ҒАСЫР ЖАСАҒАН БЕСІК

Суреттегі бесік елге аты машһұр, қылтамақты (тамақ рагы) емдеп, «Жан қалса Жансарбайдан қалады» деген артына тәмсіл қалған, атақты Жансарбай емші Ұлтарақұлынан қалған жәдігер. Ол кісі 1851 жылы туылып 1945 жылы қайтыс болған. Өмірінде екі некелі болып, бірінші әйелінен алты қыз туылып, оның артынан Аяпберген деген ұл, екінші әйелінен Омарақын атты ұл туып, оның артынан алты қарындасы еріпті. Жансарбай Ұлтарақ ұлы емші болған соң елдер ол кісіні үйде тұрғызбайды екен. Атағын естігендер ат жіберіп, арнайы шақыртып аласа, сол тұста өткен еларалық съездерге Жансарбай емшіні қалдырмайды екен. Өйткені, жер дауы, жесір дауы, барымта-сырымтаның шешімі жасалып, бір елдің жігерін тасытып, екінші бірінің сүлкінін түсіретін съездерде қарсыластарының от ауызды, орақ тілді би-шешендеріне тамаққа сынап қосу, үзеңгіге у жағу сияқты түрлі қастандықтар көп жасалатын. Жансекең өз кезінде жыланның тілін білген, шөп дәрілердің қасиетін бағамдаған, у қайтарудың маманы болыпты. Сондықтан съездерде ол кісіні арнайы шақыртып отырған.
1903 жылы Кеген деген жерде үлкен съез өтеді. Оған Ұлы жүз албан, суан, дулат рулары мен Орта жүз қызай руының өкiлдерi және казак-орыс, татардың байлары, ноғай саудагерлері, мансаптылар, қазақ руларының болыс-билері, шешен-ділмәрлары қатысады. Съез шілде айының ортасынан тамыз айына дейін жалғасады. Сонда жүргенде екінші әйелі босанып, ұл табады. Ауыл азаматтары бұл қуанышты Жансарбай емшіге жеткізіп, шүйіншілеп барады. Бұл қуанышты бөліскен съездегі татар достары мен ноғай көпестері шеберлерге қайыңнан иіп бесік жасатып, сәбиге сыйлайды. Бұл бесік осылай жасалады.
1906 жылы сәуір айының орта шенінде төбеден асығыс түскен Жансекең әйелдеріне:
– Құлағыма аттың демі келді. Тезірек қазан асып, дайындық көріңдер, – деп тапсырады.
Көп өтпей аттарына ақ сауыт боп муз қатқан екі жолаушы кіріп келеді:
– Жансеке, біз Іленің арғы бетіндегі Рақыбай байдың ауылының жігіттеріміз. Байдың кіші әйелі толғатқалы 12 күн болды. Қарамаған бақсы-балгер, емші қалмады. Ешбірі амал таппады. Сіздің атағыңыздан хабардар бай өзіңізді ертіп келуге бізді жіберіп еді, – деп бұйымтайын айтады.
Ас ішіліп болған соң, суыт аттанған енші бай ауылына келгенде 12 қанат киіз үйдің мына басынан, ана басына дөңгелеп, жаны даусымен шырқырап жатқан әйелді көреді. Жансарбай емші келе сала, емін жасап, дұғасын оқып, ала келген шөп дәрілерін қайнатып, ішкізгеннен кейін толғақ қысқан әйел сәл тынышталады. Сосын қасиетті сарала қамшысын әйелдің басына жастап, ақ сәлдесін үстіне жауып, сырттағы аңтарылып, қысылып тұрған топқа:
– Бесінде қой қораға қайтарда босанады. Ұл болса ұлым Омарақынның өмірлік жолдасы болсын, қыз болса келін етіп аламын, – деп әудем жердегі төбеге қарай беттейді.
Бесін болып, өрістегі қой қораға беттегенде шырылдаған сәбидің үні шығып, жігіттер: «Шешеміз аман-есен босанды, қыз бала екен», – деп Жансарбайға сүйіншілеп жүгіреді. Сол жолы Рақыбай баймен төс соғыстырып дос болып, құда болып қайтады. Ауылға келген соң ұлы жатқан бесікті байдың ауылына жібереді. Кейін апамыз ұзатылғанда сол бесік жасау-жабдықпен бірге қайта келеді. Міне, содан бері осы қайың бесікке 50-ден аса бала бөленіп, бірде-бірі шетінемепті.
Ғасыр жасаған бесікті қастерлеп сақтап бүгінге жеткізген Әуесхан Мажай апамыздан бесік жайлы ұзақ тарихты қысқаша естігенде, ешбір кітапта жазылмаған хикаятқа бетпе-бет келемін деп ойламағаннан кейін бе таңғалумен болдым. Расында, біз бүгінде көнеліктің жұрнағы деп есептейтін тереңіне бойласақ, әрбір заттың өзгеше кешірмесі, өткенді түсіндірер ұлағаты, ұрпақ санасына құйып алар тәлімі бар. Қайсы бір ақылманның: «Қай бір қазақтың түбін шұқысаң ұлан-ғайыр тарих өріп шығады» деген кемеңгерлігіне осы жолы іштей келістім.
Осы тұста бесіктің қасиеті туралы аңсарым ауа қалды. Расында, бүгінде ел арасында бесік жайлы сан түрлі пікір өріп жүр. Үлкендер: Баланы бесікке салу пайдалы десе, жастар жағы қарсы уәж айтады. Бірақ Әуесқан Мажайқызы бесіктің қазақ өмірі мен бала тәрбиесіне деген пайдалы тұстары көп екенін құптайды.
– Халқымызда: «Бесіктегі бала бес түлейді», «Бесік тербелген үйден береке кетпейді», «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген нақыл сөздер бар. Мұның бәрі өмірдің таразысынан өтіп, ақиқаты айқындалған дүниелер. Алдымен бесік баланы қайсар, қайырымды, батыл, батыр болып өсуіне мүмкіндік береді. Қазақ халқынан жаужүрек батырлардың көп шыққаны да, осыншама ұлан-ғайыр даланы сақтап қалудағы күш-құдіреті де осы бесіктің қасиеті арқылы дарыған. Бұрынғы аналарымыз бір қорлымен бесікті көтеріп, бір қолымен қылыш ұстап осы даланы ерлермен бірге қорғасқан. Екіншіден, бесік – баланы түрлі дерт-дербезден, ауру-сырқаудан қорғайды. Он екі мүшесі сау болып өсуге жол ашады. Үшіншіден, баланың денесін таза әрі зиянкеш заттардан қорғауға пайдалы. Мысалы, баланы бесікке бөлегеннен кейін оның екі жанына арша, сексеуіл сияқты өсімдіктер де қойып қояды. Оған құрт-құмырысқа, шыбын, тағы сондай зиянды жәндіктер жолай алмайды. Бұл туралы айта берсек, көптеген тағылымды дүниені тізіп беруге болады, – дейді көргенді апа.
Бесіктің де асты-үсті көрпеше, жаялық, бас, бел, аяқ жастық, аяқ буар, тізе қап, тартпа, шүмек деп келетін бесіктің құрал-жабдықтары болады екен. Баланы бесікке салудың ырым-жырымы мен атқарылатын ұлттық дәстүрдің түрі көп, ол кезде айтылатын өлең-жыр да өз алдына бір төбе. Қазақтың өткен тарихында ажарасу деген болмаған. Бүгінде таңдаі үйлене салып ажырасу сәнге айналды. Бұл берекесіздіктің көбі баланы бесікке бөлеуден басталатын қазақы құндылықтың азайып кеткенінен деп есептейді Әуесхан Мажайқызы:
– Бүгінде жастар үйленіп, алғашқы бала туылғанда оны жігіті өз жағына, қыз өз әулетіне тартып, отбасылық жанжалдың көбі содан шығады. Қысқасы, отбасындағы берекесіздіктің бастауы балаға деген туыстық қызғаныштан туындайды. Қазақтың жол-жосыны бойынша баланы бесікке бөлерде бесікке керекті әрбір затты ұл мен қыздың әулеті тең дайындайды. Мысалы, көрпешені ұлдың әулеті әкелсе, жастықты қыздың туыс-туғандары жасайды. Ал шүмекті дос-жаран, абысын-ажыны беру керек. Қысқасы, бесікке керекті әрбір затты ұл мен қыздың айналасы толықтайды. Қарап отырсаңыз, баланы бөленген бесіктегі әрбір затта көптеген адамның ақ тілегі жатыр. Ол жігіттің үш жұртын береке-бірлікке шақырады, бауырмалдыққа баулиды, көпшілдікке жетелейді. Біз осы құндылықтарды қазіргі ұрпақтың санасында жаңғыртып, қайта түлете алмағандықтан атамызда көрмеген сұмдықты ботамыздан көріп келеміз. Егер сол асыл қасиеттеріміз қайта жанғырса, болашаққа қалдырған үлкен мұрамыз сол болмақ, – деп түйді сөзін апамыз.
Рас, біз әлде кімдердің: «Қазақ көшпенді болған» деген көргенсіз анықтамасымен ата-бабалар парасатына нарау қарап үйренгенбіз. Шын мәнінде, тереңіне үңілер болсақ, үлгі болар дүние көп. Жер-жаһанның жаңалығын қабылдаған жөн шығар. Бірақ, оны жан-дүниеміздің жаңалығымен, қанымызда бар қасиеттермен бірлестірген де ғана өміршең болмақ.
Бұл бесік қазір Талдықорған қаласында тұратын Әуесхан Мажайқызының отбасында сақтаулы.
Қажет АНДАС, өлкетанушы.

Сізге де ұнауы мүмкін

Суицидтi болдырмаудың жолдары
Мақпал Жүнісова, Қазақстанның Халық әртісі: Құрметті «Ақ босаға» газетінің ұжымы! Сіздерді 30 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын!

Автор

Меню