Маусым 2020 жыл.
Карантинде өздеріңізбен қайта қауышып, қолыма қалам алып, ой бөлісіп отырғаныма қуаныштымын дей алмаймын. «Жайшылықта, жаймашуақ жаздың күні бақыттың лебі есетін әңгіме айтып отырғанымда ғой, шіркін» деймін ішімнен. Сол күнге жетейік, бұйырса. Әзірше мұңлы ойларымды жария күнделігіме түртіп қоюды жөн көрдім.
Анау қаңтар, ақпан айларында біздің елімізде тәжі бар вирус туралы әңгіме жоқ кезде, карантин мен төтенше жағдай туралы тіпті түсімізге де кірмеген уақытта көршіміз Қытай халқының бастан кешіп жатқан қорқынышты күндерін біз тек видеодан көріп, апырай деп жүрдік. Көшеде есінен танып құлап жатқан адамдарды көріп, оның да әйтеуір бізге бір жетерін ойламаппыз ғой. Бүкіл әлемдік індетке айналып кетерін кім біліпті?! Наурызда олар ақырын үйлерінен шығып, бәледен құтыла бастағанда біздің елімізде дабыл қағыла бастады. Сол уақытта Қытайда карантиннен соң күрт ажырасуға арыз беруші ерлі-зайыптылар саны көбейіп кетіпті. Бірнеше ай бойы ешқайда шықпастан, күні-түні бір-бірін ғана көруге жүйкелері шыдамай, елдегі жағдай түзеле бастағанда дереу ажырасуға өтініш берген көрінеді. Тіпті мұнымен айналысатын кейбір тиісті орындар олардың өтініштерін орындауға үлгермей, күніне 10 жұпты ғана ажырастыруға шешім қабылдапты. Бір-бірінен безіп жатқан жұптардың жас отбасылар екенін де білдік. Бір өкініштісі бұл күн бізге де туғандай.
Елімізде адам өлтіру, ұрлық жасау сынды кей қылмыс түрлері азайды деп құзырлы орындар қуантқанымен, отбасылық зорлық-зомбылық артып кеткендей ме, қалай? Әрине, әйел мен бала тағдыры емес пе қыл үстінде тұрған. Сондайда, шәй ішіп, телефонға көз салып отырып, ойға кетемін: «Біздегідей әйел өз күйеуінен таяқ жеп, мүгедек боп, тіпті балаларымен қоса өз күйеуінің қолынан мерт болып жатқанша, шығыстағы көршіміздегідей ажырасу көбейіп кетсе де шүкір екен ғой. Тіл табыса алмаудың ақыры тиран күйеудің қолынан ажал құшу болғанша, екі жаққа кетіп, әркім өз жолын іздегені олжа емес пе?». Әйтпесе, жылына Қазақстанда 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан көз жұматынын есту жаныңды күйзелтеді.
Дания деген мемлекетпен тарих, жағрафия пәндері арқылы аздап таныстығымыз болғанымен, шыны керек, көбіміз онда саяхаттап бармақ тұрмақ, жете тани бермейміз ғой. Жақында Дания мемлекеті туралы бір мәлімет оқыдым. Сонда бұл елдің бір қызықтырған тұсы – әлемдегі ең бақытты 10 елдің қатарына кіреді екен. Бірінші орында тұр. Және 40 жылдан бері «ең бақытты ел» статусынан түспеген екен. Демек, халқы бақытты өмір сүруді негізгі қағидасына айналдырып алған болды-ау. Даниялықтар бақыт ұғымын отбасымен байланыстарды. Яғни, үйдегі жайлылық, ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесім, тәрбиелі дені сау бала өсіру сынды ұғымдарды негізгі өмірлік қағидалары етіп алатын көрінеді. Мәселен, жұмыстан келе жатқанда үйіне кірместен, тыста 10 минуттай аялдап, демалып, күні бойғы шаршауын, ауыр ойларын «сыртқа тастап» үйінің табылдырығын жайдары күйде аттайды екен. Былай қарасаң, ертегі сияқты иә?! Өз өміріммен салыстырып байқасам, тыстан келгенде ашу-ызамды сыртқа тастауды ойламастан, арқалап үйге әкеліп, сол күйі ас пісіріп, күйеуім мен бала-шағама шәй беріп, қабақты түйіп алған күйі жастыққа бас қоятын күндерім көп екен. Бақытты елдің халқынан үлгі алатын тұсы көп екен. Олар ән айтқанды ұнатады дейді. Күнделікті отбасы мүшелері жиналып, бір-екі сағат уақытын ән салуға арнайтын көрінеді. Бір-бірімен әңгімелеседі. Бақытты бала тәрбиелеуде бұл таптырмас тәсіл деп есептейді және мұны әр отбасы дағдысына айналдырыпты.
Жалпы, адам өз отбасында бақытты күй кеше алмаса, жиған дүние-мүлкі, көтерілген мансап жолы, ел білетін атақ-абыройының құны көк тиын екенін кеш түсініп жататындай көрінеді. Меніңше де, бақыт ұғымы отбасынан бастау алады. Отбасы демекші, әлемнің кейбір мемлекеттерінде қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру тәжірибесі қолға алынып жатыр екен. Бала мен немеренің былдырына зәру қарттар мен ата-ана мейіріміне мұқтаж балаларды бір «шаңырақ» астында тұрғызу оң нәтиже беретінін айтыпты мамандар. Бірге уақыт өткізіп, әңгімелесіп, ән айтып, би билеп, серуендеу қарттардың денсаулығына жақсы әсер етіпті. Ал балалардың да көңілі көтеріліп, үлкендердің өнегесін алады. Мұндай идея алғаш Жапонияда айтылса, алғаш болып АҚШ тәжірибеге енгізіпті. Мұны естіп алып, біресе көңіл толқып, біресе қуанғанымды-ай. Біздің елімізде мұндай тәжірибе енгізілмеген шығар, әйтпесе еститін едік. Жалпы, қарттар үйі мен балалар үйі болмай-ақ қойсыншы. Әр адам өз отбасында, өз мемлекетінде бақытты күй кешсе екен.
Алуа Кемел
2020 жыл
фото Жұлдыз Жолбарыстан алынды