Келiн шәй үстiндегi көрiнiстер

Келiн шәй үстiндегi көрiнiстер

«Су сұрасам сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем», деп жеңгенiң жанашырлығын әнге арқау еткен заман-ай… Қазiр мұндай жеңгелер мен келiндер аз ғой. Сөз ауанын бұлай бастауыма, бүгiнгi келiндердiң кейбiр қылықтары себеп болып отыр. Әрине, бәрiне бiрдей топырақ шашудан аулақпын. Дей тұрғанмен, көзiммен көрiп, құлағыммен естiп жүрген кейбiр жайттарды айтпасқа тағы болмас.
Мына, ұялы телефон, интернет деген құрғырдың салдарынан қаншама келеңсiздiктер орын алып жатыр. Жақында туыс iнiм шаңырақ көтерiп, келiншек алды. Үйлену тойларына бара алмай, артынан барып, құттықтап қайттым. Әдетте, жаңа түскен келiннiң дауысын, жүрген жүрiсiн әрең естушi едiк. Ал, мына келiндiкi бiр бөлек. Қай уақытта қарасаң да, қолынан ұялы телефоны түспейдi екен. Әуелгiде әжептәуiр дастарқанын жайып, бiздi шәйға шақырады да, телефонын қолына қоса алып отырды. Бәрiмiзге бiр-бiр айналдырып шәй құйып берiп, дереу телефонын шұқылап, қолы-қолға жұғыспай бiр нәрселердi жазып, күлiп қояды. Арасында қолындағысын тастай салып, бiзге «шәй iшiңiздер» деп қайырылып қояды да, қайта әлгiсiне кiрiсiп кетедi.
Ендi, өзiм келiнге құтты болсын айтып барғаннан кейiн, сол келiннiң, тойдың төңiрегiнде әңгiме қозғаймын ғой. Қай елдiң қызы екенiн, келiннiң әке-шешесiн сұрап едiм, өзiмен-өзi телефонын шұқылап, менiң сөздерiмдi естiмеген сыңай танытты. Содан енесi ыңғайсызданып менiң сұрақтарыма өзi жауап берiп отырды. Мұны байқаған мен де келiн төңiрегiндегi әңгiменi азайтып, өзiмiздiң туған-туыстар жайында айта бастадым. Бiрақ, көңiлiмде «әттеген-ай, қазiргi жастар қандай болып бара жатыр. Мен де ұл өсiрiп отырмын. Осындай бiр келiн менiң де үйiме келсе, қалай болар екен» деп, қатты мазасыздандым.
Алайда, осындай көзiммен көрген оқиғаны өзiм қатарлас әйелдерге айтып берсем, ешқайсысы да таң қалмады. Сөйтсем, барлығының да басынан өтiп жатқан жағдай болып шықты. Керiсiнше жеңгемнiң бiрi өзiме: «әй, пәленше, несiне таңданып отырсың. Бiздiң үйдiң келiнi де отырған жоқ па, интернет пе, синтернет пе, бiр бәлесiнде. Түннiң бiр уағына дейiн шиқылдатып, пиқылдатып… Оның кiммен сөйлесiп жатқанын бiлмеймiн. Әйтеуiр, сөйлесiп отырып, күледi, қабағы түседi. Шашын, бет әлпетiн бояп, қайта-қайта суретке түседi. Дастарқанның үстiне тамақ әкелiп қояды да, дереу суретке түсiрiп алады. Оны не iстейсiң десем, «интернетке салам» дейдi. Сөйтiп, үйiмiз бен тамақтарымызға дейiн интернетте жүредi екен ғой» деп, күлiп жiбердi. Одан тағы бiр жеңгем: «Айтпа, айтпа, бiр бәле болды ғой. Бiздiң келiн де сондай Еститiн құлақ болса, «Шырағым, дастарқан басында соткаңды шұқылағаның ұят болады. Қолың бос кезде, бөлмеңе барып отыра бер. Бiрақ, атаңның, қайынағаңның көзiнше дұрыс емес» деп, қаншама рет айттым. Әй, естiр құлақ жоқ», – деп, мұңын шақты.
Иә, ата-енеге, қайынжұртқа қызмет еткенде қалта телефонын қалтаға салып қоя тұрғандары дұрыс едi.
Айналайын, қазақтың қаракөз қыздары, артымыздан ерген сiңлiлерiм, келiн болып, өзге шаңырақтың босағасын аттаған соң, келiн екенiңдi сезiнуiң керек. Қыз деген алысты жақын етер, жатты жекжат етер дәнекер ғой. Ерте ме, кеш пе, өзiнiң келiн атанарын бiлмейтiн қыз жоқ. Бiрақ «қандай келiн болам?» дегендi әке-шешенiң аялы алақанында жүргенде көбi ойламайды. Алып ұшқан албырт шақта сүйгенiңмен бiрге болудан басқаның бәрi көзге iлiнбейтiн майда-шүйде болып көрiнедi. Жұбайлық өмiр таусылмайтын қызығы мол көңiлдi күндерден тұратындай елестейтiнi бар. Амал қанша, пенденiң өмiрiнде той-мереке аз, күйбең тiршiлiкпен өтетiн қарабайыр күндер көп. Той-мерекенi көп болып бiрiгiп өткiзiп жiбередi де, ал қарапайым күндердiң үлесiн әр адам өзi көтередi. Қарапайым күндердiң жай тiрлiгiн әке-шешесiнiң үйiнде үйренбеген қыз келiн болғанда көптеген кедергiге кездеседi. қыз атын келiншектiң үкiлi желегiне айырбастап, бiр босағаны аттағаннан-ақ оның туып-өскен үйiнен алған тәлiм-тәрбиесiнiң қандай дәрежеде екендiгi айқын көрiнедi. Мұның өзi ата-анаға, аға-жеңгеге тiптi ауылына да үлкен сын. Әсiресе, жағымды, жағымсыз сөздер қыз анасына бағытталып айтылады емес пе? Сондықтан, жас келiндер бейәдеп қылықтарын тастап, үлкендердiң алғысын алғандары жөн.

Айжамал,
Ақмола облысы.

фото ғаламтордан алынды.

Tags: , ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Қызғаныштық – қауiптi дерт
Имамға тоқал болсам ба?

Автор

Меню