алмағандай.
Мен оны Лейла дейтiнмiн. Түрiктiң листопадындағы Лейланың тағдыры қаншалықты қиын болса, оның тағдыры одан мың есе қасiреттi едi. Шынашақтай ғана қара қызға қарап отырып, осыншама қиындықты көтеретiн күштi қайдан алады екен деп ойлайтынмын.
Артық қимылдасаң, балконынан былш етiп құлап, өмiрден без суицида өтееееп кете беретiн пәтерiмде бейуақта жатқам бұйығып. Жарық өшiп қалған, жан баласын көргiм келмей. Кенет ұялы телефоным листопадтың музыкасынан шыр-шыр етiп, экранында Лейла деген жазу жанып-өшiп…
Қалай Қалқаманға жеткенiм емiс-емiс есiмде. Жұпыны үйдiң, тақтай есiгiн қорқа ашып кiргем…
… Тағдырдың қырық тоқпағына төзген есiл қыз, қырық бiрiншiсiне шыдамай ес-түссiз жатыр. Сорғалаған жасы, бетiнде айдақ-сайдақ iз қалдырған. Сiрә, менi терiп үлгерсе керек, телефоны сол күйi қолында қалған. Жолдасын жұмыста түнеп iстеп жүр деп түсiндiрдi көршiлерi. Жылағым келген, тас емен боп, қаттым да қалдым. Қаттылықты да дәл осы қыздан үйренген ем-ау…
Алты алаш па, жетi алаш па, әйтеуiр Қалқамандағы қорқынышты бiр көшелерде, дедектеп жүрiп, жыбырлап жеткен жедел жәрдемдi қарсы алдым. Құдай өзi кешiрсiн, бiрiнен-бiрi өткен топас, дәрiгерсымақтар жап-жас екi жiгiт, жүктiлiктiң төртiншi айындағы құрбымды жайына қалдырып, менiң ата-тегiмдi түгендеп кеттi. Болмағасын қып-қызыл ашуды ерттеп мiндiм де, зәрiмдi шашып-шашып кеп жiбердiм. Соның арқасында беттерiн бес тiлсең де қан шықпайтын дәрiгерлерi бар, аты дардай ауруханаға келдiк. «Қазақ десең, өзiңе тиедi, кешке дейiн өлiмтiгiн салып, жұмыс iстейдi де, кешке кеп жедел жәрдем шақыра салады, рахат болған бұларға» деп халаты сарғайып кеткен медикшырақ бұлқан-талқаны шығып ол жүр. Ес-түссiз, қан-сөлсiз Лейлә ол жатыр. Көтерiлiп-басылған iшiнен ғана тiрi екенiн пайымдап мен отырмын. Әлi отырмын, берi отырмын. Адам өлгелi жатыр ма, тура қазiр шала босанғалы жатыр ма, бiр адамның шатағы болса-шы шiркiн…
Тап, бүйткен дүниеңнiң…, қазiр көрсетем мен сендерге дедiм де, «,.iұәрр..ұ.паапиылви.,,,млс!!!!???» деп ыс-ыс еттiм, есiгiн жауып алып «Президенттiң приемныйында», желкесiнен демалып отырған, орта жастағы бiр врачқа. Сол сәт оның көзiне мен жетi басты жалмауызға ұқсап көрiнгенiм анық едi. Есесiне олар қимылдай бастады.
Кiм болса да түтiп жейiн деп, көгерiп-сазарып отырғанда, алақ-жұлақ адасып, екi өкпесiн қолына ұстап алған бiр жiгiт жаныма жетiп келдi:
– Жайнасың ба?
– Ұқсап тұрмын ба?
– Ыыыым, Лейла қайда?
– Массаж алып жатыр.
Ол аңырап тұрып қалды. Мен үнсiзбiн. Әпкеме бергiсiз, адал құрбымның, алтын жездемдей болатын күйеуiмен таныстық осылай басталды. Дәл сол мезет оны қатты жек көрдiм. Құрбымның өлiм аузында жатқанына бiрден-бiр кiнәлi сол сияқты көрiндi. Қадiрiне жетiп, бағалай алмағанын бiлдiм. Өзiн тым-тым кiнәлi санап:
– Жәке… Лейла сен туралы көп есiне алады. Альбомдарды ақтарып суреттерiңдi жиi көредi. Алдында айыптымын, қонақ етiп, кiндiк шеше бол деп қолқалаймын деп жүр едi. Көрмеймiсiң… Негiзi мен айыптымын сендердiң алдарыңда. Лейлаға жан адаммен араласпайсың, қыз күндегi балтай-шалтайды доғарасың, тiрi жан табалдырықтан аттамасын деген ем. Қуықтай бөлмеде мен келгенше жалғызсырап, iшқұса боп жүрдi. Тым болмаса жұмыс та iстеттiрмедiм. Мен айыптымын…
Не деуге болады? Бетiне бiр қарап алдым да, үн-түнсiз отыра бердiм. Ештен кеш жақсы, әттең тiл табысар орынымыз аурухана болмағанда ғой. Ақ жаймада өлi мен тiрiнiң арасында, тұрмыс құрып, бала сүюдi алабөтен армандаған әппәқ қыз жатыр…
…Ол ылғида түсiнде Арыстың жағасынан, Шәмшiнiң әнiне бұратылып басып, сыбызғыша сызылып оң жақтан аттап жатқанын көрушi едi. Ақ көйлек кисем, ақ фатаға орансам, менiң тойымда мен ұшырған гүлдi сен мiндеттi түрде қағып алу керексiң дейтiн маған. Оның тойы ұлан-асыр болатыны соншалық, аяулы Арысы аңыз қылады деп сенушi ек. Сенi – Сыр анаң, менi аяулы Арысым ұзатады деушi едi. Сосын екеуiмiз сылқ-сылқ күлушi ек, сосын пыс-пыс жылаушы ек…
Лейлә күлiмсiрейдi. Жолдасы өбектеп бәйек. Ата-ене, әке-шеше, туған-туыс бар бәрi той қамына кiрiскен. Құдай қаласа, сағынышты күзде сағындырып келетiн, құрбымның тұла бойы тұңғышына жиырма төрт жасымда кiндiк шеше болам деп бiлек сыбанып мен отырмын. Ендi ше ана атанумен бiрдей жүк емес пе?
Гүлжайнат Бекен