Кәсiбiм-несiбем
Он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберi, ұлттық бұйымдар жасауды жанына серiк еткен талантты жiгiт Алмас МҰСТАФА – тек домбыра ғана емес, қазақ даласын әнге бөлейтiн алуан түрлi аспаптарды да жасап шығарады. Олардың қатарында жетiген, дауылпаз, даңғыра, қобыз сынды бiрнеше аспап түрлерi де бар екен.
«Ұлттық өнер ұмыт қалмаса деймiн…»
Ұлттық қолөнер бұйымдары ата-бабамыздан бiзге мұра болып келе жатқан теңдесiз жақұт дүниелер. Тек, кейiнгi кездерi тасада қалып отырғаны жанға батады. Мiне, осындай бiр уақытта ұлттық өнердi ұлықтаған шеберлердi көргенде қуанып қаламыз. Сондай жандардың бiрi – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылынан шыққан Алмас Мұстафа. Ол ұлттық бұйымдардың сан түрiн жасап қана қоймай, бүгiнде бiрнеше шебер жiгiттердi жұмыспен қамтып отыр. Оның бұл өнерге бет бұруы теген емес-тi. Өйткенi, ата-бабалары би, шешен, топ жарып iс шешетiн кiсiлер болған деседi. Туған атасы Мұстафаның өзi құймақұлақ, қисса, дастандарды жатқа айтып, елдi аузына қарататын жан болыпты. Тек, кеңес заманының қыспағынан ауыл арасында, ағайын-туыстың ортасында ғана танылыпты. Ал, әжесi де кесте тоқу, көрпе тiгу, киiз басу, құрақ құрау сынды заттардың iсмерi болған деседi. Одан бөлек, шешесiнiң нағашылары жетi атасынан келе жатқан зергерлер болған екен. Осыған қарап, Алмастың бұндай өнер түрiн меңгеруi заңды да сияқты. Дей тұрғанымен, оның бұйымдар жасауға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде ояныпты. Отарбаев Бақтияр, Күлипа деген ұстаздары мектеп қабырғасынан үйiрмеге қатыстырып, жан-жақтан өнердiң қыр-сырына үйретiптi. Мектеп бiтiрген соң, Алматы қолөнер колледжiне тапсырады. Бiрақ, алғашында оқуға түсуге мүмкiндiк тумайды. Ақылы оқуға намыстанып, өз күшiмен бiлiм грантын жеңiп алу үшiн барын салады. Еңбегi ақталып, үшiншi жылы Абай атындағы мемлекеттiк педагогикалық университетiне қолөнер мамандығына оқуға түседi. Онда атақты профессор Тұрдығұлов Жолаушы Әбiлғазыұлының шеберханасынан сабақ алып, саз аспаптар жасаумен айналысады. Ал, 2009 жылы оқу бiтiргеннен кейiн ректордың грантына ие болып, магистратураны жалғастырады. Магистратураның 2-курсын оқып жүргенде суретшiлер Одағының жанынан «ҒаламАрт» шығармашыл жастар клубын ашады. Ең алғаш сол клубтың арқасында 2011 жылы «Дала сазы» деген шеберхананың тұсауын кеседi. «Дала сазы» деп атауының да өзiндiк сыры бар екен. Өйткенi, ұлттық саз аспаптардың барлық түрi шығарылады. Мәселен, шертер, шiңкiлдек, бас домбыра, ұрмалы, соқпалы, шулы аспаптар дейсiз бе бәрi бар. Күнi бүгiнге дейiн жұмыстарын бiр сәтке де тоқтатпай, керiсiнше дамытқан үстiне дамытып келе жатқанын көрiп жүрмiз. Ғаламтор беттерiне өзiнiң жасаған туындыларын жариялап, көпшiлiктiң көзайымына айналып үлгердi. Осы тұста айта кетейiк, Алмас ендi қыз келiншектерге арналған айна, тарақ, бiлезiк, сырға, жүзiк сынды зергерлiк бұйымдарды да жарыққа шығарып жатыр. Келешекте, ата-бабаларымыз киген қарапайым қазақы киiмдердi, ұлттық сауыт-саймандар мен қару-жарақтарды да ойластырып жүрген көрiнедi. Сонымен қатар, биыл Қазақ хандығына 550 жыл толуына орай, өзiнiң барша халыққа арналған тартуын да жасап жатыр екен. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген сөздi ұстанып, 55 домбыра дайындап жатқанын да жасырмады. Сөздiң орайы келгенде, шеберден домбыраны қалай жасайтынын сұрап едiм: «Алдымен домбыраның сыртқы өрнектерiн қағазға түсiрiп, содан кейiн оны ойып, ағашқа түсiремiз. Бұл домбыралар негiзiнен үйеңкi, фарика қара ағашы, палисандра, қызыл ағаш, қайың, жаңғақ ағаштарынан жасалынады. Ең қымбат домбыраларға палисандра, африка қара ағашын пайдаланамыз. Одан музыкалық аспаптың даусы зорайып, әсiресе домбыраның үнi күмбiрлей кетедi», – дейдi. Ал қымбат домбыраларға ойылып салынатын өрнектердiң күрделiлiгiнде сөз жоқ. Олар қарапайым емес, кәсiби деңгейi жоғары эксклюзив домбыралар болады екен. Осы жылдың аяғына дейiн әзiрлеп, үлкен көрме өткiзудi жоспарлап отыр.
Өзi оқып жүргенде-ақ, ұйымдастырылып жатқан фестивальдар мен конкурстарда оза шауып, Қытай, Иран, Үндiстан сынды елдерге жолдамамен де барыпты. Өзiнiң айтуынша, өзге елдердiң өндiрiсiне қарап, көп тәжiрибе жинақтайтынын тiлге тиек еттi: «Қытайдағы өндiрiс маған қатты ұнайды. Олар бағаға да, сапаға да жұмыс жасайды. Егер жақсылап төленсе, жақсылап жасайды. Және Иранда мемлекеттiк бюджетiнiң 50 пайызы қолөнерден кiредi. Қолөнерге бөледi. Күзде 10 млрд доллары 50 млрд болып қайтады. Не үшiн бөледi? Иранның кiлемi, ыдыс-аяғы, миниатюрасы бүкiл әлем үшiн қызық. Соны жасап отырған қарапайым адамдар. Яғни, кәсiпкерлерге қолдау бар. Бiз де сондай импорттаушы елдер сияқты болсақ деймiн», – деп, арманымен де бөлiстi.
Қазақ «Болатын баланың бетiн қақпа, белiн бу» демей ме, Алмастың бойындағы талантына қолдау бiлдiрiп, шабытына шабыт қосатын атақ-дәрежелерi де аз еместiгiне көзiмiз жеттi. Мысалы, 2008 жылы «Серпер» мемлекеттiк жастар сыйлығының иегерi болса, 2009 жылы Түркiменстан астанасы Ашхабадта өткен «Ұлттық құндылықтар және әлем жауһарлары» атты халықаралық көрмеге қатысса, 2010 жылы Ресей елшiлiгi мен «Искусство будущего» халықаралық қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан Өнер аптасы» атты халықаралық көрме конкурсының тәжiрибелiк кескiндеме номинациясы бойынша 1 орын иегерi, дәл сол жылы Иран шаһары Горганда өткен «17-шi Халықаралық талантты жастар фестивалiнде» Мүсiн номинациясы бойынша 2 орын иегерi. Алмас Ресейдiң кәсiби суретшiлердiң шығармашылық одағына мүшелiкке енiп те үлгерiптi. Сөз орайы келгенде, шеберден жасаған дүниелерiнiң бағасын сұрап едiм: «Бiз жасап жатқан аспаптар бағалы әрi сапалы. Айына 60, 70, 100 аспап шығарамыз. Тапсырыс жазда мамыр, маусым, шiлде, айларында азаяды. Тамыз айында қайтадан тапсырыс беру басталады. Тапсырыстың ең қауырт кезi күз айлары, қыркүйек, қазан, қараша. Өйткенi сол уақытта мемлекеттiк сатып алу бойынша бөлiнген қаржыны игере алмай қалады да, жылдың соңында жұмсау керек болады. Жыл бойы қызғанып бермей отырған ақшаны саз аспаптарына деп бөледi. Сол кезде тапсырыс көбейедi. Бiрақ бәрiн орындап беру мүмкiн емес. Өйткенi бәрiн сол соңғы айларға жинап бередi. Қалған уақытта жеке тапсырыстар болады. Ортаңқол, әуесқой адамдарға арналған домбыралар сұранысқа көп ие. Олардың бағасы 20 000 теңгеден басталады. Ал сапалы кәсiби мамандарға арналған концерттiк домбыралар 600 доллардан басталады. Одан ары 2-3 мың долларға дейiн барады» деп, жасырмай айтып салды. Сөз соңында, Алмас өзiнiң асқаралы армандарымен де бөлiстi. «Келешекте, үлкен сауда орталықтарында балаларға арналған аспаптар сатып ала алатындай қолжетiмдi еткiмiз келедi. Айтарлықтай өнiмдi көбейтiп, сапаны ұстап қалсақ деген ойымыз бар. Қазiр дайындық үстiндемiз. Болашақта садақ жасаумен айналыссам деген ойым бар. Өйткенi, домбыра сияқты, садақ та әр үйдiң шаңырағында болуы керек. Өйткенi бiз батыр елмiз. Елiмiз бен жерiмiздi сол садақпен қорғаған ата-бабамыз. Садақты да ұлттық құндылықтар қатарына қосқым келедi. 2017 жылы ЭКСПО өтедi, бiздiң ұлттық бренд ретiнде домбырадан басқа не ұсынамыз? Әрине, жауынгер халықтың садағы деп ойлаймын. Садақ дәлдiкке, төзiмдiлiкке, қырағылыққа үйретедi. Қазақтың балалары болашақта садақ атудан олимпиада чемиондары болса деп армандаймын. Қазiр осы iстi бастап та жiбердiк», – дейдi. Мiне, осындай азаматтардың сөзi мен iсi үйлесiм тауып, көпшiлiктiң көңiлiнен шығып жатқанына қарап, қуанып қалдық.
ӘСЕЛ
2015 жыл