Кәсіпкер азаматтар бірікті

Елiмiздiң жұртшылығын әбiгерге салып, наурыз айынан берi ағайын-туыс, дос-жаран, көршi-көлемдi бiр-бiрiнен алыстауға мәжбүр болды. Бұл күйге түсiрген тәждi вирус қазақтың меценат жiгiттерiнiң басын бiрiктiрдi. Бiрi сырқаттанып, еркiн тыныс алуға зар болып, ендi бiрi жақынынан айрылып қара жамылып, ел басына күн туғанда, халық етiгiмен су кешкен ерлердiң iсiне разылық бiлдiрiп жатыр. Бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарған кәсiпкер жiгiттер бес саусақтай бiрiгiп, жұдырықтай жұмылып, 5-6 айдан берi тынбай жүгiрiп жүр.
Президентiмiз Қ.Тоқаев бастап, етек-жеңiмiздi жиюға шақырды. Елбасы қостап, наурыз айының 20-сында кәсiпкерлерге үндеу тастап, осындай ауыр кезеңде халыққа қамқор болуға шақырған-ды. Iле-шала отандық кәсiпкерлер #Birgemiz қорын құрып, қаржы аудара бастады:
Тимур Құлыбаев – 10 млн, Айдын Рахымбаев – 2 млн, Кеңес Рақышев – 1 млн, Ғалымжан Есенов – 2 млн, Рашид Сәрсенов – 2 млн, Александр Клебанов – 2 млн, Александр Белович – 2 млн доллар. Болат Өтемұратовтың «Верный капитал» компаниясы да 1 млн доллар, ал Еркiн Тәтiшев 1 млрд теңге бөлiп, осылайша бiр тәулiкте 41 миллион доллар жиналған-ды.
Ел алдында жүрген танымал тұлғалар халыққа көмек ретiнде бетперде тiгiп таратып, антисептик, дәрi-дәрмек тарату акциясына қатысып, бiр-бiрiне челлендж жолдап жатты. Аталмыш вирустың құрбаны болған марқұм дизайнер Берiк Исмаиловтың жақсы iсi көз алдымызда. Әзiлкеш Тұрсынбек Қабатов та отбасымен бетперде тiгiп мұқтаждарға таратты. Тiзе берсек, жетiп жатыр.
Айдын Рахымбаев – қазақтың мәрт жiгiттерiнiң бiрi. «BI Group» компаниясының директорлар кеңесiнiң төрағасы, елiмiзге есiмi кеңiнен танымал 47 жастағы кәсiпкер қайырымдылық жасауда көш басында жүргендердiң бiрi. Әу баста қауiптi вируспен халық ауыра бастағанда 2 миллион доллар бөлiп, науқастар үшiн қонақүйiн пайдалануға берiп, көпшiлiктi «бәрекелдi!» дегiзген едi. Бүгiнде коронавируспен күреске қолдау көрсетуге мақсатында «Бiрлiк» қорын құрып, өзi басы-қасында жүрiп, науқастар мен медицина қызметкерлерi үшiн көмек көрсетiп келедi. Айдын мырзаны жерлестерi де ерекше мақтан тұтады. Шығыс Қазақстанның тумасы А.Рахымбаев Көкпектi ауданы, Құлынжон ауылындағы барлық ауылдастарына 1,5 миллион теңгенiң азық-түлiгiн таратқан. Соңғы үш жыл бойы ауыл мектебiнiң барлық оқушысы тегiн ыстық ас iшiп келедi. 108 бала оқитын мектепке күрделi жөндеу жүргiзiлген. Бұл игi iстерi үшiн ауылдастары кәсiпкерге дән риза. Айтпақшы, Айдын мырза қауiптi вирусты жұқтырып, сауығып тұрғандардың қатарында.
Жұбайы Анар Рахымбаева екеуi жетi бала өсiрiп отырған, үлгiлi, салауатты өмiр салтын ұстанған жанұялардың бiрi. Анар ханым да қайырымдылық iстерiнiң басын-қасында жүретiн сауатты, зиялы қазақ әйелдерiнiң бiрi. Бүгiнде «Аналар үйi» қоғамдық қорының құрылтайшысы.
Иманғали Тасмағамбетов. Зейнет жасына жетiп, дереу саясаттан кеткен салмақты тұлға Иманғали Нұрғалиұлы ағамыз қиын-қыстау күнде туған жерiне көмек қолын созды. Атырау облысы қауiптi iндеттi жұқтырғандар қатарында көш бастап, халқы дәрi-дәрмек тапшылығын қатты сезiнгенiн айтып, шырылдаған едi. Ел ағасының қызы, кәсiпкер Әсел Тасмағамбетова күйеуi Кеңес Рақышевпен бiрге «Сәби» қайырымдылық қорын құрып, 18 жылдан берi басқарып, қарқынды жұмыс жүргiзiп келедi. Осы арқылы әкелi-қызы екеуi бiрiгiп, Ресейдiң Астрахань қаласынан шұғыл түрде жалпы құны 26 миллион 450 мың теңге тұратын 59 мың дәрiлiк препарат жеткiзген.
Қуаныш Шонбай – орта жастағы кәсiпкер де қайырымдылық жасауда көзге түсiп, алғыс алып жүрген жанның бiрi. Өзiнiң туған ауданы Жамбыл ауданының ауруханасына 6 оттегi құрылғысын табыс еткен. Одан бөлек сансыз еңбегi халықтың көз алдында.
Қайрат Құдайберген – халыққа көмектесе жүрiп, өзi де бұл ауруды жұқтырып алып, жазылып тұрғандардың бiрi. Аяққа тұра сала қайтадан қайырымдылық жұмыстарына бел шеше кiрiсiп кеттi.
Сырымбек Тауұлы – «Ел дегенде езiлiп, жұрт дегенде жұмылып қызмет қылып, айналамызға қамқоршы болайық!» деп жақсылыққа шақырып жүрген меценат, кәсiпкер. Әлемдегi iрi екi компанияның Орталық Азиядағы iрi өкiлi ретiнде өз компаниясын құрушы. Көлiк дөңгелегiн сатумен айналысады. Карантин уақытымен тұспа-тұс келген мұсылмандардың қасиеттi рамазан айында 8300 отбасыға азық-түлiк таратқан азамат.
Қайрат Жолдыбайұлы, Сәкен Майғазиев, Бейбiт Әлiбеков, т.б. бастаған бiр топ зиялы азамат «Шұғыла» қорымен бiрiгiп, көп болып қаржы жиып, 4000 тыныс алу аппаратына тапсырыс берiп, елiмiздiң әр аймағына жөнелтiп жатыр.
Мұндай кең жүректi, қолы ашық қазақтың жiгiттерi әр өңiрде жетерлiк. Алматы облысының тұрғындарына кәсiпкер Дәурен Талипов қолұшын созып, ел ес жиғанша көмек көрсетуге бел буыпты. Түркiстан облысының жергiлiктi кәсiпкерi Ерлан Досанбаев, Қостанай облысының бас имамы Бақытбек Тәжiмбет оттегi аппараттарын сатып алуға үлес қосса, қызылордалық кәсiпкер Дәулет Қайсариев мұқтаж отбасыларға азық-түлiк үлестiрiп, Мырзабай Шалғымбаев қонақ үйiн дәрiгерлерге пайдалануға бердi.
«Жiгiтте де жiгiт бар, азаматы бiр бөлек» дейдi қазақ. Мәрт, жанашыр азаматтардың осындай игi iстерiне қалайша риза болмайсың?!
2020 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

ДӘРУМЕНДІ ДҰРЫС САҚТАҢЫЗ
Күннен де қорғаныңыз!

Автор

Меню