Бүгiн сұрақтарымызға Кореяда тұрып жатқан белгiлi блогер Диана Сағиева жауап бередi.
– Диана, шетте жүрген қазақтың бiр қызы ретiнде «Ақ босаға» бетiнде сұқбат өрбiтсек деп едiк. Корей жiгiтiмен қалай бас қосып жүрсiң, ата-анаң қарсы болмады ма?
– Бiз 2001 жылы Алматыда таныстық. Ол бiздiң елге KOICA ұйымынан ерiктi ретiнде келген-тiн. Ол уақытта Қазақстан Еуроодаққа мүше емес едi, дамушы елдiң қатарында болды. Сондықтан, корей тiлiн, музыка, компьютер, тэквондо, т.б. саладағы меңгеру үшiн көмектесуге келген көп корейдiң бiрi. Менiң күйеуiм тэквондодан халықаралық дәрежедегi спорт шеберi едi (4 дан қара белбеу). Қазақстанның тэквондошыларының ұлттық құрамын жаттықтыратын.
Бiз екеумiз түйдей құрдаспыз. Танысқан кезiмiзде 26 жаста едiк. Ата-анам қарсы болмады. Атамның өзi «ең бастысы – таңдаған адамың жақсы болса болғаны, қай ұлттан екенi маңызды емес» деп ақ батасын бердi. Қазiр ойлап қарасам, менiң туыстарым менiң тұрмысқа шығуымды ұзақ күтсе керек, институтты бiтiрген қызбын, ал күйеуге шығуға асығатын түрiм жоқ.
Кореяға 2003 жылы маусым айында ұзатылдым, тамызда тойымыз болды. Алдымен ол менiң фотомды ата-анасына көрсетiп, таныстырыпты. Ол кезде мен шашымды аққа бояғанмын, шошып кеткен ғой, еуропалық деп қалса керек. Бiрақ, үйленуге келгенде азиат екенiмдi көрiп, сабаларына түсiптi.
– Дәрiгерлiк мамандықты алып, аспирантураға түсiп тұрып, мансапты да, басқаны да тастап махаббатыңа көзсiз сенген екенсiң…
– Иә, мен аспирантураға түсiп, «Асқазанның сiлекей қабығының қатерлi iсiгi» тақырыбында ғылыми жұмыс та жазып жатқанмын. Патологоанатом-дәрiгер болып қызмет еттiм. Бiрақ, Кореяға келген соң бұл жақта менiң дипломым жарамсыз болып қалды. Қайта оқуға тура келетiн едi, ал ол үшiн уақыт пен ақша керек. Ақыры өз жолымды таптым. Ютуб арнасында видео түсiре бастадым. Қазiр екiншi жыл болып қалды люкс сериалы косметика сатумен айналысамын. Маған адамдарға көмектескен ұнайды, Корея туралы, корей косметикасы туралы көбiрек бiлсе екен деймiн.
– Сөйтiп тойдан кейiн кореялық келiн боп қала бердiң бе?
– 2003 жылдан 2014 жылға дейiн Алматыда тұрдық. Жұбайым қазақ елiн жақсы көредi. Кеткiсi келмедi. Бiрақ, визамен проблема болып, ақшаның құнсыздануы да бiр жағынан қысып, Кореяға қайтуға тура келдi. Әр елдiң өзiндiк плюсы мен минусы бар.
Кореяның бiр артықшылығы – өзiңдi қауiпсiз сезiнесiң. Мысалы: елде жүргенде балаларды мен мектепке жетектеп өзiм апаратынмын. Педофил бар, басқасы бар дегендей. Ал, Кореяда менiң үлкен қызым, мысалы, хагвоннан (ақылы қосымша мектеп) сағат түнгi 23.00-де өзi келедi.
– Корейлер мен қазақтардың ұқсастығы мен айырмашылығы қаншалықты?
– Корейлер совет өкiметiне дейiнгi адамгершiлiк құндылықтарын өзiнше ұстанған қазақтарға қатты ұқсайды. Мысалы: ер мен әйелi балалардың көзiнше сүйiспейдi де. Жас жұптар көшедегi жұрттың көзiнше сүйiспек тұрмақ, қол ұстасып та жүрмейдi. Баяғы қазақтар сияқты әдеп сақтайтындары маған қатты ұнайды. Тағы бiр мысал: той үстiнде оның анасы маған қарай кепкен құрмалардан бiздегi «шашу» сияқты шашты. Үлкендердi құрметтейдi, тыңдайды. Бала күнiмде менiң әжем үйреткендей, үлкендердiң жолын кесiп өтпейдi.
Айырмашылықтарымыз: бiздiң бойымызда жайылып, жайбарақат жүрушiлiк бар ғой. Ал, бұлар тынбай жұмыс iстейдi. Соның арқасында тұрмыстары да жақсы.
– Инстапарақшаңда өзiңдi көп балалы ана ретiнде таныстырасың. Корей елiнде 3 баласы бар отбасы көпбалалы болып есептеле ме?
– Бiздiң баламыз үшеу, Кореяда бұл көпбалалылар санатына жатады. Өйткенi, корейлер отбасын жоспарлауға қатты көңiл бөледi. Бала көп болса, шығын да көп деген есеппен бiр-екi баламен шектеледi негiзi. Осы жағынан қарағанда менiң жұбайым қазақ сияқты.
Үш қызым да Алматыда туылды. Үлкен қызым Су Бин (15 жаста), ортаншымыз Ю Бин (10 ж), Хэ Бин (6 жаста). Тұңғышымыздың есiмiнiң қазақша мағынасы Мөлдiр, Ю Бин – Сәттi, кiшкентайымыз Хэ Биннiң мағынасы Ақыл дегенге келедi.
– Ал, қазақшалары қалай?
– Ана тiлi жағынан алғанда өзiм де ұяттымын. Менiң арғы атам 20-жылдары би болғаны үшiн совет өкiметiнiң саясатына сай келмей, «халық жауы» ретiнде атылып кеткен. Ал, өз әкесi атылып кеткен кезде 15 жаста қалған бала – менiң туған атам өмiр бойы совет өкiметтiнен қорқып өткен. 30-жылдары Мәскеуде оқып, бiлiм алған. Балаларымен де, немерелерiмен де тек қана орысша сөйлесетiн. Қарағанды облысында мен оқыған кезде 43 баланың iшiнде 5-ақ қазақ болғанбыз.
Мен қыздарыма қазiр қазақша үйретiп жүрмiн.
– Су Бин-Мөлдiр Кореяда модель ретiнде таныла бастапты. Бұған себепкер өзiң бе?
– Су Бин бұл жақта кiшкентайынан бастап өңiнiң аққұбалығы, көзiнiң үлкен және қабағының ашықтығымен көзге түсетiн, бұндай ажар корейлерде сирек кездеседi ғой. Сондықтан, модель болса деп ойланғанымыз да рас. 2018 жылдан бастап модельдiк мектепке барады. Бiрнеше жарнамаға түсiп үлгердi.
– Келiн деген статус әр елде де бар. Ата-енеңнiң көңiлiн тапқан келiнсiң бе?
– Кореяда келiндi «меныри» деп атайды. Шын мәнiнде, Кореяда қазiр күйеуге тиiп, айырылып кеткен орыстiлдi әйелдер көп. Ал, мұсылмандық тәрбие алған қазақ, қырғыз, өзбек қыздары енелерiмен бiр қалыпты тұрып кете алады. Батыстық тәрбие алған кейбiр қыздар корей отбасына сiңiп кетуi өте қиын. Мұнда некеге тұру арқылы келген әйелдерге көмек көрсететiн онлайн қызметтер, полицияның арнаулы бөлiмдерi де бар.
Маған да қоныс аударған алғашқы жылдары қиын болды. Күйеуiмнiң еңбек демалысында келiп-кетiп жүргенде көп нәрсенi бiлмеген екенмiн. Енеммен арамызда, әрине, түсiнiспеушiлiктер, кикiлжiңдер боп тұрды.
2020 жыл