Нұрилла Ақберген, блогер, жеке кәсіпкер, журналист: «Қыз-жiгiт болып жүру бiр басқа, ерлi-зайыпты болудың жөнi бөлек»

Нұрилла Ақберген, блогер, жеке кәсіпкер, журналист:

«Қыз-жiгiт болып жүру бiр басқа,
ерлi-зайыпты болудың жөнi бөлек»

Нұрилла, сұқбатымызды отбасылық өмірге қадам басқан жылдарыңыздан бастайық. Жұбайыңыз әнші Ғабит Бибасылмен қалай таныстыңыз?
Ғабитпен алғаш 2012 жылдың күзінде сұқбат алу барысында таныстым. Тараз қаласындағы жергілікті теларнаға тележүргізуші болып енді жұмысқа тұрған уақытым еді. Сол жылы Таразға «Меломен» тобы гастрольдік сапармен келді. Сұқбат алу маған тапсырылды. Ғабитпен жұмыс барысында танысып, араласып, бірден сөйлесіп кеткен жоқпыз. Арада үш жыл өткен соң мен Алматыдағы белгілі телеарнаның біріне жұмысқа орналастым. Кезекті түсірілімнің бірінде қонақтарымыз тағы да «Меломен» тобының жігіттері болды. Содан бастап Ғабит маған хабарласып тұратын болды. Ниетін ашық білдірді. Ғабитпен танысып, сөйлесе бастағанда алдымен оны болашақ балаларымның әкесі ретінде елестетіп көрдім. Уақыт өте оның иманды, табиғаты маған сай келетін, өзімнің қалауымдағы жігіт екенін сездім. Бірақ осы тұста жұмыс бабына байланысты маған жақсы мүмкіндік туды. Астана қаласынан телеарнадан тележүргізуші болуға шақырту алдым. Мен, әрине, келістім. Өйткені, армандарымның бірі еді. Бас қалада тұрақтап қалуды да көздедім. Екінші жақта отбасылық өмір, Ғабиттың сөзі тұрды. Ол «қайта ораламын деп сөз бер», – дейді. Уәдемді беріп кеттім. Бір айдан соң өз еркіммен жұмыстан шығып, Алматыға оралдым. Көп ұзамай тұрмысқа шықтым.
– Сол уақыт пен қазіргі күндеріңізден қандай ой түйесіз?
– Ата-анамның жанында, туған үйімде алаңсыз бойжеттім, уақытымның көбін оқуға және жұмысқа арнадым. Үнемі түсірілім алаңында жүремін. Жеке өміріме көңіл бөліп, қыз бен жігіт болып, біреумен қыдырып, көңіл көтеретін мүмкіндігім болмады.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қазақтың сөзін тұрмысқа шыққан соң ғана түсіндім. Бастапқы жылдары түсініспеушілік көп болып, бір-бірімізге үйренісе алмадық. Қыз бен жігіт болып қарым-қатынас жасау мен бір шаңырақ астында ерлі-зайыпты болудың арасы жер мен көктей екен. Мен ерте тұрып, жұмысқа кететін адаммын. Ол түске дейін ұйықтап, сосын таңға дейін сахна мен тойда жүретін өнер адамы. Өмірге көзқарастарымыз үйлесе бермейді. Мұның барлығын жолға қою оңай болмады. Бірнеше жылдан соң есейдік. Балалы болған соң балалық мінездерімізді ысырып, бір шаңырақтың мүддесі үшін өзімізді тәрбиеледік. Дағдыларымыз өзгерді. Ерте жатып, ерте тұруды балаларымыз үйретті.
– Ана атанған соң жеке арман-мақсаттарына «қош» айтатыны бар. Кейбірі үй тірлігі мен түздегі мансабын қатар ұстап, қалауына жетіп жүреді. Сіз екінші топқа жататын келіншексіз деп танимыз. Ойға алған іске қалай үлгересіз?
– Тұрмысқа шыққан соң жеті ай ғана жұмыс жасадым. Бала күтіп жүрген соң демалысқа шықтым. «Журналистикадағы жолым бітті. Тележүргізуші болу енді арман ғана боп қалды» деп ойладым. Мені бұл тығырықтан әлеуметтік желі «құтқарды». Өзімнің шығармашылық күш-қуатымды парақшамды дамытуға күш салдым. Жазбаларыммен бөлісіп отырдым. Инстаграм көпшілікпен байланыстыратын құрал болды. Қазір барлық ойға алған ісіме үлгеремін. Балаларыма да уақыт бөлемін. Үшінші бала босанған соң ғана жеке кәсібіме үлгеру мақсатында бала күтуші алдым. Қазір өткен күнге ойша көз жүгіртіп, барлық тірлікке қалайша үлгергенмін деп таң қаламын.
– Әр әйелдің үй тірлігінен бөлек өзіне ғана арнайтын уақыты болуы қажетін қазір жиі айтады. Десе де, көбіне өзімізді соңғы орынға ысырып, ақырында қуатымыз сарқылып, шаршап қалатынымыз бар. Сіз қалай қуат жинайсыз?
– Иә, әрбір қыз-келіншек өзіне уақыт арнап, жеке бас күтіміне, рухани дамуына күш салуы керек деп есептеймін. Құрбыларыма да осыны айтып жүремін. Күнделікті күйбең тірлік әйелді қажытып, шаршатады. Бордай тозып кетпей, отбасындағы әдемі атмосфераны қалыптастыру үшін ері де атсалысуы қажет деген ойдамын. Әйел әр әдемі сәттен қуат алады. Жақсы сөзге мұқтаж. Мені ең басты қуат алар көзім – балаларымның шат шадыман қуанып, ойнап күлгені.
– Бірнеше кәсіптің басын ұстап жүрген табысты жансыз. Кәсіп пен қаржыға қатысты тәжірибеңізден бір кеңес айтып өтсеңіз…
– Алғашқы кәсібімді бірінші бөпеме жүкті кезімде қолға алдым. Өзім орамалды сәнді етіп, түрлі формада тағып жүргендердің бірімін. Келіншектер «орамалды әдемі, жарасымды байлауды үйретіңізші» деген соң шеберлік сабақтарын өткізіп жүрдім. Көп ұзамай желідегі достарымның сұранысына лайық орамал сатуды қолға алдым. Орамал тағу – қазақтың келіншектері үшін үнемі маңызды, ажырамас аксессуары. Екінші кәсібімді де сұранысқа орай жолға қойдым. Стильді киінуді қалайтын әрбір қыз-келіншектер үшін авторлық дизайнерлік киімдер топтамасын шығарамын. Балалық шақтан сұлулыққа құштармын. Және кітап дүкенінің амбассадорымыз, яғни бет-бейнесімін. Өзіміз де кітап оқығанды жақсы көреміз. Қазіргі айналысып жүрген ісіміздің табыс әкелуі – біздің сүйікті ісіміз болғандығында.
Әйел адам өзінің сүйікті ісін тапқанда одан қаржы табуға мүмкіндік беретін идея келеді. Қазіргі таңда кәсіп түрі өте көп. Ыңғайыңа сай келетін бірін таңдап, дұрыс жарнама жасай білсеңіз болды.
– Келіндік міндет тағы бар. Оңтүстікке келін болған Тараздың қызы екенсіз…
– Келіндік міндеттер маған бастапқыда өте қиын болып көрінетін, шыны керек. Отбасылық өмірге дейін тамақ пісіріп, үй шаруасына уақыт бөлмеген қыз едім. Алдыма мақсат қойдым: «Үйренгім келеді, демек үйренемін». Ата-енемнің тарапынан маған мін айтып, білместігіме наразылық білдірген кезі болған емес. Олардан бөлек тұрамыз. Өзімнің келіндік міндеттеріме баға бере алмаймын. Қолымнан келгенше тырысамын. Тым пысық келіндер қатарына жатпаймын.
Егер ерлі-зайыптының қарым-қатынасы жарасымды, үйлесімді болса, келін болу оңай болады. Ерімен дұрыс қатынас құра алған әйелге ешнәрсе қиындық тудырмайды деп түсінемін.
– Нұрилла, қазір ерлі-зайыптылар арасында гендер пати жасап, құрсақтағы баланың жынысын білу жиі кездеседі. Оған көзқарасыңыз қалай? Жалпы, тосын сыйлар өміріңізде жиі бола ма? Ғабит романтик жігіт пе?
– Гендер патиді біз үшінші баламызда жасадық. Өмірімізді ерекше қуанышты сәттермен әрлеп отырайық деген ниеттен туған ой. Өз арамызда да тосын сыйлар жиі болып тұрады. Ғабит романтик күйеу. Үнемі қуантуға тырысады. Бұл жағынан мен жолы болған бақытты келіншекпін. Мен де қалыспаймын (күліп алды). Жақсылық жасап, қуантудан жарысқанға не жетсін!
– Табысқа жеткен жандардың мақсат құрып, жоспарын аптаға, айға, жылға құратынын байқаймыз. Сіз де қағазға жоспар жазасыз ба?
– Күндік жоспар жасаймын. Тапсырыстарды реттеп, оны жіберумен айналысамын. Қалған уақытымның барлығын отбасыма арнаймын. Барлық әйел сияқты ас пісіріп, балаларымның күтімімен айналысамын. Аптасына бір күн сыртқа шығып, отбасымызбен қыдыруға арнаймыз. Айлық, жылдық мақсат жоспарларымды қағаз бетіне түсіріп қоямын. Мақсатыңды жүйелеп жазып, әрекет ету – сапалы өмір сүруге әсер етеді. Бұған көзім жетті.
Лаура Қуандыққызы
2021 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Ковидпен қалай кездестім?
Назира Байырбек, журналист: «Рухани өсу жанға рахат сыйлайды»

Автор

Меню