Қыз-келіншектердің өзіне қамқорлығы – денсаулығын күту мен табиғи бет-әлпетін сақтап, үнемі күтініп жүру болса керек. Ал жаздың аптап ыстық күндері терісін күннің сәулесінен қорғау – міндетіне айналуы қажет. Жалпы күннен қорғану – баладан бастап ересектерге де жыл он екі ай бойы артық болмайтынын ескертеді сұлулық мамандары.
Күн сәулесі теріге ұзақ уақыт бойы ақырындап, білдірместен әсер етеді. Жылдар өте терінің күйі нашарлап, пигментті дақтар мен әжімдер пайда болып, құрғай бастайды. Нәтижесінде тері серпімділігін жоғалтады, күннен аллергия (фотодерматит) пайда болады.
Осындай сәттерде бізге spf құралдары көмекші болады. Тысқа шығар алдында spf 30 деген белгіден жоғары түрін таңдау ләзім. Дұрысы, spf 50. Қазір мұндай қорғану құралдары сантүрлі, қолжетімді. Крем, лосьон, гель, сондай-ақ спрей түрінде кездеседі. Қыз-келіншектер жоғарыда атап көрсетілген алғашқы үш құралды жиі пайдаланып, спрей сатып алуға мән бере қоймайтын көрінеді. Ал тері күтіміне алаңдайтын мамандар спрейді қолданудың артықшылықтарын атап көрсетіпті:
— Спрейді жағып отырудың қажеті жоқ, бір-екі басып, сепсеңіз болғаны.
— Теріде, киімде із қалдырмайды. Күннен өте жақсы қорғайды.
— Макияжбен жүретін арулар әр екі сағат сайын жаңартып, сеуіп жүре алады.
— Ол сонымен қатар макияжды ұзақ уақыт ұстап тұра алады.
— Спрей құрамында антиоксиданттар, теріні ылғалдандыратын, жайландыратын, тегістейтін компоненттер болғандықтан бетіңіз бен дене терісіне де күтім есебінде жүреді.
— Бетте майлы қабат түзбейді.
— Майлы, құрғақ, аралас тері типтегі адамдар да қолдана алады.
— Балаларға да қолдануға рұқсат етілген.
Сатып алар уақытта жарамдылық мерзіміне мән беріп, үй жағдайында
салқын, күн көзінен алыс жерде ұстаңыз.