Көптен күткен келіннің ойраны

Сара жолдасы Жақып екеуі ғылым адамдары. Үйдегі қонақ бөлменің бір қабырғасын үлкен кітап сөресі алып тұр. Жақып ғылыми инситутта ғылыми дәрежесі жоғары қызмкеткер, Сара — жоғары оқу орнының мұғалімі. Сәуле есімді қызы мен одан екі жас кіші Айбек деген ұлы бар. Сараның жанын жегідей жеп жүрген де осы жалғыз ұлдың басындағы бітпейтін мәселе. Сәулені қойшы, өздері сияқты бір зиялы отбасына келін болған, екі-үш баласы бар, жағдайы жаман емес. Ал Айбек…
Ұл десе қазақ жанын беруге әзір ғой. Айбек дүниеге келгенде Жақып пен Сараның қуанышында шек болмады. Жақсылық атаулыны жалғыз ұлдың басына үйіп-төгу үшін ерлі-зайыптылар барын салды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірді. Ел қиындық көрген 1990 жылдары, нарық кезеңінде елдің баласы жамаулы киім киіп, жүдеп жүргенде Айбектің қарны тоқ, көйлегі көк болды. Жақып пен Сара өздері аш қалса да үйдегі бар дәмдіні Айбектің аузына тосты. Сатылымға түскен сапалы киімді бірінші осы Айбекке әперетін.
Айбек дегенде әсіресе Сара құрдай жорғалайды. Мектептегі оқудан тыс спорт, музыка үйірмелеріне жаздырып, өзі апарып жүрді. Жоғары сыныпқа көшкенде сыныптағы ұлдар «мамасының баласы» деп мазақтағанына қарамастан Сара Айбекті еш жерге жалғыз жібермей, қайда барса да өбектеумен болды. Айбек мектепте жақсы оқыды. Сара Айбектің мұғалімдері ғана емес, үйірме жетекшілерін де «балама жақсы қарасын» деп, әрдайым қонаққа шақырып, сыйлықтарын аямайтын. Анасының еңбегін Айбек ақтамады емес. Шахматтан оқушылар арасындағы жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Ғылыми конференцияларда да көзге түсе білді. Қысқасы, оқушы кезінде қандай үздік шәкірт болса, студент атанғанда да «сабақтан қалмайтын, мұғалім тапсырмасын мүлтіксіз орындайтын озық шәкірт» ретінде танылды.
Айбек университеттің соңғы курсына келгенде әкесі бір жас аспирант әйелмен көңіл қосты. Өмір бойы жалғыз ұлын өбектеп, не өзіне, не күйеуінің төңірегіне мән беріп қарамаған Сара бармағын тістеп қала берді. Жақыпты қайтаруға талпынбады да. Бұның жуастығын біліп алған жас әйел Жақыпты біржолата меншіктеп алды десе болғандай. Құрбылары Сараға «қазір еркек атаулы өз әйелін менсінбей, белгілі бір жасқа келгенде жастау келіншекке, тіпті балғын қыздарға көз салатын заман екенін білесің ғой. Бұл жаппай сәнге айналған үрдіс. Күйеуіңе ренжіме» деп ақыл айтты. Сара ренжіген жоқ, әрине. Өйткені бар ақыл-есі жалғыз ұлға ауған. Қайткенде Айбектің өмірі басқадан артық болады, осы бала бақытты болу үшін тағы не істеу керек деген ойдың жетегінде өзін жалғыз ұлдың құрбанына айналдырған келіншек күйеуінің тастап кеткеніне іштей уайымдағанмен, сыртқа сыр бермеді. Жақып жас әйел алса да, некелі жары Сара ғой, отбасынан біржолата қол үзген жоқ. Туған-туыстың жиын-тойына анда-санда қатысып жүрді.
Сара жоғары оқу орнын бітірген Айбекті әкесі жұмыс істейтін ғылыми институтқа орналастырды. Қолында дипломы бар білікті маман болған кезінде де Айбек шеше қамқорлығынан ажырамады. Үйге келсе тамағы дайын, киімі үтіктеулі. Тумысынан көбіне үндемейтін, тапсырылған істі төзіммен атқара беретін, жуас Айбектің сырлас досы да жоқ еді. Көзін ашқалы көргені шешесі, ақыл айтатын досы да, қандай да бір қиындықтың жақындағанын білсе, өбектеп, қорғаштайтын қамқоршысы да осы анасы.
Сөйтіп жүргенде уақыттың қалай өткені білінбей, Айбек отызға келді. Төңіректегі таныстардың ұл-қыздары отау көтеріп, балалы-шағалы болып жатыр, Айбек болса сопа басы сопиған күйі. Ешқашан қызбен қыдырмақ түгілі бетіне қарап сөйлеп көрмеген Айбектің ұяң мінезін білетін таныстары келін болар қызды өздері табуға кірісті. Бірақ Айбек кім қандай керемет қызбен таныстырам десе де ат-тонын ала қашатын. «Ата-анаң қартаяды, қасыңда әйелің болмаса ер адамға жалғыз қалу қиын. Жасы алпысқа келген әке-шешеңе немере сыйлайтын жасқа келдің ғой» деген үлкендердің сөзі де Айбекке серпін бермеді.
Айбектің жасы отыз беске келді. Сара мен Жақыптың туған-туыс, дос-жараны талай рет өнегелі отбасынан шыққан тәрбиелі қызбен таныстыруға талпынды. Бірақ Айбектің біресе сөзі жараспай, біресе айтқан бойжеткенмен кездесуге құлқы болмай, үйлену мәселесі кейінге қала берді. Сөйтіп жүргенде Сәуленің қайын жұртынан біреу Баян деген бойжеткен бар дегенді айтып қалды. Жұрттың «үйлен» деген сөзі шаршатқан болар. Әлде Баянмен некесі баянды бола ма деген сұрақ төңірегінде ойлануға шамасы жетпеді ме, әлде басқалай нәрсе түрткі болды ма, әйтеуір осы қызға Айбек үйленетін болды. Екеуі еш қыдырмастан, шаңырақ көтеру мәселесі әп-сәтте шешіле қалғанына жұрт аң-таң.
Баян дәрігер екен, қаладағы жекеменшік емхананың бірінде жұмыс істейді. Сараның құрбылары «емделуге барғанда қыз ұнап, баласына алып берген ғой» деп шешті. Бірақ бұл қызды Сараның таңдамағаны айқын еді. Қыз балаға ұқсамайтын дөңкиген денесі, сөйлегенде шәңкілдеп шығатын дауысы, қарқылдаған күлкісі мейірімді дәрігерге еш келмейді. Сара ұзын бойлы, момын да тұйық мінез Айбекке Баянды тең көрмеді. Бірақ «отыз беске келгенде бұйыртып тұрғаны осы шығар, мейлі келісім берейік, келін болған соң жағымсыз әрекеттері басылып, түзелетін шығар» деген үмітпен Сара ұлының Баянға үйленуіне келісім берді.
Ана жүрегі сезген екен, келін кесапатты боп шықты. Әйел затына тән ибалылықтан жұрдай, біреудің алдындағы асын тартып ішер арсыздығы той күні-ақ жұртқа жария болды. Жалғыз ұл болған соң әке-шешесі Айбектің тойын елдікінен кем қалмайтындай жарқыратып өткізуге барын салған еді. Жылдар бойы жинаған қаржысын да осы тойға аямай жұмсады. Онысы желге ұшқандай болды. Баян той үстінде елдің көзінше Айбекті құшақтап, ернінен сүйіп алды. Тойдың соңына дейін бірнеше рет бетінен сүйгенде ел таң қалыспен қараған.
Баян «Айбекке ғашықпын, ешкімге бермеймін» деген сөзді тойдан кейін де ата-енесінің көзінше жиі айтып жүрді. «Келіннің жеке бас мәдениеті төмен болғанмен уақыт өте келе өзгерер, әйтеуір балама дұрыс қараса екен» деген ана үміті ақталмады. Баян көңіл күйі болса тамақ істейді, қаламаса үй шаруасына да қолын тигізбейді. Айбектің тамағын әзірлеп, жұмыстан күтіп алу, киімін жуып, үтіктеу сияқты шаруаның барлығы сол күйі Сараның мойнынан түскен жоқ. Ол ол ма, Баян тамақты көп ішеді екен. Дүкеннен азық-түлік тасу да ененің мойнында. Баянға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, қалаған күні төркініне кетіп қалады. Қала шетіндегі әке-шешесінің үйіне Айбекті шақыртып алады. Біресе шешесінің қасында, біресе әйелінің төркініне түнеп, екі ортада Айбек жүр.
Бірте-бірте келіннің беті ашыла берді. Төркінінен үйге келген сайын Сараға тиіседі. «Үйіңізді Айбектің емес, менің атыма аудармайсыз ба?» дей ме, «Балаңыз менен ешқайда кете алмайды, мәңгі біргеміз» дей ме, орынсыз сөзі көп. Екі көзі Сараның күйеуі екеуі Кеңес кезінде алған екі бөлмелі пәтерде. Оқу-білімнен басқаны білмейтін жуас отбасыға келіннің салған ойраны аз емес. Келін боп түскен күні-ақ үйдегі қабырға тола кітапты «макулатураға өткізуді» талап етті. «Кітаптың неге керегі бар интернет тұрғанда? Үйде артық орын алады» деп, келіні құлақ етін жей берген соң Сара айтқанын орындады. Қап-қап кітапты кітапханаларға тегін берді.
Бұрын мамыражай боп келген отбасында күнде ұрыс. Ұрысты бастайтын келін. Енесін жағын-жағынан түртпектеп, орынсыз сылтаумен жүйкесін жейді. Міне, Айбек пен Баянның үйленгеніне үш ай өтті. Бұрынғы аққұба Сараның бетін әжім басты, көзінің алды ұйқысыздықтан көгеріп жүр. Баласының ертеңін ойлайды, мынандай әйелмен ұзаққа бармасы анық. Не келін боп ата-енеге жақпайды, не әйел боп ерінің көңілін таппайды. Үйде көбіне сөйлейтін де осы Баян. «Айбек неге ана бір туыстың ірі компанияда істейтін ұлы сияқты айына 5 мың доллар таппайды? Айына әкелетіні 100 мың теңге ғана» дегенді жиі айтады. Көкірегін тескені ақша, дүние-мүлік. Төркіні де парасат әлемінен алыс екен. Құдалар дастархан басында кездескен сайын Баянның әке-шешесінің айтатыны біреудің қалай жедел байығаны туралы әңгімелер. Одан қалса үйге қандай зат сатып алу керегі. Ал Сараның өз ортасы ғылым-білімді қадірлейтін, рухани адамдар ғой. Қысқасы, құдалармен әңгімесі жараспай қойды. Сара бірақ әдеп сақтап, реніш, күйінішін көрсетпеуге тырысады. Баянның кесірлі әрекеттері туралы да айтқан емес. Жалпы келінін ешкімге жамандаған жоқ. Көрген жұрт өздері сөз қылмаса.
Үш айдың ішінде Баян енесінің жүйкесін жеп, туған-туыстың арасына да іріткі салды. Туыстар арасындағы ұрыс-керістен Сара психикалық күйзеліске ұшырап, дәрігерге көрінуге мәжбүр болды. «Момын жанұяға кездескені-ай, келін емес, кесел ғой» десті жұрт. Баянның жүріс-тұрысы, арсыз әңгімелері Сараның жүрегіне у боп жиналды. Қит етсе беттен ала жөнелетін мыстандығы бір төбе. Не істесе де әйтеуір төңірегіне күн көрсетпеу басты мақсаты сияқты. «Жас қой, түзелер» деген ене үміті ақталмады. Уақыт өткен сайын Баян бұл әулеттегінің бәрінің басына шығып, ойына келгенін істейтін болды.
Бірде келіні үйге түнемей, екі күн бойы хабарласпай, үшінші күні оралғанда Сара қайда жүргенін сұрады. «Ал не істейсіз, бастығыммен ұйықтадым» деп баж ете қалды. Осындай сұмдық сөзді естігенге дейін шыдамдылық танытқанына Сара өкінді. «Бітті, мына пәледен баланы ажырату керек, бәсе күйеуге шықпай жатып-ақ беті ашылған емес пе деп ойлап едім, рас екен ғой» деп түйді. Ойын баласына айтып еді, Айбек те ажырасуды ойлап жүр екен. Дереу сотқа ажырасуға өтініш беретінін айтты.
Енді ше, бұл үйленген үш айда үйдің берекесі кетті емес пе? Айбек Баянның айтқанымен жүрем деп, жұмысындағы тапсырмаларды орындамай, бірнеше рет сөгіс естіді. Бұрын істі тиянақты атқаратын жігіттің енжар күйге түскеніне ұжымы да аң-таң. Сара болса «Баян сөйлемесінші, сол риза болсыншы» деп, банкке жинаған азғантай ақшасына қымбат дүкендерден азық-түлік тасимын деп жүріп, қаржылық жағынан тоқырағаны былай тұрсын, келіннің кербақ әрекетінен жаны да жүдеп бітті.
Бұл үш айда не көрмеді бұлар? Енесінің екеуін ажыратуға ниетті екенін білген Баян Айбекті уысында ұстау үшін білекті бір топ жігітті жалдап, қоқан-лоқы көрсеткені бар. Оқиға былай болып еді. Институттан шығып, көшеге шыға бергенде Айбекті бір топ жігіт қоршап алады. «Сен біздің қарындасымыздан ажыраспақ екенсің ғой?! Көрсетеміз ажырасуды саған» деп гүж еткен біреуі Айбектің тұмысығына жұдырықпен бір қойды. Өмірінде ешкіммен қақтығысып көрмеген Айбек не болғанын түсінбеген күйі шалқалап барып жерге құлады. Институттың күзетшісі көріп қалып, жедел-жәрдем шақырды. Әйтеуір соққы қатты тимеген екен, дәрігерлер тексерген соң Айбекті үйге жіберді.
Осы оқиғадан кейін Сара ұлының өмірі үшін тіптен қауіптене бастады. Айбек екеуі Баянға ажырасу туралы айтқанда келін айқайға басқан. Әдеттегі ащы даусымен небір былапыт сөздерді жаудырды. Сараны да, екі ортада жүрген Айбекті де аямай балағаттады. «Мен босқа ажыраспаймын, алдымен үйді менің атыма аударасыз» деп «талабын» төтесінен қойды Баян.
Сара Баяннан аман-есен құтылудың жолын ойластырды. Ұлы екеуі күресіп, көкбет келінді жеңбесі аян. Телефонын қолына алып, туған-туысқа ұлының ажырасатынын хабарлады. Туыстар Баянның үш ай ішінде отбасын құлдыратқанын білсе де, жағдайдың тіптен шиеленісіп кеткенінен хабарсыз еді. Сара көз жасына ерік берген күйі Болат деген үлкен ағасына да хабарласты. Келіні ажыраспаймын деп қасарысып отырғанын, сол үшін небір құйтырқы амалдарға барып, тіпті Айбекті бұзақыларға ұрғызғанын жеткізді. «Қорықпа, туыстар жиналып, аждаһаға айналған келіннен құтқарамыз. Жап-жас боп алып, отбасын үрейде ұстаған не деген мыстан еді?!» деді Болат. Бұл ағасы мінезді, адуынды еді. Айбектің әйелімен ажырасуы туралы сот процесіне өзі араласты. Баянның туыстарын шақырып, қызы келін боп түскелі істеген теріс әрекеттерін жіпке тізгендей айтып, арсыздығын бетіне басты. Баян өз қарнын тойдырып, қымбат әшекейлер сатып алып, сәнді киінгеннен басқа түк бітірмегенін жеткізді. Бұндай теке-тіреспен екі жастың отбасы болып тұруы мүмкін емес деп кесіп айтты.
Үйленгенлеріне төрт ай толған күні Баян төркініне біржолата кетті. «Кеткен келін оралмасын, қайдан ғана кезігіп еді, сол пәле?» деп есін жинай алмай Сара отыр…
Айғаным Біртуар

Сізге де ұнауы мүмкін

Анасының баласы болуы айып па?
Жапон балабақшасы: Бәсекесіз озық қоғам бастауы

Автор

Меню