КЕЛІНДЕР
(әңгіме)
…Ай жарық. Дала маужыраған тәтті ұйқыда. Әр тұста көше шамдары жарқырап тұр. Көк аспанды қара-қошқыл бұлттар қаптап, жаңа туған сұлу айды бұдан қызғанғандай бүркемелеп жауып тастады. Кенет, самсаған жұлдыздардың арасынан біреуі төмен қарай жылжи беріп, көзден ғайып болды.
– Иә, уақыты жетсе жұлдыз да ағып түседі ғой! – деді Жаңыл күрсініп.
Орнына келіп, баласының көрпесін қымтап жапты да, аналық мейіріммен өзіне тартып маңдайынан иіскеді.
Ол көзін жұмып әрі аунақшыды, бері аунақшыды. Ұйқысы келер емес. Қайдағы бір асау сезім арбап, өне бойын билеп барады…
Көрпесін умаждаған бойы, ақ төсіне қыса құшақтап жатып, дауысын шығармай жылап та алды.
Бұл – Жаңылдың асыл жары Алтынбектен айрылғалы үшінші күзі. Жалғыздықтың азабынан жалыққан сәттерінде осылай көзінің жасын төгіп-төгіп алса, арқасынан ауыр жүк түскендей жеңілденіп калатын. Қазір де кемсеңдеп жатып, күйеуімен өткізген тату-тәтті күндерін ойлай бастады…
Екеуі мединститутта бірге оқыды… Алғашқы жылдары достық өмір өткізген олар, сынаптай жылжыған уақытпен қоса, бірін-бірі ұнатып «болашаққа да қол ұстасып бірге аттанайық» деп уағдаласқан еді.
Алтынбек – сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, қой көзді, үстіне шаң жұқтырмай таза киініп жүретін, салмақты да сабырлы жігіт болатын. Түйіліп жазылған қалың қабағы мен ойлы көзқарасы өзіне жарасып тұрушы еді.
Оқуларын бітірген жылы үйленіп, отау тікті. Қаланың шет жағындағы аядай екі бөлмелі үйде Алтынбектің қартайған анасы мен інісі Еркінбек төртеуі тұрып жатты. Дина шешей адамгершілігі мол, көңілі дариядай шалқыған, кеңпейіл жан еді. Өзінің ұзақ жылғы өмірінен жинақтаған мол тәжірибесін Жаңылға түсіндіріп, келешек тіршілік жайлы ұғындырып отыратын.
Тұңғыштары Мұратбек дүниеге келгенде енесі қуанышы қойнына сыймай: «Енді өлсем арманым жоқ» деп, немересін бауырына салып алған еді.
Үйді жиыстырып тыным таппайтын бұған: «Қарағым, өзің жұмыстан шаршап-шалдығып келесің, күйбеңдей бермей бір уақ демалсаңшы. Істей берсең үйдің шаруасы таусылушы ма еді» – деп ылғи да бәйек болып жүргені. Кейде Жаңылдың: «Апа, өзім-ақ істей салам ғой» дегеніне қарамастан өзі де кірісіп кететін.
Ал, Еркінбек болса таңертең ертемен кетіп, түннің бір уағында келеді. Ешкіммен шешіліп сөйлеспейді. Қашан көрсең томаға-тұйық, бір нәрседен көңілі қалған адамдай томсырайып жүргені. Кей күндері аузынан арақ исі мүңкіп, қызара бөртіп келетін.
Ондайда ағасы мен інісінің арасында кикілжің туатын. Араға көбінесе Жаңыл түсіп, күйеуіне басу айтатын. Ал, Алтынбек болса:
– Жаным-ау, мен оған жамандық ойлайды дейсің бе? Тек адам болып туғаннан кейін адам болса екен деймін де! – деп налитын.
Жаңыл өзін бақытты санайтын. Бірақ, ол қуанышы көпке созылмады. Күйеуі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын азамат еді.
Жедел жәрдем машинасымен адам өмірін сақтап қалуға асығып бара жатқанда жол апатына ұшырап, көз жұмды.
Бұл қаза жас сұлудың сүттей ұйыған тіршілігіне жазылмастай жара салды. Жаңыл қалың қайғы құшағында, аңырап қала берді.
– «Шынымен тастап кеткенің бе?» деп зарлағанда, етегі жасқа толатын. Аз уақыттың ішінде көздері шүңірейіп, жақ еттері солып, сүзектен тұрған адамдай құр сүлдері қалды.
Енесінің де қайғыдан белі бүгіліп, қайратты қара шашы бурыл тарта бастады. Қанша қайғырып, жылап-сықтағанмен ұлының қайтып оралмайтынын білетін Дина шешей Жаңылға: «Болған іске болаттай берік бол» деген, қарағым, қайтеміз, жазғанның жазмышына қылар шара бар ма?! Өлгеннің артынан өлмек жоқ, көнеміз де… Еркінбегім аман болса, аштан өліп, көштен қалмаспыз», – деп жұбату айтатын.
Көп ұзамай Еркінбек те үйленді. Қалыңдығы орта бойлы, сұлу денелі, қарақат көз Паршагүл есімді қараторы қыз еді.
Уақыт зымырап өтіп жатты… Бір күні Жаңыл басының сақинасы ұстап, қатты ауырып қалды. Көзі қарауытып, шеке тамырлары солқылдап әбден мазасы кетті. Екі-үш қабат көрпе жамылса да денесі суық тартып қалтырай береді. Дина шешей дәріханадан дәрі әкеліп берді де, бүкшеңдеп жүріп кешкі ас қамына кірісті.
Кейінгі кездері ыңқыл-сыңқылы көбейіп, шөгіп бара жатқан енесіне жаны ашыған Жаңыл күндегі әдетінше қолын төбесіне қойып, шалжиып жатқан абысынына:
– Паршагүл, апаңа көмектесіп жіберсеңші, – деді.
– Шын жаның ашыса, жатып алып біреуге бұйрық бергенше өзің неге көмектеспейсің, – деді басын көтеріп алған Паршагүл бұған алая қарап. Бұлай болар деп ойламаған Жаңыл тосылып қалды да:
– Көк желкемнен тартып, басым көтертпей жатқаны. Әйтпесе, өзім-ақ… – деп көтеріліп, ас үй жаққа беттеді. Іштей өзіне өзі риза болған Паршагүл:
– Тап бүгін өлетін түрің көрінбейді, – деп күбірледі де, қайтадан түзеліп жатты. Осыдан кейін-ақ екеуінің арасына дақ түсті. Паршагүл Жаңылдың жалғызына да бүйідей тиді.
Бірде Мұратбек ойнап жүріп, үстелді қағып кетті де, үстінде тұрған кеселерді сындырып алды. Оны байқап қалған Паршагүл:
– Өй, ойының осылғыр, ойының осылсын. Ыдыстың бәрін осы-ақ қиратып бітіретін болды. Қарашы-ей өзін, қыршыныңнан қиылғыр, – деп қарғап-сілеп, жақтауда тұрған сыбыртқыны ала-сала Мұратбектің жон арқасынан періп жіберді. Төр жақта іс тігіп отырған Жаңыл кемсеңдеп келіп бауырына тығылған баласының басынан сипап отырып:
– Бала емес пе! Әдейі қақты дейсің бе?! Байқамай қалды ғой, құлыным, – деді қоңыр даусымен жайлап қана.
– Көп сөйлемей аузыңды жауып отыр. Бұл бала емес, пәле. Өзіңнің үйің болмаған соң сенің нең кетеді. Маған десе бәрін шағып тастаса да… Түсінсем бұйырмасын, бұл үйде әлі күнге не күтіп отырғаныңды. Күйеуің болса баяғыда өлген… Әлде ескі заманның ата салтына салып, қайын ініңе тоқалдыққа тиіп алайын деп жүрмісің, – деді Паршагүл зымияндықпен сылқ-сылқ күліп.
Мына сөз жүрегіне оқтай қадалған Жаңыл бұдан әрі бұл жерде тұрып опа таппасын сезді де, туған ауылына кетіп тынды…
Жаңыл дөңбекшіп жатып таңды көзбен атырды. «Кейінгі кездері апам түсіме жиі кіріп жүр. Бізді ойлап сағынып жүр ме, әлде ауырып қалды ма екен. Қарт адам ғой, қуанып қалсын, амандығын біліп, өз көзіммен көріп қайтайын» – деген оймен ертерек тұрып жолға шықты.
Түні бойы ауыр ойлардан әбден қалжыраған ол автобусқа мінісімен талықсып барып көзі ілініп кетті.
Қалаға кіре берістегі ашық алаңға орналасқан зиратқа жақындай бере Жаңыл автобустан түсіп қалды да күйеуінің қабіріне келді. Өздері қойған құлыптастағы суретке қарап көзіне жас алды. Тап, тірі кезіндегідей бұған күлімсірей қарап тұр.
…Кенет зираттың арғы жағына машина келіп тоқтады да адамдар үстінен мәйіт салынған табытты түсіріп жатты…
– Иә, – деді оны көрген Жаңыл ауыр күрсініп. – «Адам – адамға, жан – денеге қонақ» деген осы да. Жарық дүниеге біреу келеді, біреу кетеді, сөйтіп тіршілік жалғаса береді. Біз бақыттымыз, Алтынбек. Артымызда өмірімізді жалғайтын ұрпағымыз – Мұратбегіміз бар. Өзің өлсең де рухың тірі.
Ол осылай жансыз бейнемен үнсіз сырласып ұзақ тұрды.
Аспанды қою қара бұлттар торлаған. Қоңыр күздің сумаңдаған суық желі сұр жыландай ысылдап, ышқына ысқырып тұр. Жартылай жалаңаш жас қайыңдар гуілдеген желдің екпінімен бір жағына қарай майысып, иіле түскен. Бір кезде қалықтап жүрген сансыз жапырақтардың біреуі ұшып келіп, Жаңылдың пальтосының жағасына қонды. Жаңыл оны алақанына салып, байыппен көз жүгіртті.
Жапырақта үш түрлі рең байқалады. Ұшы күреңденіп, ортасы сарғыш тартыпты. Ал, түп жағы әлі жап-жасыл. Жаңыл оны лақтырып тастауға қимай, қол сөмкесінен блокнотын алып ортасына еппен салып қойды.
Аздан соң әлдене есіне түскендей, орнынан қозғалып: «Разы бол, жаным. Қу тіземді құшақтап өтсем де сенің аруағыңның алдында, көзіңе шөп салмауға ант-су ішемін» – деді де, енесінің үйіне бет алды.
Жаңыл ауызғы бөлмеге кіре бере состиып тұрып қалды. Қабырғаларының кейбір тұстары құлап, сілбі мен өрмекшінің торлары шырмаған. Аңқыған күлімсі исі адамның қолқасын қабады. Бұрыш жақтағы үстелдің үстінде темекінің тұқылдары мен қатқан нанның қиқымдары шашылып жатыр.
Ол көз алдындағы келеңсіз көрініске таңырқап тұрған кезде, төргі бөлменің есігі ашылып, Еркінбектің сорайған бойы көрінді. Көздерін алақ-жұлақ еткізіп, аяқ-қолы қалшылдаған қалпы, бұны көре сала есікті қайта жауып алды. Жаңылдың қорқыныштан жүрегі дүрсілдей соғып, үйден қалай атып шыққанын өзі де білмей қалды.
Күн нұрын шаша тас төбеге көтерілген. Жел де бәсеңсіп, айнала тылсым тыныштыққа бөленген. Көрші үйдің алдыңғы жағындағы орындықта, енесімен жақсы араласып жүретін, өзі де қолынан талай мәрте дәм татқан, қара кемпір немересін ойнатып отыр екен. Жаңыл жақындап келіп:
– Сәлеметсіз бе, әжей? – деді аптығын баса алмай.
– Амансың ба, шырағым. Құдайға шүкір, бала-шағаның арқасыңда қыбырлап жүріп жатырмыз ғой, әйтеуір….Аман-саулық біліскеннен кейін Жаңыл:
– Әже? Еркінбекке не болған? – деді келген жағына жалтақтай қарап.
– Өзің кеткеннен кейін байғұс бала араққа мүлдем салынып кетті. Тіпті, кейінгі кездері үйінде жатып ішті. Содан психоздық дей ме, әйтеуір, өзін-өзі ұстай алмайтын елірме ауруына шалдыққан. Ал, әйелінің төркініне кетіп қалғанына біраз уақыт болды. Сол жақта тағы біреуге тиіп алыпты дейді ғой, қарабет. Жүзқара.
– Ал, апам ше? Апам қайда?
– Әкесі өлгенді де естіртеді, қызым. Дина бейшараны мына жетесіздер қарттар үйіне… – деді сөзінің аяғын жұтып қойған қарт ана, ұялы жанарына келіп тығылған жасты қол орамалымен сүртіп жатты.
Жаңыл басына тиген қатты соққыдан есеңгіреп қалған адамдай меңірейіп тұрып қалды да, әлден уақытта кемпірдің сілтеген бағытына қарай аяғын асыға басты.
Оның жан-дүниесі дауылды күнгі теңіздей толқып келеді.
«Қайран, асыл апашым. Сорлаған екенсің ғой. Ұрпағыңның қызығын көріп, өз ошағыңның түтінін түтетуге құштар ана емес пе едің. Тасжүрек ұлың тірідей жерге көміпті ғой. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы да».
Жаңыл қарттар үйіне келгенде күн ұясына батып, ымырт үйіріле бастаған. Еңсені басқан ауыр ой құшағында ішке енді. Енесі терезе алдындағы төсекте басын төмен салып, іш көйлегін жамап отыр екен. Өзіне қарай келе жатқан аяқ тықырын сезген Дина шешей басын көтеріп алды да, көзі шарасынан шыға аң-таң күйде аңырды да қалды. Сылбыр көтеріліп, танымай тұрған адамдай бұған тесіле қарады.
– Апа, мен ғой. Танымай қалдыңыз ба? Жаңылмын ғой… – деді Жаңыл даусы дірілдей.
– Қарағым… Жаңыл… ІІІынымен… шынымен… сен… – деді әжей тамағы бүлк-бүлк ете жұтынып, иегі кемсендеп, жанары жасаурай берді. Жүрегі лүпілдеп, қалтыраған тарамыс қолдарын соза Жаңылға тақап келіп бетінен сүйді. Сол сәтте әжейдің көз алдына үлкен ұлының бейнесі елестеп кетті де, көңіл-күйі сеңдей бұзылып, еңкілдеп жылап жіберді…
Сәлден соң құшақ ашып қауышқан келіні: – Апа, денсаулығыңыз қалай? Беліңіздің шойырмасы бар еді… – деді.
– Халдің несін сұрайсың, қарағым. Әйтеуір, көрер жарығымыз таусылмаған соң, жер басып жүр демесең… Әйтпесе, кәрі қойдың жасындай өмірім қалғанда бұл жердің дәмін татамыз деп кім ойлаған. Бұ да бір құдайдың бұйрығы шығар. Несібемізге бұйырғаны осы болса қылар қайрат қайсы?! Бәрі де Паршагүл келіннің кесірінен болды емес пе. Сол «сұр жылан» күнде өзімді шағып, ұлыма зәрін төгіп күн көрсетпеді емес пе. Оның әңгіме барысынан аңғарғаным реніштің негізгі себебі: үйдің тарлығы екен… Сонымен, қойшы, әйтеуір, үлкен басымды кішірейтіп, әр мекеменің табалдырығын тоздырдым. Бірақ, онымнан түк шықпады… Сайқал қар онысымен де қоймай: «Шешеңді бағатын менде күй жоқ. Егер онымен бірге тұратын болсаң мен кетемін», – деп қақшаң қағып болмады ғой. Ал, ана тумай кеткір ынжық неме: «жарайды, жарайды» деп жалпылдап, осында әкеп тастағаны, – деді әжей көкірегі қарс айырыла күрсініп.
Бірнеше күннен кейін қызғылт түсті автобустың ішінде жүдеп, қуаң тартқан жүзіне қан жүгіріп, жадыраған енесі мен мейірімді келіні әлденелерді еске алып, жарасымдылықпен шүйіркелесіп бара жатты…
Осы кезде қарашаның алғашқы қары жапалақтай жауып, Жер-Ана ақ көрпесін жамылды. Күн-Ене де елжіреп: «О, қасиетті адам баласы, қуаныштарыңа ортақпыз» дегендей, шуағын төге күлімсіреп тұрған еді.
Думан РАМАЗАНОВ, журналист.
(№4 (70) Сәуір 1996 жыл)