(Аңызға тән ақиқат)
Ханзада қанша мойнын созса да алтын айы күндiз күнмен шағылысқан, түнде ай сәулесiмен жарқыраған арман қала тiптi жеткiзер емес. Астанасынан шыққалы қанша айлар өттi…
Досы Бекзада (уәзiрдiң ұлы) екеуi керуеннiң митың жүрiсiнен жалығып, ара-тұра аң аулап, қоян-түлкi қуып кең далада жүйрiктерiн жарыстырып көсiле шауып та алады. Осы керуендегi оқымысты ғалым, альхимикпен танысқалы тiптен жақсы болды. Жас жiгiттер уақытының әрбiр сәтiн құр жiбермей, оның бар әңгiмесiн құлағына құйып алады. Басында сұраған оны-мұнысын тауып берiп, түтiндетiп жасаған тәжiрибесiн қызықтап бастаған. Бара-бара қасынан бiр елi ажырамас досына, құйма құлақ шәкiрттерiне қалай айналғандарын бiлмей де қалды.
Тек Ханзада айы бар қаланың аруына арнап не сыйлық жасасам деген жан қалауымен бар бiлiмiн қолмен ұстап көретiн бiр нәрсе жасауды қиялдады. Ал Бекзада өз жолында кездесер бәлкiм «күдiктi дұшпаннан» қалай ың-шыңсыз оңай құтылар тәсiл таптым деп қуанды. Өмiр деген қызық қой. Бiр кесемен бал да жалауға, дәл сол кесемен у да татуға болады…
Кенет жолаушылар шаршағандарын ұмытып дүр сiлкiндi. Сары айшықтар сағыммен көтерiлiп көздiң жауын алып қоя бердi. Тiс қаққан үлкендер: «ерте қуанбаңдар, әлi екi күншiлiк жол бар» дедi.
Ханзаданың жүрегi атқақтай соғып, шынымен көркiне көз тоймас аруды көретiнiне қуанды. Өзi де осал емес. Әлiмсақтан әйгiлi үлсай Емердiң ұрпағы! Ол да өз дәуiрiнде қымыз iшетiн күмiс тостағына өзi билеген он тоғыз қаланың атын жазған. Онысын он тоғызыншы ғасырда өз ұрпағы қазып алып, мұның не жазу екенiн бiлмей басы қатып жүретiн… Жә, ол кейiнгiнiң әңгiмесi.
Қазiр Ханзада өз қолымен жасаған көзесiн альхимик ұстазына көрсеткенше асық. Бұл жай көзе емес. Iшiне құйылған қоспаның (қымыз ба, шарап па, бәрiбiр) құрамында уы болса түсi өзгерiп шыға келетiн ғажайып сиқырлы көзе. Өз қолымен әмiршiге ұсынып, аңсап келе жатқан қалыңдығына жолығуға рұқсат беретiн куәлiгiндей көредi. Әрi ұстаз тәлiмi мен бiлiмiнiң жемiсi, ризашылығын алар бағасы.
Сонау күннiң шығысынан батыс өлкедегi ханның жалғыз қызына, айдын көлдегi жалғыз аққуына, он ұлынан артық тұтып әлпештеген аруына құда түспекшi.
Ханзадаға жеткен аңыз бойынша алып қайықпен әсем көлде аққулармен бiрге жүзген айдай арудың қолын бұл сұрамағанда кiм сұрайды. Әрi осы ежелгi Амазонкалар өлкесiндегi аруларды балиғат жасына жеткенше атастырмайтын ескi әдетi бар екен қазақтардың. қыз өзi таңдаған жарына ғана рұқсат беретiн, әрi «теңi келсе –тегiн бер» дейтiн де тәмсiл осы қалада ғана деседi. Осының бәрi жас жiгiттiң қиялына қозғау салып, қиялымен жасап алған өз әлемiнде қырандай қалықтайды.
Ханзада кешкi күннiң алауына шомылған жағада бүкiл қала халқы және жолсоқты керуеншiлер де тапжылмай тамашалаған көрiнiске жаны алабұрта қарап тұрды. Қыз қасындағы қызметшiлерi үймелеген көп аппақ құстарды қолмен жасқап жол ашқан кезде алтын қайықта тiк тұрған аппақ ару өз қолымен аққуларды жемдеп келедi екен. Өз әсерiне демi тұншыққан Ханзада досына бұрылып едi, оны қасынан көре алмады. Сапырлысқан көпшiлiктiң iшiнен байқай алмады. Халық тәттiлiгiне бола «Секер көл» атандырған көлдiң, күнiне сексен бөшкемен Жайықтан су тасып құйылатын жасанды көлдiң жағасы жасыл желекке малынып тұр. Ескен самал да жұпар аңқиды. Адамдар да бейне бiр жұмақта жүргендей жайдары, жүздерiнен мейрiм лебi есiп тұр. Қаланы қоршай аққан арынды өзен өз-өзiнен салтанатты қаланың табиғи қорғаны болып тұрғаны-ай! Еш жауға өткел бермес-тi! Ұзыны он сегiз, енi он екi шақырымды алып жатқан тап-тұйнақтай қала алтын айлы мешiттерi мен бiлiмдi де инабатты шәкiрт тәрбиелейтiн медреселерi төбесiне орнатылған айларымен тiптi көркем кестедей көз жауын алады. Күн әбден ұясына қонғанша тамашалаған Ханзада атқосшысы жайлаған көлiктерiнiң үстiңгi жағында орналасқан керуеншiлер тынығатын бөлмелерге көтерiлдi. Ұлы Жiбек жолы бойын жағалай нешеме қалаға соққанымен дәл Жәнiбек хан жолаушы үшiн әзiрлеген мұндай жайлы қонысты кездестiрмептi. Бекзада да осында екен. Екеуiнiң әңгiмесi тек сұлу қыздың салтанаты болды.
Сәскеге таман хан сарайына кездесуге келген Ханзада хан қызын жақыннан көрерiн ойлап жүрегi алып ұшты, қаны лапылдап тәттi сәттi тағатсыздана күттi. Өз қолымен жасалған қымбат сыйын салтанатпен ұсынды. Әкесiнiң сәлемiн жеткiздi.
Келесi сәттегi оқиғалар ес танарлық халде өттi. Хабаршы хан қызының қазасын жеткiзгенде Ханзада өз құлағына өзi сенбедi.
Ойхой дүние!
Хан жарлығымен он ұлдан ерекше көрген перзентiн бар сән-салтанатымен алтын киiмi, алтын қайығымен жер қойнына тапсырмақшы. Ардақтаған арудың денесi салынатын алтын сандық та шебер ұстаның қолынан демде дайын болды.
Ақылды хан өзiн сәл сабырға шақырып, бастапқы ойынан қайтты. Ел алдында жерлемекшi ойынан айныды. Кiм бiледi. Үкiлеп өсiрген көз қуанышы жалғыз қызы, перiштесi кейiн алтын құмар қарақшының кiр-лас қолымен жұлқыланып… О, құдайым-ай, сақтай гөр!
Алтын сандыққа салынып, алтын қайығымен бiрге көмiлген қыздың орнын тiптi туған әкесi де бiлмейтiндей етпек ойға бекiдi. Оны жерлеген жiгiттерге ат басындай алтын уәде етiлдi. Ат басындай алтынды алуға хан сарайына кiрген жiгiттер өз басынан айырылды.
Өкiнiштен өзегi өртенген Ханзада өзi үшiн еш қызығы қалмаған қалада қала алмады. Керуенге iлесiп iлгерi кеттi.
Аа, Бекзада ма? Алты айшылық жолда Алмалықтың алмасын жұпар аңқытып қалай жеткiзгенi, аппақ аруға қалай ұсынғаны ешкiм сырына жетпес құпия. Ол әлi күнге арамызда жүр деседi бiлгiштер… Сақтай гөр…
* * *
Құпияға көмiлген тарих тек халық жадында сақталып қалды. Сол алтын қайықтан дәмелi ме екен, жапон елi «еш ақы сұрамастан Жайық өзенiңдi қоқыстан тазалап берелiк. Тек сол жерден шыққан қоқысты бiзге берiңiз» деп қолқа салыпты осы жиырма бiрiншi ғасырда. Он үшiншi ғасырдың сырын көкейiне бүккен Жайық кең арнада баяу жылжиды…