ТҰҚЫМЫҢДЫ ТҰЗДАЙ ҚҰРТАР ҚЫТАЙ ДӘРІСІ – ҚАРА БАЗАРДА
Қазіргі таңда адамзаттың жеткен жетістігі күн санап артқан сайын, оның адам баласына тигізер зияны да ауыз толтырып айтарлықтай. Алысқа бармай-ақ, үлкенді-кішілі қалалардағы қаптаған қара базарлардың өзін алып қарасаңыз, қу жаныңа керектінің бәрін табуға болады. Тек қалтаңда ақшаң болса болғаны. Алматының күллі жұртына жақсы таныс «барахолка» базарында адам жанынан басқаның бәрі де сатылатынын бүгінде ешкімге айтпаса да бесенеден белгілі. Сапалы, сапасыз Қытай тауарларына тола бұл базардағы бүгінде қыз келіншектердің сұранысынан түспей отырған «құнды» дүниенің бірі – түсік түсіретін дәрілер болып отыр. Әрине, бұл мәселе бүгін ғана туындап отырған жоқ. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары мен құқық қорғау орындары талайдан бері Қытай дәрілеріне қарсы күресті бастап та кеткен. Дегенмен де, одан зардап шегіп отырған жандар әлі де азаяр емес. Көзі қарақты оқырманға сабақ болсын деген ниетте біз де өз бетімізше журналистік зерттеу жасап, өмірден алынған бірнеше оқиғаны өздеріңізге мысал етсек дейміз.
(Деректер шынайы өмірден алынғандықтан, кейіпкерлердің өтініші бойынша аты-жөндері өзгертіліп берілді).
Салтанат Дүкенбаева: – Менің әпкем базарда саудагер. Бірде оның құрбысы өзінің аяғы ауыр екенін айтып: «Ақыры күнде базарға барасың ғой. Маған Қытайдың түсік тастататын дәрісін әкеліп берші. Ақшасын берем», – дейді. Әпкем құрбысының сұраған дәрісін алып кешке жұмыстан үйіне келген бетте оны тоңазытқыштың үстіне қоя салады. Ертесінде жұмысқа кетіп бара жатып, бала күтушісіне: «Тоңазытқыштың үстінде қызымның жөтелге ішетін дәрісі тұр. Содан ұмытпай, ертеңгісін, түсте, кешке үш мезгіл бер» деп табыстайды. Ал, құрбысына әкелген кешегі дәрі мүлдем есінен шығып кетеді. Үй иесінің айтқанын бұлжытпай орындап үйреніп қалған бала күтуші қыз еш алаңсыз дәріні кішкентай қызға үш уақыт береді. «Қуырдақтың көкесі» кешке басталады. Жұмыстан әке-шешесі келгенде қаршадай бала бүк түсіп, «Ішім ауырады» деп шырылдап жылайды. Алғашында не болғанын түсінбеген ата-ана күнделікті сап-сау жүретін бұл баланың түріне қарап, дал болады. Тек жедел жәрдем келгенде ғана әпкемнің есіне кешегі жұмыстан әкелген дәрісі түседі. Дереу бала күтушіні шақырып алып: «Балаға қандай дәрі бердің?» деп сұрағанда, күтуші қыз дәрінің сыртқы қабығын көрсетеді. «Қандай сауатсыз едің? Алдымен, сыртын оқып қарамайсың ба? Бұнда жөтелге қарсы деген бірде бір сөз жоқ қой» деп әпкем азар да безер болады. Алайда, мектепті енді ғана бітірген өрімдей жас қызға дәрінің атын оқу деген ойына да кіріп шықпаған. Жедел жәрдем баланы бірден ауруханаға алып кетеді. Не керек, дәрігерлердің айтуы бойынша: «Кішкентай қыздың іші ауырғанының себебі – әлгі дәрінің уыты» деп түсіндіреді. Бір жақсысы, бала әлі дене мүшелері қалыптаса бастайтын жаста емес, кішкентай болғандықтан, оның алдағы өміріне еш қаупі жоқ. Дәрінің әсері біткенде ауырғаны да тоқтайды дейді. Құдайға шүкір, қазір қызының жағдайы жақсы. Бірақ, әпкем сол дәріні үйіне әкелгені үшін әлі күнге дейін өкінеді. «Енді абырой болып, кейін қызымның болашағына кері әсері болмаса екен. Алла сақтасын, егер қызым менің кесірімнен бақытсыз болып жатса, мен өмір бойы өзімді кешіре алмайтын шығармын», – деп мұңаяды. Оның сөзінің жаны бар. Тек жиенім өскенде азабын көрмесе екен.
Жанна Дәркенбаева, медбике: – Менің перзентханада істегеніме үш жылдан асты. Жас болсам да, осы жерде жұмыс істеп жүріп, көрген-білгенім, көңіліме түйген дүниелерім аз емес. Қытайдың жасанды түсік жасататын дәрісін пайдаланған талай адамдарды кездестірдім. Ал, осыдан бір жарым жыл бұрын болған оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Ауруханаға шұғыл түрде бір бойжеткен түсті. Туыстарының айтуынша, қыз қай жері ауырып жатқандығы жайлы ешкімге тіс жарып айтпапты. Бірақ, олардың болжауынша, ол жүкті болып, толғағы басталып жатқан секілді дейді. Дәрігерлер тексерейін десе, бұрышқа тығылып алып, өзіне ешкімді жолатпайды. Тек көзінен сорғалаған жасы тиылар емес. Ақырында дәрігерлерге күш қолдануға тура келді. Біраздан соң бір медбике: «Ойбай, ана қыздан тоқтамай қан кетіп жатыр» деп айғай салып, сол арада шу болды. Сол кезде ғана бойжеткен құрсағындағы шаранадан құтылу үшін дәрі ішкенін, сүйген жігіті оның жүкті екенін естіп тастап кеткенін, ақырында ол намысқа шыдамай осындай әрекетке барғанын айтты. Үш сағатқа жуық қыздың өмірін сақтап қалуға тырысып, алысқан дәрігерлердің талпынысынан, өкінішке орай, еш нәтиже шықпады. Қан мөлшерден тыс көп кеткендіктен, қызды құтқару мүмкін болмады. Дегенмен, үріп ауызға салардай сүп-сүйкімді жас арудың осындай қайғылы жағдайда қаза тапқандығына ішің қан жылайды.
Сара Дәулетбақ, магистрант: – Менің басымдағы қасіретті жан баласы білмейді, дегенмен, өзімді қоярға жер таппай қинайтын, жанымды жегідей жейтін уайымым бар. Бұл қасіретіме кінәлі бір ғана жан. Ол – менің сүйіктім. Сүйіктім деймін, бірақ, оны әлі де сүйем бе, сүймеймін бе, оны қазір өзім де білмеймін. Бірақ, мен оған өлердей ғашық едім. Оған иманымдай сенетінмін. Екеуіміздің кездескенімізге екі жылға жуық уақыт өткенде ол маған үйленгісі келетінін, алайда, дәл қазір отбасының жағдайы мәз емес екенін, жақында атасының қайтыс болғанын айтып, түбі қосыламыз ғой деп менен төсек қатынасына баруымызды сұрады. Онымен болашақта бірге болатынымызға кәміл сенген мен қанша қиналсам да, келісімімді бердім. Бірде мен өзімнің аяғым ауыр екенін біліп, оған айтқанымда ол аяқастынан жоғалып кетті. Не телефонының тұтқасын көтермеді, не өзі хабарласпады. Амалым таусылған мен ақылы дәрігердің қабылдауында болдым, ондағылар арнайы бір дәрілер берді. Құдайдан қорқып, қанша жыласам да, басқа амал таба алмадым. Он күн бойы етеккірім келіп, ішім, белім бүріп ауырып, көрмеген азапты көрдім. Жігітім сол кеткеннен хабарласпады. Мені ұмытқан болар деп жүргенімде жарты жылдан соң, ол қайта пайда болды. «Кешір, мен уайымдағаным сондай, жолда келе жатып байқаусызда көлік соғып, жол апатына түстім. Емханадан айығып шыққаным енді ғана. Мен сені қиын жағдайға қалдырғым келмеп еді. Ренжімеші, өтінем, маған қайта оралшы. Мен сені ендігәрі тастамаймын», – деп жалынған соң, сорлы басым оған тағы да сендім. Бірде ол көктем шыға үйленетінімізді айтты. Сол кездегі менің қуанышымды сөзбен жеткізу қиын еді. Осылай жүргенде мен екінші рет аяғым ауырлап қалды. Оған айтқанымда: «Өте жақсы. Жақын арада бұл мәселені де шешеміз», – деп жүріп тағы да жоғалып кетті. Ішімдегі уайымымды ешкімге айта алмай, мен бұл жолы бірде құрбыларымнан естіген қытайлық түсік тастататын дәрісін қолдануға бел будым. Қалай қиналғанымды айтпаңыз. Қансырап, әлсіреп, өліп кете жаздадым. Енді, міне, сол оқиғадан бері екі жыл өтіпті. Жасым болса, жиырма сегізге келді. Тұрмысқа шығайын десем, барған жерімде қарабет болам ба деп қорқам. Ал, одан да қорқыныштысы, балам болмаса, онда тіптен қалай күн көрем? Мен де барлық әйелдер секілді ана болып, перзент сүйіп, бақытты отбасын құрғым келеді. Бірақ, қайдам, ол жағын айту қиын. Ал, әлгі сері жігітім сол күйі із-түзсіз жоғалып кетті. Ол келген күнде де мен оған қосылғым келмейді. Екі рет опық жегізген адам енді мені өлтіріп тынудан да тайынбайтын шығар. Әттең, уақытты кері айналдыруға болатын болса ғой. Мен бәрін де өзгеше істер едім.
Міне, біздің кейіпкерлеріміздің әңгімелері осындай. Осы жағдайлардың бәрін естіп білгеннен кейін оқиғаның анық-қанығына көз жеткізіп көрейін деп «барахолкаға» мен де бардым. Қытайдың дәрі-дәрмегі, бетке жағатын маска, опа, далаптары толып тұрған жерге барып, жүктілікті үзетін дәрі сұрағанымда басында бәрі «білмеймізге» басып жауап бергісі келмеді. Ақырында бір қараторы келіншек менен ол дәрінің неге керек екенін сұрады. Мен «құр-бымның аяғы ауыр, соған керек» деп едім, менен келер қауіптің жоқ екенін біліп, маған екі дәріні мың теңгеге сатты және қалай, қай уақытта ішу керектігін де түсіндіріп берді. Сөз арасында ақырындап: «Сіздерден осы дәріні алушылар көп пе?» деп сұрағанымда, оған сұраныстың бар екенін айтты. «Ендеше неге ашық саудаламай жасырын тығып сатасыздар? Әлде сіздерге бұл дәрінің әсерінен адам өліп жатса да бәрібір ме?» деген сұрағыма шамданған саудагер әйел: «Айналайын, алсаң ал, алғың келмесе, басымды қатырмашы. Егер мен сатсам, бала-шағамды асырауым керек, сен сияқты ерігіп жүргендерге есеп беретін жайым жоқ!» – деді төтесінен. Ал, бұл дәріні пайдаланғандардың денсаулығына кері әсері тимей ме?» деп сұрағанымда: «Мен ол жайлы білмеймін, өзім ешқашан қолданып көрген емеспін және қолданбаймын да», – деді. Саудагерге бәрібір, қолы жүріп, тауары өтсе болғаны. «Әттең-ай» дегізетіні еліміздің қаншама қыз-келіншектері осы пәлеге ұрынды екен?!
Бұл «дәрісымақтардан» тек біздің еліміз ғана емес, көршілес Ресей, Қырғыз елдерінде де зардап шегіп жатқандар жетерлік. Енді оның зияны жайлы нақтырақ бірнеше мәселені айта кетсек:
Біріншіден, мен эксперимент үшін сатып алған дәрінің қорабында жазылған иероглифтердің бірде-бірін түсіне алмадым. Яғни, анығырақ айтқанда, іші-сырты түгелдей қытай тілінде жазылған. Демек, оны пайдаланған адам өзінің нақты не ішіп жатқанын да біле алмайды. Егер ол тілді түсінсеңіз бір жөн, бірақ қара базарға баратындардың бәрі де қытайша сауатты бола бермейді ғой. Ал, оның қандай дүние екенін түсінбей тұрғанда, адам ағзасына тигізетін салдары жайлы айту тіптен қиын.
Екіншіден, дәрігер мамандардың айтуы бойынша, бұны ішкен соң, қан көп мөлшерде кетіп, тоқтамайтын болса, әйел жатырын алып тастауға тура келеді. Ал, егер оны пайдаланған жан тұрмыс құрмаған жас қыз болса ше? Ендеше, болашақта қазақтың тағы бір отбасы ұрпақсыз қалды деп есептей беріңіз.
Үшіншіден, ең қауіптісі, кейбір әйелдің жатырсыз қалғаны былай тұрсын, өкінішке орай, өмірімен қош айтысуға тура келеді екен. Демек, бұл ұлтымызды жоюдың тамаша жолы емес пе?
«Аңдамай басқан ауырмай өледі» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Сондықтан, еліміздің ертеңін ойласақ, ұлтымыздың алдына төніп тұрған осындай қатерге бей-жай қарамай, әрқайсысымыз ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді сезініп, соған сай әрекет етсек екен.
Гауһар НҰРМҰХАМБЕТҚЫЗЫ.
(№2 (255) Ақпан 2012 жыл)
фото ғаламтордан алынды.