Жоғары санатты дәрiгер, гинеколог-эндокринолог Дина Сұлтангереевамен бойжеткендер арасында кездесетiн сырқаттар жайлы әңгiме қозғаған едiк.
– Қайырлы күн, Дина ханым! Бүгiн бiз қыздар арасындағы басты мәселер туралы сөз қозғасақ… Қазiргi таңда көп қыздардан етеккiр циклiнiң дұрыс еместiгi туралы жиi естимiз. Бұл ненiң салдарынан болуы мүмкiн?
– Иә, дұрыс айтасыз, қазiргi мектеп бiтiрушi қыздардың 80% жуығында созылмалы ауруы бар. Олардың көбi гинекологиялық, яғни, бiрiншi кезектi етекiрдiң бұзылуы, кешiгуi не толық болмауы, жатырдан қан кету деген секiлдi жайттар. Соңғы он жылдықта осы мәселерге шалдығатын қыздардың саны бiрнеше есеге өстi. Зерттеулерге қарайтын болсақ, бiздiң денсаулығымыздағы кiнәраттың 50%-ы өмiр сүру салтына, 20% генетикаға, 20% қоршаған орта жағдайына және тек 10%-ы медицинаға байланысты екендiгi дәлелденген. Сондықтан, мен де аурудың негiзгi себептерi ұстанған өмiр салтымен байланысты дер едiм. Одан кейiн айтарым: жасөспiрiм қыздардағы етеккiр циклiнiң бұзылуы көбiне күйзелiстiң әсерiнен болады. Алкогольдi iшiмдiк пен темекiнi көп шегетiндердiң де азғасында осындай мәселер туындайды. Кейбiр қыздарда артық салмақ бар, не салмағы тым аз болған кезде цикл бұзылуына алып келедi.
– Сондай-ақ, етеккiр келген кезде кейбiр қыздарда ауырсыну болады, тiптi орнынан тұра алмай қалатындарды да көрдiм. Бұл қалыпты ма, әлде оларға дәрiгерге бару керек деген сөз бе?
– Негiзi етеккiр келген кезде ауырсыну болмауы керек. Егер ондай жағдай туындаса дәрiгерге қаралып, себептерiн анықтаған дұрыс. Қабыну процесiнен, не аденомиоз сырқатының кесiрiнен ауырсыну болып жатады. Бәлкiм басқадай да себебi бар шығар?! Оны дәрiгер маман қарап, тексерiп көргеннен соң ғана айта алады.
– Осы ауырсыну кезiнде қыздар ауырсынуды басу үшiн түрлi дәрiлер қолданады, бұл қаншалықты дұрыс? Және маман ретiнде оларға қандай кеңес ұсынасыз. Нендей амалдар жасауы керек?
– Расымен де, етеккiр кезiндегi ауырсынуды басу үшiн қыздар түрлi дәрiлердi iшiп жатады. Бұл мүлде дұрыс емес! Өйткенi оны қашанғы iшуге болады? Мысалы, кейбiр қыздар бес-алты жылдап дәрi iшiп жүре бередi, ол асқазан ауруына және қанның қоюлануына әсерiн тигiзуi мүмкiн. Сол үшiн қыздарға маман ретiндегi кеңесiм, ауырсынудың себебiн дер кезiнде анықтап, емделген дұрыс. Егер қатты ауырсыну болмаса, аяғын жылы суға салуға, тiзесiн денесiне жақындатып жатуға және ұйықтап алуға кеңес беремiз.
– Сонымен қатар, бiздiң қоғам үшiн ең актуалды тақырып – пәктiк белгiсi. Қыздық перденiң қай жерде орналасқанын бiлмесе де, оның бар-жоғы ғана алаңдатын қыздар көп екенiн бiлем. Осы туралы да айта кетiңiзшi, ол қай жерде қалай орналасады? Әрi оның болмауы, не алғашқы түнi алынбауы не себептi болады?
– Қыздық перде дегенiмiз қынапты жағалай (кiре берiсiнде, қынаптан 1-3 см тереңде) орналасатын, қыздың алғашқы жыныстық қатынасқа түсуiне дейiн сақталатын нәзiк тамырлардан тұратын тiн. Оның түрлерi әртүрлi болады және әр қызда әртүрлi. Бiрақ, бiздiң қоғамда «Алғашқы түнi қан ағуы керек» деген түсiнiк мықтап қалыптасқан. Ал, ол кейбiр қыздарда туғаннан болмауы, не бала туған кезде алынуы мүмкiн. Сондай-ақ, кей қыздарда перденiң эластикалығы, яки иiлгiштiгi жоғары, ал кейбiрiнде серпiмдi емес екенiн айта кету керек. Бәрi де әр адамның физиологиясына байланысты. Ондай кезде зорлықпен қыздықты алуға ұмтылудың керегi жоқ. Керiсiнше, әйелге зақым келуi мүмкiн.
Осы орайда гименнiң (перденiң) жiңiшке тамыр болғандықтан, қанның мөлшерi көп болмайтынын айта кету керек. Әйтпесе, бiлместiкпен бәзбiреулер қан ақ жайманы түгел жабады деп ойлайды екен.
– Өзiңiзге келетiн нәзiк жыныстылардың басым көпшiлiгiн қандай проблемалар мазалайды?
– Маған келетiн әйелдердiң көпшiлiгiнде бедеулiк, сондай-ақ қазiргi жасөспiрiм қыздардың арасында актуалды етеккiр циклiнiң бұзылуы, түсiк тастау, жатыр миомасы, климакстық ақаулар секiлдi проблема бар.
– «Гинегологқа көрiну керек» десек те, бiздiң әйелдер гинекологқа бала туатын кезде ғана барады ғой. Осы тұста қазақ қыздарының жыныстық сауаттылығының болмауы, дәрiгерден қорқуына не себеп деп ойлайсыз? Және осы жәйттi түзеу үшiн нендей амалдар керек?
– Дәрiгердiң тексерiсiнен өту бiздiң қыздар үшiн қалыпты дүние болуы керек. Әрбiр қыз бала жыныстық қатынасқа түскен күннен бастап жылына бiр рет немесе серiктесiн өзгерткен кезде тексерiлуге мiндеттi.
Жыныстық қатынасқа түспеген бойжеткен қыздардың да көрiнiп тұрғаны артық етпейдi. Ол үшiн қазақ тiлдi, бiлiмдi гинекологтар көбейгенi игi. Яғни көп қыздар ақпаратты орысша алады, не маман орыс тiлдi болады. Ал, қазақша сөйлейтiн қыз оны аса ұғынбауы мүмкiн. Осы үшiн бiздiң қазақ тiлiн жетiк бiлетiн мамандар туралы ақпарат көп тараса, олар қоғамдық лекциялар өткiзiп тұрса қыздар өз денсаулығы туралы бiлуге ұмытылар едi. Әр ол көп аурудың да алдын алары сөзсiз.
– Әңгiмеңiзге рақмет!
Қ.Кендәулетқызы.