(Королева II Елизаветаның келiндерi)
Кейде бiздер, келiншектер, отбасылық тiрлiктен жерiп, қайынжұрт тарапынан айтылар ақыл-кеңес, тыйымнан жалығып, шетелдiк сериалдан көрген өмiрдi аңсап, қиялдап кететiнiмiз анық қой. Байқасам, ене мектебi қазақта ғана емес, жұмыр жердiң қай бұрышында да бар екен.
Шетелдiк ақпарат құралдары король отбасының әр мүшесiнiң жүрiс-тұрысы, киген киiмiн, iшкен-жегенiн үнемi бақылап, қимылдарын қалт жiберместен, жiпке тiзгендей жазып отырады. Ұлыбритания патшайымы II Елизаветаның отбасы да журналистердiң қырағы көзiнен таса қалған емес. Өткен жылы бұл әулеттiң қатары тағы бiр жанға толығып, Елизавета II немересi Гарри ханзаданы үйлендiрiп, келiн түсiрдi. Патшайымның келiнi Меган Маркл да осал жан емес. Ел алдында жүрген танымал актриса, қоғамға жастайынан белсендi жан ретiнде танылған. Бұрын тұрмыста болып, ажырасқаны тағы бар. Патшайым бұл некеге аса разы болмаса да келiсiм бередi. 93 жасқа келсе де, ел алдындағы саяси қызметiнен бөлек, отбасылық тәртiпке де үнемi көңiл бөлiп отыратын мықты әже, әрi ене II Елизавета жас келiнге король отбасына тән өзiндiк ереже, тәртiпке үйретуге кiрiседi. Әлбетте, қыз – келiн, ене қай уақытта да ене. Абыройлы отбасының үлкенi патшайым ең алдымен, жаңа түскен келiннiң киiмiне сын көзбен қарап, ескерту жасады. Гардеробындағы барлық жыртылған, тесiк киiмдердi кимеуiн тапсырды. Әсiресе өзi «жұмысшылардың киiмi» деп санайтын джинсы киюге тыйым салыпты. Бүгiнде король әулетiнiң санын көбейтiп, ғасырға жуық өмiр көрген Елизавета әжейге шөбере сүйгiзген Меган енесiмен ел алдына жиi шығып тұрады. Киiну стилi көп өзгергенiн стилистер де байқап, баға беруде. Бастысы – сыпайы киiнуге көшкен келiнiне енесi дән риза көрiнедi. Голливуд жұлдызы болсаң да түбiнде келiн боларсың. Ал, сыйлы келiн болу үшiн сынға құлақ түрiп, қайынжұртыңа майдай жаққанға не жетсiн?!
Жас келiн Меганның марқұм енесi Диана да ел алдында, ел аузында жүретiн едi. Король отбасына келiн болу қай ғасырда да оңайға соқпаған емес пе? Диананы да енесi II Елизавета құшақ жая қарсы алған жоқ. Баспасөз беттерiнде «II Елизавета мен Диана» тақырыбында жиi жазбалар жариялана бастады. Бiрақ жылы жүздi, сұлу да сымбатты Диана ханшайым халықтың сүйiктiсiне айналып үлгердi. II патшайым келiнiнiң өзiнен асып, халыққа тым жақын жүргенiн жақтыра қоймаған сыңайлы. Әлбетте, бүкiл Британияны уысында ұстаған ол бiр келiнге ие бола алмаса, өзiне сын емес пе?! Диана ханшайым да оңай шағылар жаңғақ емес екен. Келе сала ғасырлар бойы қатқан қағиданы өзгертудi бастады. Ол неке сақинасын өзi таңдап, тапсырыс бердi. Сол сақинаны бүгiнде оның үлкен келiнi, яғни леди Диананың үлкен ұлы Уильям ханзаданың жұбайы Кейт Миддлтон тағып жүр. Енесiнен келiнiне әшкейлерiнiң мұраға қалуы қазақтың әдемi дәстүрiне ұқсас екен. Бiр қызығы, бұл әулетте анасы мен әкесi өзiнiң туған балаларын еркелетiп, жанына жиi ертiп шетелге шығу ерсi саналған. Қазақ отбасыларында да ұлы мен келiнi ата-әжесiнiң көзiнше балаларын еркелетiп, сүймеген. Бұл да бiр ұқсас салт секiлдi. Ал, Диана екi ұлы Уильям мен Гарридiң қасында жиi болып, баламен бiрге шаттанып, атракционда ойнаған. Қоғамдық көлiкпен жүрiп, екi ұлына зәулiм сарайдан тыс өмiрдi де көрсетудi мақсат тұтқан. Қалауынша еркелетiп, бетiнен сүйедi. Тiптi болашақ тақ мұрагерлерiн балабақшаға бередi. Бұл да ол әулетте бұрын-соңды болмаған жағдай екен. Ол отбасынан бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене кiрiседi. Қайырымдылық жұмыстарымен айналысты. Жұқпалы ауруы бар науқастардың көңiлiн сұрап, еш тартынбастан құшақтап, өзiн олармен тең ұстады. Үйсiздер мен қарттарға көмектестi. Халық оның жұмсақ жүрегi мен шынайылығы үшiн шын жақсы көрдi. Күйеуi Чарльзбен некелерi көпке созылмаса да, халық оны әлi күнге нағыз ханшайым санайды.
2019 жыл