Шер тарқатсам деп едiм…

Шер тарқатсам деп едiм…

Менiң сiздермен сыр бөлiскiм келедi. Себебi, күйiгiм iшiме сыймай барады. Есiмiм Раушан, 2011 жылдың 7-сәуiр күнi мемлекеттiк мекемеге iс жүргiзушi болып жұмысқа тұрған едiм. Менi жұмысқа қабылдаған кiсi 3 айдан соң басқа жаққа ауысып кеттi де, орнына басқа әйел адам келдi. Басында жұмыстастардың бәрiмен де жақсы араластым. Жасы 40-тағы Сабина есiмдi әйелдi апамдай көрiп, дос санап, әрiптес ретiнде сыйлап жүрген едiм. Ағымнан жарылып қолымдағыны сол кiсiмен бөлiсiп жүрдiм. Содан сол әйел менiң мiнезiмнiң тым жайлы екенiн бiлiп алса керек, ерсi қылықтар көрсетiп басына бастады. Адам санасына қонбайтын ара-қатынасқа нүкте қоюға тырысып мен де қашқақтадым. Содан бастап ол да менiң басқан iзiмдi аңдып, болмайтын кемшiлiгiмдi көрiп қалса жүгiрiп барып директорға айтады, бiрте-бiрте директор да маған тиiсетiн болды. Мән бермегенсiп жұмыс жасап жүре бердiм. Тiптi директор мен iс жүргiзушi болып жұмыс жасап жүрген кезiмде үйiне шақырып үйiнiң ауыр тiрлiктерiн iстеткiзетiн. 40 градус ыстықтың астында бiр күнде 9 палас жуғанымды қалай ұмытайын. Дәл сол күнi оны жұмыстас Асылхан есiмдi жiгiт бастығымды үйiне көлiгiмен жеткiзiп салғанын айтсаңызшы. Қатты намыстанып, директорға айтып ренжiгенiмде ол қарқылдап күлдi. Сонда да менi сыйлаған жоқ. Сонда момындығымды қарасаңызшы, Сабина есiмдi әйелдiң сөзiне ерген директор да менiң басыма шығып алыпты ғой. Болмайтын нәрсеге бола сүйектен өтетiн ауыр сөздер айтып, менi шеттететiн. Ол аздай, директордың орынбасарын да маған қарсы қойып қойды. Сабина екеуi бiрiгiп директорға кiрiп жүрiп, менi айлығы аз төмен лауазымға түсiрiп тастады. Басында бәрi жақсы едi, қалайша мынандай болды деп өзiм де таң қаламын. Директор маған ұрысса, Сабина есiмдi әйел ләззат ала ма, бiлмеймiн…
Зал көрсетушi қызметiне ауысқаннан кейiн айлығымды қиса да батыр қыз болып-ақ бәрiне шыдап жүре бердiм. Бiрақ, Сабина маған ендi Айсара есiмдi кәсiподақ төрайымын айдап салды. Ол менiң нешеде жұмысқа келетiнiмдi, нешеде шығатынымды аңдып отыратын болды. Бiрде түскi үзiлiсте «бiзбен бiрге жүр» деп ертiп алып шығып, көптiң көзiнше болмаған оқиғаны болғандай етiп айтқанда таңқалдым. «Кеше тойда Мақсаттың жағынан тартып жiберiпсiң ғой, ол сенi биге шақырыпты ғой», – деп күлмесi бар ма. Бiреу үстiмнен мұздай су құйып жiбергендей болды. Мен де адаммын ғой, қатты намыстанып жыладым, жұмысқа келiп директордың орынбасарына болған жайтты баяндап айтып бердiм. Қараптан-қарап жала жапқан әйелдi шақырып айтып едi, сол-ақ екен шу шығарып, бүкiл дәлiзге естiлетiндей етiп: «жиналысқа саламын», – деп айғайлады. Ақыры айтқанында тұрып, ертесiнде жиналыс жасап, менi масқаралап, адами қасиетiмдi қорлады. «Құзырлы органда көкем бар деп айттың маған», – дейдi. Менiң шындап келгенде ешкiмiм де жоқ. Мен сол кезде өз құқығымды қорғап тәртiптiк кеңеске немесе сотқа арыз жазғанымда болатын едi, өзiмнен де қателiк кетiптi. Арыз жазсам, бұлар бәрi жабылып менi бұл мекемеде жұмыс iстетпейдi деп ойлағанмын. «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң» демекшi, көрерiм әлi алда екен.
Желтоқсан айының бiрiншi күнi жұмысқа келiп, залдың шаң жерлерiн шүберекпен сүртiп шықтым да, отыратын жер болмаған соң пеш қосып орындық әкелiп отырдым. Бiр уақытта ұялы телефонымды қалдырып қолымды жууға шығып кеткенiмде смс хат келiп түсiп, музыка ойнаған ғой. Сол күнi кезекшi болған Айман менi музыка тыңдап отыр деп ойласа керек, залға кiрер-кiрместен жәй айтудың орнына дөрекiлiкпен айғай салды. Мен кешiрiм сұрап, смс хат келгенiн айттым. Алайда, Айман ұрыс шығарып, ақыры сөзге келiп қалдық. Мен бұл музыка емес, ұялы телефонға келген смс хаттың қоңырауы екенiн түсiндiрмекшi болған едiм, онымнан түк шықпады.
Түскi үзiлiстен кейiн жұмысқа уақытылы келдiм. Ұялы телефонымның қуаты азайып бара жатқанын байқап тоққа қостым. Екi-үш сағат өткен соң тоқтан алып, сағатқа қарасам, 18.40 екен. Яғни жұмыс уақытының бiтуiне 20 минут қалған. Көңiлдi отырған мен шамалы уақыт өтсiн деп ұялы телефонымнан қазақша ән қосып қойып отыр едiм, Сабина жетiп келдi. «Музыканы неге қосасың, өшiр», – деп қасымда тұрған тоқ пештi бiр теуiп, бас салып қос қолдап басымнан, бетiмнен, көзiмнен ұра бастады. Мен тiптi тұрып қашып та үлгере алмадым. «Неге соншама қатты ұрасыз, жазығым музыка қосқаным ба сонда?» – дедiм. «Иә, музыкаңды өшiр», – деп тағы да жұдырықтап ұра бастады. Отырған орындығымды тептi.
Мекеме мемлекеттiк болған соң құқық қорғау саласының қызметкерлерi күзетте тұратын. Сол күнi күзетте тұрған Нұрсұлтан есiмдi азаматтан көмек сұраған едiм. Бiрақ, ол маған көмектеспек түгiлi күлiп қарап тұрғанымен қоймай, ұялы телефонының бейнекамерасына түсiрiп тұрды. «Ең болмағанда мемлекеттiк мекеменiң iшiнде тәртiп бұзбаңдар деп арашаламадың ба?» – деймiн ғой жылап отырып. Сөйтсем ол: «Сенiң ойбайлап жылап таяқ жеп жатқаныңды ғаламторға жүктеп саламын, өзiңдi сол жақтан көретiн боласың», – дедi. Мен де: «жiбере бер, менi кiм таниды дейсiң, атақты адам емеспiн», – деп ызаландым. Үйге қайтайын деп киiне бастасам, басым айналды, құсқым келiп, әжетханаға бара жатқанымда Сабинаның Айманға қалай менi ұрғанын айтып жатқанын естiдiм. Ешкiмнен қайран жоқ екенiн түсiнiп, үйiме қайтсем де жетемiн деп қабырғаға сүйенiп жүре бердiм. Есеңгiреп қалдым. Сыртқа әзер жетiп, тағы құстым, «жедел жәрдем» қажет екенiн түсiнiп, телефон арқылы өзiм шақырдым.
Мен жылап отырғанымда «жедел жәрдем» де келдi. Қалалық ауруханаға әкелiп, басымды ренгенге түсiрдi. «Миы шайқалған» деп облыстық ауруханаға әкелiп, сондағы нейрохирургия бөлiмшесiне жатқызды. Бiздiң мекеменi қарайтын бөлiмшелiк полиция кешкiсiн келiп, арыз жазбауымды сұрады. «Маған үш күн уақыт берiңiз», – деп едiм, «жоқ» деп менi шешiм шығаруға асықтырды. Сол жерде арыз жазуыма болатын едi. Бiрақ, менi ұрып-соққан әйел, ұялы телефонға түсiрген күзетшi мен оның командирi келiп кешiрiм сұраған соң қатыгездiк таныта алмадым. Емделуге кететiн шығындарды есепке алмастан, «бiр ұжымда iстеймiз ғой» деп қазақылыққа салынған едiм. Бұл менiң момындығым ба, әлде ақымақтығым ба? Ендi маған қол көтермесе болды деп қорыққан да шығармын. Бiр жағынан әлгi әйелдi аядым да. Өзiңдi аямаған адамды қалай аядың десеңшi.
Ертеңiнде бас дәрiгер тексерiп: «басыңды МРТ-ға түсiр, дәрiлерiңдi алып iшуiң керек», – дедi. Содан әлгi менi ұрған Сабинаға хабарласып, телефон арқылы дәрi сатып алу керегiн айтқан едiм. Ол тәубасына келудiң орнына «сен менi кешiргенсiң, бар айда», – дедi. Төбемнен жай түскендей болды. Бiр жетiден соң ауруханадан шықтым да, тағы хабарластым. Ол әйел ат-тонын ала қашты. «Жұмыс орнында кiсi қолынан алған ми жарақаты бар» деген қағазым бар, кешiрiм бергенiмдi ұмытып Сабинаның үстiнен арыз жазбақшы болдым. Сол кезде әлгi ұялы телефонға түсiрiп тұрған полиция қызметкерi мен оның командирi жұмысыма хабарласып: «мына қызға арыз жазбаңдар деп айтыңдар, әйтпесе, сендер бұл қыздың үстiнен арыз жазасыңдар», – деп коллективтi түгел тiрек пунктiне шақыртты. Шындап келгенде менiң не жазығым бар? Менiмен директордың орынбасары Жәудiр апай жәймен сөйлестi: «бiр адам үшiн бәрiмiзге кiр келтiресiң, қайта кiрер есiгiңдi қатты жаппа», – деп ақыл айтқан болды. Үлкен басымен алдыма келiп отырған соң, әрi басшым ретiнде сыйлағаным болар, айтқанына көндiм. Ол кiсi: «екеуiңдi екi жаққа ауыстырамын», – деген. Сөйтiп тағы да сенiп қалдым. Сабина МРТ-ның ақысын төлейтiн болып келiскен. Бiрақ, оны да бiр ай өткен соң бердi. Ал, дәрi-дәрмектiң шығынында есеп жоқ. Бiр айдан соң жұмысқа шықтым. Оның да, менiң де жұмыс орным өзгермедi. Қасыма келiп баяғы әңгiмесiн қайта қоздырды. «Мен де күйеуiмнен талай таяқ жедiм, бiрақ сен сияқты ми жарақатын алғаным жоқ», – деп қарап тұр. Содан мен оның үстiнен арыз жазып, басшылыққа бардым. Ондағы ойым – қатаң сөгiс алса дегенмiн. Қайда, менi адам құрлы көрмедi.
Жұмысқа жаңадан келгендер де бұл жайттан хабардар болып үлгерiптi. «Бiрдеңе болса, арыз жазам десеңшi», – деп менi мазақ етедi. Одан қала берсе, оларға Сабина: «Менен қатты қорқады. Мен оны ұрып ауруханадан бiр-ақ шығардым, менен қорыққан соң арыз жазбады», – деп мақтаныпты. Дәл солай деуге Алладан неге қорықпады екен. Арызды жазбай жеккөрiнiштi болғанша, жазып жеккөрiнiштi болуым керек едi. Бұл оқиғаның мен үшiн қаншалықты ауыр болғанын сөзбен айтып жеткiзе алмаймын. Жанымның тыныштығын қалаймын, ал ол болса, менi пышақтап тастағаннан басқасының бәрiн жасады. Әртүрлi еркектерге бейтаныс нөмiрлерден маған телефон шалады. Сыртымнан жамандап, «кемiс» деп айтып отыратынын да естiдiм. Менi бiр жансыз қуыршақ көредi. Мен бұл хатты жылап отырып жаздым. Күнде жылап ауру болатын шығармын. Көп жүрсем, басым ауырады қазiр. Қысқасы, жұмыстан психологиялық қысым көрдiм. Құрбыларымның өзi «сен қатты өзгерiп кеттiң» дейдi. Ендi ше, әлгi әйелдiң iстегенiн iштей кешiрсем де, әлi күнге өзегiмдi өртейдi. Мүмкiн сот алдында кешiрiм сұратқанымда ендiгi басқаша болар ма едi. Тiптi өз-өзiме қол жұмсағым келген уақыттар да болды. Бұл оқиғадан соң арада жыл өтсе де, әлi күнге арамыздағы араздық басылар емес.
Менiң ата-анам қайтыс болған, кiшкентайымнан жетiм өскен қызбын. Дұшпаным мазақтап, достарым аяушылықтан ары аса алмай, азабын өзiм ғана тартып келе жатқан қызбын.
Айтпақшы, арыз жазбадым деп өкiнiп жүрсем, жұмыстағылар менiң үстiмнен өздерi хаттама толтырып та қойыпты. Оқиға Сабинаның баяндауы бойынша былай болыпты: Мен музыка қойып, залды би алаңына айналдырыппын. Ол «музыканы ақырын қой» деп сұрапты да, ал мен оған жаман сөздер айтыппын. Ағаларым үлкен қызметте iстейтiнiн айтып қорқытыппын да. Менiң ешкiмiм де жоқ, көрде жатқан әке-шешеме барып айтпасам, кiмiме айтамын. Оған қоса «жұмысқа кешiгiп келдi» дептi, «сол күнi кезекшiлiкте тұрған полициямен сөз қағыстырды» дептi. Қысқасы, бәленiң бәрi менде екен.
Ол аздай кезектi еңбек демалысына шыққанымда еңбекақымнан 12700 теңгенi – МРТ-нiң ақшасын ұстап алып қалыпты. Бұны iстетiп отырған тағы да Сабина. Өйткенi, есепшi – оны жақын туысы. Сөйтiп оның қалтасынан шығын да шыққан жоқ. Мен дәл осындай шеттету мен кемсiтулердi еш жерден көрген емеспiн. Неге менiң орныма өздерiн қойып көрмейдi. Жұмыстан шығайын десем, бiр емес, екi несием бар банк алдында. Не iстесем болады? Қандай ақыл айтасыздар?
Раушан.
2014 жыл қараша

Редакциядан: Қызылорда қаласынан осынау хатты жазған оқырман Раушан деп есiмiн өзгертiптi. Раушан өзiнiң тұрғылықты жерiн де көрсетпеудi сұраған екен. Тiптi жұмыс iстейтiн мекеменiң атауын да көрсетпептi. Сондай-ақ, хаттағы кейбiр кейiпкерлердiң де аты-жөндерi өзгертiлiп алыныпты.
Раушанның 18 бетке толтырып жазған шерлi хатын оқи отырып, оның жаны күйзелiп жүргенiн байқадық. Егер баяндалған оқиғаның орын алғаны рас болса, онда Сабинаның өзiнен бiраз кiшi қызбен мұншалықты байланысуына не себеп болды екен? Қызметтестерiне қырын қарайтын қандай мекеме болды екен деп таңырқап отырғанымызды да қалай жасырайық. Ата-анасының мейiрiмiнен ерте айырылып, қамкөңiл жүрген бойжеткеннiң көппен араласа бiлмеуi де жұмысында керi әсер етiп жатқан болар. Әлде, шынымен де, жаны ашудың орнына қатыгездiк танытып, мазаққа айналдыруды жаны сүйетiндердiң бүгiнде көбейгенi ме?
Раушанға айтарымыз: басқалардың пiкiрiн жүрегiңе жақын ала берудi қойып, өзiңдi тәрбиелеуiң керек. Ол үшiн алдымен өзiң тұратын қаладағы бiлiктi деген психолог маманның қабылдауында болып, кеңес алғаның дұрыс. Бәрi де бiр күнде шешiле салмасы анық, төзiмдiлiк таныт.
2014 жыл қараша

Сізге де ұнауы мүмкін

Әншi Айгүл Қосанова: «Мойнымызда аманат бар»
Момынға да жар керек

Автор

Меню