Тұмар ханым. (Томирис шамамен бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 570-520 жылдар арасында өмiр сүрген).
Бiз Тұмар ханымның ата-баба шежiресiн түгел таратып бере алмаймыз. Алайда ол туралы жазылған әфсаналар мен көркем шығармаларға жүгiнсек, Тұмар әйгiлi скиф көсемi Ишпақайдың тұқымынан тарайды. Партатуаның шөпшегi, Мәдидiң шөбересi, аты сол кезде аңызға айналған, алайда еш жерде нақ дерек сақталмаған Сыпыра (Спаргапис, Спаргапип) патшаның не немересi, не кенже қызы.
Тұмар ханымның өз әкесi және күйеуi кiм едi, бұл да мәлiм емес. Аға-бауырлары ұлы қоныстану кезiнде қаза тапса керек.
…Тұмар ханым жанұясының бақытынан гөрi, елiнiң еркiндiгiн жоғары қойған. Баласы Спаргапистiң сол кездегi жас мөлшерi – он алты мен он тоғыздың арасында. Соған қарағанда, б.д.д. 530-жылдары Тұмар ханым қырыққа келiп қалған, келiстi де кербез келiншек. Ақыл мен қайратын қатар жұмсай алатын дер шағы.
Зарина. (Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 4 ғасырдың аяғы – 5 ғасырдың аяғында өмiр сүрген).
Әлқисса, осынау ұрпақтан-ұрпаққа жиырма бес ғасыр бойы, яғни екi мың бес жүз жылдан берi аңыз дастан болып келе жатқан сақ тайпасының аруы Зарина (Сара) туралы оқиға да тосыннан басталды. Еркiндiгiне ерлiгi, серiлiгiне сұлулығы сай керiм келiншек ашық аспан, дархан даланың аясында серуен құрып, сергiп қайту үшiн саятқа шықты.
Көшпелi, жауынгер халықтың тiршiлiк дәстүрiне байланысты, он үшке толған қыздар «арулар жасағының» қатарына алынып, садақ атуға, найза лақтыруға, қылыштасуға машықтанатын. Олар жеке шеп құрып, жауға қарсы соғысуға қатысатын. Қашан ұрыс майданында ерлiк көрсеткенше тұрмысқа шықпайтын. Бұл ер адамдардың бұйрығымен жүзеге аспаған. Ержүрек қыздардың жасағына қосылар кезде арулардың өздерi осылай ант беретiн болған.
…Зарина сақ патшасының қызы болатын. Сондықтан да, мемлекет аралық қарым-қатынасты реттеп, билiк айтуға толық қақысы бар едi.
Сүйгенi үшiн қосағын құрбандыққа қиған, бiрақ халқы үшiн сүйiктiсiнен де бас тартқан сақ қызы Зарина бiз үшiн арулардың тәңiрiсi де, тәкаппары да, үлгiсi де болды, бола да бермек!
Теркен хатун. (Шамамен 1165-жылы туып, 1225-1228-жылдары өлдi).
Дүние тарихының ең бiр толқымалы тұсында Азия мен Европаның арасындағы ұланғайыр жер мен билiкке ие болған хорезмшахтың билiгiн туған ұлы Мұхаммедпен тiзгiн жарыстыра ұстаған қыпшақ қызының есiмi Теркен хатун деген атпен айдай әлемге мәшһүр болды.
Теркеннiң кезiнде хатун – падиша, ханым; әйел – арабша үй қызметiндегi адам деген мағынаны бiлдiретiн.
…Хорезмшахтың қандай да бiр мүддесiн қорғау үшiн Теркен хатунды аяр, сатқын етiп көрсетуге ұмтылушылар кездеседi. Бұл бiр жақты баға. Өйткенi, Теркен өзiнiң күйеуi Текештiң, баласы Мұхаммедтiң бедел-берекесi үшiн күреспеуi мүмкiн емес. Теркен қыздың бойындағы ең асыл қасиетi ол.
Сақ тайпасының падиша қызы Тұмар сияқты жаумен майданда шайқаспағанымен, Теркен хатун өзiнiң аса зор ықпалын пайдаланып, қыпшақтарды сан рет қырғыннан құтқарды. Бiлек күшiмен емес, ақылымен, шешен тiлiмен дегенiн iстедi.
…Теркун хатунның өмiр жолы босқындықпен аяқталды. Мүмкiн бауыры қайыр ханды сауғаға қиғанда тағдырдың зауалына ұрынбас па едi, кiм бiлсiн. Қалай болған күнде де, есiмiн есте сақтайтын аналарымыздың бiрi – осы Теркен қыз.
Тұрсын Жұртбай.
(«Дулыға»: Көне түркi батырлары туралы тарихи әфсаналар. – Алматы. «Жазушы». 2007 ж.)
2014 жыл қараша
фото ғаламтордан алынды