КҮЛЕ БІЛСЕҢ КҮНДЕ, АУЫРМАЙСЫҢ МҮЛДЕ

КҮЛЕ БІЛСЕҢ КҮНДЕ, АУЫРМАЙСЫҢ МҮЛДЕ

«Ойын – арзан, күлкі – қымбат» демекші, күлкінің адам ағзасына пайдалы әсері мол екендігі баршамызға аян. Денсаулығың мықты болсын десең, әр күніңді көтеріңкі көңіл-күйде өткізуге барынша күш салғаның жөн болар. Өйткені адам күлген кезде ағзада эндорфиндер, яғни бақыт гормондары түзіле бастайды. Ал, кортизол, допамин және адреналин сияқты стресс гормондарының түзілуі керісінше күрт төмендейді. Американ ғалымдары күлкімен емдеу (смехотерапия) сеанстары күйзеліске ұшыраған адамдарды ешбір дәрі-дәрмектің көмегінсіз емдеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі екендігін дәлелдеді. Бұл антидеприсанттарды қабылдағаннан гөрі адам ағзасына еш зияны жоқ әдіс-тәсіл.
Күлген кезде адамның 80-ге жуық бұлшықеттері іске қосылады екен. Біз жымиғанның өзінде беттегі мимикалық бұлшықеттер қозғалысқа ұшырап, жүйке жүйемізге жағымды импульстер беріле бастайды, қан айналым процесі жақсарады. Спортпен айналысу адамның ағзасына түсетін ой күші мен физикалық күшті теңестіретін болса, күлкінің денсаулығымызға әсері дене шынықтырумен айналысқанмен бірдей. Шын көңілмен беріліп күлгеннен кейін біраз шаршағанымызды сезінеміз. Тұла бойымызда қуаныш сезімі ұялап, денеміз сергіп, иығымыздан ауыр жүк түскендей болады. Қан қысымы бар адамдарға немесе өкпе ауруларына шалдыққандарға да (мысалы, бронхит, астма, т.б.) көп күлгеннің пайдасы зор. Бұл олар үшін физиотерапия десек те болады.
Сондай-ақ, күлу таза ауа жұтып қайтқанмен тең. Орман ішімен серуендеу ағзадағы газ алмасу процесін қалай жақсартатын болса, күлген кезде де дәл сол процесс қарқынды жүреді екен.
Қалжыңдау немесе күлкілі оқиғаны еске түсіру – арамыздағы туындайтын өзара түсініспеушіліктерді жойып, ары қарай тату-тәтті өмір сүруге септігін тигізеді. Бақытты болудың оңай, әрі қарапайым жолы.
Күлкінің адам ағзасына пайдалы әсері жайында психолог мамандар да көп айтады.
Сол себептен бұл жайында психолог ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА Айжан Жақанбайқызы шын күле білудің ағзаға ерекше қуат беретіндігін былай деп түсіндіреді:
– Көптеген жылдар бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша күлкі адам ғұмырын ұзартатындығы анықталған. Қазір коммерциялық телеарналарда көрермендер көп жиналатын кезде, яғни «праймтайм» уақытында әзіл-сықаққа негізделген телешоуларды, роликтерді және фильмдерді қоятын болған. Мұның пайдасы сол, әзіл арқылы ауыр күннің тауқыметтерін бір сәт болса да ұмытып, біраз демалуға мумкіндік туады. Бұл тәсілді дамыған елдерде кеңінен пайдаланады.
Кейде ызаланып тұрып арсыз күлкіге ерік беріп жататын жайттарды аз кездестірмейміз. Ғылымда оны – истерикалық күлкі деп атайды екен. Адам шарасыздықтан күле бастайды, бірақ, күлкі мен көз жасы қатар тұрады. Ол күлкінің астарында не тұрғаны бәрібір көпшілікке белгілі.
Кейбір адамдардың осылайша қатты қорыққанда немесе ашуланғанда еріксіз күліп жіберуінің де себебін маманнан сұраған едік.
– Егер күтпеген жерден шошынып қалып күліп жіберсе, онда ол күлкінің зияны не пайдасын анықтау өте қиын. Дегенмен, жөнсіз күлкінің адам агзасына пайдасынан гөрі зияны мол. Жүйке талшықтарының тежелуіне әкеп соғады. Дәл сол сәтте ғана адамның көңіл-күйі орнына түсуі мүмкін. Бір мезетте қалай пайда болса, солай еш әсерін қалдырып та үлгермей ғайып болуы гажап емес. Ал, ашу, реніш немесе қорқыныш сезімдері біршама уақытқа созылып, жөн-жосықсыз күле бастаса, жүйкесі одан ары күйзеліске ұшырап, біртіндеп денсаулығы да нашарлай бастауы ықтимал, – дейді Айжан ЖАҚАНБАЙҚЫЗЫ.
Біз күлкінің ағзамызға қаншалықты пайдалы екендігін білсек те, әр күнімізді қызықты, көңілді өткізу қолымыздан келе бермейді. Уакыттың, өзіміз ойлап тапқан тосқауылдардың жетегінде жүрмей көңіл-күйіміздің болмауына жол бермеу үшін адам өзіне-өзі көмектесуі шарт.
Мысалы, адамның үстіне киген киімінің өзі оның көңіл-күйіне әсер ететіндігін және де ол өзінің күнделікті таңдауын көңіліне сай жасайтындығын мамандар дәлелдеп отыр. Қара, сұрғылт, т.б. жабық түстерді көбінесе көңіл-күйіміз болмаған кезде таңдайды екенбіз. Бір ғана дәлел, қаһарлы қыс мезгілінен кейін көктемнің жылы лебімен бірге үлкен-кішілердің әдемілікке құмартып кететіндігін байқаймыз. Кейде көңілсіздік таңертеңнен бастап пайда болуы мүмкін, ол көбінесе ұйқының бұзылуының салдары. Сондықтан, 8 сағат ұйықтап, мидың шаршауына жол бермеуге тырысу керек. Бүгінгі күнгі күйбең тірліктен күйзеліске түспеудің бірден-бір амалы – күлкімен қарулану. Ол үшін кейде жай ғана теледидарды қосып қызықты, күлкілі бағдарламаны тамашалаудың өзі жеткілікті болып жататындығын ұмытпағайсыз. Көңіл-күйіміздің жабырқау немесе көтеріңкі болуы тікелей өзімізге байланысты екендігін тағы да ескертеміз.
Нұрсәуле САҒИДОЛДА.
(№7(241) Шілде 2010 жыл)

фото ғаламтордан алынды.

Сізге де ұнауы мүмкін

Санада – сызат, көңілде – үрей
ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАН ҰРПАҚ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАН ҚОҚЫС АЛАҢЫ МА?

Автор

Меню