«Бойдақ кездерi махаббатымыз маздап тұратын едi». Ендi өкiнiп жатысым мынау. Кеше ғана оның тәп-тәттi сүйiктiсi, ол менiң сүйкiмдi қонжығым болған едi. «Томпағым» дейтiн едi. Ал бүгiн? Көрген түс қана секiлдi. Бiр үйде осы адаммен қалай ғана тұрып жатырмын деп таң қаласың. Iштей өзiңдi осыған көнiп жүрген шыдамы мықты әйел екенмiн деп көтермелеп те қоясың. Құдды бiр үйдiң әр бөлмесiн жалға алған квартирант секiлдiмiз. Көрген жерде бiр-бiрiңе қарағаның болмаса танымайтын, бiр-бiрiне қатысы жоқ адамдардай өтiп кетесiң. Тiл қатыспайсың. Дастархан басында әркiм керегiн iшiп-жеп тұрып кетедi. Сосын қалаған iсiңмен айналыса бересiң. Кеш батса, бұрынғыдай төсекке асықпайсың…
Әрине, кiм бiрiншi кешiрiм сұрап, кiшiрейсе, сол ақылды, сауап алады деп айтуға оңай. Бұлайша үндемес ойыны бүгiн, ертең, онан кейiнгi күн, тiптi арғы аптаға дейiн жалғаса беретiн болса, бұрынғы қадiр-қасиетiңдi, бiр-бiрiңнiң алдыңдағы статустарыңды қайтару қиынның қиыны. Бұл соғыстың ақыры екеуiңнiң жеңiлiстерiңмен аяқталуы ықтимал. Отбасының бұзылып, ажырасуы – жеңiлiс емей, немене?! Ендеше, ақылдырақ болуға тырысайық. Тығырықтан шығудың жолын бiрге iздейiк.
Келiспеушiлiктiң түрi:
Елемеу.
Үнсiздiк. Тамақтанып, газет оқу. Кешкi жаңалықтар тыңдайсың, үндi сериалдарын тамашалап, интернетке кiрiп, аралап шығасың. Төсек салып, бiр-бiрiңе арқаңды берiп, жатып қаласың. Таңертең оянсаң, ол жоқ. Немесе сен бiрiншi тұрып кетiп қаласың. Үйде жалғыз өзiң тұрып жатқандай түр жасап аласың. «Мусорды төге сал» деп, үстел үстiне қағаз қалдырасың, не болмаса дауысыңды қатайтып, терiс қарап тұрып айтып, «сосын нан ала сал» деп бұрылып кетесiң. Кешкi сағат жетiде телефоныңа смс келедi: «Кеш келем». Бiттi! Екi-ақ ауыз сөз. Отырып алып, болжам жасай бастайсың. Екi ауыз сөзден екi бет болжам жазуға болады. Бұрын смс мәтiнi былайша өрбитiн едi: «Жан, бүгiн үйге кеш барамын. Жұмыстан шыққан соң жiгiттермен отырыс бар едi. Тамақтарыңды iше берiңдер. Онға дейiн барып қалармын. Балалардың бетiнен сүйiп қой. Қып-қызыл жүректiң суретi».
Ол келемiн дегенше, жатып қалғаныңмен, ояусың. Ештеңе сезбей ұйықтап жатқан адамның бейнесiне ене қаласың. Осылайша екi аптада бұрынғы сүйiктiңнiң дауысының қандай екенiн ұмытып қалуың да мүмкiн.
Тығырықтан қалай шықсақ екен?
1. Әзiл-қалжыңды қолдана бiлу
Өздерiңнiң сырттарыңнан сырт көз-сыншы болып, қарап көр: бала кезде оқыған мысалдағыдай, екеуiң өзен үстiндегi тар көпiрде кездескен қой секiлдiсiңдер. Бiреуiң керi шегiнiп жол берсеңдер, екеуiң де аман-есен қаласыңдар. Ал текетiрес соңы – екеуiңнiң өзенге құлауларыңмен аяқталуы бек мүмкiн. Ең ұтымды әдiс – шиеленiскен қайшылыққа юмормен қарау. Аздап әзiлге салып көр, сонда бұл iстерiң өздерiңе күлкiлi болуы мүмкiн. Болмаса айнаға ерiн далабымен: «бiздiң не үшiн ренжiскенiмiз есiңде ме?» деп жазып қой. Таңертең жұмысқа кетер алдында көрсiн. Түймедейдi түйедей еткендерiңе күлкiсi келер.
2. Наздану, еркелей бiлу.
«Әйел-ашуланса жеңiледi, еркелесе жеңедi».
Әйел – ерден бiр саты төмен. Керi шегiнсең — жеңiс сенiкi. Еркелей барып, оның бетiнен, шашынан иiске. Үнсiз ғана. Сөздiң қажетi жоқ. қарсыласыңыз жеңiлмесе де, күшi әлсiреп, қаруы қолынан түсiп кетуi мүмкiн.
«Отбасын сақтаудың ең үлкен қағидасы – кiнәласпау. Ер адам бұлттай ауыр мiнездi болғанымен ашуының тарқауы жылдам. Әйелiнiң шыққан күндей шырайын сезiнсе, нөсерлеткен жаңбырдай жақсылығын жасай бастайды. Еркектiң еркек екенiн сезiнiп, еркелей бiлсең, естi еркек ентелей бермейдi. Ал әйел адамның табиғаты шырмауық гүлге ұқсайды. Шырмауық гүл жерде жатса жайылып жапырақ жайғанмен, көркейiп көзге түсе қоймайды. Ал сүйенiп өсетiн тiреу табылса, бiрден бой түзеп, құлпырып шыға келедi. қауызынан гүл ашып, жақындасаң жұпары аңқиды. Әйел адам да дәл солай арқа сүйейтiн ардақты күйеуi болса, соған бағынып, соның тiлеуiн тiлей жүрiп қана Аллаһтың мейiрiмiне шомылады» деген Мұхамеджан Тазабектiң сөздерiн түртiп алып, есiңде сақтап, пайдаңа асырып көр.
3. Тiзе бүгу.
Егер қарым-қатынастарыңды, отбасының ынтымағын жоғары қоятын болсаң-кешiрiм сұра. Кiмнiң кiнәлi екендiгi, соғысты кiмнiң бастағаны – маңызды емес. «Жығылғанды жұдырықтамайды» деген мақал есiңiзде ме? Күресiңiз әдiлеттi болсын, қарсыластың шамына тимеңiз.
Айқай мен жанжал
Конфликтiң бұл түрi бойкоттың тоқтауына апарады. Сен өзiңдi кiнәлi деп таппасаң да кешiрiм сұрайсың. Түнде сөйлеспей үнсiз қаласыңдар да, таңертең қайта өзара ұрыс басталады. Тез арада тоқтатпасаңдар, бұл жағдай ертең де, одан кейiнгi күнде қайтала беретiн болса, дүние-мүлiктi бөлiсуге кiрiсе бастайсыңдар.
Қалай шиеленiстi шешуге болады?
1. Керi шегiну.
Ең бастысы – бәрiн бейбiт жолмен шешу. Бұрынғы мамыражай қалыпқа түсуге тырысу. Әйтпесе, бiреуiңiзге үйдi тастап кете тұруға тура келуi мүмкiн. 2-3 сағатқа болса да. «Кешiр, менiң ойлануым керек» дейсiң. Анаңа, құрбыларыңа шәй, кофе iшiп отырып, сырыңды айтып, көз жасыңды бiр сығып алуыңа болады. Тiптi, телефон арқылы да. Ана мен құрбы дұрыс жол сiлтей алуы қажет. Бұл уақытта күйеуiң алаңдай бастауы мүмкiн. «Бiреу тиiсiп жатқан жоқ па? Ештеңеге арандап қалмаса жарар едi. Тамақтанатын уақыт болды, ал ол әлi жоқ. Ыстық тамақ тұрмақ, нан да жоқ».
Шиеленiс түрi
Ерегiс.
Екеуiң де бiр-бiрiңе ерегiсiп, қаттырақ жанына жара салуға тырысасыңдар. Кiм жүректi ауыр жаралай алады дегендей мұның бәрi әдейi жасалады. Мәселен, бұрынғыдай жұмыстан соң үйге асықпау. Достарымен кездесуге ескертпей кетiп қалу. Үйге азық-түлiк әкеле салу тоқтайды. Сен тамақты уақытымен дайындамайсың. Оның киiмдерiн жуып, үтiктемейсiң. Ол да ерегiспен жұмысқа кетерде кез-келген киiмдi үстiне iле салады. Шаш алу, мұртын қыру жоқ. Қоқыс жинала бередi. Оның туыстарына қонаққа барудан бас тартып едiң, ол да кезегi келгенде қарымта қайтарды. Сенiң төркiнiң келгенде, үйден кетiп қалады, олар телефон шалса, тұтқасын алмайды.
Шиеленiстен шығу жолы:
1. Мәмiлеге келу
Бұл әдiс күлкiлi көрiнуi мүмкiн. Десе де, екi жақ бiр-бiрiнiң талаптарын тыңдап, мәмiлеге келсе, жақсы емес пе?! Мәселен, сен оның көйлек, шалбарын үтiктеп қоя сал. Ол дүкенге барып келедi. Сен оның достарын шақырып, қонақ күтесiң. Ал ол сенiң төркiнiңе мейрамда құттықтап барады. Сен оның анасын мама, әкесiн папа дейсiң. Әпкесiн тәте, ағасын аға деп құрақ ұшасың. Ол да сенiң жақындарыңа тура солай етедi. Бұл мәмiле кейiннен күшiн жойып, жазылмаған заң боп, әдетке айналып кетуi мүмкiн. Бұл одақтың ыдырауына емес, нығаюына апаратын жол. Бiздiң қалағанымыз да осы емес пе?!
Кей жағдайда үшiншi адам – әдiлқазының төрелiгiне жүгiнуге тура келедi. Ол үшiншi адам екеулерiңе жақын, жаны ашитын туыстарың, ата-анаң, достарыңнан болуы мүмкiн. Оның шешiмiне разылық танытуға тура келедi. Ең ұтымдысы – кәсiби психологтың қабылдауында болу. Нағыз ақыл-кеңес беруi мүмкiн. «Мен саған псих боп көрiнемiн ба, психологқа баратындай?» деп ат-тонын ала қашса, жалғыз баруыңызға тура келедi. Сенiң мiнез-құлығың өзгерсе, жұбыңның да мiнезiнде өзгерiс байқалатыны анық. Расында, бiз бiр-бiрiмiзге тәуелдiмiз.
Тайм-аут.
Мәмiлеге келе алмадыңдар, өзара кемшiлiктердi мойындауға күштерiң жетпедi, арадағы балаларың да байланыс орната алмады, тiптi үйге қонбайтын жағдай туындаса… Мүмкiн жалғыз жол – бiр-бiрiңнен демалу. Антракт бiр апта, асып кетсе бiр ай ғана болсын. Тайм-аут – өткендi ой елегiнен өткiзуге, сұрақтарға жауап табуға жақсы мүмкiндiк. «Мен ол адамды қалаймын ба? Болашағымызды қалай елестетемiн? Татуласуға дайынмын ба? Ол үшiн алдағы уақытта өзгере аламын ба? Қандай қасиеттерiн бағалап, отбасын құрдым?». Жақсы жағынан ойлап, оптимист болуға тырысыңыз. Әйтпесе, көлеңкелi тұстар көп қой.
Шешiм: Тайм-аут
Нәтижесiнде екеуiң екi жаққа кеттiңдер. Кiсiнiң қай жерде жүргенi маңызды емес, тыныштық. Үнсiздiк. Уақыт өте сен оны iздей бастайсың. Телефон да тып-тыныш. Көргiң келедi. Тыныштандыратын дәрi iшiп, жастыққа бас қоясың. Көзiңдi жұмасың. Ұйқы жоқ. Осылай жалғыздықта тiзеңдi құшақтап қалудан қорықсаң, iске кiрiс. Сонымен, шиеленiстен шығу жолдары:
Қарсы шабуыл
Алғашқы қадамды еркектен күтудiң қажетi жоқ. Ескi тәсiлдердi (қоңырау шалу, смс жазу, гүл сыйлау, түнде балауыз жағып, билеп, ән салып, дәмдi тамақ пiсiру, кинотеатрға билет) ысырып тастап, жаңа сценарий мен тың қадамдар ойлап табыңыз.
Дезинформация.
Егер отқа түсуден қорықпасаң, психологиялық шабуылға дайындал. Жаныңдағы сенiмдi серiктес немесе сынақтан өткен серiгiң арқылы сенiң уақытты қалай өткiзiп жатқандығың туралы ақпарат жеткiз. Екi жұбайды татуластыру үшiн айтылған өтiрiк күнә емес деген бар. Шын мәнiнде үйде жатсаң да, жалған ақпарат жiберiп, ол сенен айрылса, бармақ тiстеп қаламын деген өкiнiш өзегiн өртеп, саған жеткенше асығуы керек. Қызғаныш та оянуы мүмкiн. Саған қарымта деп ол да тыныш жатпай, қарсы ақпараттық шабуылға кiрiсуi де ғажап емес. Тайм-ауттың ақпараттық шабуылы қалай тәмам болатыны екеуiңе байланысты.
Керi қайтатын уақыт келдi.
Оған бәрiн басынан бастауға ұсыныс жаса. Қатесiз жазамын деп, таза парақтан бастасаң да, қолтаңба өзгермейдi. Десе де, өз қателiгiңнен сабақ алып, белсендi бол, уақыттан ұтылма. Ренжiскенде сен үшiн жеңiс емес, қарым-қатынастарыңның маңыздылығын жоғары қоятыныңды түсiнетiндей болсын.
Бiр келiншек.
⦁ Бiр ғана сөзбен немесе мақал, фразамен мықтап қарулануды меңгерiңiз. Осыдан кейiн шиеленiс шешiлетiндей болсын.
⦁ Арадағы күндiзгi кикiлжiңдi түнде төсекте шешемiн деп сену бiр, екi, үш рет iске асуы мүмкiн. Төртiншi рет бұл әдiсiңiз де ашуын тарқата алмауы мүмкiн. Өзiне құрмет және туысқандарымен жақсы қарым-қатынас керек.
⦁ Бiр-бiрiн бопсалау, қорқыту – мәселенi шешпейдi, ушықтырады. Отбасылық өмiрде кикiлжiңсiз жұп болмайды. Ренжiсу – ажырасу үшiн тумау керек, керiсiнше тығырықтан шығар жолды үйрену үшiн пайдалы.