Дүрбелеңге толы дүниеде нелер оқиғалар болмады десеңiзшi! Адамзат өмiрiнде ауыр апаттар мен алапат соғыстарға толы ХХ-ғасыр тарих қойнауына кеткенiмен, жаңғырықтары мен оның зардаптары әлi күнге адамдардың тәнi мен жанында өз белгiсiн қалдырып отыр. Осыдан жүз жыл бұрынғы қазан төңкерiсi кезiнде де, оған дейiнде қазақ халқы орыс империализмiнiң боданында болды. Алайда бұратана жұрт деп таныған орыс империалистерi көшпелi елдiң батыр ұлдарын таныса да, көпке дейiн мойындай қоймаған.
«Kokshetau.Asia» жаңалықтар порталының мәлiметiнше, патшалы Ресей тұсында орыс қоғамында беделге ие болған генерал Корниловтың қазақтарға нендей қатысы барлығы айтылады. Бiр таңғаларлығы, қазақтың керей руының қызы тапқан Лавр Георгиұлы ұлы қазан төңкерiсi қарсаңында тарихи өзгерiс жасауға шақ қалды дегенге сенесiз бе? Тарихшылар 1917 жылғы қазан төңкерiсiне «корниловшылар көтерiлiсi» ықпал еттi деген дәлел келтiредi. Оның мақсаты – елдегi анархияны тоқтату болды. Көтерiлiстi ұйымдастырушы жаяу әскер қолбасшысы генерал Лавр Георгиевич Корнилов едi. Ол сол кезде Ресей қарулы күштерiнiң жоғары қолбасшысы мiндетiнде отырған болатын.
Көпшiлiгi оның анасы қазақтың керей руының қызы болғанын бiле де бермедi. Алайда отставкадағы орыс казагы хорунжий Егор Корниловқа тұрмысқа шыққан қазақ қызы православ дiнiн қабылдаған көрiнедi. Кейiнiрек Лаврдың әскери қызметтесi патша армиясының генерал-лейтенанты Е.Мартынов: «Корниловтың тамырында сөзсiз сiбiр жатжұрттығының қаны бар едi. Монғол келбеттi оның өткiр қара көздерi өте суық, бiр қарағанда өңменiңнен өтетiн. Лаврдың балалық дәуренi Семей облысында «көшпендi қырғыз» (кайсак ) арасында өттi. ..» ,-деп жазды.
Осы күнгi орыс әскери тарихшысы А.Шишов та генерал Корниловтың шешесi көшпендi қазақ қызы болғанын, Ертiстiң сол жақ жағалауын мекен еткенiн айтады. Белгiлi ғалым Г.Потанин кезiнде Сiбiр мен Ертiс жайлаған станица казактары өздерiнiң ата тегiн шоқынған «қырғыздардан» (қазақтар) таралғанын келтiргенiн жазған.
Корнилов өмiрбаяны оқиғалар ортасында өрбiген. Ол подпоручик қызметiнен генералға дейiн өсiп, 48 жасында майданда ерлiкпен қаза тапты. «Лавр» есiмi мәңгi жасыл ағаш жапырағы деген мағына бередi екен. Ежелгi Римдiктер шайқаста, жарыстарда жеңген жеңiмпаздарға лавр жапырағынан өрiлген гүлдесте сыйлаған. Лавр жапырағы жеңiс пен даңқтың символы болды. Бiрақ Корниловқа орыс тарихында трагедиялы тұлға ретiнде лавр гүлдестесi емес, тағдырдың «тiкенек тәжi» бұйырды.
Корниловтың зираты белгiсiз қалды. Буржуазиялық уақытша үкiмет оны «бүлiкшi», «контрреволюционер», «баскесер» деп таныды.
Қызыл империя көсемi Лениннiң құрдасы Лавр Корниловтың шын аты-жөнi Лари Гельдинов болыпты. 1870 жылы кедей орыс казагының отбасында өмiрге келген ол бала күнiнен жергiлiктi қазақтармен етене араласып өскендiктен, нағашы жұртының тiлiн, дәстүрiн бес саусақтай бiлген.
Омбыдағы Сiбiр әскери кадет корпусын тәмәмдаған. Онан соңғы жылдары Санкт-Петербордағы Михайлов артиллерия учлищесi мен Николаев Бас штабы Академиясын тауысқан. Әскери қызметiнiң 20 жылын Ресей қоластындағы Түркiстан артиллерия бригадасында, 1899-1904 жылдары Ташкенттегi округ штабында қызмет еткен. Ол жерде Лавр әскери барлаушы-тыңшы болған. Келiмсек пен саудагер киiмiн киiп, шығыс Түркiстанда, Парсы елiнде, Ауғанстан мен үндiстанға дейiн барған. Көптеген шығыс елдерi тiлiн еркiн меңгерген. Парсыша шайырлар жазған. Лақап атпен көптеген өлеңдерi мен мақалаларын белгiлi газет журналдарда бастырып, тiптi ғылыми жұмыстар жазған деген дерек бар.
1904-1905 жылдары орыс-жапон соғысына қатынасқаны үшiн, полковник шенiне қоса алтын қылыш пен 4-дәрежелi әулие Георгий орденiмен мараппаталады. Соғыстан соң ол Бас штабта қызмет етiп, онан соң 1907-1911 жж. қытайда әскери атташе болып iстейдi. Көп ұзамай Корнилов Варшава әскери округiнде жаяу әскерге қолбасшылық жасап, кейiнгi уақыттары қиыр Шығыста шекара әскери отрядына, онымен қоймай Сiбiр атқыштар дивизиясына басшылық жасады.
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс басталысымен Корнилов бригадаға басшылықта болып, кейiннен 48-шi жаяу әскерлер дивизиясына қолбасшылық жасады.
Көп ұзамай Лавр Корнилов генерал-лейтенанты атағын алады. 1915 жылы сәуiрде ұрыс даласында ауыр жараланған ол немiстер қолына түсiп, тұтқында отырады. Бiр жылда астам қамауда отырған соң екi рет қашуға әрекеттенгенiмен қолға түсiп қалады. Үшiншi мәрте жау тырнағынан сытылып шығып, жиырма күн Румын, Венгр ормандарында жасырынып жүрiп, ақыры өз қаруластарына келiп қосылады.
Император Николай II-шi оны батыр ретiнде жеке қабылдап, 3-дәрежелi әулие Гергий орденiн тапсырады. Корниловты Батыс майданының 25-шi әсери корпусына командир етiп сайлайды. 1917 жылғы ақпан төңкерiсiнен соң Петроград әскери округiне қолбасшы етiп бекiтедi. Осы жылдың сәуiрiнiң соңында отставкiге сұранып, Оңтүстiк-батыс майдандағы 8-шi армияға жетекшiлiкке ауысады. Дәл осы кезде Корниловтың ойына милитаристiк пиғылы оянып, елде әскери уақытша диктатура орнату идеясы орнығады.
1917 жылы 17 шiлдеде Корнилов жаңа лауазымға ие болып шыға келдi. Яғни оны Ресей қарулы күштерiнiң Жоғары Бас қолбасшысы мiндетiне тағайындайды. Кейiнiрек оның досы генерал Деникин: «Корниловты аз-маз бiлетiндердiң өзi оның орыс революциясын түбегейлi өзгерте алатын тұлға ретiнде сезетiн…» деп еске алды. Ең жақын әрiптес-достарымен ақылдаса келе Корнилов өзге жолдың жоқтығын бiлiп, елде уақытша әскери диктатуралық төңкерiс жасауға бел шештi. Ол орындалған жағдайда онан әрмен билiктi халық сенiмiндегi азаматтық үкiметке тапсыруды ойға алды.
Алайда сәтсiз бүлiктен соң генерал тұтқындалып, қамауға алынады. қамаудағы генералды түтiп жеуге шақ қалған солдаттар тобынан Лаврды басшы құрамдағы жақын жолдастары құтқарып қалады. Ол дереу Дон жағасына аттанады. Ол жерде қызылдарға қарсы бас көтерген ерiктiлер армиясын басқарады. 1918 жылы 31 науырызда Екетеринодар (бүгiнгi Краснодар) қаласына тiке шабуыл кезiнде ерлiкпен қаза тапты.
Ол туралы ақ гвардияшылар штабынан берiлген жеделхатта: «ұлы Ресейдiң ар-намысын ту етiп көтерген, оны жанынан артық сүйген өжетте батыр адам қайсарлықпен қаза тапты…» -деп жазды.
Бүгiнде Краснодар маңындағы Кубань өзенiнiң жағалауында биiк жарқабақта оған ескерткiш орнатылған.
Өңдеп жариялаған журналист Арман Жусанбай
2017 жыл