ГҮЛІСХАН НАХБАЕВАмен сұқбат

Елiмiзден шыққан шахматтан тұңғыш халықаралық дәрежедегi гроссмейстер, шахматтан әйелдер арасында Қазақстанның 7 дүркiн чемпионы, Азияның 3 дүркiн чемпионы (Ташкент 2007, Нью Дели 2009, Ченнай 2010), Орта Азия аймағының чемпионы (Ош 2013ж), Халықаралық турнирлердiң жеңiмпазы (Лондон 2011ж, Мумбай 2018 ж., Хайдарабат 2018 ж.), Халықаралық Универсиаданың жеңiмпазы (Кипр 2013ж), Командалық әлем чемпионатында 1 тақтада 4 орын (Астана 2013ж), Азия бiрiншiлiгiнде күмiс жүлдегерi (Иран 2014ж), Бүкiләлемдiк олимпиадада 6 орын (Норвегия, Тромс 2014ж), әлем чемпионатында 4 орын (Қытай, Ченду 2015 ж), Азия Кубогiнiң күмiс жүлдегерi (Алматы 2015 ж), Евразия кубогiнiң жеңiмпазы (Алматы 2016 ж), әйелдер арасындағы Азия чемпионатының күмiс жүлдегерi (Ченду, 2017ж), Азия ұлттық кубогының жеңiмпазы (Иран 2018 ж.), Контингент аралық (Intercontinental championship) жарыстардың қола жүлдегерi (Мексика 2012 ж), бiрнеше халықаралық турнирлердiң жеңiмпазы Гүлiсхан Сайфулинқызы Нахбаевамен тiлдесуiмiздiң сәтi түстi.
Әңгiмемiздi Гүлiсханның кiшкентайына бауы берiк болсын айтудан бастадық.
– Рахмет! Иә, үшiншi рет ана атанып жатырмын, шүкiр. Есiмiн Дарияханым деп қойдық. Тұңғышымыз Томирис 5 жаста, одан кейiнгi қызымызды Даяна деп атаған едiк, 2 жастан асты. Томирис ендi-ендi шахмат ойнап үйренiп жүр. Кезiнде мен де шахмат үйiрмесiне 6 жастан бастап қатыса бастаған едiм.
Алты жасар бала алғырлығымен шахмат сияқты күрделi ойынды тез үйренiп алып кеткенiмен, оған бiр сайыс, дода ретiнде қарамайтыны белгiлi. Сондықтан да болар, Гүлiсхан шахматпен дендеп 14 жасынан бастап қана айналысқанын айтады және бүгiнгi жеткен жетiстiгi үшiн ең алдымен өмiрлiк ұстазы – анасы Айдынға алғысын айтудан шаршамайды. Ата-ананың қадiрiн балалы болғанда бiлесiң» демей ме. Анамның өзi де жас кезiнде шахматпен әуестенген екен. Бiздi де шахматқа баулыды. Бала кезiмде, әрине, болашақта осындай жетiстiкке жетемiн деген ой болған емес.
– 14 жасымда әйелдер арасында Қазақстан чемпионатында күмiс жүлдегер атанып, Қазақстан құрама командасының мүшесi болғаннан кейiн ғана шахмат жаныма жақын екенiн түсiндiм.
Одан кейiн Гүлiсхан ел iшiнде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде Қазақстанның намысын қорғап Қазақстанның туын желбiреттi. Ең алғаш Нью-Дели қаласына Азия бiрiншiлiгiне қатысып. 5 орын алып келген cоң шахматқа деген құлшынысы одан ары артты.
– Шахматты ерекше жақсы көремiн. Шахматтағы әр жеңiсiм, әрине, менiң өмiрiме тiкелей әсер еттi. Әзiрге дейiн де үлкен әсерi бар. Тiптi тұрмысқа шыққанда да келген жерiм: қайынатам мен енем де шахматты жақсы көретiн, қадiрлейтiн адамдар екен. Күйеуiмнiң шахмат ойынынан аса бiр хабары болмаса да, жарыстарға бiрге барып, талай жерде қолдау бiлдiрiп келедi. Турнирден кейiн Асқар көңiлiмдi үнемi басқа жаққа аударып отырады. Мысалы: Қытайда өткен кезектi жарыста ол менiмен бiрге барды. Сол турнирде мен жергiлiктi шахматшымен сайысқа түстiм. Жеңiп тұрған жерiмнен тең түсiп, көңiлiм құлазып сыртқа шықсам, Асқар «не деген сұмдық, бiр партияны алты сағат ойнай ма? Тез киiн, қаланы аралаймыз», деп бұлқан-талқан болды. Мiне, осындай кездерi менiң ойымды басқа жаққа жылдам аударып, уайымға берiлмеуiме жағдай жасайтыны жақсы.
Гүлiсхан декретке шыққанға дейiн Бiлiм және ғылым министрлiгi Мектепке дейiнгi және орта бiлiм беру Комитетiнiң мониторинг, талдау және өңiрлiк ынтымақтастық басқармасының басшысы, Шымкент қаласының бiлiм беру басқармасының орынбасары қызметi лауазымында болды. Бұның бәрi оның Президенттiк Жастар кадрлық резервiне iлiгуiнен басталған болатын. Президентiмiз жастардың өсуiне үлкен жағдай жасап жатыр. «100 жаңа есiм» жобасына қатысқан Гүлiсхан тәуелсiздiктiң төл құрдасы екенiн де айта кету керек.
Гүлiсханның отбасын да, мемлекеттiк қызметтi де, қала бердi сүйiктi iсiн де қатар алып жүргенiне қарап қызығасың. Ал, оның өзi үшiн бұндай таңқалыс таң емес. «Бәрiн ыждахатпен орындаса, еш қиындығы жоқ. Қайта туған жерiме, елiме қызмет ету – мен үшiн үлкен мәртебе, мақтаныш», – дейдi өзi.
Шалқар Әбiлдаева
2021 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Өз «кiтабыңды» қателеспей табыңыз
Суицидтi болдырмаудың жолдары

Автор

Меню