Сiз «АЛЖИР»-де болдыңыз ба?

Мамандығыма байланысты қолыма қалам ұстаған жан бола тұра, «Алжир» жайында ешқашан арнайы тоқталмаппын, мүлде қалам тербемеппiн…
Қуғын-сүргiн мәселесi қоғамда орын алмаған, ашық айтылмаған кезде, Малиновка ауылында (қазiргi Ақмол ауылы) 1989 жылы саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арнап «қақ айырылған жұлдыз» атты тұңғыш ескерткiш ашылған. Себебi, сол жылдары Ақмола маңындағы ауылдың шетiнде «Алжир» тұтқындары мен олардың балаларының жерленген орындары анықталған екен. Кейiннен 2007 жылы осы арадан «АЛЖИР» мемориалды мұражайының (директоры – Мейрамбай Оралов мырза) ғимараты бой көтерген.
Таяуда астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласында болғанымда «АЛЖИР»-ге арнайы соқтым. Ендi, мiне, мұражайды аралап, бәрiн өз көзiммен көргенде – ең алдымен өзiм үшiн қатты ұялып, осы уақытқа дейiн осынша қаперсiз жүргенiме қатты қысылдым.
Жаппай қуғын-сүргiн жылдары алаштың аса көрнектi тұлғаларымен қатар көптеген қарапайым жандар да жазықсыз жапа шектi. Қызыл террор ешбiр кiнәсi жоқ әйелдер мен балалардың, бiр сөзбен айтқанда, мыңдаған жазықсыз жандардың өмiрiн қиды. «Алжир» тұтқындары болған Гүләндам Қожанова, Зүнфүн Нұрмақова, Фатима Османова, Мағрифа Қазбекова, Рахиль Плисецкая, тағы басқаларының қолындағы балалары – аналарымен бiрге лагерь өмiрiнiң бар азабын бастарынан кештi. «Алжир» тұтқыны болған Мәриәм Есенгелдинаның екi жастағы жалғыз ұлы анасының бауырынан жұлып алынып, Саратовтағы балалар үйiне жiберiлген. Мұндай азапқа шыдай алмаған сәби сол жақта жан тапсырған. Тек бiр ғана 1940-жылы Карлагта 226 бала қайтыс болыпты. Олардың өлiмiнiң негiзгi себептерi, құжаттар бойынша «дистрофия, туберкулез, аштықтан» деп көрсетiлген.
Ал, әйел адам үшiн азаптың ең ауыр түрi – ол баласының қиналғанын көру, соның тартқан азабының куәсi болу дер едiм. Мiне, Алжир тұтқындары азаптың тура осы түрiмен жазаланды. Шырылдаған нәрестелер жас ерекшелiктерiне қарамастан аналарынан аулақтатылып жатты… Тағы бiр сорақысы, сөз ұға бастағандарына «сендердiң аналарың сатқын, опасыз, халық жауы, сендер олардан бас тартуларың керек» деген сұмдықпен «тәрбиеленiп» отырды. Әйтсе де, ешкiм туған анасынан бас тартқандарды таба алмаған көрiнедi….
Қалың оқушы Тұрар Рысқұловтың әйелi Әзиза Рысқұлованың «Алжир» түрмесiнде 10 жылға жуық отырғанын бiледi. Ал, Н. Нұрмақовтың жұбайы Зүнфун Нұрмақова (тұңғыш заңгер Жақып Ақпаевтың қарындасы) – әуелi Мәскеудегi Бутырка түрмесiнде, одан соң Карелия, Ақмола («АЛЖИР») лагерьлерiнде жалпы алғанда 17 жыл айдауда болды.
Сондай-ақ, Бейiмбет Майлиннiң әйелi Гүлжамал Майлинаның да «халық жауының» әйелi ретiнде тартқан азабы аз емес. Одан жауап алғанда «Бейiмбетпен жиырма жыл бiрге болдым. Он жетiмде қосылдым. Осы жиырма жылда маңдайымнан шерткен емес. Қатты сөз айтып көрген жоқ. Бейiмбет суға түссе – суға, отқа түссе – отқа түсемiн. Ол қайда жүрсе, мен сонда боламын», – деп өз шешiмiн анық айтқан. Сол Гүлжамал шешей тек 1945 жылдың аяқ кезiнде ғана лагерьден босап шығады…
Қалай десек те, ана жүрегi тастан да мықты емес пе, әйелдердiң жеңiмпаз болатыны – олардың ер-азаматтарына, балаларына деген шексiз махаббатынан, оларға деген сенiмiнен күш алатынында, бәрiне қашан да тiрек, пана болғысы келетiн қамқорлығы мен жауапкершiлiгiнде болса керек. Сондықтан болар, лагерьдегi тұтқын әйелдер қанша ашыққан, жаураған, күйзелген, торыққан болса да, сол сәттердiң бәрiн жеңiп шығуға ұмтылған…
Иә, тұтқын әйелдер сары топыраққа су мен сабан қосып, оны жалаң аяқтарымен илеп, қалыпқа салып сүйреп, шикi кiрпiштер құйған. Сол кiрпiштерден өздерi «тұратын» тапал барақтарды соққан. Бұл «азап лагерьлерi» елiмiзде тек көсем өлген соң ғана жабылған. Бiрақ, сол күндердiң ауыр ескерткiштерi – бүгiнгi «Алжир» мұражайында және Долинка жерiндегi «Карлаг» орындарында әлi сақтаулы.
«Алжир» тұтқындарының бiрi – Мария Минкина 1938 жылы ұсталып, қайда әкетiп бара жатқанын бiлмеген күйде, жолда жылап отырып, артында қалған туыстарына бiр жапырақ қағазға хат жазып сәлем жолдайды. Хабардың туыстарына жетер-жетпесi де неғайбыл болатын. Себебi тұтқындар хат-хабар беретiн құқықтан айырылған-ды. Әйтсе де, тәңiрдiң қолдауымен Марияның тiлегi жерде қалмаған екен… Хат сан күндер бойы ескi вагондағы еденнiң тесiгiнде тығулы қалпында тұрыпты. Оны бiр жолы темiржолшылар кездейсоқ тауып алып, мекен-жай бойынша иелерiне жеткiзiптi. Сөйтiп, әйелдiң жетiмдер үйiне жiберiлген ұлы мен қызын туыстары iздеп тауып алып, бауырларына басып асырап-баққан екен.
Ажал жетпесе адам тамұқтан да аман шығады емес пе?!. Жетi-сегiз жыл отырып, шүкiр, ол жақтан аман оралғандар да аз болмаған. Көпшiлiгiнiң тiрi қалған балалары бүгiнде әр түпкiрлерде аман-есен тiршiлiк етуде. Талайы әупiрiмдеп оқып бiлiм алып, ерiнбей еңбектенiп жүрiп, өздерi балалы-шағалы болып, бүгiнгi қоғамда өздерiне лайықты орындарға, қадiр-құрметке ие болуда. Кешегi азап шеккендердiң бүгiнгi үрiм-бұтағы – кезiнде шама-шарқынша көмек көрсеткен жергiлiктi тұрғындарға, қазақ халқына ықылас-пейiлдерi мен қамқорлығына зор алғыс бiлдiредi. Көпшiлiгi «АЛЖИР» мұражайына барып әдiлеттiлiк үшiн жасап жатқан бүгiнгi жұмыстары мен қызметтер үшiн шын көңiлдерiмен рахмет айтуда.
Осы тұрғыда, музей қызметкерлерiнiң «Алжир» тұтқындарының бала-шағасын кешегi кеңес одағы көлемiндегi жерлерден талмай iздестiрiп, тапқандарының естелiктерiн жинастырып, «ұрпақтар ұмытпайды» деген атпен көлемдi, деректi кiтап шығарғанын атап өту керек. Естелiк кiтапта елуге жуық автор өздерiнiң жүрекжарды ойларын айтып, шынайы тiлектерiн жазып қалдырыпты.
Маған осы кiтаптағы (жоғарыдағы мысалдарға қосымша ) «Алаш» ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың немересi – Евгений Бөкейхановтың қазақ елiне, өз ата-бабаларына арнап жазған өлеңдерi ерекше әсер еттi.
Встреча со степью
…Степь предков, без конца и края,
Неярок твой пейжаз и прост.
Но что-то в памяти всплывает…
Какой-то с прошлым вечный мост.

Я – правнук тех, что здесь топтали,
Полынь копытами коней,
Родились, жили, умирали,
Став жизнью нынешней моей.

Я прожил жизнь свою в России,
А эта степь, она из снов,
Где я – частица неба сини
И этой желтизны холмов…
Осы жолдарының өзiнен-ақ, автордың жан-дүниесiнiң қазақ даласымен жақындығын, түсiнде көргендей жадында сақталғанын ұғыну қиын емес. Ал «Дед Алихан» деген өлеңiндегi мына бiр жолдар да ерекше толғандырады…
…И вот, я степь у Каратала.
Впервые в жизни увидал,
И это больше мне сказало,
Чем я узнал и прочитал.
Она лежала без предела,
В скупой, суровой красоте,
И вот тогда я понял деда –
Нас с ним объеденила степь,
Та степь, откуда все мы родом родом,
Чьим сыном был мой дед –
Степняк».
Мiне, мамандығы инженер, Ресейде туылып, Мәскеуде бiлiм алған, орыс әйелден туған, Қазақстанның абақтыларында бұрын болмаған, бiрақ есейгенде атасының туған топырағына келiп, рухына тағзым еткен, өз ұлын осы сапарында ерте келген Евгенийдiң – жүрегiн жарып шыққан, шынайы сезiмге шүпiлдеп тұрған өлеңдерiне қалайша риза болмассың! Оның алпыс екi тамырында атасы, мұқым қазақтың ардақтысы болған Әлихан атасының қаны тулап жатқаны қандай ғанибет! «Қанына тартпаса қараң қалсын», деген нәрсе лағнет емес, үлкен тiлек пен үмiт басым мұнда. «Атадан ұл туса игi, ата жолын қуса игi» деп тiлек тiлеген халықпыз ғой.
Сөз басында «Сiз «Алжирде» болдыңыз ба?» деп жұртқа сұрақ қойып едiм. Себебi, өз басым сол мұражайға бiр кiрiп-шыққаннан соң осыншама ойға қалдым. Сiз де барып көрiңiз.

Кәмила Құдабаева,
жазушы, Халықаралық В. Пикуль атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты.

Сізге де ұнауы мүмкін

Балалықты сағыну және тағдыр сыны
ҚҰМЫРСҚАНЫҢ КӨЙЛЕГI

Автор

Меню