Жасы бiразға келсе де тұрмысқа шықпаған құрбым бар едi. Сол құрбым жаңа жыл қарсаңында «тұрмысқа шыққалы жатырмын», – деп қуандырған болатын. Артынша хабарсыз кеттi. Той әлегiмен әуре болар деп мен де мазалай қоймадым. Бiр күнi телефоныма хабарласып ала алмаған соң «өтiнемiн, бiздiкiне келшi, жаман болып отырмын» деп хат жолдапты. Оптимисттiк көзқарастағы құрбым тiптi несиесiн төлей алмай қиналғанда да бұлай жазбаған, не болды екен? Хабарламаны оқи сала кешкiсiн үйге емес, құрбымдыкiне тарттым. Жатақхананың бiр бөлмесiн жалдап тұратын. Есiк қоңырауын ұзақ басып тұрып қалдым. Әлден соң шашы удар-дудар, көзi iсiп кеткен құрбым есiктi ашып менi құшақтап үйге кiргiздi. Қашанда тазалықты сүйетiн құрбымның бүгiнгi кейпiн көрiп таңқалдым: төсек-орны жиналмаған, үстел үстiнде үш-төрт күннен қалған қалдық тамақтар үйiлiп тұр. Киiмдер де ретсiз шашылып жатыр.
Бiрақ, оның бiрiне қымсынатын емес. Құрбым: «шай қойып келейiн», – деп, ақ шәйнектiң құлағын көтерiп шығып кеттi. Қарап отырмай мен де төсектi қағып-сiлкiп жинап, столды тазалауға көштiм. Столды жиып бола бергенде құрбым да ысқырған шәйнектi ұстап кiрдi.
– Ой, кешiршi, жағдайым болмай жүр, – деп қысыла сөйлеген құрбым тоңазытқыштан анау-мынау алып дастарханға қоя бастады.
Терезеге жақындап орындыққа отыруға ыңғайланған мен стол астында жатқан қағазды iлiп алып, терезеге қойғалы жатқам, бiрақ, қағаз аурухананың қағазы болғандықтан, «не болып қалды екен?» деген әуестiгiмдi жеңе алмай, көз жүгiртiп оқи бастадым. Алғашқыда түсiнбей қайталап оқыдым. Иә, құрбым түсiк тастапты. Маған таңдана қараған ол: – Бәрiн басынан бастап айтайыншы, iшiм өртенiп барады, – дедi. Дастархан басына жайғасқаннан кейiн бiресе жылап, бiресе күлiп өз өмiрiнiң қиындықтарын бөлiстi. Ары қарай құрбымның сөзiмен сөйлесек…
***
Мен оңтүстiкте туып өстiм. Жоғары сыныпта оқып жүргенде анам қайтыс болып кеттi. Ағам бiздi жетiмсiретпейiн деп қайтадан тез үйленген болатын (әкемдi аға деймiн.) Бiрақ, нағыз жетiмдiктi бiз сол өгей шешем түскен күннен бастап көрдiк. Жалғыз iнiм болды. Екi жылдың iшiнде екi бала тапқан ол баласын емiзгенi болмаса барлық жұмысты маған iстететiн. Тiптi түнде баланың астын құрғату да менiң мойнымда, әкем жуас жан. Көрiп-бiлiп жүрсе де қарсы бiр нәрсе айтқан емес. Өгей шешем мен мектептi аяқтай салысымен жақын жерден маған күйеу қарай бастады. «Бiзге көршi боласыңдар, ағаң да (әкең) көз алдыңда болады», – деп сумаңдаған шешем үй шаруасына менi өмiр бақилық малай жасағысы келген сияқты. Бiрде ағам алыс туыстар қайтыс болып, сол жақта қалып қойды. Арам ойын бiрден iске асыруға талпынған өгей шешем жас шамасы қырықтан асып қалған қырма сақалды бiреудi ертiп келдi. Түнiмен отырып үгiт-насихат жүргiздi, ол табыскер екен, алғашқы әйелi оңбаған жүргiш бiреу болған, осыған тисем маңдайым жарқырайды екен. Ағама да көлiк әпередi екен. «Жеке кәсiбi дөңгелеп отырған дәулеттi жiгiтке қыздар таласып тұрып тиедi», – деп сөзiн аяқтаған шешем «ендi сен де ыңғайлана бер» дегендей анаған көзiн қысып тұрып кеттi. Iле орнымнан атып тұрған мен өлiп қалсам да байға тимейтiндiгiмдi айттым. Көнбеген менi тiптi бөлмеге қамап қойды, терезеден секiрiп шыққан мен сынып жетекшiмнiң үйiне түн жарымында келдiм. Еңiреп жылап тұрған менi көрiп сынып жетекшiмнiң көзi атыздай болды. Мен ол кезде жеке куәлiгiмдi алып қойған едiм, жасым он сегiзге толуға екi ай қалған. Сондықтан, заң орындарына барғанымен еш нәрсе шығарып дәлелдей алмадық. Әкемдi алдап-сулап сенiмiне кiрiп алған өгей шеше ақырында менi үйден қуып шықты. Шымкентке келдiм, барар жер, басар тауым жоқ болғандықтан сыныптасымның әпкесiнiң үйiнде тұрдым. Жақсы адам сияқты көрiнген, кафеге даяшы болып жұмысқа тұрдым. «Өз тамағың мен киiмiңе ақша тапсаң болды, сенен ақы алмаймын», – деген әпкесiнiң де iшкi есебi бар екен.
Жаңа жыл қарсаңы болатын, ауылға барып iнiмдi көргiм келдi, қатты сағындым. Аздаған жиған ақшама iнiме, ағама, ағамның екiншi некесiнен туған бауырларыма бiр нәрселер алып бардым. Барғаныма екi күн өтпей жатып Анар әпше (сыныптасымның әпкесi) звандап шақырып алды. Үйге келсем, Анар әпше мен тағы бiр орта жастағы әйел отыр екен. «Жаным, күнiм» деп отырып, менi өз ұлына айттырғалы отырғандығын жеткiздi. Суретiн де көрсеттi, бойы ұзын, келбеттi жiгiт екен. «Мынадай әдемi жiгiтке қалай қыз қарамайды, неге менi таңдады?» – деп iшiмнен ойласам да келiсiмiмдi бердiм, бермеске амалым жоқ едi. Анар әпше қашанғы менi үйiнде ұстасын. Солай Бәйдiбек ауданына өз аяғыммен бiреуге келiн, бiреуге жар болуға бардым. Барғаныма өкiнемiн деп ойлаған жоқпын. «Болашақ күйеуiң сыртта жүр дегендi желеу етiп, беташардан кейiн бiр-ақ көресiң», – дедi. Кеш батты, шымылдық iшiнде отырған едiк, есiк жақ тарпылдап кеттi. Екi жiгiт иық тiрестiрiп бiрге кiрдi. Шыққыр көзiм көрмей-ақ қойса болар едi, күйеуiм даун синдромының ауыр түрiмен ауыратын болып шықты. Бiреу жетектеп жүрмесе өз бетiмен жүре алмайды, тамақты да қасықпен беру керек. Таң атқанша жылап шыққан мен таң атысымен бiрiншi автобуспен Шымкентке келдiм. Қалтамда бар-жоғы он мың теңгедей ақша бар. Одан Алматыға келдiм. Бiрақ, қайда жүрмейiн арымды сақтадым. Алматыға келген соң алғашқы күндерi вокзалға түнеп жүрдiм. Бiр күнi бiр апай жаны ашып, бiр дүкенге алып келдi. Сол жерде қона жатып, сауда жасадым. Аяғыма тұрған соң, пәтер жалдап саудаға шықтым. Кейiн базардан өткен суық шекемнен шығып, осы жұмысыма ауыстым.
Бiр күнi асығыс таксиге отырайын деп қолымды көтергем. Жаныма қара түстi шетелдiк көлiк тоқтады. Алдына отырғызып алған жiгiт жол бойына ана-мынаны сұрап танысып алды. «Екi мыңға майдам жоқ», – деп телефон нөмiрiмдi сұрап алды. Ертесi байырғы танысындай өзiмсiнiп хабарласып тұр. Ешқандай жiгiтпен жүрiп көрмеген мен байқұс оның тәттi сөздерiне басым айналып қалды. Қарапайым жiгiт, күзетшi болып iстейдi. Қолы боста жеке көлiгiмен адам тасып нәпақасын айырады. «Ата-анам кәрi, мен ғана жұмыс iстеймiн, сондықтан ақшам жетпейдi», – дейтiн. Мен оған сенiп: «анаңа апарып бер», – деп азық-түлiк әперiп жiберетiн едiм. Өйткенi, ол менiң сенiмiме кiрген. Екеумiздiң жүрiп жүргенiмiзге алты ай болғанда аяғым ауырлады, ол кезде Мақсат түбегейлi менiң үйiме көшiп келiп алған болатын. Мақсат қуанған сияқты болды, бiрақ, заңды некеге тұруды кейiнге шегере беретiн. Бiр күнi жұмыстан келсем бөлменiң алдында бiр баланы жетектеп, бiр баланы құндақтап алған жас келiншек тұр. Маған келген екен, бөлмеге кiрдiк. Сөйтсем, Мақсатым нағыз өтiрiкшiнiң өзi болды. Екi баланың әкесi екен. Мақсат менi ата-анасымен, тiптi бiр туысымен таныстырып көрген емес. Ана келiншек дәлел ретiнде той суреттерiн де ала келiптi. «Екi баланы жетiм етемiн десеңiз, өзiңiз бiлiңiз», – деп бiр-ақ ауыз сөз айтты. Бiр ауыз сөз өмiрiмнiң күл-талқанын шығарады деп кiм ойлаған. Өзiм жетiмдiктiң азабын бiр кiсiдей бiлемiн, ендi кiнәсiз балаларды әкесiнен айырғым келмедi. Мақсат келгенде жүктерiн жинап есiк сыртына қойған едiм. Бәрiн түсiнген сияқты, үндемей кетiп қалды. Тiптi телефон нөмiрiн ауыстырып тастаған. Ал, мен… баланы дүниеге әкелгенде кiм қарайды, тағы бiр жетiмнiң санын көбейтемiн-ау босқа деп iшiм қан жылады. «Мақсаттың ұрпағы ғой, далаға тастамас» деп баланы туып соларға жаздырмақ болдым. Бiрақ, бiр күнi құдай азабымды жеңiлдетейiн дедi ме, жолда байқаусызда көлiк қағып кетiп, баланы түсiрiп алдым. Мiне, осылай тағдырымның басы-аяғы жоқ шырмауық болып кеттi. Анам өмiрден қайтқанда бағым бiрге кеткен екен. Қазiр мен есiк көрген, бала көтерген келiншекпiн, ешкiмге керексiз… Жо-жоқ сөзiмдi бөлмешi, тiптi өмiрге деген құлшынысым қалмапты…
***
Бiраздан берi таныс болсақ та, құрбымның басынан осынша оқиға өткенiнен хабарсыз болғаныма налыдым. Егiле тыңдап, мән-жайды түсiнiп, құрбыма қалай көмектесемiн деп ойлаған мен ертеңгi бiрiншi шаруам – оны таныс психологқа апару болсын деп шештiм.
Түнiмен таныс психологтың нөмiрi ауысып кеткендiктен таныстардан сұрастырып әрең тапқандай болғам. Онда да жұмыс нөмiрiн, ертесi сағат тоғызды әрең болдырған мен психологтың жұмыс нөмiрiне қоңырау шалдым. Көмекшiсi жазылу тек келесi айға жүзеге асатынын, отбасымен демалысқа кеткендiгiн сыпайы түрде жеткiздi. Қап, ендi қайттiм… Бiрақ, жұмыс аяқтала салысымен тағы құрбым тұратын ауданға тарттым. Бұл жолы есiктi ұзағырақ қағып тұрып қалдым, ұялы байланысына шықанымда бүгiн жұмысқа шығып кеткендiгiн, үйге жетiп қалғандығын асыға айтып шықты. Көп ұзамай құрбым да көрiндi, кеше байқамаған екенмiн: бiраз азып кеткен. Жымиған түр танытқанымен, арғы жағы мұңды көзқарас…
Баладан айырылғаннан кейiн бiрақ түсiндiм… Кiшкене болса да жыбырлап жалғыздығымды бiлдiрмейтiн едi… Баладан айырылғаннан кейiн екi-үш күн өткен соң ғой деймiн, Мақсат қоңырау шалды. Кездесуге әйелi екеуi бiрге келiптi. Шағын дәмхананың түпкiргi жағында отырдық. Екеуi маған қарама-қарсы отырды. Мақсатта үн жоқ, төмен қарап отырды. «Құрбым», – деп бастады сөзiн келiншегi. Бiз Мақсат екеумiз ойлана келiп баланы жетiмсiретпейiк, қанша дегенiмен Мақсаттың қаны ғой деп егер келiссең баланы өзiмiзге асырып алуға шешiм шығардық. Мақсаттың екiншi әйелi етiп алуына да қарсы емеспiн.. Әрине, әйел ретiнде маған мұндай шешiм қабылдау ауыр. Бiрақ, Мақсаттың көз алдымызда солып бара жатқанын көру мен үшiн одан да ауыр. Негiзi Мақсат менi аяғаннан кейiн үйленген болатын. Менiң аяғым ауырлап қалды бiр тұрақсыз жiгiттен, ағаларым бiлсе өлтiретiн едi, не iстерiмдi бiлмегенде осы Мақсат тығырықтан шығар жол тауып уақытша үйленген едiк. Сезiмге берiлiп екiншi сәбиiмдi дүниеге әкелдiм. Сондықтан Мақсат қайда барамын десе де мен ұстап тұра алмаймын, – дедi. Келiншегi бiр рет аяғын шалыс басса да ақылды екен. Сол жерде соңғы сөзiмдi айттым, «мен ешқашан екеуiңдi айырмаймын» дедiм. «Егер сәби болғанда мүмкiн екiншi әйел болар ма едiм. Бiрақ Алла өзi қаламаған сияқты бiрге болуды, баладын айырылдым». Баладан айырылғанымды бiлгенде Мақсат та, келiншегi де күйзелдi. Расымен де жаны жайсаң адам екен. Келiншегiн шығарып жiберiп, Мақсат әбден жалынды. Барлық жағдайыңды жасаймын деп. Арым жiбермедi бiлесiң бе, екiншi рет балапандардың көз жасынан қорықтым. Ал бүгiн не болғанын бiлесiң бе? Бүгiн мен кассир болып iстейтiн ауруханаға бiрiншi күйеуiм келiптi. Әрине қасындағылардың сүймелдеуiмен ғой. Анасын көлiк қағып қайтыс болған екен. Баласын туыстары мүгедектер үйiне өткiзуге әкелiптi. Бiздiң ауруханада зерттеу қорытындысын тез беретiн болғандықтан келiптi. Жаным ауырды, шешесi баласын мүгедек болса да жақсы көретiн едi. Бұл жағдай ауыр психологиялық салмақ болды…
Азырақ әңiмелескен соң бiз қоштасып, мен үйiме қайттым. Шет елден қайтқан таныс психологтың қабылдауына құрбымының нөмiрiн жазып, өзiм күйбең тiршiлiкпен алысып, бiраз уақыт хабарсыз кеттiк. Бiрақ бiр күнi аяқ астында келген хабарламада «тұрмысқа шыққалы жатырмын» деген жазуды оқып бiр қуанып, бiр шошып қалдым. Жұмыстан кейiн жатаханаға қарай жедел аяғымды нығыздай баса жеттiм. Құрбым күлiмдей қарсы алды: «жаңа махаббат хикаясын тыңдауға әзiрмiсiң?» Әзiр екендiгiмдi бiлдiрiп басымды изей түстiм. Сен таныстырған психологке көрiнген соң өзiмдi мықтап қолға алуым керектiгiн түсiндiм. Өзiмдi қолға алып жұмысымды жiгерлене атқарып жүрген едiм. Бiр күнi үйге iшкi iстер бөлiмiнен хат келiптi. Менi қаққан машина иесiне үлкен көлемде айыппұл төлетпекшi екен, ал мен барып арыз жазуым керек. Шынымды айтсам зауқым болмады, бөлiмге барып, арыз жазбайтындығымды, ешнәрсе талап етпейтiндiгiмдi айтып кеткен едiм. «Не үшiн, не себептi» деп тықақтаған сержант ақыр аяғында «баладан құтылғысы келiп, көлiкке өзi жүгiрдi» деген хаттама толтырып алыпты. Психолог жәйiне қалды күнде жүгiрiс, саған хабарласқанда телефоның өшiп тұрды. Кейiн бiлдiм ғой шет елде iс сапарда жүрiпсiң. Ақыр аяғында жазатайым оқиға екендiгiн дәлелдеп жатып, әрең құтылдым ғой. Бiрақ сенбейсiң менi қаққан жiгiт екеумiз бiрге бөлiмге барып, келiп жүрiп қалай жақын адамға айналып кеткенiмiздi сезбей қалыппыз. Ол ажырасқан, сол күнi әйелi тастап кеткен екен. «Машинаны қатты айдаған себебiм сол едi» дейдi. Бiр жамандықтың бiр жақсылығы болатындығына сендiм… Иә, мен бауыр етiмнен айырылған шығармын, бiрақ бақытымды таптым… Үнсiз тыңдаған мен құрбымды ақырын құшақтап «сен бақытты болуға лайықсың» деп сыбырладым. Көзiне жас толған құрбым күлiмсiрегiсi келген едi, алайда жылап қоя бердi. Шырмауыққа толы өмiр сүрген құрбымның жақында тойы…
Аида Кожмамбетова