Айгүл Түзелбайқызы Махатова, кәсiпкер, «DANALI» продюсерлiк орталығы мен музыкалық мектебiнiң директоры, продюсер, дәрiгер-нумеролог:
МЕНІҢ ҚҰПИЯМ ҚАРАПАЙЫМ
– Айгүл Түзелбайқызы, өзiңiздi дәрiгер, кәсiпкер, нумеролог, продюсер деп таныстырасыз. Өзiңiзге қайсысы жақын? Бiр-бiрiнен алшақтау бiрнеше саланы нелiктен таңдадыңыз?
– Иә, бұл сұрақ маған жиi қойылады. Алғаш осы «DANALI» продюсерлiк орталығын ашуға ниеттенiп, жұмыс iстеп жатқанда әншi Тамара Асар және Марат Iлиясовпен кездейсоқ таныстым. Пiкiр алмастық. Олар да ақыл-кеңестерiн бердi. Десе де, таңқалыстарын жасырмады: «Медицина саласының маманы бола тұра неге шығармашылық ортаға келдiңiз? Еш тәжiрибесiз кәсiптi жүргiзiп кете аласыз ба? Табыс әкелетiнiне сенесiз бе?» – дейдi. Бiр қызығы, менде еш қорқыныш болған жоқ. Кәсiбiмдi жүргiзiп кететiнiме де сенiмдi болдым. Толығырақ айтайын, менiң кәсiпке келуiме бiрнеше жағдай ой салды. Қызымды вокалға, ән жаздыруға апарып жүргенде бiрнеше студияның басшылары: «Кеңсемiзге сiз секiлдi ұйымдастыруға шебер, көпшiлiкпен тiл табыса алатын администратор қажет, бiзбен жұмыс iстесеңiз» деп ұсыныс тастаған болатын. Мен отбасылық жағдайымның ыңғайы келмейтiнiн айтып бас тартумен болдым. Келе-келе бұл ұсыныстар маған ой салды. Өзiме деген сенiмiмдi нығайтты. Нәтижесiнде, күйеуiмнiң қолдауымен, қызымыздың өнерiне қажеттiлiктен, дауыс жазу студиясын қамтыған «DANALI» музыкалық мектебi бар продюсерлiк орталық аштық. «DANALI» продюсерлiк орталығы және музыкалық мектебi осылай 2 жыл бұрын өз жұмысын бастаған едi.
Ал, дәрiгер-терапевт – менiң негiзгi мамандығым. Мен С.Асфендияров атындағы Алматы Мемлекеттiк Медициналық Университетiнiң емдеу факультетiн бiтiргем. Студент кезiмнен психология мен өнерге бiр табан жақын болдым. Балалық шағым бұрынғы Оңтүстiк Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында өттi. Мен 11 жасымнан домбыра үйiрмесiне қатыстым. Өнерге құштарлығым сонша теледидардан әншiлердiң өнерiн жiбермей көретiнмiн. Әрқайсысының әндерiн, өмiрбаяндарын жатқа бiлетiнмiн. Мектептегi оқушылардың алды болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатым. Жоғары сыныпта жүргенiмде мектебiмiзде театр ашылып, кiшiгiрiм рөльдердi де сомдадым. Тiптi сол театрмен аудан, облыстарға да шыққанбыз. Ол уақытта ата-аналар балаларының өнер адамы болғанын аса қолдай қоймайтын кез едi ғой. Сөйтiп мектептi күмiс медальмен тамамдап, мамандық таңдауда анамның: «Сенiң дәрiгер болғаныңды қалаймын. Ақ халатты адам жанының арашасысы болсаң деймiн, — деген тiлегiне келiстiм. Сөйтiп табандылықпен дайындалып, өз күшiммен оқуға да түсiп кеттiм. Студент кезде де домбыра үйiрмесiне қатыса жүрiп, гитара сатып алып, оны үйренiп алдым. Әйтеуiр өнерге деген құштарлығым өршiмесе басылған жоқ. Бiрде радиодан әншi Жанар Айжанова ерекше дауысымен ән шырқап жатыр екен. Мен дауысын қаттырақ шығарып, құлағымды тақап, берiлiп тыңдап кеткен екенмiн, бiр апа мұнымды байқап: «Байқаймын, сен мұнда адасып жүрсiң-ау, сенiң орның өнер едi ғой» дедi. Сол сөздерге кейiн мән берiп, қарасам, рас екен. Дәрiгер-терапевт мамандығы бойынша туған жерiме барып, жұмысқа орналасып, бiлiмiмдi жетiлдiре жүрiп, психолог болып та тәжiрибе жинадым. Сөйтiп, 1996 жылы 25 жасымда Алматы қаласына қайта оралдым. Үлкен қалада пәтер жалдай жүрiп, емханаларда, мiндеттi медициналық сақтандыру ұжымында, жедел жәрдем станциясында дәрiгер болып және дәрiханада жұмыс iстедiм. Тұрмысқа шықтым. Осыдан соң медицина саласындағы жұмысымды отбасылық жағдайларға байланысты тоқтаттым. Қарт-ана 88 жастағы енемнiң күтiмiн жасадым. Өмiрге ұлым мен қызымды әкелдiм. Бала тәрбиесiмен және бизнес саласында қыруар жұмыстар атқаратын күйеуiмнiң үйдегi және түздегi жағдайын жасап, қасында жүрiп, бухгалтерлiк курсты бiтiрiп, есеп-қисабын жүргiздiм. Бизнестiң қыр-сырын үйрендiм. Бiрақ өнерге, творчестваға, көпшiлiкке деген сусыным қанбағандай бей-жай күйде болатын сәттерiм де жиi болатын. Бәрiнен алшақтап кеткендей күйде болғандықтан болар, бiртiндеп денсаулығым сыр бере бастады. Күйзелiстер де болды. Дәрiгер болған соң мен мұның бәрiн жақсы бiлемiн. Өз жағдайымды өзiм түсiне бастадым. Өзiмдi бұл тығырықтан шығару үшiн не iстеу керек? Сондай күйзелiс сәттерде Алладан медет сұрадым, құлшылығымды жасадым.
Қызым жетi жасында әнге құштарлығын байқатты. Бiрде теледидардан естiген ағылшын тiлiндегi әндердi сөздерiн түсiнбесе де мелодиясын айнытпай салып, қызымның шырқағанын естiгенде өне бойым тебiренiп, толқи тыңдап, қуана қабылдадым. Сол күннен бастап шама-шарқым келгенше қызыма ән таңдап берiп, оны қалай орындау керектiгiн үйретiп, Алматы қаласындағы түрлi ән байқауларына қатыстыра бастадым. Бала күнiмнен өзiмнiң арманым болып қалған, жүрек түкпiрiнде жатқан өнерге ең болмаса қызым жетсе екен, жолын бөгемей, қолдау көрсетсем деген ойымды қызымның әкесiне айттым. Осылайша, мен жетпеген шыңға ол шықса екен деп жетелей бастадым. Қызым Дана, Алматы қаласындағы Жәния Әубәкiрованың авторлық музыка мектебiнiң фортепиано класына қабылданды. Мектептен тыс кездерi қызымды ақылы түрде вокалдан бiрнеше бiлiктi мамандардың сабақтарына қатыстырдым. Күйеуiмнiң қолдауымен шетелдегi (Қырғыз, Болгария, Испания, Италия, Франция) ән конкурстарына апарып жүрдiм. Осылайша қызымды өнерге баули жүрiп, өзiм де ел аралап, жер көрiп, жаным емделiп, серги бастады. Күйеуiм де өнердi жақсы бағалайды екен, қызымыздың жетiстiктерiне шын қуанып, бiздi үнемi қолдап отырды. Қызымның шаш стилисi, киiм стилисi, жеке жүргiзушiсi, фототiлшiсi, операторы бола жүрiп, мен оның продюсерi болғанымды байқамай да қалдым.
– Дана Әли бала кезiнен жеке концертiн берiп, елiмiздiң және шетел сахнасында өнер көрсетiп, жүлделi орындарды иеленiп жүр екен. Бұлайша жастайынан жоғары нәтиже көрсетуi анасының продюсер болуынан ба?
– Мен кейде өзiме: «Осы мен қызымның балалық шағын ұрлап қойған жоқпын ба?» деген ойда да боламын. Кiшi қызымның өмiрге келуiне де бiрден-бiр себеп болған осы Дана қызым болды. Маған тiкелей талап қойды: «Маған сiңлi керек! Анашым, әлде қартайып қалдың ба?» дегенде, мен кәдiмгiдей намыстандым. Сөйтiп қырық екi жасымда тәуекелмен өмiрге кiшi қызым Зеренi алып келдiм. Денсаулығым қалпына келе қоймаса да, кенжемiз Зере бес айға толғанда қайтадан қызымның шығармашылығына ден қойдым. Өйткенi бастауыш сыныпты бiтiргелi отырған Дананың жеке ән кешiн өткiзуге сынып жетекшiсiнен ұсыныс түстi. Екi ай бойғы тыңғылықты дайындықтың нәтижесiнде, екi жүз адамға ән кешiн абыроймен өткiздiк. Арнайы әндер жазылып, сахналық киiмдер тiктiрiлiп, БАҚ өкiлдерi шақырылды. Сахнада қызымыз екеумiз алғаш дуэт болып, ән шырқадық. Сол кезде: «Ендi, бұйыртса, келесi жеке ән кешiңдi кәмелеттiк жасқа толғаныңда өткiземiз» деген едiк. Ол уақыт та таяп қалыпты. Қызым қазiр 16 жаста. Осы уақытқа дейiн 5 бейнебаян түсiрдiк. Соңғы 14,15 жасында түсiрiлген екi бейнебаянға салмақты, кәсiби түрде дайындалып кiрiстiк. Продюсерi ретiнде репертуарындағы әндердi мен таңдап келген едiм. Қазiр өзiнiң көңiлiне ұнайтын әндердi орындап жүр.
Жәния Әубәкiрованың авторлық мектебiнiң жалпы бiлiм беретiн бөлiмiнiң және фортепиано бөлiмiнiң 7-сыныбын оқып, үздiк бiтiрiп шықты. Көптеген Республикалық және Халықаралық ән байқауларының лауреаты, дипломанты атанды. Қанжығасында 6 Бас жүлде бар. Бiрнеше бiлiктi мамандардан вокалдан дәрiс алды. Сондай вокал маманының бiрi Гүлжиян Оспанова өте талапшыл болды және қызыммен жақсы жұмыс iстедi. «Данадан джаз әншiсiн жасаймын, мықты әншi шығады» деп джаз бағытының қыр-сырларын үйреттi. Сөйтiп Дана 13 жасында Халықаралық «Фиесталония – Испания, Италия, Франция» ән байқауында джаз әнiмен екi дүркiн Бас Жүлдегер, ал, осы байқауда эстрада әнiмен екi дүркiн – I орын иегерi атанды. Тағы осы жасында «Bala Turkvizion-қазақстан» байқауында Дана, Ақерке Айдана – осы үш қыздан үш тәлiмгер трио жасап, финалда өнер көрсетiп, Алматының намысын қорғап шықты. Қызымның қазiргi арманы – әншi ретiнде әлемге танылу.
– Анасының қызына продюсер болуы ыңғайлы ма, әлде… Болашақта да продюсер ретiнде бiрге жұмыс iстей бересiздер ме, Дана мұны қалай ма?
– Әзiрге терiс жағын байқамадым. Қызымның мiнезi ерекше. Тұйықтау, кез-келген ортаға сiңiп кете бермейдi. Нағыз шығармашылықтың адамы. Алыстан ойлайды. Баласының мiнез-құлқын анасынан артық ешкiм бiлмейдi деп ойлаймын. Тiлiн тауып жұмыс iстеп келе жатырмын. Бұл екеумiзге де ыңғайлы деп есептеймiн. Қазiр эстрададағы бойжеткендердiң ашық-шашық киiнуi, ерекше боянуы, ұлттық болмысымыздан алыстауы, танымал болу үшiн ұятты қадамдарға да баруы менi алаңдатады. Мен бойжетiп келе жатқан қызымның тағдырына алаңдаймын. Оның болашақ ер-азаматының да шығармашылық адамы болғанын, қызымның талантын бағалап, сүйiспеншiлiкпен, бiрлесiп еңбек етiп, бiр мақсат жолында, қамқорлық жасай жүрiп жұмыс iстейтiн жан болуын тiлеймiн. Продюсерлiк жұмысымды қызымның жанында, өзiне лайықты өмiрлiк серiгiне тапсырсам деп ойлаймын. Оған дейiнгi жауапкершiлiктi өзiм алып жүрмекпiн.
– Айгүл Түзелбайқызы, қазiр нумерологтар көбейiп келедi. Олардың қызметiне жүгiнетiндер де жетерлiк, керiсiнше күмәнмен қарап, әр алуан пiкiр айтатындар да бар. Нумерологияға қызығушылық танытуыңызға не жағдай әсер еттi?
– Продюсерлiк орталықты ашу туралы идеяны ұсынғанымда, күйеуiм маған сенiмсiздiкпен қарап: «Бұл iстi алып жүре алар ма екенсiң?» дедi. Әрине, ол заңдылық. Өйткенi бұл салада тәжiрибем жоқ едi. Осы жұмыспен қатар аяқасты нумерологияға келдiм. Елiмiзге танымал бiр әншi студиямызға жұмыс бабымен келгенде, менiң дәрiгер екенiмдi бiлдi. «Осыншама қаражатты құйып, өкiнiп қалмайсыз ба? Неге өзiңiзге 100 пайыз сенiмдiсiз? Сiз үшiн қорқып отырмын. Қызыңыздың болашақта әншi болып, шоу бизнестiң адамы боларына сенесiз бе? Әлi де ойланыңыз! Мүмкiн нумерологқа барып көрерсiз?» — деп, ой салып кеттi. Мен «Шешiнген судан тайынбас. Бұл iстi бастаған екенмiн, ендi тастамаймын! Мен өзiмдi дәлелдеймiн» деп бекiндiм. Нумеролог туралы ұмытып та кеттiм. Ол кiсi тағы бiр жолығып қалғанда: «Бардыңыз ба?» деп сұрады. Бармағанымды бiлген соң: «Барсаңыз, өкiнбейсiз!» — дедi. Сөйтiп, нумерологқа баруыма тура келдi. Нумерологиядан басымдағы «неге? неге?» деген сұрақтардың бәрiне жауап алғанымда, бұл ғылымға деген ризашылығымда шек болмады. Аса сүйiспеншiлiкпен, құлшыныспен осы ғылымды оқып, үйренуге асықтым. Бiлiктi мамандардан бiлiм алып, нумерология ғылымының қыр-сырын оқып, жүрекке тоқып, тәжiрибемдi жалғастырып, қолымнан келгенiнше алдыма келген жандарға көмек көрсетудемiн деп ойлаймын. Кейбiреулер ойлайтындай, бұл бал ашу, болашақты болжау емес. Нумерологияның басты бағыты – адамдардың өздерiн өзi танып бiлуiне көмектеседi; бақытты өмiр сүрудiң жолын сiлтейдi; айналадағы адамдардың iс-әрекетiнiң құпия-сырын түсiндiредi; олармен гармониялық түрде өмiр сүрудi үйретедi. Мен бұл салада бiлiмiмдi үздiксiз жетiлдiрiп отырамын.
– Әлгiнде өзiңiз айтқандай, күйеуiңiзбен жас айырмашылық едәуiр көрiнедi. Бұл да оңай емес шығар. Ересек адаммен тiл табысу, көңiлiн табу, отбасылық қарым-қатынасты ұстап тұрудың әдiс-тәсiлдерi қандай?
– Оныңыз, рас. Жас алшақтығы да маңызды роль атқарады. Мен ол кiсiден 21 жасқа кiшiмiн. Күйеуiм үйде де, түзде де – көшбасшы. Нумерология тiлiмен айтқанда – «Мыңдық Адам». Еңбекқор, шебер қолды, талапшыл, талғампаз, сұлулықты жаны сүйетiн, отбасына жауапкершiлiкпен қарайтын жан. Ия, үлкен адамдар бала секiлдi болады дейдi ғой. Кейде болмашы нәрсеге ренжiп қалатыны бар. Бiрақ зейнет жасында болса да жастармен қатар еңбек етуде. Үйдiң де, жұмыстың да кiрiс-шығысын өзi басқарады. Қайда, қанша қаржы жұмсалып жатқанын азаматым реттейдi. Көптеген iстерде ақылдасып отырамыз. Алайда соңғы шешiмдi Ол жасайды. Мен ол кiсiнiң шешiмiне қарсы тұрмаймын. Өз орнымды бiлемiн, «сiз» деп сыйлаймын. Ал, мен әйел, ана ретiнде, қазiр продюсер ретiнде өз жұмысымды бiлемiн деп есептеймiн. Ақылдасып әрекет етудi әдетке айналдырғанмын. Отбасымызда тыныштық, береке, бiрлiк, амандық болуы үшiн мен ерiме бағынуым керек. Қарапайым ғана құпиям – осы.
ЛАУРА ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ
2019 жыл