Соңғы жылдары эндокринолог дәрiгерлердiң дабыл қағатындай жөнi бар. Себеп – эндокринология бөлiмiне тексерiлiп, денсаулығындағы ақау туралы шағым айтатындардың 85 пайызы қант диабетiмен ауырады екен. 15 пайызы басқа эндокринологиялық патологияларға тиесiлi.
ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң сайтының ақпаратынша, қант диабетi бүкiл әлемде денсаулық сақтау жүйесiнiң басты мәселесi болып тұр. Осы аурудың қарқын алып кетуiн есепке алған ДДҰ сарапшылары қант диабетiмен ауыратын науқастардың саны 2040 жылға қарай 1,5 есеге өсетiнiн болжапты.
Қазiргi заманда жанталасқан адамдар, жұмыстың көптiгi, ұйқының аздығы, әсiресе түнгi ұйқының азаюы, компьютерде көп отыру – мұның бәрi гормондардың қызметiне керi әсерiн тигiзедi. Бiз осы аталған жағдайлар туралы толығырақ тоқталу үшiн маманның сөзiне кезек берелiк.
Гүлчехра Арысланқызы Байжанова, №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының эндокринология бөлiмiнiң меңгерушiсi:
Қаныңдағы қант мөлшерiн өлшедiң бе?
Әр адам сақтық үшiн, өз денсаулығын тексеруден өткiзу үшiн ерте қимылдағаны жөн. Ауру тек жасы келген жандарға ғана үйiр деген қазiр қате түсiнiк. Осы тұста «неше жастан бастап эндокринологқа көрiнген жөн?» деген сауал тұрады.
Егер ата-анасының бiреуi эндокринологиялық аурулармен ауыратын болса, 4 келiден асатын салмақпен туғандар немесе сондай баланы өмiрге әкелген әйелдер, бала кезiнен артық салмақтан зардап шегетiндер неғұрлым ерте тексеруден өтсе, соғұрлым өз денсаулығына жақсы болмақ. Өйткенi, қант диабетi «жасарып» барады. Профилактикалық тексеру жөнiнде: негiзi тексерiс 45 жастан деп есептеледi, ал, мен 20 жастан бастап 5 жылдық скринингтарға қоятын едiм. Ауыздың жиi құрғауы, көп су iшу, салмақты тез жоғалту, кiшi дәретке жиi шығу секiлдi белгiлердi байқаған әрбiр адам қант диабетiне шалдыққан болуы мүмкiн. Соған сай оның белгiлерi де әр алуан. Кейбiр формалары жасырын жүретiндiктен, адамның өзi де бiлмей, ауруы асқынып кететiнi бар. Мұның арты немен аяқталары тағы да белгiлi. Сол үшiн үгiт-насихат жұмыстарын жасап, «Сен қант диабетiне тексерiлдiң бе? Қантыңды өлшеп, эндокринологқа тексерiл» деп түсiндiрме жазылған қағаздар таратып, қоғамдық орындарға iлiп қоятынымыз бар.
Сондықтан әр адамның өз денсаулығымен қоса балаларының денсаулығы үшiн де жауапты екенiн ескерсе едi. Барлығы болмаса да, қант диабетiнiң 2-шi типi, қалқанша бездiң кей ауруларының тұқым қуалайтыны бар.
Гормондар қалыпты болсын десең…
Гормондардың қалыпты жұмыс iстеуi iшкi және сыртқы факторларға байланысты. Сыртқы факторларға – дұрыс тамақтану, тамақтың құнарлы болуы, құрамының дұрыстығы, жұмыс iстеу мен демалудың тәртiбi, әлеуметтiк жағдай, үйдегi аураның қалыпты болуы, ауа райы мен табиғаттың әсерi жатады. Ал, iшкi факторлар – адамның жасы, әр адамның метаболизмi, яғни зат алмасуы, бойындағы басқа да аурулардың әсерiне қарайды. Мұның барлығы гормондардың қалыпты болуына әсер етедi. Кей адамның белгiлi бiр ауруына ем болсын деп дәрiгер тағайындаған дәрi-дәрмек гормонның жұмысына керi әсерiн тигiзiп жатады. Бұрын-соңды қант диабетi болмаған адам кейбiр дәрi-дәрмектi қабылдағанда аталған ауруға шалдығады. Эндокринологияның бiрнеше тармақтары бар, соған сай әр бездiң ақауын әр бөлiмде тексерiп, ем жүргiзедi. Қалқанша без, ұйқы безi, бүйрек үстi безi, жыныстық бездер – бұлар iшкi секреция бездерi. Ал, ағзадағы бүкiл гормондардың басқарушысы – баста орналасқан гипофиз. Алдыңғы орында ұйқы безiнiң ауруы, одан кейiнгi қалқанша безiнiң аурулары тұр.
Аста йод жетiспеуiнен туатын жемсаудың (зоб) 10-нан аса түрi бар. Ең қауiптiсi – тез асқынып, адам өмiрiне қауiп тудыратын диффуздық токсикалық жемсау. Тағы бiр түрi түйiндi жемсауда без гормонды көп бөледi. Қалқанша безiнiң созылмалы аутоиммунды тиреоидит деген де түрi болады. Бұл қалқанша безi функциясының төмендеуiне алып келедi және жиi кездеседi. Мұның да, өкiнiштiсi – белгiлерi кеш бiлiнедi. Эндемикалық жемсау – йод жетiспеушiлiген туындайды. Дәрiгерлер мұндай науқасқа йод тұтынуға кеңес бередi. Бiздiң йод тапшылығына жататынын аймақта тұратынымызды бiрi бiлсе, ендi бiрi бiлмес. Қазiр профилактикалық шаралар жасалып, тұздың, нанның iшiне йод қосады. Осы тұста маңызды болған соң аурудың белгiлерiне тоқталғаным жөн. Адамның бiр нәрсеге қызығушылығы төмендейдi, ұйқышаң болып, терiсi құрғап, iшi қатуы мүмкiн, iсiнiп, артық салмақ қоса бастайды. Мiне, осы белгiлерiн өз бойынан байқағандар тексерiлiп алғандары жөн.
Йодтың орны тым бөлек
«Йод препараттарын дәрiханадан алып, әр адам iшiп тұруына бола ма? – Мүмкiндiгiнше, маманның кеңесiмен қабылдаған дұрыс. Бiрақ өз бетiнше алып iшудiң ағзаға керi әсерi жоқ. Неге? Өйткенi, iшегiмiзге йодтың керектi мөлшерi сорылады, артығы сыртқа шығып кетедi. Сол үшiн мөлшерiн артық қабылдап қоямын-ау деп қорқудың қажетi жоқ. Мәселен, жапониялықтар бiзден 5 есе көп йод қабылдайды. Өйткенi, теңiз өнiмдерiн жиi тұтынады. Соған сай жапон халқы ақыл-ой көрсеткiшi бойынша алда келе жатқан ел.
Балаларға берiлетiн дәрумендердiң кейбiрiнiң құрамында йод болуы мүмкiн. Ал, жеке өзiн беремiн деушi ата-ана ұл-қызына 5 жастан бастап 100 мкг-дық таблетканы екiге бөлiп, тәулiгiне 50 мкг беруiне болады. 7-8 жастан бастап 100 мкг, жасөспiрiм балаларға 150 мкг тағайындауға болады. Ересектер мен жүктi келiншектерге күнiне 200 мкг қабылдаған жөн.
Денсаулыққа селқос қарау сан соқтырар
Гормоналды препараттарды тек маманның рұқсатымен қабылдаған жөн. Өйткенi, дәрiгер аурудың клиникасын тексерiп, қандай гормонның жетiспейтiнiн лабораторияның қағазымен дәлелдеп барып тағайындайды. Қабылдайтын мөлшерiн, уақытын емделушiнiң салмағына, жағдайына қарап шешедi. Кей адамдар өз бетiнше препараттың мөлшерiн арттырып iшедi, ендi бiрi бiр аптадан соң-ақ тастап кетедi. Әрине, мұндай ретсiздiктен соң ауруының асқынуымен қайта ауруханаға келедi. Лабораторияға қан тапсырып, уақытылы талдау жасату да өте маңызды. Кей адамдар өмiр бойы гормон қабылдап өтедi, бiрақ қабылдау мөлшерi өзгерiп отырады. Гормон – ойыншық емес, оған селқос қарауға болмайды.
Ер мен әйелдiң, ересектер мен балалардың гормондарының қызметi, бөлiнуi, түрлерiнде айырмашылықтар болады. Әйелдерде жүктiлiк пен етеккiр уақытында гормондар ерекше бөлiнедi. Еркектiк гормон – тестостерон жасөспiрiм кезеңде әдеттегiден көп бөлiнедi. Орта жаста бiр айрықша бөлiнсе, үлкен жаста, тiптi басқаша бөлiнедi.
Ерлi-зайыптылардың бала сүюiне де гормонның көп мөлшерде немесе аз бөлiнуi әсер етедi. Атап айтсам, токсикалық жемсау, қант диабетiнiң кей түрлерiнде әйелдерде етеккiрi тоқтап қалады. Бұл – аменорея деп аталады. Демек, бала сүю мүмкiндiгi жоқ деген сөз. Өте толық әйелдерде де солай, бала сүюге мүмкiндiгi аз. Ерлерде қалай? Тестостеронның қызметi бұзылғанда бала сүйе алмайды. Өйткенi еркектiк жыныстық жасушаларының қозғалысына аталмыш гормон қатысады. Семiздiктiң жоғары дәрежелi түрiнде тестостерон мөлшерi азаяды. Неге? Денедегi артық май эндокриндiк ағза болып есептеледi. Еркектiк гормондарына қарсы жұмыс iстейтiн әйелдiк гормондар бөледi. Мұндай еркектердiң әйелге тән сипаты артады, сақал-мұрты азаяды, дауыстары жiңiшкередi, төсек қатынасына да қызығушылығы төмендейдi.
Қауесетке жауап
Әйелдiң жүктiлiктен сақтану үшiн қабылдайтын препараты төңiрегiнде қауесеттер де жиi айтылатын тақырыптардың бiрi. Көп келiншектер бұдан үрейленедi. Оларға «артық салмақ қосып алатын болдым, көп iшкеннен бедеу боламын» деген ой маза бермейдi. Мен мұнымен келiспес едiм. Қазiргi жаңадан шығып жатқан бұл препараттардың түрлерi төменгi дозада жасалған. Олардың денсаулыққа зияны болмас үшiн құрамдас бөлшектерiн мұқият есептейдi. Гинекологтар 5 жылға дейiн iшуге рұқсат етедi. Ол препаратты iшудi тоқтатқан соң өзге бiр себептерi болмаса 3 ай iшiнде әйел жүктi бола алады. Салмақ қосу, қан қысымын көтеру, көктамырды шығарып жiбередi деген сөздер шындыққа жанаспайды.
Жағымды жаңалықтар жетерлiк
Медицинаның қай саласын алсақ та үнемi даму үстiнде. 15 жыл бұрын елiмiздiң нарығында препараттар екi есе аз едi. Қазiр жетiлдiрiлген жаңа препараттармен толығып жатыр. Бiздiң ауруханада жұмыс iстейтiн м.ғ.д., профессор Римма Базарбекқызы осы салаға қатысты шетелде соңғы жаңалықтар болса, бiрiншi болып елiмiзге алып келiп, республиканың эндокринологтарына бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында шеберлiк сабағын өткiзедi.
Қазiр инсулин помпасы деп аталатын жаңа шағын құрылғы қолданысқа ендi. Күнiне 4-5 рет инсулин қабылдайтын науқастарға бұл өте ыңғайлы. Бұл 3 күндiк инсулин мөлшерiн сорып алып, денесiне қондырып қойып, алаңсыз жүре алады. Бiрақ бағасы да қымбат, екiнiң бiрiнiң қалтасы көтере бермейдi. Мемлекет қазiр қант диабетiмен ауыратын балаларды осы құрылығымен қамтамасыз етiп келедi. Ал, ересектер өз қаржысына сатып алады. Ауруларды инсулинмен мемлекет қамтамасыз етiп келедi. Бiр атап айтатыным, бiздiң мемлекет сияқты гуманитарлық көмектi жақсы көрсететiн ешкiм жоқ. Бiз науқастың қан құрамындағы қантын глюкометрмен өлшеп отырамыз. Аурухана жаңа жетiлдiрiлген осындай аппарат сатып алды. Ол сiздiң денеңiзге қондырылып, әр 5 минут сайын глюкоза мөлшерiн жазып отырады. Бұл 3 күннен 6 күнге дейiн өзiңмен бiрге жүредi. Ал, дәрiгерлер осы жерде шешiп, оқып, глокозаның тәулiктiк мониторингiн жасайды. Бұл жаңа аппарат қорытындыны дәл шығаруға көмектеседi. Ал, бұрын әр 1 сағат сайын ғана өлшей алатын едiк. Қанттың мөлшерi әр 5 секунд сайын өзгерiп отыратынын ескерсек, 1 сағат тым ұзақ уақыт.
Ресейлiк бiр профессор жақсы мағлұмат айтпақ болса, бiз трансляция арқылы қосыла аламыз. Жағдайы өте ауыр науқасқа шалғайдағы профессордың пiкiрi қажет болса, скайп арқылы тiлдесiп, кеңес те аламыз. Арақашықтықтан консилиумдар жасаймыз.
Римма Базарбекқызы үнемi «алға жүрiңдер, ескi емес, соңғы шыққан препараттарды қолданыңдар» деп кеңес бередi. Мәселен, бүгiнде қант түсiретiн препараттың түрi 15-тен асып кеттi. Мiне, жаңа технологияның жетiстiктерi.
Обыр асқынса, опа бермес
Әлем ғалымдарын алаңдатып жүрген, адам өмiрiне орасан қауiп төндiрiп, ажалына жиi себепшi болып тұрған обыр дертi ағзадағы бездердiң барлығында кездеседi. Соның iшiнде алдыңғы орынға қалқанша безiнiң обыры шығып тұр. Дәрiгерлер безде пайда болған обыр екенiне толық көздерi жетсе, бастапқы сатыларында бездiң бүлiнген бөлiгiн ғана алып тастайды. Ал, өзiнiң науқас екенiн бiлмей немесе бiле тұра мән бермей жүрген адамның обыры асқынып кетсе, толық алынады. Осыдан кейiн ол жан онколог пен эндокринологтың үнемi бақылауында болады. Өкiнiштiсi, безi толығымен алынған науқас қалған өмiрiнде сол бездiң бөлетiн гормонын сырттан қабылдауға мәжбүр. Кей жағдайларда, мысалы бүйрек үстi безiнiң бiреуiн алып тастағанда, екiншiсi оның атқаратын функциясын өзiне алуы мүмкiн. Аналық без де тура сол сияқты. Ал, екi аналық бездi де алып тастаған жағдайда, әйелдiң бала сүю қабiлетi жоқ деген сөз. Демек, әйел ағзасында бiрден климакс басталып кетедi. Бұндай тосын өзгерiстер әйелге ауыр тиедi.
Ауру айналып өтсiн десең…
Кеңседе қозғалыссыз отырып жұмыс iстейтiн және құрылыста үнемi қимыл-қозғалыста болатын адамның денсаулығында едәуiр айырмашылық болады. Сол үшiн алғашқы топқа кiретiн адамдарға физикалық қозғалыс керек. Аз қимылда өмiр сүрудiң қаншалықты қауiптi екенiн бiлсеңiздер ғой. Халықтың барлығының жүзуге немесе жаттығу залдарына баратын мүмкiндiгi жоқ. Алайда, оларға күнiне 1 сағат таза ауада жаяу жүрудiң өзi зат алмасуға көп көмек бередi.
Адам ағзасындағы негiзгi салмаққа әсер ететiн 5 гормон бар – лептин, грилин, инсулин, кортизол, адреналин. Адреналин – стресс гормоны. Үнемi стрессте жүрсеңiз, зат алмасуды тездетiп жiбередi. Адам тез арықтап кетедi. Кортизол да стресс гормоны боп саналады. Лептин – тою сезiмiн бiлдiретiн гормон. Ұйқыңыз азайса, грилиннiң мөлшерi көбейiп кетедi, ол тәбетiңiздi ашып, сiзге артық тамақ жеуге мәжбүр етедi. Бұл қарныңыз ашты деген сөз емес, бiрақ ерiксiз тамақ жей бересiз. Теледидар қарап, компьютер алдында отырғанда аузымыз қимылдап отыру керек деп ойлаймыз. Бұл әдетке айналып кеткен. Мұндай сәтте тәбеттi су iшу арқылы төмендетуге болады. Мүмкiн шөлдеп тұрған боларсыз. 1 шыны су iшiп, жарты сағат өткен соң байқап көрiңiз. Сол уақытта ағза өзi сiлтейдi. Бұл таңғы, түскi, кешкi ас уақытындағы тамақтануға қатысы жоқ. Аталған үш мезгiлде толыққанды құнарлы тамақ керек. Семiздiкте майдың көп бөлiгi iшiне жиналғаны қауiптi. Өйткенi iште градус жоғары болады, май көп болса қанға ерiп түсiп қайта құралады. Ол қан тамырларының қабырғаларын тарылтып, нәтижесi ауруға әкеледi.
Ғалымдар адамның семiздiгiне, арықтығына әсер ететiн 200-ден астам гормон түрiн анықтаған.
Денсаулық сақтау жүйесiнде балалар эндокринологтарын қоса алғанда 810 эндокринолог жұмыс iстейдi.
1 жастан 18 жасқа дейiнгi балалар мен жасөспiрiмдерге 1426 инсулин помпасы орнатылған.
Лаура Қуандыққызы.
2017 жыл